Эмигранттар көші-қоны: қалыпты ма, қауіпті ме?

517
0
Бөлісу:

Асхат Ноянбай – жоғары білімді, болашағынан зор үміт күттіретін азамат. 2006 жылы Қазақ ұлттық техникалық университетінің Машина жасау факультетін үздік бітіреді. Университет қабырғасында білім ала жүріп, 3-курстан кейін Work&travel бағдарламасымен АҚШ-тың Миссури штатында аула сыпырушы болып жұмыс істеп келеді. Сол сапарында Асхат ағылшын тілінде еркін тіл табыса алуды үйренеді. 

Жас жеткіншектің сол уақыттағы көз­дегені де – тіл меңгеру еді. ЖОО-ны аяқ­тағаннан кейін жас түлек еліміздің алдыңғы қатарлы компанияларының біріне жұмысқа орналасады. Алайда АҚШ-тағы тіршіліктің дәмін татып көрген Асхат көп ұзамай шетелге кө­шуді жөн санайды. Бұл шешімі туралы «Еліміздің компанияларында мен аңсаған еркіндік болмады. Ол жақта белгілі бір жоспарды орындауға қыз­мет етуің қажет. Елуден асқан аға­лары­мыз үшін бұл жағдай қалыпты да шы­ғар. Ал менің өз саламда ізденгім кел­ді. Басқа елдің тәжірибесіне сүйе­не отырып, көлік жасақтау, яки жөн­деу саласында тың технологиялық үл­­гілерді зерттегім келді. Сол үшін тәуе­келге бел буып, шетелге көшуді жөн санадым» дейді. Алғашқыда Ка­ли­форния штатына өзі ғана кетеді. Бас­тапқыда әр жұмыстың басын бір ша­лып, тұрақтай алмай қиналады. «АҚШ-қа кетерімде отбасымды елге қал­дырып кеттім. Ол жақтан тұрақты жұ­мыс тауып алған соң, алып кетуге уә­де бергенмін. Сол үшін де алғашқы ал­ты ай отбасымды асырауға болатын жұ­мыс іздеумен әлек болдым. Іздену жайы­на қалды, жұмыстың түр-түрін іс­теп көрдім» деп еске алады. Араға се­гіз ай салып Асхат жүк тасы­мал­дау­шы компанияға көлік жүргізушісі бо­лып жұмысқа орналасады. Отбасын да қасына алады. Бұл жұмысы жөнінде «Арманыма бір қадам жақындай түскендей болдым. Себебі, бұл ком­па­нияда жүріп, жүк көлігінің «міне­зі­мен» жақын таныса бастаймын деген үміт болды» дейді. Содан бері 10 жыл­дан астам уақыт өтсе де, Асхат – көлік жүргізушісі. Биыл орда бұзар 30 жасқа то­латын азамат: «Елге қайтуға асық­пай­мын. Ол жақта керемет қызметте отырып, «торға қамалғандай» күй кеш­кеннен гөрі, әзірге өзге елдегі кө­лік жүргізушілік жұмысым ұнайды» дей­ді.
Бұл – Асхаттың өз таңдауы, өз тағ­дыры. Дейтұрғанмен, ЖОО-ны үздік бітіріп, бірнеше тілді жетік меңгерген, сөйте тұра шетел асатын жас талант­тар­дың қатары жыл сайын көбеюде. Өкі­ніштісі, білікті мамандардың алыс-жа­қын шетелдерге барып, қара жұ­мыс­шы болып жүргені. Өткен бір жыл­дың ішінде шет мемлекеттерге қо­ныс аударғандардың саны – 31,7 мың адам. Соңғы бес жылда, яғни 2010-2015 жылдар аралығында 170 мың­ға жуық еліміздің азаматтары ше­кара асқан.

Еңбек мигранттары көбейеді
Forsage HR агент­тігінің директоры Елена Грищук: «Батыс пен Ресейдегі бірқатар саяси-макроэкономикалық үдеріс сал­дарынан еңбек мигранттарының елдегі өсімі артады» дей келе, Қазақстанның еңбек нарығындағы бос жұмыс орындарының саны кемімесе, артпайтынын алға тартқан болатын.
Бүгінге дейін Ресей мен Украинадағы жұмыс деңгейінің тұрақсыздығы салдарынан жұмысшылардың аңсары Қазақстанға ауып келді. Росстат ұсынған дерек көзіне жүгінсек, 2014 жылы Ресейдегі жұмыссыздар саны 1,7 пайызға өскен. Жұмыс күшінен қағылған 4 миллионға жуық тұрғын экономикалық белсенді халықтың 5,2 пайызын құраған. 2009 жылы бұл елде 6 миллионға жуық адам жұмыссыз қалып, жұмыссыздықтың жоғарғы деңгейі орын алған еді.
Украинадағы жағдай да мәз емес. Сарап­шылар былтыр осы елдің жұмысқа қабілетті тұрғындарының 40 пайызы жұмыссыз қала­тынын алдын ала білген де еді. Украинадағы сараптама орталығының президенті Александр Орхименко: «2015 жылы украиндықтар мен еңбек нарығының басты проблемасы – жұмыссыздық болады. Алдымен, жұ­мыс­сыздар әскерін мем­лекеттік қызметкерлер мен мұғалімдер толтырады. Сон­дай-ақ Ресеймен биз­нес жасауға бағытталған кө­лік құрастыру зауыт­тары мен ком­па­ния­лар­дың жұ­мы­с­тары тоқ­тай­ды. Бұл кем дегенде, 5-8 млн жұмыс орны. Өкі­нішке қарай, бұл украин­дықтар 1993-1995 жылдағы жұ­мыс­сыздық деңгейімен пара-пар» деген пікір айтқан.
Екі елдің жұ­мыс­сыздық мәселесін са­раптап отырған отан­дық маман­дардың пі­кірінше, бұл Қазақстанға еңбек мигрант­тарының көптеп келуіне жол ашады. Елімізде Еуразиялық экономикалық одақ аясында Қазақстанға келетін мигранттарға барынша мүмкіндік жасалды. Оларға әлеуметтік сақтандыру беріліп, осы санаттағы тұлғалар бірқатар жеңілдіктерге ие болды. Атап айтқанда, бұрын Қазақстан аумағында жұмыс істейтін шетелдік азаматтар әлеуметтік сақтандыру ала алмай келсе, ЕАЭО аясында мүше мемлекеттердің еңбек мигранттары әлеуметтік сақтандыруға ие болады. Бұдан бөлек, экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің еңбек мигранттары 30 тәулікке дейін тіркеуден бо­сатылып, 15 күн ішін­де жаңа келісім­шартқа отыра ала­тыны және жұмыс істеуге қатысты рұқ­сат алудың қа­жеті бол­май­тыны тағы бар. Отандық сарапшылар Орталық Азия ай­ма­ғын­да Қа­зақстан­ның жақын келе­шекте де еңбек мигранттары үшін «тартымды» ел қатарында қала беретінін алға тартуда. Мұндай жағдайдан кейін мигранттардың өз мүмкіндігін жіберіп алмай, елімізге қаптап келетіні айтпаса да түсінікті.


Назгүл ШАМҰРАТОВА,
экономика ғылымдарының кандидаты, профессор:
– Интеграция – ХХІ ғасырдың тарихи факторы. Әлемдік экономикада мигранттардың көші-қоны үдерісі қалыпты әрі қажет құбылыс. Мигранттардың көптеп келуін интеграцияның бір түрі деп алсақ, бұл құбылыс адами фактор мен экономиканың тұтастай дамуы үшін керек дүние. Бірақ ұлттық экономикаға кері әсерін тигізетіні сөзсіз. Себебі, еліміздің жұмыс нарығындағы жұмыс берушілер арзан жұмыс күші ретінде мигранттарды тартуға тырысады. Жұмыс берушілердің бұл әрекетінен бірқатар проблемалар туатыны тағы бар. Алдымен, тұрғындардың жұмыссыздығына әкелуі әбден мүмкін. Келімсектер тарапынан белгілі бір жағдайда салық төленгенімен, айналымдағы қомақты қаражат өзге елдің қоржынын толтыратыны тағы бар. Бұдан бөлек, өзге елден ағылған еңбек мигранттарының жұмыс сапасына кепілдік беру қиын.


Өзге елде сұлтан болғанша…
Ішкі істер министрлігіне қарасты Көші-қон полициясы департаментінің мәліметінше, осы бес жыл ішінде ТМД елдеріне – 157,9 мың қазақстандық, алыс шет мемлекеттерге 11,3 мың тұрғын қоныс аударған. Бүгінде тіпті Германия, АҚШ, Канада, Польша, Израиль мен Испания және ТМД елдерінен Ресей, Украина, Өзбекстанға кетіп жатқан отандастары­мыздың санын реттеп отырудың өзі қиын көрінеді.
Осыдан үш жыл бұрын «Стратфор» агенттігі жалпы қазақстандықтардың 10 пайыздан астамы шетелде жұмыс істейтінін жазса, Дүниежүзілік банк Қазақстан еңбек мигранттары саны жөнінен әлем бойынша – тоғызыншы, ТМД елдері арасында Ресей мен Украинадан кейінгі үшінші орында екенін мәлімдеген болатын.
Отандық сарапшылар ел тұрғындарының жаппай шетелге қоныс аударуының басты себебін елдегі жұмыссыздықпен бай­ланыстыруда. Stat.gov ұсынған ста­тистикалық мәліметке көз жүгіртсек, 2015 жылы Жұмыспен қамту органдарында жұмыссыз ретінде 34637 адам тіркелген, соның 22338 жұмысқа орналасқан. ТМД Статкомитетінің деректерінде 2015 жылғы қаңтар-қарашадағы ТМД елдері бойынша негізгі әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштер бойынша мынадай кесте ұсынған. Демек, ТМД елдері бойынша барлық дерлік мемлекетте жұмыссыздық мәселесі күн тәртібінен түспей тұр. Өзге елдің келімсектері өз жұртында жұмыс таппай, Қазақстанның шекарасын кесіп өтіп жатқанда, отандастарымыздың нәпақа табу үшін жаппай сыртқа кетуінің себебін қалай түсінуге болады? Бұдан бөлек, елімізде жоғары білім алып, біліктілігін алдыңғы қатарлы ком­панияларда шыңдап жүрген жастардың алыс-жақын шетелдерге қоныс аударуға құштар болуының себебі неде?

Түйін:

Психолог мамандар бұл проблема хақында «Кез келген перфексионист жасөспірім қызмет ортасында өзіне тұлға ретінде қарағанын қалайды. Біздегі компаниялардың басым бөлігінде жұмысқа енді орналасқан жас маманға «барып кел, шауып кел» қарым-қатынасын ұстанатыны бар. Мұндай ортада білім мен біліктілік тұрғысынан даму мүмкін емес деп түсінгендер басқа қызмет іздеуге мәжбүр. Осыдан соң, қарапайым қызметкердің өзін айрықша бағалайтын шетелдік жұмыс беру­шілердің ұпайы түгел боп шығады.
Білімді әрі болашағы бар жастардың жаппай шет мемлекет асуының себебі – осы» дегенді алға тартады. Бұл – бүгінгі сауалға тек психологиялық тұрғыдан берілген жауап. Айнаның екі жағы бар емес пе? Мәселенің байыбына барып, астарына үңіліп көрдік пе? Білікті мамандар елге де қажет екенін ұғынатын кезең жеткен секілді…

Айдана НҰРМҰХАН

Бөлісу:

Пікір жазу


*