Кенесары хан мен сары ту

148
0
Бөлісу:

Арада екі ғасырға жуық уақыт өтсе де, Кенесары ханға қатысты тарихи әңгімелер ел жадында сақталып келеді. Ең бірінші кезекте назар аударатыны – оның есімімен байланысты айтылатын жер атауларының өміршеңдік сипаты болса, екінші көңіл аударарлық дерек – Кенесары ханның көзіндей болған тарихи жәдігердің бүгінгі күнге дейін сақталып келе жатқандығы. 

Алдымен, бірінші мәселеге қатысты сөз қозғасақ. Кенесары ханның есімімен байланысты тарихи жерлердің ең көп сақталғаны Ұлытау – Торғай – Ырғыз аралығын қамтиды. Бұл бір жағы түсінікті де, яғни, аталмыш өлкелер – көтерілістің негізгі ошағы әрі ұйытқысы болған жерлер. Бұл өлкелерде «Кенесарының қыстаған жері», «Кенесары қорғаны», «Кенесарының қару соққан жері» деген атаулармен сақталған жерлер жиі ұшырасады. Ал Кенесары ханның көтерілісі басылғаннан кейін, оның жауынгер серіктерінің елге оралуымен ханға байланысты тарихи әңгімелердің географиясы одан да әрі кеңейе түседі. Әрі бұл Кенесары серіктерінің қазақ даласының әр түкпірінде бой көтерген зираттары көтерілістің ауқымы мен даңқын «паш» етіп тұрғандай әсер қалдырады.
Кенесарымен байланысты назардан тыс қалып келе жатқан жайттардың бірі – Қарағанды облысы жеріндегі Ортау – Қызылтау бойында (Ақтау бекінісі аймағы) Кенесарыны алғаш рет «хан көтерген» оқиғасы. Бұл мәліметті зар-заман өкілі Шортанбай жыраудың келесідей өлең шумақтарынан аңғаруға болады:
«Ортауда Кенесары хан көтерген,
Орта жүз соңына ерген тым ертеден.
Бесата баласынан Жанғұтты бар,
Бәйсейіт, Дүйсенбай мен Есбай, Қара,
Бір қол болып көрінетін жеке дара».
Бұл өлеңде аталып отырған адамдар – қаракесек (арғын) руының белгілі тұлғалары. Жанғұтты – ел аузында «жақсы Жәкең» атанған адам. Ал Байсейіт – (керней) қос бірдей батырдың ұрпағы. Өз атасы Жарылғап батыр болса, нағашы атасы – қанжығалы Бөгенбай батыр. Байсейіттің ұлы Нұрлан Кенесарының көтерілісіне қатысқан Құдайменде сұлтанды (Ә.Бөкейхановтармен аталас) жасырғаны үшін болыстықтан түседі.
Шортанбай жыраудың өлең жолдарына қарағанда «Хан көтеру» оқиғасы 1838 жылдың жаз-күз айлары болуы керек. Өйткені осы жылдары Ақмола мен Қарқаралы уезінің қазақтары Кенесарының қол астына жаппай өтіп кеткен болатын. Әрі осы 1838 жылы Ақтау мен Ақмола бекіністеріне шабуыл жасап, соңғысын басып алған болатын. Бірақ бұл жылдардан кейін, аталмыш уездің болыстықтарының негізгі дені, әсіресе, Қарқаралы округінің рулары (жекелеген өкілдері, шағын топтары болмаса) өз орындарына қайтып оралады. Бұдан кейінгі жылдарда Кенесары Орынбор мен Батыс Сібір губернаторлығының шектескен аймағында (Ұлытау – Торғай – Ырғыз) болып, кей жылдары қыстауға Сыр бойына қарай кетіп жүрді. Әрі Кенесары хан қайтып бұл жақта белсенді әскери іс-қимылдар жасай қоймайды.


Кенесарымен байланысты дала төсінде сақталып келе жатқан тарихи жердің бірі – Торғайдағы Ақкөл – Жыланшық бойы. Ақкөл төңірегіндегі жергілікті тұрғындар арасында (нақтылы бір орынды нұсқамағынымен) жалпылама түрде «Кенесарының қару соққан жері» деген әңгіме кең тараған. Сондай бір топшылама жердің бірі «Қос қыздың моласы» болатын. Бұл тарихи ескерткіш үйінді болып жатқандықтан, кейбір тұрғындар «Кенесарының қару соққан жері (зауыты) осы болу керек» деп өз ойларын білдіретін. Бірақ бұл қос ескерткіш аты айтып тұрғандай жерлеу құрылысы болып табылады. Әрі Жошы ұлысы кезеңінен қалған көне жәдігерлер. Жергілікті тұрғындардың арасында кең тараған бұл мәліметтің жайдан-жай пайда болған қауесет сөз емес екенін тарихи деректерден байқаймыз. Мысалы, Е.Бекмахановтың еңбегінде: «Қазіргі кезде Кенесары: мендегі екі башқұрт зеңбірек құюға кірісті деп қазақтардың арасына сөз таратуда, екеуіне он қазақты көмекке беріп, оларды Ақкөл көлі жағасына жұмыс істеуге қалдырыпты; пайдаланатын заттарынан тек көмір ғана белгілі, оларға сексеуіл ағашын күйдіріп дайындалған бірнеше арба көмір апарып беріпті» деген деректер бар.
2011 жылы Ақкөл маңында (Жанкелді ауданы Қарасу ауылы) қазба жұмыстарын атқарып жатқанымызда, киікті қорғау жөніндегі жергілікті инспекция өкілдері бізге арнайы бір орынды апарып көрсетті. Бұл Ақкөлден 50-60 шақырым қашықтықта, Қарақұмға сұғына орналасқан Кәдір деген жер болатын. Иен далада жерге жартылай көмулі түрде, күйдірілген қызыл кірпіштен қаланған пеш сақтаулы тұр. Сырт пішіні кірпіш күйдіретін пешті қайталайды. Көрсетуші информаторлардан сұрағанымда бұл маңда қызыл кірпіштен тұрғызылған мазар, кесененің жоқ екенін айтты. Бұл пеш жұмбақ күйінде қалды. Мүмкін ортасын (ішін) қазып көрсе, сұрағымызға жауап аларлық мәліметтер анықталар.
Енді жоғарыда айтқан Кенесары ханның көзіндей болған жәдігердің сақталу тарихына тоқталсақ.
Кенесары ханның өз туы демесеңіз, өз қолымен үлестірген жауынгерлік тудың бірі (бөлігі) бүгінде бізге жетіп отыр. Бұл ту Балқаш қаласының іргесіндегі Қоңырат елді мекенінде Мағзұм Хамитов деген қарияның қолында сақталып келе жатыр. Тудың тарихына келетін болсақ, Мағзұм қарияның арғы бабасы Дайрабай Кенесарының батырларының бірі болған. Руы – төлеңгіт (таз-құсшы). Дайрабай Кенесарының төлеңгіттері жасағына қолбасшылық еткен. Қолына ту ұстаған (туды жай адамның ұстамайтыны белгілі ғой). Туы сары түсті. Бұл ту төлеңгіт жасағының белгісі болған. Кенесарының өз туы (үлкендерден естігені) ақ түсті. Дайрабай батыр 1803 жылы туып, 1899 жылы, яғни, 96 жасқа келіп дүниеден озған. Дайрабай батыр қайтыс болған соң, қазаға жиналған ағайыны туды «батырдан тәбәрік» қылып бөлісіп алған. Жарты метрге жуық кездеме өз ұрпағының қолында қалған екен. Тудың осы бөлігі ұрпақтан-ұрпаққа өтіп, бүгінге жетіп отыр. Тарихи мұраны қолында ұстап отырған Мағзұм қария Дайрабайдың шөпшегі болып келеді. Мағзұм қарияның қолында тумен бірге аталарынан келе жатқан қасиетті Құран бар. Тумен осы Құранды тыстап тастаған. Сол себепті, қос бірдей мұра қарияның аузында қосарлана «Сары Құран» болып айтылады.
Ту мен Құранның бүгінге жетуі өз алдына жеке бір әңгімеге арқау боларлық дүние. Осы жайында қысқаша тоқтала кетсек. Мағзұм қарияның айтуынша, атажұрттары кезіндегі Семейге қарасты Шұбартау ауданы, № 3 ауыл (Төлеңгіт ауылы) болған. Қазан төңкерісінен кейін ел қиыншылықты көп көрген. Атаман Анненковқа қосылмақ болған ақтар бір өтсе, оларды қуалап қызылдар өткен. Бәрінен зардап шеккен қарапайым қазақ. Одан кейін кәмпеске, т.с.с. Осы жылдары тудың қалған бөлігін сақтау үшін Хамит (Мағзұмның атасы) әкесі Бәкіштен қалған Құранды осы тумен тыстап тастаған. Елде ашаршылық басталып, қалған ел Балқаш елді мекеніне жетуге ұйғарады. Содан Төлеңгіт ауылы және басқа да рулар Балқашқа екі топ болып бөлініп аттанады. Бірі жазық даламен кетсе, екінші топ айналма болса да тау жағалап жүреді. Мағзұм қарияның аталары осы соңғы топта болады. Аяғында тек осы тау сағалап (Қызыларай, Қаратал арқылы) жүрген топ қана аман-есен жетеді. Жазықпен кеткен топтың ешқайсысы келмейді. Дайрабайдың 41 шаңырағы болған. Содан осы Балқашқа жеткені 3 шаңырақ қана.


Тау сағалап келе жатқан топтың ішіндегі Хамит ақсақал Ақирек деген тауға келгенде қолындағы тумен тысталған Құранды және т.б. дүниелерін бір төбенің басына көміп, тұсына белгі қойып кетеді. Хамит ақсақалдың, басқа да ағайын-туыстарының дүниеден өтер кезіндегі ұрпағына аманаттаған нәрсесі осы «Сары Құран» болады. Содан 1964 жылы Ақбар баласы Мағзұмды ертіп, Нарманбет ауылының (ол кезде ХХІІ Партсъезд совхозы) шөпші жігіттерімен Ақирек тауына барады. Жер бедері Ақбардың есінде жақсы сақталып қалған, тез тауып алады. Әрі әкелерінің шаншыған ағаш сабы сол күйі тұрған екен. Көмбенің ішінен екі Құран және тігін мәшинкесін алған. «Сары Құранды» үйге алып келгенде туыстарымыз жылап көрісті» дейді Мағзұм қария. Ол кісі бертінге дейін бұл тудың сырын айтпай келген. Тек кейінде ғана ұрпағына жете таныстырған.
Мағзұм қария – бүгінде екі көзден бірдей зағип болып отырған жан. Апамыздың әкеліп берген орамасын ашып, «Сары Құранды» сипалай отырып бізге ұстатты. Құранның көне дүние екені бірден аңғарылады. Құранды тыстаған тудың бөлігінің сақталу деңгейі өте жақсы. Кейбір дымқыл өткен жерлері аздап сортаң тартқан. Сөгілмегеніне қарағанда матасы жібек тәрізді. Шеттері шашақталған.
Дайрабай батырға байланысты Мағзұм қариядан жазып алынған бірнеше мәліметтерді берсек:
Бірінші. Әкелерімнен естігенім, Дайрабай бабам Кенесарының қасында соңына дейін болған. Мың жігітімен қоршауда қалғанда, Кенесары Ағыбай бастаған 500 жігітке қоршауды бұзып жол ашуға бұйырады. Дайрабай да Наурызбай төремен осы топта болып, жауды жарып шыққан. Бірақ Наурызбай Кенесарының жаудың қолында қалғанын естіп, «сен тұрғанда Кенесарыны қырғыз өлтірмейді» деген Ағыбайдың ақылына қа­рамастан, қайта ағасының қасына барған.
Екінші. Кенесары Ағыбай және басқа да батырларымен Ақмоланы алған кезде, Дайрабай өз қолымен ханға бір орыс офицерін және Ахмет (төре) сұлтанды әкеліп тапсырған. Кенесары Ахмет төрені босатып жіберіпті. Бұл мәліметтен Дайрабай батырдың Кенесарыға көтерілістің алғашқы кезінен қосылғанын көруге болады. Ақмола бекінісі жоғарыда жазғанымыздай, 1838 жылы алынған.
Үшінші. Дайрабай үнемі ханның маңайында болып, қызмет қылған. Төлеңгіттерінің басшысы болған. Көбіне ханның жеке тап­сырмаларын орындаған. Елден салық жинаған. Барымталарға барған.
Төртінші. – Кенесары Кіші жүзде бір сәуегей қария бар дегенді естіп, жанына Ағыбайды қосып Наурызбайды аттандыратын оқиға бар емес пе? (Информатор бұл жерде қарт абыз бен жас Наурызбайдың оқиғасын сөз етіп отыр. Бұл аңыз бойынша «Абыз: «Е, Наурызбай, менің жасым 120-ға келіп отыр. Осы жастың ішінде сенен артық ер көрмедім. Үш нәрсенің сырттаны бар еді: иттің, қасқырдың, жігіттің. Сен жігіттің сырттаны екенсің. Бірақ адам баласына мейірімің жоқ екен, бағың маңдайыңда ғана екен. Ғұмырың қысқа 20-25-тен аспассың, дүниеде арманда қалма», – деген. Сол оқиғаның ішінде Дайрабай да болған. Дайрабай 40 жігітін қасына ертіп, Наурызбай мен Ағыбайға қосшы болып барған. Сол сапарда сәуегей қария Дайрабайдың да өмірін болжап, ұзақ жасайтынын айтыпты.
Бесінші. Әкелерімнің айтуынша, Дайрабай зор, балуан денелі адам болған. Басы үлкен, қоңқақ мұрынды, денесі төртпақ келген. Жорықта көп жүргендіктен көп соққы алған, төбесі бұжыр-бұжыр, тілім-тілім екен. Көзімен көрген кісілер «анандай баспен өмір сүру мүмкін емес» деп таңғалысып, әңгіме қылысатын болған. Ұстарамен шашын алу қиынға соғады екен. Аттың үстінде жүріп ұйықтай беретін болған. Қайтқан жері Үштабақ Кентарлау. Сүйегі сол жерде. Басында моланың бар-жоғын білмеймін.
Алтыншы. Дайрабай мен Ағыбай көзi тірісінде бір-бірімен араласып тұрған. Кейін құдандалы болған екен. Ағыбайдың бір ұрпағына Хамиттың қарындасы шыққан.
Жалпы, бұл мақаланы жазу барысында Кенесары хан және оның жауынгер серіктерімен байланысты ел ішінде сақталып келе жатқан тарихи әңгімелерді көпшілік оқырман қауымға жеткізуді мақсат тұттық. Сөз соңында, Кенесарының бас сүйегі туралы бір-екі ауыз тоқталсақ. Кейінгі кезде зерттеушілер арасында (С.Аққұлы) «Кенесарының бас сүйегі Петербургке жетпей, Омбы қаласында қалған болуы керек» деген ойлар айтылып жүр. Осы соңғы тұжырымның жаны бар секілді. 1906 жылы М.Терентьевтің «История завоевания Средней Азии» деген монографиясы жарыққа шыққан. Осы еңбекте М.Терентьев Кенесары көтерілісі туралы сөз қозғап, соңында «…и здесь в одном из ущелий потерпель поражение и был убит вместе теленгутами (телохранители, палачи) и 3,000 войска. Череп его доставлен был к кн. Горчакову и хранится при деле «о бунте Кениссары» деп жазады. Бұл деректен Кенесарының басы ХХ ғасырдың бас кезіне дейін Омбыда болғанын аңғарамыз. 1917-1919 жылдар аралығындағы аласапыран кезде жойылып кетпесе, Омбыдан асып, ешқайда шықпаған секілді.

Орынбай ОШАНОВ,
этнограф, археолог

Бөлісу:

Пікір жазу


*