Балық қашан бренд болады?

731
0
Бөлісу:

Балық аулау – Атырау облысы үшін дәстүрлі сала. Сондай-ақ өңір экономикасының негізін құрайды. Алайда бүгінгі таңда балық шаруашылығына қатысты көптеген мәселелер өзінің шешімін күтіп тұр. Адамдардың тағылық әрекеттері құнды балықтарды уылдырық шашу жасына жеткізбей-ақ қынадай қырып жатыр.

Елбасы балық шаруашылығын да­мыту, қорғау мәселелеріне орай бар­лық оңтайлы жағдайды жасауға тапсырма берді. Жергілікті ат­қару­шы билік су по­лициясы қызмет­кер­лерін су көлік­терімен, тік ұшақпен, бар­лық техника­лық жабдықтармен және мамандармен қамтыды. Со­ның нәтижесінде, бүгін­дері сырттан ке­летін браконьерлер сая­бырсыды. Алайда еліміздің өз ішіндегі бра­коньер­лік тыйылмай отыр. Жергі­лік­ті халықтың «баракашылық» тір­шілігі, табиғатқа орасан залалын ти­гізуде. Бұған қоса, жыл сайын ба­лық аулауға мемлекеттен лимит алатын балық өндіру мекемелері, өздерінің тех­никалық және жұмыс­ күші жет­пеген­діктен, Ресей елі­нің балық аулаушыларына күні түсіп, олардың Жайық – Қиғаш өзен­дерінен еркін балық аулауына жағ­дай жасағаны анықталып отыр. Балықты заңсыз ау­лаушылар нейлоннан жасалған аулар мен ілмек арқылы оларды аяусыз ау­лауды дағдыға айналдырған. Бұл жағдай мәлім болған соң, тиісті құры­лым басшылары Атырау қала­сында балық және ау құралдарын сататын ірі 9 сауда нүктесі мен 69 сау­да орнын анық­тап, олардың ие­леріне қатаң ескерту жасады. Десек те, ілмектерден ажал құшып жат­қан балықтарда, әсіресе, қызыл балық­тың қорында есеп жоғын ашық айту керек. Өйткені жергілікті ба­лық­шы­лар, бекіре балықтың соң­ғы рет ау­ларына қашан түскенін еске тү­сіре алмайтын жағдайға жетті.

Каспий теңізі, Жайық пен Қи­ғаш өзендерінен балық аулаушылар тарапынан бүгінде бәсекелестік анық байқалады. Олардың лимитті көп алуға деген құлшыныстары бү­гінде әзірге ешкім зерделеп ашпаған құпиялығымен күмәнді болып тұр. Айталық, облыстағы мекемелер 2012-2014 жылдары лимиттің көп кө­лемде бөлінгеніне қарамастан, оларды игеру бойынша жоғары көрсеткіш көрсете алмады.
Соңғы 5 жылда облыстың ба­лық шаруашылығы мекемелерімен балық аулау көлемі 14,2 мың тонна­дан 12,8 мың тоннаға дейін төмен­деп отыр.


Бөлінген лимиттің көлемі де

26 мың тоннадан 19,2 мың тонна­ға дейін кеміді. 2016 жылғы бөлінген 19,2 мың тонна лимиттің 12,9 мың тоннасы ауланды немесе 71 пайызы игерілді. Көрсетілген талдаудан лимиттің игерілу пайызының артуы об­лыстағы мекемелердің балық ау­лау көлемінің артуынан емес, жыл сайынғы бөлінетін лимиттің азаюы­нан екенін айта кету керек.
Құрманғазы ауданындағы ме­кемелермен соңғы 5 жылда балық аулау көлемі 5,3 мың тоннадан 4,5 мың тоннаға төмендеді.
Лимит турасындағы түйткілді мә­­селелер көп. Мәселен, «Каспий таңы» ӨК төрағасы Б.Теміров өз­де­рі­нің лимитті 86 пайызға орындап отыр­­ғандарын, ал өзгелер 100 пайыз орындау үшін Ресейден қо­сым­ша мердігер алып, жауып отыр­ғанын мәлімдеді. Оның айтуынша, осы жағдайды сылтау еткен астра­ха­ньдықтар тарапынан заңсыз ба­лық аулау оқиғасы орын алыпты. Ең сорақысы, ресейліктер салық тө­­лемейді. Сондықтан өзгелерден кө­­мек сұрамай, әр өндірістік коопе­ратив өз мүмкіндіктерінше лимитті адал орындауы керек.
Балық өндіруші «Құралай» кор­порациясының президенті Әбдібек Би­сенов лимиттің шартымен келіс­пей­тінін айтып отыр. Оның ай­туын­­ша, онда балықтың түріне орай 400 тонна шортан, 300 тонна сазан деп бөледі. Кей кезде бұл жоспар­да­ғыдай балық ауланбай қалатын жайт­тар болады да, лимит тоқтап қа­лады. Лимитті жоспарға қоюды құп­тамайтынын айтқан кәсіпкер ау­лауға тиісті балықты ірі және ұсақ деп бөлсек жеткілікті дейді. Ай­тар­лы­ғы, Астраханьда 138 мың тонна ли­мит бөлінеді. Бірақ олар 60 мың тоннасын ғана орындайды және шы­ғынға батпайды. Бізде лимит
11 мыңнан 4 мың тоннаға төмендеп кетті. Лимиттің мөлшерін көтеру қажет деген пікірі, сайып келгенде екі ұшты ойға жетелейді. Бұған дейін де аймақ басшысы Нұрлан Но­ғаевпен кездесуде облыстың ба­лық кәсібімен айналысушы кәсіп­кер­лері лимиттің азайып кеткенін ай­тып, шағымданған болатын. Ал­дымен, берілген лимитті жүз пайыз орын­дамай отырған әрі өзгеден кө­­мек сұрауға мәжбүр балық өн­діру­­шілердің осыншалықты лимит кө­лемін арттыруды сұрауына не түрткі болуы мүмкін? Бәлкім, ли­мит көлемін арттыру арқылы заң­сыз ауланған балықты өткізуге әре­кет етуді көздеулері мүмкін бе? Ақи­қатында, бұл сауал әзірге ашық тұр.


…Ілгеріде 90-жылдардың аяғында әйгілі француз мұхит зерттеушісі Жак Ив Кустоның атақты командасы Қазақстанға келген. Су тұңғиығының аты аңызға айналған зерттеушілері сол кездің өзінде-ақ Каспий теңізіндегі тағылық браконьерлікті көріп таңғалған екен.


Экспорт арман болып тұр


Атырау облыстық ауыл шаруа­шы­лығы басқармасының басшысы Сы­рым Рысқалиевтың айтуынша, об­лыс бойынша 19 табиғат пайда­лану­шының 85 пайыз өнімін Ресей­ге экспортқа шығарып отыр. Өткен жылы жақын шетелге Украина, Өз­бекстан, Грузияға 1376,4 тонна ба­лық өнімдері сатылды. Германия, Франция, Ұлыбритания, Польша, Латвия сияқты Еуропалық Одақ ел­деріне «Аманкелді» өндірістік коопе­ративі 251,4 тонна балық өні­мін сатты. Өндірілген балық өнім­дері атауларының көлемі бойынша об­лыстағы балық шаруашылық ме­кемелері 4 топқа бөлінген.
Бірінші топқа дамыған тех­ни­калық базасы және білікті маман­дары бар облыстағы көшбасшы ме­кемелер кірді. Олар – «Аманкелді атындағы» ӨК – 56 өнім атауларын өндіреді; «Каспий – Балық» ӨК – 37 өнім атауларын; «Тілекші» ЖШС – 33 өнім атауларын; «Жемчужина» ЖШС – 22 өнім атауларын; «Ақтау – Балық» ЖШС 20 өнім атау­ла­рын өндіреді. Өзге топтарға мұзда­тыл­ған, салқындатылған және кеп­ті­рілген үш түрде шығарылатын өнім­нің ассортименті бойынша деп өнім саны аз өндірістік коопера­тив­тер тіркелген. Бүгінгі ащы шындық, атыраулық балықшылар Ресейге ауланған балықты шикізат түрінде сату­да. Бұл олардың технологияық даму деңгейінің төмен екендігін жә­не өнім өңдеуге деген құлықсыз­ды­ғын айқындап беріп отыр.
Атырау облысының әкімі Н.Но­ғаев балық кәсібімен айна­лы­сатын кәсіпкерлермен балық сала­сындағы проблемаларды шешуге арналған жиында «Балық өнімдерін Ресейге шикізат ретінде сату арқы­лы кәсіпкерлеріміз таза пайдадан қа­ғылып, астраханьдық әріп­тес­те­рінің кәсібінің дөңгеленуіне орасан зор ықпал етіп отыр. Олар біздің өнім­дерді терең өңдеп, тікелей Мәс­­кеудің үлкен сауда орталық­та­ры­на шығарып, пайда көруде. Ел­басы биылғы Жолдауында ауыл шаруашылығы саласы еліміз үшін стратегиялық басым бағыт екенін атап көрсетті. Сол себепті, Атырау облысында экономиканы әртарап­тан­дыра отырып, экспортқа терең өң­делген өнімдерді шығаруымыз ке­рек» деп кәсіпкерлерден «Аман­кел­ді» ӨК-нің басқа балық коопе­ра­тивтер өнімдерінің экспортқа шы­ға алмауының себебін сұрады.
«Құралай» корпорациясының пре­зиденті Әбдібек Бисеновтың айтуын­ша, Мәскеудің нарығына кіру талаптары көп әрі қатаң. Қа­зақ­станның өзінде балықтың баға­сы Астраханьдағы саудадағы ба­лық­тан қымбат. Елімізде балықты са­тып алуға деген сұраныс төмен. Бү­­гінде балықтың сауда нары­ғын­да­ғы бәсекелесі – тауық еті. «Құра­лай» корпорациясына қатысты ба­лық өңдеуші кооператив балықтары бү­гін­дері Астана, Қарағанды, Ақтө­бе қалаларындағы дүкендерде сатылымда. Балық өнімдері тез бұ­зылғыш тағам болғандықтан, оны арнаулы температурада ұстау үшін арнаулы технологиямен жабдық­талған дүкендерде сақтау қажет. Мұн­дай дүкен Атырауда жоқ. Сон­дықтан кәсіпкер Ә.Би­сенов облыс тұрғындары мен қо­нақ­тары үшін қаладан арнаулы дү­кен салуға жер телімін бөлуді сұрап отыр. Сайып кел­генде, ниет болса, «Аманкелді» ӨК секілді еуро нө­мiр­ге ие болып, Ре­сейге тәуелді бол­май, алыс-жа­қын шетелге ба­лықты экспортқа шы­ғаруға бо­ла­тыны айқын. Дей тұр­ғанмен де кә­сіпкерлеріміз үшін ба­лықты ши­кізат күйінде сату пай­далырақ болып отырғаны белгілі. Мұ­ның өзі өте қауіпті қадам. Се­бе­бі, неғұрлым балық шикізат күйін­де саудаға шықса, соғұрлым балық қо­ры азая­ды, тіпті енді он жылдан соң бекіре тұқымдас тұрмақ, қара балықтың өзімен жылап көрісетін жағдайға жетуіміз әбден мүмкін.

Шабақтар – өзен мен тоғанда


Бағалы балықты тек шикізат етіп сату арқылы пайда көруге дағ­ды­ланғандар балықты қолдан өсі­ру­­ге де құлықсыздық танытуда. Мем­­лекет басшысы қойған міндет­тің бірі – Каспий бекіресінің табиғи қо­рын сақтау. Оның баламалы жо­лы – тауарлы бекірені өсіру. Мұның тиімділігі неде? Алдымен, бекіре тұ­қымдас балықтардың тұқымын жо­ғалтар болсақ, оның өнімін шы­ғару да тоқтайды. Бұл – мемлекет бюд­жеті үшін орны толмас шығын. Қа­зіргі экологиялық ахуал бекі­ре­нің табиғи өсіміне белгілі бір дең­гей­де шектеу қояды. Демек, тауар­лы бекіре өсіру – табысты, тұрақты, экон­омикалық тұрғыдан, балық шаруа­шылығын дамытудың ең тиім­­ді бағыты. Балық шаруа­шы­лығын жетік білетін мамандардың пайымдауынша, Қазақстанның балық шаруашылығын дамытуға ең қо­лайлысы – Қытайдың тәжіри­бе­сі­не жүгіну.
Ғалымдар бекіре тұқымдас ба­лық­тардың табиғи жолмен көбеюі­не ықпал ететін бір әдісті ұсынады. Ол – шабақтарды жасанды жолмен өсіру. Бұл – көптеген шет мемле­кет­­терде кеңінен қолданылатын әдіс. Рас, Қазақстанда, соның ішін­де Атырау облысында осындай екі зауыт бар. Оларда жыл сайын
7 мил­­­лион шабақ өсіріліп, Каспий теңі­зіне жіберіледі. Бірақ мұның мөл­шері көршілес мемлекеттермен са­лыстырғанда тіптен аз екенін мойындауымыз керек.

Заңсыздыққа жол бермеудің амалы…


Атырауда жылда көктем мен күз ай­ларында «Бекіре» жедел шарасы өте­ді. Балық қорын заңсыз аулау­шы­­ларға ерекше шүйлігетін осы мер­зімде бірнеше тонна балық тәр­кіленеді. Оларға қолданатын жаза, айыппұлдан аспай отыр. Атырау облыстық ішкі істер депар­та­ментінің басшысының орынбасары Асан Шалқаровтың айтуынша, өткен жылы заңсыз балық аулау­шы­лардан 5 млн теңге айыппұл өн­дірілген. Бірақ қызыл балық «Қы­зыл кітапқа» енген уақытта, бұл жеңіл жаза демеске амал жоқ.
Балық қорын сақтау мақ­са­тында табиғатты пай­далану­шылар атынан айтылуға тиіс ұсыныс Атырау облысы таби­ғат қорғау прокуроры Влади­мир Малаховтың тарапынан болды. Оның айтуынша, ли­мит­пен балық аулайты­н­дар­дың қайықтарына GPS қондырғы орнату керек. Балық шаруашылы­ғымен айналысатын мекемелер, адам­дары мен қайықтарының атау­лары туралы анкеталық база жоқ. ХХІ ғасыр болса да, рұқсат қағаз, есеп-қисап, бәрі жазбаша журналға жа­зылады. Балық аулауға рұқсат қағаздардың заңды екеніне күмән негізді. Сондықтан да электронды база жасақтаған ұтымды болады. GPS арқылы балықшылардың қай аумақта, шамамен қанша балық ау­ла­ғанын білуге болады. Элек-трон­ды база барлық құқық қорғау органдарына қолжетімді болатын­дық­тан, балық өндірушілер мен құ­қық қорғау органдары арасын­дағы түсінбеушіліктер орын алмай, уақыт үнемдеуге оң жағдай туады. Ең бастысы, балықшылардың қауіп­­сіздігі үшін де GPS қондыр­ғы­сының болуы маңызды.

P.S.

Мұнай және балығымен танылған елдің бүгінде балығы бренд болудан қалып, отандық өнімді өз қолымызбен құртуға белсене кіріскенімізге жоғарыдағы мысалдар дәлел бола алады. Облыстағы 19 табиғат пайдаланушының бесеуі – Қиғаш өзені жағалауындағы Құрманғазы ауданына қарасты. Осы Құрманғазы ауданы – мал мен балық шаруашылығымен ғана айналыспаса, басқа кәсібі жоқ аудан. Бұл орайда аймақ басшысы Н.Ноғаевтың аудан тұрғындары өз нәсібін өздері құртуға өршелене атсалысып отыр деп айтуында ащы шындық жатыр. Сол аудандағы бес кооперативтің балық аулауға көрші елден жалдап әкелген жұмысшыларынан балық қорына қауіп төніп отырғанын тұрғындар ашық айтты. Тағы бір мәселе – қазақстандық кәсіпкерлердің Ресейге балық өнімдерін экспортқа шығара алмауы. Ежелден достық байланыстағы екі елдің сауда саттығына неге сызат түсті? Балық кооперативтері лимитті 100 пайыз игере алмай отырып, неге оны көбейтуді сұрап отыр? Бұл сұрақтардың нақты жауабын бір білсе, балықшылар біледі!

 

Тұрсын ҚАЛИМОВА,

Атырау облысы

Бөлісу:

Пікір жазу


*