Президент Парламент пен Үкіметке жол ашып отыр

395
0
Бөлісу:

Камал БҰРХАНОВ, қоғам қайраткері: 

Қазір қоғамда Конституция мен заңдарға өзгеріс енгізу мәселесі бойынша талқылау жүріп жатыр. Мәселе қалай да басқару жүйесінің тиімділігін арттыру жөнінде. Халық бұған қалай қарайды? Ел не дейді? Осы орайда белгілі қоғам қайраткері, бұрынғы депутат Камал Бұрхановпен тілдескен едік. 

– Конституциялық реформаның негізгі мәні – Президент өзінің бірқатар өкілеттігін Парламент пен Үкіметке бермекші. Елбасының тілімен айтқанда, «Заманның ди­дары өзгерді. Біз де өзгеруге тиіспіз. Сол себепті, мемлекеттің басқару жүйе­сін де жаңғыртатын кез келді». Бұған не дейсіз?
– Еліміздің, мемлекетіміздің аяғы­нан тұрып қалыптасуына ерекше әсер еткен кезеңдер бар. Мысалы, 1995 жылы наурыз айында Парламент тарады. Бірақ тарар алдында Елбасына үлкен өкілеттілік сыйлады. Яғни заң күші бар жарлықтарды ешкімге жалтақтамай шығаруына құқық берілді. Ол мемле­ке­тіміз үшін өте ауыр кезеңдердің бірі еді. Өйткені Қазақ КСР-дың ескі заңдары бүгінгі нарық заманына сай емес-тұғын. Жаңа талапқа жауап беретін заң­дарды жедел қабылдау қажет­тілігі туындады. Сол арқылы елді тығы­рық­тан алып шығу қажет болды. Осының бәрін тара­зы­дан өткізген Президент шалт қи­мыл­да­ды. Қысқа уақытта өліара кезең­нен елді алып шығатын заңдарды қабыл­дады. Бұл өзін-өзі ақтады. Содан болар Қазақстан соқтықпалы, соқпақ­сыз ке­зең­нен дін-аман өтті. Жер бүтін, ел тұ­рақ­­ты­лы­ғы­нан айырылмады. Мұны Ел­ба­сының арқасы десем артық айт­­­­­­па­ға­ным. Өйткені бар ауырт­па­шы­лық, бар жауапкершілік сол кісінің мо­йнында еді.
Бастапқы сөзге қайтып келсек, 1995 жылдың наурыз айынан қарашаға дейін Президент 147 жаңа заң қабылдады. Бұл қандай заңдар дейтін болсақ, ол – мемлекетке сол тұста қандай заңдар қажет еді. Соның бәрі қамтылды. Ішкі-сыртқы саясат өзінше өрнектелді. Экономика, әлеуметтік сала рефор­ма­лан­ды. Мәдениет саласы да ұмы­тыл­мады. Елдің тұрмысын түзеу мәселесі қолға алынды. Бұл айтуға оңай болға­н­мен, өте жансебіл еңбекті қажет етті. Со­ған қарамай Елбасы халық­тың сені­мін абыроймен ақтап шықты. Нұр­сұл­тан Әбішұлы қабылдаған заң­дар­дың тиім­ді­лігі 1996 жылы белгілі болды. Нәтижесін көре бастадық. Сол жылы эконо­ми­кадағы өсу үрдісі байқалды. Бұл үлкен жетістіктің басы еді.
– «Қазақстан – 2030» стратегиясы сол жылдары қабылданды емес пе?
– Иә. Дәл сол тұста «Енді біз қан­дай мемлекет құрамыз, қандай жолмен жүре­міз, ол үшін қандай қадамдар жасауға тиіспіз? Болашақ ұрпаққа қандай мем­лекет тастап кетеміз?» деген өзекті сұрақ пайда болды. Оны да Елбасы көрсетіп бере алды. Яғни 1997 жылы қазанда Елбасы халыққа алғашқы Жолдауын жасады. Сонда барлығы қамтылды. Ол құжат тарихта «Қазақстан – 2030» деген атпен қалды. «Қазақстан – 2030» стратегиясы – ел дамуының 2030 жылға дейінгі кезеңге арналған стра­те­гия­лық бағдарламасы еді. Біз соны ұстандық. Жаман болған жоқпыз. Іргелі мемлекетке айналдық. Әлем таныды, мойындады. Орта Азиядағы бірден-бір беделді ел атандық. Бағдар­ла­ма толық орындалды. Қазір «Қазақ­стан – 2050» стратегиясын жүзеге асы­­ру­дамыз. Ол – 2012 жылы жел­тоқ­санда Мемлекет басшысының Жолдауында та­н­ыс­­ты­рыл­ды. Оның басты мақсаты – мық­ты мем­ле­кет­тің, дамыған эко­но­ми­ка­ның және жалпыға ортақ еңбектің негізінде берекелі қоғам құру, Қазақстан әлем­нің ең дамыған 30 елінің қатарында болу.
– Өзіңіз айтқандай күшті пре­зиденттік басқарылым өзін ақтады. Оған дау жоқ. Қазір басқа­ры­лым жү­йе­сін одан ары жетілдіру қолға алынып жатыр. Бұл қанша­лық­ты тиімді?
– Президенттің «Әлеуметтік-эконо­микалық үдерістерді реттеудегі біршама өкілеттіктерін Үкіметке және басқа да атқарушы органдарға беремін» дегені дұрыс. Тіпті қажет. Бұл Үкімет, минис­трліктер және әкімдіктердің ел ал­дын­дағы жауапкер­ші­лі­­гін арт­ты­рады. Сондай-ақ осы рефор­маның аясында Үкіметті жасақ­таудағы Парла­мент­т­ің рөлі күшей­мекші. Бұған дейін Пар­ла­мент болсын, Үкімет болсын, «Бә­рін Елбасы жасайды» деп пре­зи­дентке сілтеп отыра беретін. Бұдан былай олай болмайды. Жауап­кер­ші­лікті мойнына алған соң, олар да өз істеріне жауап беретін болады. Талап дұрыс. Елбасы – үлкен стратег. Мем­лекет үшін аса маңызды шаруа­лар­­мен айна­лысқаны жөн. Қысқасы, Пре­зидент Парла­ментке де, Үкіметке де аянбай, батыл жұ­мыс жаса­уына жол ашып отыр. Ендігі та­лапты соларға қоюға тиіспіз. Алдағы уа­қытта билік пен халық арасы жақын­дай түспек. Қолға алынып жатқан бұл реформаның тиімділігі осында.

Сұхбаттасқан
Сейсен ӘМІРБЕКҰЛЫ

Бөлісу:

Пікір жазу


*