Көші-қон саясатының жаңа тұжырымдамасы жасалды

468
0
Бөлісу:

Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына жұмыс берушілер мен еңбекқор қазақстандықтар жыл сайын орасан зор көлемде қаржы аударады. Бұл туралы кеше Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің алқа отырысында ведомство басшысы Тамара Дүйсенова хабарлады. 

– Жыл сайын БЖЗҚ-ға 600 миллиард теңгеден астам қаржы түседі. Бұл 2010 жылғыдан екі еседей дерлік көп. Саны шамамен 5,5 миллион адам болатын жал­дамалы жұмысшылар – оның негізгі белсенді қатысушылары. Олар 1998 жылдан бері қатысуда. Өзін-өзі жұмыспен қамтушылар­ға қатысты мәселе бар. Дегенмен, бұл тарапта да оң нәтижелер барлығына назар аудартқым келеді: 2013 жылы олардың салық комитеттерінде тіркелгендерінің 31 пайызы қорға жарна аударып тұрған. 2016 жылы бұл көрсеткіш 40 пайызға жетті. Олардың бір жылғы жарнасының жалпы кө­лемі 38,7 миллиард теңгені құ­рады, – деді министр ханым.
Ол бүгінгі таңда өзін-өзі жұ­мыспен қамтыған 1 миллионнан астам адам жинақтаушы зейнет­ақы жүйесіне қатыспай­тынын айтты. «Бұл адамдар зейнеткерлік жасқа жеткенде зейнетақының бір ғана түрін – ең төмен күнкөріс деңгейінің 54% мөлшеріндегі базалық зейнетақы­ны ғана алатын болады (қазір бұл 12 мың теңгедей). Облыс әкімдерінің орынбасарлары, жұмыспен қам­ту орталықтарының, министр­ліктің аумақтық департамент­терінің басшылары осы са­нат­тағы адамдардың мекен­жайларына барып, жеке жұмыс жүргізіп, қажеттілігіне қарай олар­ды жұмыспен қамту орта­лық­тарында «жұмыссыз» не «өзін нәтижесіз жұмыспен қамтыған» ретінде тіркеулері, сондай-ақ нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті да­мыту бағдарламасы шеңберінде оларға мемлекеттік қолдау көр­сету үшін шараларды қолға алу­лары қажет» деді Т.Дүйсенова.
Тамара Қасымқызы өткен жылы жұмыс берушілер ұсынған 26 мыңнан астам бос жұмыс орны сол күйі жабылмай қал­ғанын хабарлады. «Бұл орындарға білімі тек мектеп деңгейінде бол­ғандықтан, экономикалық бел­сенді санаттағы жас азаматтар­дың 26 пайызы қол жеткізе ал­мады. Жоғары және орта ар­найы оқу орындары түлектерінің басым бөлігінің мамандығына еңбек нарығында сұраныс бай­қалмады немесе біліктіліктері жұмыс берушілердің талаптарына сай келмеді. Түйткілді күрделен­дірмей, еңбек ресурстарының біліктілігін көтеру үшін Елбасы тапсырмасы аясында жаңа «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы» жасалды. Басты мақсат – отандастары­мызды еңбек нарығында сұра­ныс­қа ие кәсіптерге немесе кә­сіпкерлік негіздеріне жаппай оқытуды ұйымдастыру» деді ол.
Бұл жұмыс басталып кеткен және «алдын ала есептеулер бойынша, мемлекеттік, салалық және өңірлік даму бағдарлама­ларын жүзеге асыру аясында құрылатын жұмыс орындарының жалпы көлемі 154 мыңға жуық­тайтын болады». Бағдарламаны жүзеге асыруға 85,3 млрд теңге бюджет қаржысы қарастырылған.
«Екі қолға бір күрек» іздеген адамдар осыған жәрдемдесуге тиісті мемлекеттік мекемелер қызметіне көңілтолмастық біл­діруде. Қалаулылардың айтуын­ша, азаматтар жұмыспен қамту орталығы жолдаған жұмыс ор­нына барса, не онда баяғыда-ақ басқа адамның жұмысқа алын­ғаны немесе басқа мамандар талап етілетіні анықталады екен. Яғни, бұл мекеменің кейбір қызметкерлері көзбояушылық жасап, онсыз да дағдарған аза­мат­ты ары қарай сергелдеңге салады.
«Жұмыспен қамту орта­лық­тары «мемлекеттік мекеме» си­патынан «шаруашылық жүргізу құқығындағы мемлекет­тік ком­муналдық кәсіпорын» болып өзгереді. Осы арқылы жекемен­шік саладағыдай, орта­лық қыз­меткерлерінің еңбегі түпкі нәти­жесіне қарай төленетін болады. Сонымен бірге, жұмыспен қамту орталықтары жаңа компьютер­лер­мен жабдықталып, ми­нистр­ліктің барлық ақпараттық жүйе­сіне және эталон базаларына қолжетімділікті қамтамасыз ете­тін бағдарламалық кешендер орнатылады. Көрсетілетін қыз­меттер сапасын жақсарту мақса­тында, биыл Астана, Алматы қалаларында және облыс орта­лықтарында электрондық кезек енгізуді көздеп отырмыз» деді Т.Дүйсенова.

Алқа отырысында айтылғандай, министрлік жаңа Көші-қон саясаты тұ­жырымдамасы жобасын дайын­дап­ты. Министрдің түсіндіруінше, жыл басынан бері Қазақстанда ше­т­ел­діктерді жұмысқа тартудың жаңа әді­сі қолданысқа енген: ендігі уа­қыт­та әр шақырылған маман үшін жұ­мыс беруші мөлшері салалар мен жұ­мысшының біліктілік деңгейіне қа­рай есептелетін салық төлейтін бо­лады. «Бүгінде шетелдік білікті кадрлар Қазақстанға өз бетінше келе ала­ды және оларға экономиканың ба­сым бағыттарында сұранысқа ие кә­сіптер тізіміндегі мамандықтар бойынша жұмысқа орналасуға жол ашық. Бізге бәрінен бұрын білікті кадрлар тартуға бейімделген, сал­мақ­ты көші-қон саясаты қажет. Сол се­бепті, көші-қон үдерістерімен бай­ланысты қауіп-қатерлер ушыққан қа­зіргі кезде ұлттық қауіпсіздікті қам­тамасыз етуді, азаматтар мен миг­ранттарды ел аумағында оңтайлы ор­наластыруды, экономиканың қа­жетті жұмыс күшіне сұранысын қам­тамасыз етуді қарастыратын Көші-қон саясаты тұжырымдамасы жо­ба­сын дайындадық» деді Еңбек жә­не халықты әлеуметтік қорғау ми­нистрі Т.Дүйсенова. Бұл жоба Үкі­мет­те қаралады.
Елдос СЕНБАЙ

Бөлісу:

Пікір жазу


*