«Медеуде» мотошабандоздардың сайысы аяқталды

949
0
Бөлісу:

Жарыстың екінші күні төпелеп қар жауғанына қарамастан, шабандоздар жүлде үшін барын салды. Алғашқы күні ресейлік Даниил Иванов жарақат алып қалғандықтан, отандық шабандоз Владимир Чеблаков сайысқа қатысуға мүмкіндік алды. Тартысқа толы бәсекеде біздің ардагер әлемдегі ең мықты шабандоздардың көлеңкесінде қалып  қойған жоқ. Ол бір айналымда екінші, ал екі айналымда  үшінші орынға табан тіреді.

Бұл күні де тосын жағдай болды. Үшінші айналымда Германия командасының өкілі Гаральд Симон бұрылыста мүлт кетті.

Осылайша, жартылай финалға ресейліктермен бірге шведтер Ове Ледстром мен Стефан Свенссон, Германия шабандозы Гюнтер Бауэр және австриялық Франц Цорн шықты. Ақтық сында ресейліктер Дмитрий Хомицевич, Дмитрий Колтаков, Игорь Кононов және австриялық Цорн жүлдеге таласты.

Мұздағы текетіреске толы сайыста жеңіс тұғырына Ресей спортшылары көтерілді. Игорь Кононов бірінші, Дмитрий Колтаков екінші, ал Дмитрий Хомицевич үшінші орынды иеленді.

Спидвейден 2017 жылғы Әлем чемпионаты үшінші кезеңіндегі жеке есеп қорытындысын шығарған FIM Халықаралық әділқазылар  алқасының президенті  Армандо Кастанья  ұйымдастырушыларға алғысын білдірді:       –Бұл жолы Алматыда көбіне ауа райының қолайсыздығымен алыстық. Алғашқы күні тұманның кесірінен  жарысты бірнеше сағатқа шегеруге тура келді. Бүгінгі сайысты өткізу үшін мұз айдынын дайындауға көп күш жұмсалды.  Ұйымдастыру комитеті мен «Медеу» мұз  айдыны жоғары деңгейдегі халықаралық жарыстарды кез келген ауа райында өткізуге  дайын екенін көрсетті.

Әлем біріншілігінің төртінші кезеңі  Германияның Берлин қаласында өтеді. Ақтық сайысқа қатысушыларды Голландияның Херенвен қаласы күтіп тұр.

 

Айтжан Мұрзанов

Суретті түсірген автор

Бөлісу:

Пікір жазу


*