Әскери кафедрада қыздар да оқып жүр

1508
0
Бөлісу:

Өткен жылдан бастап, әлФараби атындағы Қазақ ұлттық университеттің әскери кафедрасы қыздардан құралған студенттерді қабылдап, оларға әскери білім беруді бастап кетті. Алғашқы толқын биыл түлеп ұшқалы отыр. Қорғаныс министрлігінің бастамасы бойынша барлық азаматтық жоғары оқу орындарындағы әскери кафедраларда студент қыздарға арналған мамандық ашылды. 

Соңғы 2 жылда әскери кафедарға студент қыздарды іріктеп, әскери білім алуға қабылдап жатырмыз. Ондағы басты мақсат – соңғы жылдары әскери есептік жаңа мамандықтардың ашылуы. Біздің қыздар әскери журналистика, арнайы үгіт жұмысы, әскери психолог мамандықтары бойынша маман атанады. Себебі мұнда қыз баласына жақын әскери мамандықтар қарастырылған. Бізге 2015 жылы – 45 студент қыз, ал 2016 жылы – 60 студент қыз қабылданды. Биыл тағы да іріктеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Шамамен, осы көлемде тағы бір взвод құралып қалады. Қыздар мен ұлдардың әскери кафедрада оқу бағдарламалары бірдей, тек бір ғана айырмашылығы, оқу аяқталған кезде әскери жиындар кезінде қыздарымыз полигондарға жіберілмейді,  дейді әскери кафедраның запастағы полковнигі, аға оқытушы Бекболат Иханбаев.

Әскери кафедраның 1-курс студенті Еркежан Казымова: «Әскери адам-болашаққа нық қарайды. Ал университетте білім алып жүріп, әскери оқуды да қатар ұстау үлкен бақыт, үлкен мәртебе. Өзімді осы кафедрада білім алу бақытының бұйырғаны үшін ерекше мақтан тұтамын», деп ыстық ықыласын жеткізді.

Ал осы кафдераның алғашқы түлегі болғалы отырған Ақбөпе Болатханова: «Менің бірінші мамандығым құқықтану болғандықтан, болашақта ұлттық қауіпсіздік комитеті, я болмаса, прократурада жұмыс жасағым келгендіктен, бұл мүмкіндікті жіберіп алғым келмеді. Тіпті, алғашқылардың бірі болу  мен үшін үлкен құрмет, ерекше сезім. Алғашында ата-анамның тарапынан қарсылық болғанымен, уақыт өте келе түсіністік танытты. Әскерде ер-әйел деп бөлінбейді, сондықтан бұл жерде барлығына бір талап. Соған төзу, үйрену, бейімделу ғана қажет. Бұл бейімделу кезеңінен өткен студент қыз- осы мамандықты игеріп кете алады», – дейді.

Сондай-ақ, әскери кафедраның белсендісі Аяулым Серікболова: «Біз биыл 14-30 қаңтар аралығында Үндістанның Нью-Дели қаласында әскери іссапармен барып қайттық. Ол жерге 9 мемлекеттің өкілі келді. Қазақстан өкілдігінің құрамында – 12 студент, оның ішінде бір ұл және өзім болдым. Шара барысында президенттің, премьер-министрдің, кадет корпусының бастығының қабылдауында болдық. Олардағы әскери оқу формасынан үлкен тәжірибе жинап қайттық»,-дейді.

Алғашқы толқынның да өз озаттары бар. Ұстаздардың айтуынша, қазір әскери оқуда тыңнан түрен салып, биіктен көрініп жүрген Еркежан Казымова, Гаухар Құлтайқызы, Динара Оралбекова, Назгүл Жұмабаева, Аяла Жұматханова, Елена Моругова секілді студентер бар. Бастысы, олар Отан үшін, ұл-қыз деп бөлінбей, бірдей оқу формасында жаттығып, шыңдалып келеді. Олар Кешегі Әлия мен Мәншүк, Хиуаз секілді батыр апаларындай, батыл, мықты жүрек иесі болары сөзсіз. Бейбіт күннің -тыныштығын ұстап тұру, әр азамттың жүрегінде ұран болып ұяласа ғана, мықты рух қалыптасады.

Досжан БАЛАБЕКҰЛЫ,

суреттерді түсірген автор

Бөлісу:

Пікір жазу


*