Үкімет ата-аналарға грант таратпақ

269
0
Бөлісу:

ЖОО-ға түскісі келетін талапкерлер сияқты, енді өз бөбегін балабақшаға орналастыруды қалайтын ата-аналар арасында да «мемлекеттік грант» таратылуы мүмкін. Елді елең еткізген осындай жаңалығын кеше депутаттарға Білім және ғылым министрі Е.Сағадиев хабарлады. Бұл күні Мәжілісте Үкімет сағаты өтіп, онда отандық білім беруді дамытудың 2016-2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын іске асыру барысы қаралды.

Жиынды ашқан палата төраға­сы­ның орынбасары, «Нұр Отан» фрак­­ция­сының жетекшісі Г.Исим­баева бі­лім берудің өзекті әрі түйінді мә­­се­ле­леріне тоқталды. Оның ба­ға­лауын­ша, Қазақстандағы бұл сала ре­фор­­ма­­лары «бейберекет және ой­­лас­тырыл­маған» сипатқа ие әрі көбіне аяғына дейін жеткізілмейді.
– Соңғы 11 жылда білім беру жүйе­сіне рес­публикалық бюджеттен 1 триллион 207 мил­лиард теңге жұм­салды. Бұл ретте білім қыз­­мет­кер­лері­нің жалақысы – бүгінде ең тө­­мендерінің бірі және небары 86,5 мың тең­гені құрайды, – деді Гүл­мира Исимбаева. Оның дерегінше, мектепке дейінгі тәрбие ұйым­дарын педагогикалық сапалы кадр­лармен қамтамасыз ету де – үлкен проблема. Әсіресе, тәрбиешінің көмекшілері же­тіспейді, өйткені оларға бар-жо­ғы 29 мың теңге жалақы ұсынылады екен.
– Оқушылар орнының тапшы­лы­ғына, мек­тептердің апатты күйге жет­кеніне, үш ауы­сыммен оқиты­ны­на қатысты мәсе­ле­лер­ді жылда тал­қылаймыз. Қазақстанда мектеп­тер­дің 40%-дан астамы – шағын жиы­н­тықты мектептер. Ауылдардың бар­лығынан бірдей оқушыларды та­сымал-
дау ұйымдастырылмаған. Мек­тептердің
30%-ының физика, хи­мия, биология бойын­ша жаңа мо­дификациядағы каби­нет­тері жоқ. 1277 мектеп спорт залы дегеннен мүл­­дем құра­лақан. Бұларда дене шы­нық­тыру бойынша білім стан­дарты қалай орын­далуда деген сұрақ туады, – деді вице-спи­кер.
Өз сөзін балабақша мәселесінен бас­та­ған Білім және ғылым ми­нист­рі Ерлан Са­ғадиев бұл саладағы сы­байлас жемқор­лық­пен күресудің маңыздылығына тоқталды. Осы мақ­сатта бүкіл Қазақстан бойынша бір балабақша кезегі құрылатын бо­лыпты. Әйтпесе, қазір әр қаланың өз кезегі бар. Министрдің мәлі­ме­тін­ше, 2016 жылы 77 мың орынға ар­налған 825 мектепке дейінгі білім беру ұйымы ашылыпты. Соның ішін­де 600-і – жекеменшік балабақ­ша.
– Осының арқасында 3-6 жас­та­ғы бала­ларды балабақшалармен қам­ту 81 пайыздан 85 пайызға дейін өсті. Бұдан әрі не істеуіміз керек? Бі­ріншіден, жаңа санитарлық нор­ма­ларды қабылдау қажет. Бұл – орын тапшылығының бірден-бір се­бебі. Жаңа «СанПиН»-дер үш ай бойы талқыланды, мыңдаған маман өз пікірлерін білдірді. Қазіргі уа­қыт­та жаңа «санитарлық ережелер мен нор­малар» Ұлттық экономика ми­нистр­лігінің келісімінен өтуде. Біз оларды бір ай ішінде қабылдаймыз, – деді министр.
Екіншіден, кезектерді тәртіпке кел­тіріп, оның айналасында жем­қор­лықтың өруіне жол ашатын шарт­тарды жоймақ ниетте: «Бұл үшін еліміздегі барлық кезектерді «бір рес­публикалық кезекке» бірік­тіру­ді жос­пар­лаудамыз. Сонымен бір­ге, балабақ­ша­ларға бағыттау қағазын беруді автомат­тан­дырамыз: ол «Электронды Үкімет» порталы ар­қылы жүзеге асырылады», – деді Ерлан Кен­жеғалиұлы.

Үшіншіден, балабақшалар өз қызметтерінің сапасын арттырып, әр тәрбиеленуші үшін күрес жүргізуі керек. «Әр облыста, әр қалада балабақша кезегі әртүрлі анықталады. Барлығында да орынды кезектегілер арасында әкімдіктер бөледі. Дұрысы, «Балапан» бағдарламасы аясында мемлекет бөлетін қаржы балабақшаның ақысын төлеуі үшін ата-аналарға берілгені жөн. Бұл ЖОО-лардағы грант­тар бөлу қағидасына ұқсас. Сонда ата-аналар өз беттерінше үздік балабақшаларды таңдайды және мем­лекеттік тапсырыс солардың соңынан ілесе жүреді. Бұл жерде олардың жеке не мемлекеттік балабақшаны таңдауы – маңызды емес» деген министр осы міндеттерді алты ай, бір жыл көлемінде іске асыра алатындарын мәлімдеді.
«Барлығы әділ әрі айқын болады. Төрт әкімдікте – Астана, Алматы, Қарағанды және Қостанайда бұлар пилоттық жоба ретінде ендірілуде. Жұмыс тобы құрылды, ол барлық төрт жобаны талдап, республика деңгейінде таратуға болатын үздік үлгісін анық­тайды. Жұмыс қазірден жүргізілуде» деп сендірді БҒМ басшысы.
Жаңалықтар легі мұнымен бітпейді. Ерлан Сағадиев республикада «нөлдік сынып» («нулевой класс») енгізілетінін жария етті.
– Бұл сынып – 12 жылдық оқудың бірінші сатысы. Яғни, «0 сынып+11 сынып». Оны толығымен жүзеге асыруға 2019 жылы кіріскелі отырмыз. Бұл – балалардың барлығы 1-сыныпқа дайын болып келуі үшін қажет. Олар барлық әріптер мен сандарды білуі керек. Мұндай балалар саны – шамамен 70-80 пайыз. Барлық мәселелер осы «теңсіздіктен» туындайды: кейбір балалар жүгірте оқи алады, ал басқалары тіпті әріп білмейді. Бұл балалардың үлесі аз, бірақ осының өзі мұғалімдерге қиынға түсуде. Нөлдік сыныпты мектепте не балабақшада өтуге болады. Бұл үшін оларда бірыңғай бағдарлама мен оқулықтар енгізіледі. Енді «Әліппе» мен «Букварь», яғни әріптерді тану, сөзді буын-буынмен оқу, қарапайым сөйлемдерді құрастырудың бәрі – нөлдік сынып еншісінде, – деді ол.
Қажетті бағдарлама дайын екен, министрлік мұны да пилоттық режимде бастамақ. «Бізге мектептер мен балабақшалардан 300 мыңнан астам өтініш түсті. Демек, бәрі қолдап жатыр» деді министр.
Сала басшысы бес күндік оқуға көшу процесі жүріп жатқанын жеткізді. Сонымен қатар «бастауыш мектеп базалық оқулықтарға ауысуда». Бұған дейін әрбір мектепке әр пән бойынша бес оқулықтың бірін өз бетінше таңдауға рұқсат етілетін, бұл ақыр соңында әр мектептің ҰБТ-ға дайындығының әртүрлі болуына соқтырған. «Базалық оқулықтардың авторлық құқығы мемлекетке тиесілі. Бұл өте маңызды. Себебі, оларды онлайн-режимде оқу үшін ғаламторда орналастыру мүм­кіндігі пайда болады», – деді Е.Сағадиев.
Министрдің айтуынша, келесі көп көтерілетін мәселе – үй тапсырмасының көптігі. Ата-аналардың айтуынша, оқушылар үйде орындауға тиіс жат­тығулардың көлемі кейбір пәндер бойынша 5-6 бетке дейін барады екен. Сонда жасөскін қашан демалып үлгереді? Спортпен шұғылдануға, дамуға қажетті басқа да істерге уақытты қайдан табады?
– Біздің оқушылар үй тапсыр­маларын орындау бойынша 65 мемлекет ішінде 4-орында тұр. Халықаралық зерттеуге сәйкес, бірқатар мем­лекеттерде, соның ішінде Қазақстанда үй жұмысының көлемі мен білім жетістіктері арасында тікелей ара-қатынастың жоқтығы анықталған. Оқыту процесін дұрыс жолға қойған жағдайда үй жұмысын азайтуға болады. Азайту да керек. Бұл мәселемен мұғалімдер мен мамандардың ірі екі тобы айналысты. Екі нұсқа ұсынылды: біріншісі – үй тапсырмасын барлық пәндер бойынша жаппай азайту, екіншісі – тек кейбір пәндер бойынша үйге тапсырма беру. Екі жағдайда да үй жұмысы орта есеппен күніне 1 сағатқа азаяды. Демалыс күндеріне үйге тапсырма берілмейді, – деді Е.Сағадиев. Қос нұсқа да қазір педагогтар мен ата-аналар талқылауына ұсынылыпты.
Үкімет сағатында депутаттар уни­вер­ситет бітірген түлектердің жұмысқа тұра алмайтынын мәселе етіп көтерді.
– Ресей ЖОО-ға түсу бойынша біздегіден үш есе көп грант таратады. Көршімізде жоғарғы білімі барлардың саны Қазақстанның бүкіл халқының санына тең. Ал біз олармен бір эко­номикалық кеңістікте өмір сүрудеміз. Қытайда жыл сайын ЖОО-ларды Австралияның бүкіл халқына теңесетін көлемде түлектер бітіріп шығады. АҚШ, Ресей және Қытай жұмысқа қабілетті тұрғындардың елу пайызы жоғары білімді болуға тиіс деген шешім қабылдады. Қазақстанда бұл көрсеткіш – 36 пайыз. Бізге тағы 1 миллион жо­ғары білімді адам жетіс­пейді. Сонымен бірге, осы елдердің ешқайсысы ЖОО түлектерін жұмысқа орналастыруды міндет санамайды, қайта студенттерге: «Сенің жұмыс берушің өзіңнің курсыңда оқып жүр» деп үйретеді, – деген министр Е.Сағадиев басты басымдық «жеке бизнесті дамыту» болуы керектігін меңзеді.
«Үкімет сағатында» министрліктің алда Астанада педагогикалық уни­верситет ашып, соның аясында ғы­лыми-зерттеулерді жолға қою жоспары да жария етілді.

Айхан ШӘРІП

Бөлісу:

Пікір жазу


*