Жастарға артылар үміт зор

236
0
Бөлісу:

«Нұр Отан» партиясының хатшысы Қаныбек Жұмашев іссапармен Маңғыстау облысына келді.
Алдымен, Қарақия ауданының Құрық кентіндегі мектеп-гимназияда, сосын №1 орта мектепте болып, Елбасының Қазақстан халқына арнаған «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: Жаһандық бәсекеге қабілеттілік» Жолдауын түсіндірді.

Қаныбек Жұмашев Жолдау бойынша сөз сөйлеп, аудан тұрғындарына Елбасы жүктеген басымдықтарды түсіндірді. Барлық салалар бойынша жетістіктерге жетудің бірден-бір жолы жаңа технологияларды жеделдете енгізу екендігін ескертті.
– Жолдауда айтылған мәселелер алдағы екі-үш жылдың емес, болашақтың қамы екендігін түсінген жөн. Мысалы, ІТ технологияларды енгізу алдағы ширек ғасыр ішінде маңызын жоймайды. АҚШ-та мобильдік қосымшаларды жасау арқылы 500 мың жұмыс орны ашылған. Бұл салада «өзімізде не бар?» деген сұрақ туындайды. Сондықтан жастарды өнертапқыштыққа тәрбиелеуіміз керек, – деді Қаныбек Жұмашев.
Партия хатшысы Жолдауда айтылған барлық басымдықтарды орындау үшін алдымен білім саласының әлеуетін арттыру керегін, төртінші басымдық бойынша адами капитал сапасын жақсартуға баса мән берілгенін атап өтті.
Қаныбек Бекболатұлы үлкен мақсатқа жетудің бірден-бір жолы аянбай еңбек ету екендігін ескертіп, жастарды жігерлендірді. Сонымен қатар аудан тұрғындарын Мемлекет басшысының ел игілігі үшін қабылдаған шешімдерін қолдауға шақырды.
– Құқықтық мемлекеттің әрбір азаматы сауатты болуы керек. Себебі, олар еліміздің қоғамдық-саяси өміріне атсалысады, – деді Қаныбек Жұмашев.
Аудан тұрғындары Жолдаудың алда тұрған басым бағыттарын бағындырудың басты жолдарын жан-жақты түсіндірген партия хатшысымен пікір бөлісті. Елбасының тапсырмасы бойынша Қарақия ауданында жүзеге асқан ірі жобалардың куәсі болған қарақиялық тұрғындар Жолдаудың елімізді дамудың жоғарғы сатысына көтеретіндігіне сенімді.
Партия хатшысы облыс әкімінің халық алдындағы есеп беру жиналысына, партияның облыстық филиалының Саяси кеңесінің отырысына қатысып, аймақтың әлеуметтік-экономикалық жағдайымен, қоғамдық-саяси өмірімен жан-жақты танысты.

Адал ШАБЫТ

Бөлісу:

Пікір жазу


*