Қазақстан – реформашыл мемлекет

499
0
Бөлісу:

Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев Мюнхен қауіпсіздік конференциясына қатысты. Бұл туралы Сенаттың баспасөз қызметі хабарлады.

Бұл беделді форумның биылғы күн тәртібі трансатлантикалық қатынастардың келешегі мен НАТО, сондай-ақ қауіпсіздік пен қорғаныс саласындағы халықаралық ынтымақтастық төңірегінде болды. Шара аясында Батыс пен Ресейдің өзара қарым-қатынастары, Сириядағы соғыс, Азия-Тынық мұхиты аймағындағы ахуал және басқа да тақырыптар бойынша пікірсайыс өрістеді. Конференцияға 600-ден астам меймандар, оның ішінде 30 елдің мемлекет және үкімет басшылары, парламенттер төрағалары, беделді саясаткерлер, дипломаттар, әскерилер мен сарапшылар қатысты.

Германия канцлері Ангела Меркель, БҰҰ Бас Хатшысы Антонио Гутерриш, АҚШ-тың вице-президенті Майк Пенс, НАТО Бас Хатшысы Йенс Столтенбергтің сөздері ерекше ықылас туғызды. Қазақстан Сенатының Төрағасы «Еуразиядағы сыну сызықтары» тақырыбы бойынша панельдік пікірсайысқа қатысты. Қ.Тоқаев өз сөзінде аймақтағы мемлекеттер арасында болжалды және достық қатынастар қалыптастырудың маңыздылығын атап өтті. Төраға Қазақстанның шектесетін елдермен аумақтық мәселелерi жоқ екенін, өйткені әлемдегі құрлықтағы ең ұзақ шекара – Қазақстан мен Ресей арасындағыны қоса есептегенде, барлық елдермен мемлекеттік шекара делимитацияланғанын айтты.

Қ.Тоқаев Қытайдың «Бір белдеу, Бір жол» тұжырымы аймақтық экономикалық ынтымақтастыққа, оның ішінде транзиттік әлеуеттің арта түсуіне және Еуразия елдерінде жаңа өнеркәсіп қуаттарын қалыптастыру үшін ауқымды мүмкіндіктер ашатынына тоқталды. Төраға бұл тізбекте Ресей маңызды рөл атқарады деп санайды. Сенат Төрағасы Президент Н.Назарбаевтың басшылығымен жүзеге асып жатқан реформаларға егжей-тегжейлі тоқталды.

–Қазақстан реформашыл мемлекет болып табылады. Біз экономика немесе саясат саласы болсын, біздің қоғамның трансформациялануын тоқтатуға болмайтынына кәміл сенеміз. Қазақстанәлемдегі ең дамыған отыз елдің қатарына ілгерілеу үшін қандай жағдай болса да құрылымдық реформалар жалғаса беруі тиіс, – деді Қ.Тоқаев.

Төраға сондай-ақ Біріккен Ұлттар Ұйымы Қауіпсіздік Кеңесінің мүшесі лауазымында Қазақстанның басымдықтары туралы да хабардар етті. Ол ядролық қару мен ядролық материалдардың жайылу мәселелерін, әсіресе олардың террористік ұйымдар қолына түсу қаупін ерекше бөліп айтты. Одан басқа, Қ.Тоқаевтың айтуынша, Қазақстан Азиядағы өзара сенім және іс-қимыл шаралары жөніндегі кеңесті нығайта түседі, сондай-ақ Шанхай ынтымақтастық ұйымы аясындағы жұмыстарды үдетуді жалғастырады. Сессияға сонымен қатар Әзербайжан Президенті Ильхам Алиев, Эстония Президенті Керсти Кальюлайд, Грузия Премьер-министрі Георгий Квирикашвили және Украинаның бұрынғы Премьер-министрі Арсений Яценюк қатысты. Пікірсайысты «Eurasia Group» компаниясының негізін салушы Ян Бреммер жүргізді.

Еркін ҚАЛДАН

Бөлісу:

Пікір жазу


*