Телехабарлар неге көңілден шықпайды?

277
0
Бөлісу:

Қазіргі телехабарлардың тақырып аясы тарылып, артистерден басқа көрсетері жоқ болып бара жатқанын баспасөз арқылы бұрын да ашына отырып айтқанбыз. Уақыт пен заман, ұлт пен ұрпақ қамын ойлап айтқан сол пікірімізді газеттер арқылы қолдағандар да болды. Ең өкініштісі – біз сөз еткен мәселеге қатысты телеарна басшылары тарапынан әлі селт еткен оңды өзгерістер байқалмайды. Неге?

Әсіресе, жастарымыз батысқа еліктеп басы қатып, ұлттық тәр­бие­нің үрдісінен адаса жаздап, кү­нім­дік пайда үшін жанын салып, даң­ғаза жарнама құтырып тұрған қа­зір­гі қым-қуыт заманда ақпарат құрал­дарының ішіндегі тиімдісі де, беделдісі де, ел назарына жедел жететіні де телеарналар екені рас. Алайда сол көк жәшіктің ар жағынан ұлттық тәрбие мен ел болашағы, өткен тарих, бүгінгі ең өзекті проблемалар туралы хабар­лар мүлде азайып барады. Бар бол­са, саусақпен санарлық қана. Неге бұлай? Қайсы телеарнаны қос­саң да, болсын-болмасын ел­ді қытықтап күлдіріп ақша та­бу­ға тырысқан, тақырып аясы тым тар, отбасы-ошақ қасылық «әзіл-оспақ», арзан күлкілі «кон­церт­тер». «Шоулар». Жерге сый­май бара жатқан «Жұлдыз» әнші мен орыстарға еліктеп «ко­мик» болғысы келген пысық ар­­тистердің мәнсіз де әлсіз, маз­мұн­сыз «қойылымдары».
Әлгіден жалығып біткен соң, келесі арнаны қарасаң, бір­де асаба, енді бірде әнші, тағы бір­де тележүргізуші болып жүрген «пысық өнерпаз» ініміз бен қа­рын­дасымыздың жаңадан сал­дырған ақ сарайдай үйін, мініп жүрген қымбат автокөлігін, арыс­тандай дәу итін, неше көйлегі, қанша туфлиі барын, сәндік киім­дерін қайда және қанша мың долларға тіккізетінін, қай шетел­де демалғанын, енді қайда баратынын жіпке тізгендей көрсе­тіп жатқаны.
Бұған тойып бітіп, діңкелеген соң келесі арнаны қоссаң, сә­би­лі болып перзентханадан шы­ғып келе жатқан «жұлдыз» әнші мен оның жары, бұларды қо­­шеметтеуге келген «жердегі жұл­дыз­дар», Шампан атып, ыс­қы­рып, бақырып, қаптап жүр. Оны аз десеңіз, асаба болып ел арқа­сын­да табысқа кенеліп жүрген бір «іс­кер әншінің» мына кризиске бай­ла­нысты қалтасының жұқарып бара жатқаны. Тағы бір артистің той­да ән салу үшін ұшақтан түс­пей сапарлайтыны. Қанша ке­лі салмағын жоғалтқаны. Бе­ті­не қандай бояу жағатыны. Әне­бір әншімен мынабір әнші арасындағы кикілжің. Ана артис­тің қашан ажырасқаны. Әлгі мен мынаның не үшін соттасып жатқаны. Жерге сыймай бара жат­қан «жұлдыздардың» жүргені мен тұрғаны. Күлгені мен жы­ла­ғаны. Махаббаттасқаны. Ша­тақ­тасқаны. Бәрі бүге-шігесіне де­йін айтылып, бүкіл қалың кө­рерменге бес-он мөйнет емес, кемі жар­ты сағат, кейде одан да көп уақыт эфирден түспейтін болды. Бұл не үшін және кім үшін керек? Эфирді жаулап алған әлгі жердегі «іскер жұлдыздардың» аты-жө­нін тізбелеп атасақ, соларды ұял­май күнде насихаттап жүрген телеарналардың тізімін санамалап келтірсек, газеттің бетіне сыймас еді. Оны бәріңіз де көріп, біліп жүр­сіздер.
Ұлты мен ұрпағының қамын жеп, сол жолда қалам қарымымен қыруар істер тындырған Жұбан Молдағалиев, Әбдіжәміл Нұр­пейісов, Шерхан Мұртаза, Мұхтар Мағауин мен Мұхтар Шахановтар, өзі өлсе де артында асыл сөздері қалған Әбіш Кекіл­баев, Мұқағали Мақатаев, Қа­дыр Мырзалиев, Тұманбай Мол­да­ға­лиев, Камал Смайылов, Асқар Сү­лейменов се­кіл­ді ірі тұлғалар жай­лы хабарлар неге берілмейді?
Кемеңгерлік пен ел алдында адал өмір сүрудің анық көрінісі болатын Дінмұхаммед Қонаевтың мұражай-үйін телеарналарда көр­сетсе, жауапты қызметтегі тек­­тілік, ынсап, азамат арының та­за­лығы дегеннің не екенін бү­­гінгі обырлар ұқпаса да, жас ұр­пақ­қа сабақ болар еді. Сондай ха­бар­ларды беруге кедергі не?
Елдің сөзін сөйлеп, мұңын жоқтайтын ке­ше­гі Сағат Әшімбаев жүргізген «Қарыз бен парыз», «Жүректен қоз­ғайық», Сұлтан Оразалинов эфир­ге шығарған Ғабит пен Ғаби­ден, Сәбит секілді ірі тұлғалардың ұлт пен ұрпақ, адам мен заман жайлы хабарлары, Ақселеу Сей­­дімбековтің әйгілі әнші Жәні­бек Кәрменовпен сырласа оты­­рып, Қазақ мәдениетінің арғы-бергі тарихы, әннің қадірі мен ұлттың намысы жайлы айта­тын айшықты ойлары қазіргі теле­арналар эфирінде неге жоқ? Кезінде «Қазақстан – 1» ұлттық телеарнасында Қасым Аман­жо­лов жүргізетін «Шынның жүзі» хабарында белгілі тұлғалар ау­зы­мен айтылған елдік, ұлттық мә­селелер қазір неге ұмыт қалды?
Ұлт пен ұрпақ, тіл мен мәде­ниет, елім деп шеттен келіп, кейде баспанадан, енді бірде орыс тілін білмегендіктен жұмыссыз қалып, қиналып жүрген оралмандар жағдайы. Шалғай ауылдардағы ауызсу мен жол мәселесі, аудандар мен қалалардың кешегі және бүгінгі келбеті, оның өткен тари­хы мен болашағы туралы, жастар проблемасы, елді алаң ғып отырған жер мәселесі, жұмыссыздық, кәсіп­керлерді қолдау, ауыл спорты, ойы жеткен жерге қолдары жетпей қиналып жүрген фермерлер өмірі, экология, демография, атбегілік пен құсбегілік, ұлттық өнер тақы­рып­тары неге көтерілмейді?
«Осы біз не тындырып жа­тыр­­­мыз?» деп өз жұмысына есеп бе­­ре­тін телеарна басшылары бар ма қазір?
«Айта берсін!» деп дабырадай айдар тағып қойып, артистер жай­лы өсек-аяңды эфирге алып шығу не үшін және кімнің құрметі үшін керек? Осы мәселе жайлы ақпарат құралдарының бетінде бұрын рес­­­пуб­­ликалық телеарнаның жа­уап­­­ты басшыларының бірі бол­ған белгілі қаламгер, ұлтжанды аза­­мат – Марат Тоқашбаев та ке­­зінде орынды пікірін айтты. Оның ойларын толық қуаттап, қол­дауға әбден болады. Әсіресе, телеарна басшылары біздің бұл ой-пікірлерімізге кеш те болса на­зар салғаны жөн. Әлде олар «Айта берсін!» деп отыра бере ме?
Ақпарат құралдарының ішінде мемлекеттік қаржы ұйымдарынан мол қаражат бөлінетін телеарналар осындай ізденісі жоқ қалпында, дайын «концерттермен», өзін «жер­­дегі жұлдыз» санайтын пы­сы­қ­ай әншілердің отбасы-ошақ қасылық өмірлерін қайта-қайта көрсетіп, сонымен ғана эфирді толтырып отыра бере ме?
Ішін-ара берілетін ой қозғар бағдарламалардың өзін ел орта­сын­да емес, төрт қабырғаның ішін­де ғана (студияда) түсіріп, ұзын сонар әңгіме қозғайтын «шоулар» көбейді. Телеарналар жұмы­сының тақырыбы мен маз­мұнын, сапасы мен өзектілігін қарап, басшылық жа­сай­т­ын кім? «Ұлт пен ұрпақтың, ел­дің жайына қатысты сүбелі ха­барлар ұйымдастырыңдар» деп талап қоятын, күнделікті эфир­ден не өтетінін сараптап, ба­қылайтын басшы-мамандар қай­да? Бар болса, олар кімдер? Бұлар неге әрекетсіз отыр? Ұлттық телеарнаның тізгінін енді қолына алған белгілі саясаткер, іскер аза­мат Ерлан Қарин мырза осынау ай­тылған мәселелерге дұрыстап на­зар аударатын шығар деген үміттеміз.
Жалпы, кез келген газет пен жур­нал, радио мен телеарна, ең алдымен, елдің, ұлт пен ұр­пақ­тың, бүгінгі күннің ең өзекті тақырыптарын қамтуға тырысуы керек. Бізде қазір осы жағы кем­шін соғып жатқаны шындық. Қа­та­рдағы көрермен әрі көп оқырманның бірі ретінде айтқан достық рәуіштегі бұл пікірімізге замандас әріптестерім мен осы салада басшылық тізгінін ұстап отырған іні-қарындастарым шам­да­на қоймас деп ойлаймын.

Айтақын ӘБДІҚАЛ,
ақын, Мұқағали Мақатаев атындағы сыйлықтың лауреаты,
ардагер тележурналист

Бөлісу:

Пікір жазу


*