ТӨРТІНШІ БИЛІКТІ ТҮГЕНДЕУ

644
0
Бөлісу:

Біздің Бауыржан не жазса да желдіртіп жазады. Тілінен май тамады. Небір ұшқыр ой, ұтқыр тіркес қалам ұшында тұрады. Осыған дейін «11-ші қаламұш» атты кітабы арқылы қазақ баспасөзі майталмандарының өмірін көркем кестелеген болатын. Енді міне, қалың оқырманға «Төртінші билік» атты жаңа кітабы жол тартты.

Осындай іргелі жобаның ойға келуі де кездейсоқ: сол тұста Бауыржан Омаров екеуміз «Ас­тана хабары» газетінде бірге қыз­мет істейміз – мен бас редактор, ол – бас редактордың бірінші орын­басары; журналистер ара­сында кең тарап кеткен «айбат шегіп алайын» дейтін қанатты тіркестің туатын жылдары, қай газетте болсын қоғам қайрат­керлері, зиялы қауым өкілдері – жазушылар мен өнер адамдары туралы, өндіріс озаттары мен басқа да талай кәсіп иегерлері жөнінде жиі жазылады; ал жур­налистердің өзі туралы кім жазады? Осындай ой келе қалды. Бауыржанға айтылды. Өзгенің жетістігіне өз қуанышындай қуана­тын, жұртшылыққа жылдам жеткізетін БАҚ өкілдері туралы газетімізде неге тұрақты түрде портреттік мақалалар топтамасын жазбасқа? Бұл мақсатты жүзеге асыруға «Болар елдің баласы…» деген айдар тіл ұшына іліге кетті. Басқа адам болса бір-екі мақа­ламен тоқтап қалар еді, Бауыржан осы тақырыпты тұрақты қаузады. Республикалық «Ана тілі» га­зетінде «Ақпараттың ақмылтығы» деген айдармен жүйелі түрде жалғастырды. «11-ші қаламұш» жас журналистердің жастық астына жатып оқитын кітабына айналды. Бауыржан бұл кітаптан кейін де қарқынын бәсеңдеткен жоқ: өзі жазғандай «Төртінші билікте» алты алашқа аты мәлім баспасөз өкілдері де, қаламгерден қайраткерге айналған тұғырлы тұлғалар да, жас буынды жазу өнеріне баулыған ұлағатты ұстаз­дар да, күні бүгінге дейін БАҚ-тың бақшасынан жеміс теріп, ақпараттың арбасын сүйреген журналистиканың саптағы сарбаздары да бар».
Кітаптың алғысөзін «Нұр Отан» партиясы Төрағасының Бiрiншi орынбасары, Мемле­кеттiк сыйлықтың лауреаты Мұх­тар ҚҰЛ-МҰХАММЕД жазған екен. Мамандығы жағынан жур­налист, бұл күнде көрнекті мем­лекет және қоғам қайраткері дәрежесіне көтерілген парасатты тұлғаның пайымын тұтас бергенді жөн көрдік.
«Дүниежүзiнiң бiрде-бiр елi­нiң заңнамасында дәл осындай ресми ұғым болмаса да, сөз бос­тандығы қалыптасқан мемлекет­тердегi бұқаралық ақпарат құрал­дарының күш-қуаты айрықша бағаланады. Олар тiптi атқарушы, заң шығарушы, сот билiгi өкiл­дерiнiң аузымен құс тiстеген небiр серкелерiн оп-оңай тәу­бесiне келтiрiп, тұтас бiр мемлекеттiң ғана емес, жер-жаһанның наза­рын өзiне аударатын айтулы мәселелердi еркiн көтере алатын аса ықпалды күш саналады. За­манмен бiрге ақпарат құралда­рының да кескiн-келбетi өзгердi. Бүгiнде қолының ебi барлар өзi көрген оқиғаны сол заматында-ақ әлеуметтiк желiге жүктеп, оны санаулы минуттардың iшiнде әлемнiң әр түкпiрiндегi миллион­даған адамға тарата алатын мүм­кiндiкке қол жеткiздi. Бiрақ ақпарат шын шебердiң өңдеуi мен сомдауынан шыққанда ғана жүрекке жеңiл, ұғымға оңай, кө­кейге қонымды болып, қоғамдық ой-санаға әсер ете алады. Мұны жасау тек хас таланттардың ғана қолынан келедi. Бауыржан Омарұлының сiз оқып отырған кiтабы қазақ баспасөзiнiң осын­дай беделдi өкiлдерiнiң кәсiби бiлiктiлiгiн саралап көрсетуге арналған.
Жалпы, бiздiң қоғамда жур­налистер қауымы белгiлi бiр тұл­ғаларды қалың жұртқа таныс­тырып, солар жөнiнде ой-пiкiр қалыптастырушы ретiнде баға­ланады. Солай екенi де рас. Өйт­кенi аудиторияны ақпаратпен қамтамасыз ету, өз ортасында елеулi еңбегiмен ерекшеленген адамдар жөнiнде көбiрек мәлiмет беру – журналистiң мәртебелi мiндетiнiң бiрi. Сондықтан бұ­қаралық ақпарат құралдарының өкiлдерi күнделiктi iс-әрекетi арқылы ұлттық тұлғатануға мол үлес қосатыны анық.
Ал осы кiтаптың кейiпкер­лерi­нiң бiрi – Шерхан Мұртаза «Арқалағаны – алтын, жегенi – тiкен» деп бағалаған сол жур­налистердiң өздерi туралы көп жазыла бермейдi. «Төртiншi билiк» осы олқылықтың орнын толтырады. Журналист – қандай мамандық? Оның жұмыс iстеу тәсiлi қандай? Ақпаратты қайтiп алады, қалай өңдейдi, қалай жет­кiзедi? Журналистердiң өз ортасы қай тұрғыдан ерекшеленедi? Жан дүниесi, iшкi әлемi ше? Өзi де журналистиканың жiлiк майын шағып iшкен кiтап авторы осы сауалдарға жауап қарастырады.
Бұқаралық ақпараттың бел ортасында шыңдалған қаламгер таңдаған тақырыбы бойынша көптен берi тұрақты жұмыс жүр­гiзiп келедi. Баспасөздiң барлық буынында оның қолтаңбасы бар. Қатардағы тiлшiден басылымның басшысына дейiнгi жолдан өттi. Газетте де, телеарнада да, баспада да, журналистердi мамандыққа баулитын жоғары оқу орнында да қызмет iстедi. Елдiң бұқаралық ақпарат құралдарына жетекшiлiк ететiн мемлекеттiк құрылымды басқарды. Ең бастысы, ол жур­налистиканың отымен кiрiп, күлi­мен шықты. Сондықтан автордың өз мамандығына деген құрметi бөлек. Бұл саланың бұрынғы үрдiстерiн де, байырғы дәстүрлерiн де, бүгiнгi бағыт-бағ­дарларын да жақсы бiледi.
Кiтапқа тоқсанның төрiне таяғанда қаламды компьютерге ауыстырып, мамандығына адал­дығынан айнымаған Әзiлхан Нұршайықов, ұлттық журналис­тикада тұтас мектеп қалып­тастырып, қазақтiлдi баспасөздiң айбынын асырған Шерхан Мұр­таза, тоталитарлық заманның өзiнде-ақ ақырып теңдiк сұраған Нұрмахан Оразбек, ұлттық телеарнаның негiзiн қалаушы­лардың бiрi Сұлтан Оразалинов, аудандық баспахананың газет басушысынан Ақпарат ми­нистрiне дейiн өскен Қуаныш Сұлтанов, елiмiздiң бас басылы­мының басшысы болған Сауыт­бек Абдрахманов, ақпарат пен ғылымның тiзгiнiн қатар ұстаған Жұмағали Ысмағұлов пен Уәли­хан Қалижанов, қазақ журна­листикасының теориясы мен практикасын қалыптаған ұстаз-профессорлар Тауман Амандосов пен Намазалы Омашев және басқалардың тұлғалары арқау болған.
Автор әр кейiпкерiнiң шебер­лiк шыңына жету жолындағы өзi жетiк бiлетiн құпияларына терең бойлау арқылы қазақ баспасөзiнiң тұтас портреттер галереясын жасаған. Оның кейiпкерлерiнiң бәрi – оқырманның ықыласына, көрерменнiң құрметiне бөленген жандар. Бауыржан солардың әрқайсысының өмiрбаян дерек­терiн тiзбелеп, қоғамдық-саяси қызметiн, ғылыми шығарма­шылығының ерекшелiктерiн са­ралауды мақсат етпейдi. Олардың бүкiл тiршiлiгiн ақпарат әлемiмен байланыстыра суреттейдi. Қара­пайым деректер мен мәлiмет­тердiң өзiн шығармашылық шеберлiк арқылы ширатып, оқы­лымды етiп ұсынады. Сәт сайын сәттi деталь тауып, сөз ойната бiледi.
Кiтапта қазақ баспасөзiндегi редакторлық мектеп жөнiнде жан-жақты баяндалған. Автор ұлт баспасөзiнiң ұстаханасына ай­налған белгiлi басылымдардың өзiндiк ерекшелiктерiн саралай­ды. Талайды шыңдап шығарған ұлттық тележурналистиканың табиғатын танытады. Тiкелей эфирдiң тiзгiнiн ұстаған жүргiзу­шiлердiң кәсiби машық-дағды­ларының сырына үңiледi.
Бұл жинақ жас буынды жур­налистiк шеберлiкке баулиды. Қазақ баспасөзiнiң таңдаулы өкiлдерi туралы мол мәлiметке қа­нықтырады. Бүкiл жұртқа қоғам­дық пiкiр қалыптастыра алатын мәртебелi мамандыққа қызықтырады.
Қазiр заманмен бiрге ұлттық ақпарат кеңiстiгi де ұлғая түсуде. Бiрақ сөздiң парқын ерекше бағалай бiлетiн елде оның қадiрi күн санап артпаса, кемiмейтiнi анық.
Ендеше, кәсiби журналист, Қазақстан Республикасы Ұлттық Ғылым академиясының коррес­пондент-мүшесi, филология ғы­лымдарының докторы, профес­сор Бауыржан Омарұлының бұл кiтабы қызығы мен қиындығы қатар жүретiн журналистiк ма­мандықты таңдаған жастар мен қалың оқырман қауымның көңi­лiнен шығады деп сенемiн».
Осындай ордалы ой, қордалы қисынға не қосуға болады? Бәрі де қолмен қойғандай, таспен қаланғандай! Сонда да өз тара­пымыздан бір-екі пікір қосқан абзал шығар.
Бауыржан қазақ журналисти­касының жампоздары туралы жазу арқылы қауқары зор болса да, құзыры кемдеу, өмір бойы жазған-сызғанына елдің алғысы мен құрметінен өзге ештеңе дә­метпейтін, ең бастысы, өз кәсібіне адал жандар шоғырының беделі мен абыройын арттырды. Бұл қазақ журналистикасын биікке көтеру деген сөз. Журналистика саласынан мемлекеттік биліктің биік өріне көтерілген Қуаныш Сұлтанов, Мұхтар Құл-Мұхам­мед, Дархан Мыңбай сияқты әріптестеріміздің Тәуелсіздікті тұрлаулы ету жолындағы азамат­тық келбеті қалың жұрттың көз алдында. Уәлихан Қалижанов бірнеше мәрте халық қалаулысы атанды, сол үрдісті Сауытбек Абдрахманов сәтті жалғастырып келеді. Шын мәнінде, «Төртінші билік» деген ұғым қазақ қоға­мында терең орнығуы тиіс. Қай жылы журналистік сапармен ел аралап жүргенде «Айқын» газе­тінің бір тұрақты оқырманы «Жур­налистерді, әсіресе, бас­шылық қызметте жүрген жан­дарды баяғының билері сана­тында көремін; Би деген ұғым тарих еншісіне кеткендей, алайда қазіргінің билері – Бас редак­торлар, атауы өзгергенімен ежел­ден елдің сөзін сөйлеу дәстүрін абыроймен жалғастырып келе жатқан кісілер – солар; сондық­тан қашан да әділет пен ақиқатты айта біліңдер» деген ой-тұжы­рымын жеткізген еді. Бұл да құлақ асар сөз секілді.
Бауыржан Омаровтың «11-ші қаламұшы», қазір оқырманға жол тартқан «Төртінші билік» кітап­тары қазақ журналистикасы тарихын зерттеп, зерделеуші жас ұрпақ үшін өте сүбелі туынды. Қазақ әдебиеті жанрларының антологиясы жіпке тізіліп түген­деліп болғандай. Ал журналистика антологиясы ше? Бауыржанның екі кітабы да таза антология! Ол бізге төртінші билік өкілдерін өмірбаяндық көркем шежіресін түгендеп берді.
Бауыржан таңдаған тақыры­бын мейлінше жетік біледі, жур­налистердің өмірі ол үшін таңсық емес. Әйтсе де «Жазушы – адам жанының инженері» дегендей, кез келген адамның ішкі жанса­райын ашу, айтар ойын ақтарту, ой тарқату оңай тірлік көрінбейді. Бұл үде тұрғысынан да Бауыр­жанның кәсіби майталмандығы менмұндалап тұрады.

Кітаптың түйінсөзінде Бауыр­жан «Қалам құрыған күні қалам­гердің де құны түседі» деп ой тұжырыпты. Журналистің де, жазушының да қаруы – қалам. Қалам ұстаған адам бар дүниеге – алаң. Құдіреті күшті Алла Тағала он сегіз мың ғаламды жаратпас бұрын – ҚАЛАМ-ды жаратқан екен, – деген сөз бар. Осы рас! Қаламың қолдан түспесін, бауырым!
Бәрінің басында СӨЗ болған!

 

Нұртөре ЖҮСІП

Бөлісу:

Пікір жазу


*