Журналист біліктілігі – заман талабы

448
0
Бөлісу:

Астанада «Бюджет ашықтығы – БАҚ назарында» деген тақырыппен жиын өтті. Шараны Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы мен «Медиа орда» қоғамдық қоры бірлесе ұйымдастырыпты. Рас, мұндай Talk форматында өткен шарада бүгінгі масс-медианың, соның ішінде мемлекеттік тілде ақпарат тарататын БАҚ-тың экономика тақырыбын көтеруге не себепті аса белсене қоймайтыны, қаржы секторы, бюджеттің орындалуы мен қалыптасуы тақырыптарына қалам тартатын қазақтілді журналистердің неге сирек кездесетіні төңірегінде сөз болды. 
Жиында экономика тақы­ры­бын­да жазып жүрген журналистерді тол­ған­дырып жүрген өзекті мә­се­­лелер де қарастырылды. Масс-ме­диа қызметкерлері бұл ол­қы­­лық­тың басты себебі ретінде түпнұсқа ақ­па­раттың орыс тілінде та­рай­тын­ды­­ғын атады. Соның салдарынан мем­лекеттік тілде ақпарат тарататын масс-медиа қызметкерлері көбіне аударма жұмыстарымен айналысады да, тақырыпты ашуға уақыт табыл­май­ды. Кейде қазақы ұяңдықпен кө­­кейдегі сауалдарын қоя алмай­тын­дар да кездеседі. Бизнес құ­ры­­лымдары, ірі компаниялар бі­рін­ші кезекте ақпаратты ресми тіл­де тарататыны жасырын емес. Дегенмен осы тұста журналистердің түрлі салаларға мамандануы да кем­шін түсіп жатқанын атап өткен жөн. Экономика ғылымдарының кандидаты Жанкелді Шымшықов бұрын журналистер даярлайтын оқу орындарында экономика негіздері мен экономикаға қатысты өзге де пәндер қазіргіден әлдеқайда мол оқытылғанын атап өтті. Бюджеттің орындалуын қадағалап отыру үшін мемлекеттің бюджет саясаты да өз­геруі тиіс екен. Яғни, тәуелсіз эко­но­мика құрылмай, бюджет саясаты да тұрақты болмақ емес. «Егер 2025 жылға дейін тәуелсіз экономика құра алсақ, бюджет тұрақтылығы да қа­лыптасады. Сол кезде қазіргідей ши­кізат бағасына байланысты бюджетті жыл сайын қайта қа­рау­дың қажеті болмайды. Сонда ғана бюджеттің орындалу барысын қоғам, үкіметтік емес ұйымдар, масс-медиа нақты қадағалайтын болады. Әзірге ол мүмкін болмай тұр. Бақылаудың нашарлығынан бюджет қаржысын жеке басының пайдасы үшін қолданатындар кез­де­с­іп жатыр. Біздің елде сыбайлас жем­қорлыққа жол бермеген минис­тр­лік жоқ. Тіпті министрлер де сот­­талып жатыр. Осының бәрі қо­ғам тарапынан, әсіресе, БАҚ тара­пынан бюджеттің орындалуын ба­­қы­лаудың әлсіздігінен болып отыр. Дер кезінде дабыл қағып, түр­лі салаларда игерілмей жатқан қаржыны, орындалмай жатқан жос­­парды көрсетіп отырса, құба-құп болар еді. Онсыз жыл аяғында Есеп комитеті игерілмеген қаржыны қай­та санауын қоймақ емес», – деді Жан­келді Шымшықов. Экономист-са­рап­шы Бауыржан Ысқақов болса, масс-медиадағы экономикалық та­қырыптарды журналистердің қор­тындылауы жетіспейтінін айт­ты. Яғни, журналистердің де бі­лік­тілігі көңілден шығатындай дең­гейде емес. Сондықтан салалық жур­на­лис­тиканы дамыту – өмір талабы.
Са­лалық журналистиканы дамытуды көз­деп жүрген құрылымдар жоқ емес. Сөз басында айтқан «Медиа орда» қоры бір жарым жыл бойы бюджет тақырыбын жазатын, эко­номикалық тұрғыда сауатты жур­на­лис­т­ер әзірлеу үшін арнайы жобаны жү­зеге асырып келеді. «Сорос – Қа­зақ­стан» қорымен тізе қоса жұмыс іс­теген «Медиа орда» қоғамдық қо­ры­ның да табыстары аз емес. Бір жыл бойы қор 7 облыста «Бюджет ашық­тығы мен есептілігі» семинар-тре­нингін өткізді. Сөйтіп, аймақтық масс-медиадағы журналистерге бі­раз дүние үйретілді. Нәтижесі де жаман емес. Мәселен, сондай се­ми­нарлардың біріне қатысқан «Шым­кент келбеті» газетінің тіл­ші­сі Тағабай Қасымов өзі қызмет іс­тейтін басылымда «Капитал» ат­ты қосымша бет ашқанын айтты. Қос­та­най облысында жарық көретін «Нұрлы таң» газеті редакторының орынбасары Аслан Қонысбай се­ми­н­­ар-тренингтерден өңірлік БАҚ қызметкерлері көп дүние үйренгенін айтты. Жоба жетекшісі Асқар Беков бір жыл ішінде 100-ден астам жур­на­листің қаржы, экономика және бюд­жет тақырыптарына арналған се­минарларға қатысқанын айтты. Со­нымен қатар экономика сала­сы­на жазатын журналистерді ын­­таландыру және мемлекеттік бюд­жет мәселелерінің бұқаралық ақ­парат құралдарында кеңінен на­си­хат­талуын қолдау мақсатында жоба аясында «Мемлекеттік ашық бюд­жет» тақырыбындағы үздік зерттеу мақалаларға арналған байқау жарияланыпты. Қорытындысы Астанадағы басқосуда жарияланып, жеңімпаздар марапатталады.

 

Амангелді ҚҰРМЕТ

 

Бөлісу:

Пікір жазу


*