Бюджеттік инвестициялар тізімі бекітіледі

481
0
Бөлісу:

Премьер-министр Б.Сағынтаевтың төрағалығымен селекторлық режимде өткен Үкіметтің кешегі отырысында биылғы республикалық бюджетті нақтылаған жаңа заңды іске асыру мәселелері қаралды. Бұл заңды өткен аптада ел Парламенті қабылдаған, ал кеше оған Елбасы қол қойды. Жиында орталық және жергілікті атқарушы органдардың су тасқыны кезеңіне дайындығы да пысықталды. Сондай-ақ міндетті медициналық сақтандыруға қатысты жаңа заң жобасы талқыланды.

Отырысты ашқан Үкімет басшысы Қазақ­станның Қарулы Күштеріндегі әскерилердің қазасына соқтырған төтенше оқиғаға байланысты Қорғаныс министрі генерал-полковник Сәкен Жасұзақовтың баяндамасын тыңдады. Биылғы 17 ақпан күні Жамбыл облысындағы Көксай шатқалында ойламаған жерден қар көшкіні жүріп, сонда жауынгерлік даярлық бойынша жоспарлы әскери дайындық шараларын өткізіп жатқан 91678 әскери бөлімінің 23 әскери қызметшісін жауып қал­ған. Соның салдарынан 7 әскери қаза тапты.
Премьер тапсырмасымен арнайы комиссия құрылып, оған Қорғаныс министрінің өзі басшылық етуде. Ведомство дерегінше, әскери госпитальде жаралы сарбаздарға қажетті барлық мамандандырылған медициналық көмек көрсетілген, қазір олардың «жағдайы тұрақты».
– Әрбір отбасыға қаржылық және мораль­дық қолдау көрсетілді. Бұған қоса, «Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәрте­бесі туралы» заңға сәйкес, әскери қызметтік міндеттерін орындау кезінде қаза болған жағдайда олардың отбасыларына 5 жылдық ақшалай үлес көлемінде бір реттік өтемақы төлеу қарастырылады. Оның көлемі бұл жолы орташа есеппен төрттен жеті миллион теңгеге дейін құрады. Бүгінде тергеу органдары жұмыс жүргізіп жатыр. Ақырғы қорытындыларды комиссия жұмысы аяқталған соң, жазбаша түрде ұсынатын боламыз, – деді С.Жасұзақов.
Қорғаныс министрі Көксай шатқалындағы қайғылы оқиғаның «алдын ала себептерін» хабарлады: «Тергеу барысында анықталғандай, жылдың дәл осы мерзімінде дәл сол жерге тән емес, қалыптан тыс ауа райы құбылыстарынан туындаған табиғи апат бұған тікелей себепші болған. Жауын-шашынның көп болуы, артынан ауаның күрт жылынуы қар көшкінінің кенеттен туындауына соқтырған».

Бұл жерде адами факторлардың да ық­палы болғанға ұқсайды. Қорғаныс ве­домствосының басшысы сол күні әске­ри­лерге Көксай шатқалында көшкін қаупінің бар­ы туралы хабар түспегенін алдан тарт­ты: «Бұл – шынымен тосын жағдай. Тау жағ­дайында қимылдауға бағдарланған бұл әскери бөлім шатқалда 14 жылдан бері қыс­та да, жазда да жаттығу жүргізіп келді. Мұн­дай оқиға болған емес. Төтенше жағ­дай органы және «Қазгидромет» жауын-ша­шын селінің қаупі барын ескертпеді. Жауын-шашынның күтілетіні хабарланған, бі­рақ қар көшкіні жүретіні айтылмады. Тер­геу органдары мәселенің байыбына ба­ра­ды деген ойдамын» деді Сәкен Жасұза­қов.
Үкімет жетекшісі комиссия жұмысы­ның барысы туралы жүйелі түрде баяндап отыруды тапсырды: «Айдың, күннің ама­нын­да жеті бірдей арысымыздан айырылып қал­дық. Өкінішті, қайғылы жағдай. Қайтыс бол­ғандар отбасыларына, басқа да зардап шек­кен әскерилерге қажетті көмектің бар­лы­ғы көрсетілетін болсын. Жеке бақы­лауыңыз­ға алыңыз!» деді Премьер Қорға­ныс министріне.
Күн тәртібіндегі мәселелерді қараған Үкі­мет мүшелері «2017-2019 жылдарға ар­нал­ған республикалық бюджет туралы» заңын іске асыру туралы» Үкімет қаулысын бірауыздан жақтап, дауыс берді. Қаржы министрі Бақыт Сұлтановтың айтуынша, бұл қаулыға сәйкес, 2017 жылға арналған ба­сымдықты республикалық бюджеттік ин­вестициялар тізімі бекітіледі. Атап айт­қанда, жергілікті атқарушы органдарға 377,3 млрд теңге сомасында мақсатты транс­ферт қаржы бөлінеді. Мұның сыр­тында құжат 250,1 млрд теңге сомасындағы биыл­ғы «басымдықты республикалық бюд­жеттік инвестициялар тізімінен», 113,1 млрд теңге сомасында «кейінге қалдыру шарттары бар басымдықты республикалық бюджеттік инвестициялар тізімінен», жалпы сомасы 438,6 млрд теңгені құрай­тын, 147 позициялы «мемлекеттік тапсыр­ма­лар тізімінен» тұрады.
Б.Сұлтановтың айтуынша, нақты­лан­ған бюджетте, сондай-ақ Астанадағы «Ұлт­тық пантеонға» да қаражат қарастырылды. «Нақ­тылау кезінде жалпы сомасы 63,5 мил­лиард теңгенің жобалары (Ұлттық пан­теонның, «Құрық» теңіз портының құры­лыс­тары, ТҚЖБ несиелендіру және басқа­лары) қосылды. Барлық жоба бақылауға алынды» деді министр.
Күн тәртібіндегі екінші мәселе бойын­ша баяндама жасаған Ішкі істер министрі Қ.Қасымов Қазақстанның алты облысына су басу қаупі төнгенін хабарлады.
– Биыл қызыл су Ақмола, Ақтөбе, Шы­ғыс Қазақстан, Қарағанды, Қостанай және Солтүстік Қазақстан облыстарын басуы ық­тимал деп күтілуде. Қазір еліміз бойын­ша нақты қауіп аймағында тұрған 918 елді-ме­кен, 1,5 мыңдай автокөлік және темір жол телімдері анықталды, – деді ІІМ бас­шы­сы (төтенше жағдайлар органы осы ве­домство құрамына кіреді).
Қалмұханбет Қасымовтың дерегінше, был­тыр елдімекендер айналасында 122 ша­қырымдық инженерлік қорғаныс түзіл­ген және қорғаныс бөгендерінің 146 ша­қы­ры­мына жөндеу жүргізілген. Биыл Алматы, Жам­был және Оңтүстік Қазақстан облыс­тарында 2,5 шақырымдық қорғаныс бө­гендері жөнделіп үлгеріпті. Өзендердің 29 ша­қырымында жағалар бекітілген, түбі тереңдетілген.
Дәл қазір төтенше жағдайлар құры­лымдары еліміздің 10 өңіріндегі қызыл суға қарық қылуы мүмкін 60 аса ірі су қой­ма­сының суға толуына бақылау ұйымдас­тыр­ған. 8 мың тонна жанар-жағармай, 180 мың тон­на құм, қиыршық тас және басқа да инерт­тік материалдар қоры, 829 мың қап және 10 тонна жарылғыш зат әзірленген. Әкім­діктер кезек күттірмес шығындары үшін төтенше резервтерінде 20 миллиард теңге қарастырыпты.
Үкімет отырысында бірқатар облыс әкім­д­ері қандай да бір елдімекенді су бас­қан жағдайда, тұрғындарды эвакуациялауға әзір отырғандарын мәлімдеді. Жалпы ал­ғанда, шұғыл көшірілетін халықты ор­наластыру үшін 1707 қабылдау пункті даяр етіл­ген. «Эвакуацияланған халықтың тір­шілігін қамтамасыз ету үшін әкімдіктер қа­жетті құралдарды әзірледі. Азық-түлік пен ауызсудың қорлары құрылды» деп ха­бар­лады ІІМ басшысы.
Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек Қазақстанның респуб­ли­калық маңызы бар автомобиль және темір жолдары су тасқыны кезеңінде тұрақты ба­қылауға алынатынын жеткізді. Оларда тәу­лік бойғы диспетчерлік қызмет ұйым­дастырылып, күн сайын жолдарда кезек­ші­лік жүргізіледі. Сонымен қатар 496 қауіп­ті учаске, 967 құбыр мен 157 көпір ба­қылауға алынған. Ж.Қасымбек биылғы жыл­дың су тасқыны кезеңіне арналған Іс-ша­ралар жоспары бекітілгенін, Су тас­қынына қарсы комиссиялардың жұмысы ұйым­дастырылғанын баян етті.
– Қазір су жүргізу құбырларын аршу бойын­ша жұмыстар жүргізілуде, бүгінде 4 257 құбыр немесе жоспардағының 39%-ы ашыл­ды, – деді министр, – пойыздардың үздік­сіз әрі қауіпсіз қозғалысын қамтама­сыз ету, жолдарды, жасанды құрылымдарды мұзды сеңдерді өткізуге уақытылы әзірлеу мақсатында 383 вагоннан тұратын судың бұзып кетуін бөгейтін 42 пойыз қалып­тас­тырылады. Бүгінде 110 вагон құрасты­рыл­ды. «ҚТЖ»-ның барлық филиалдарында, бі­рінші кезекте шалғайдағы учаскелерде отын және майлау материалдарының қа­жет­ті қоры бар.
Энергетика министрі Қ.Бозымбаевтың айтуынша, шұғыл гидрометеорологиялық ақпарат алу үшін 307 гидрологиялық бекет, 339 метеорологиялық станса және бекет, 2 қар көшкіні стансасы бақылау жүргізуде. Су нысандарында айқын өзгерістер пайда бол­ған кезде, барлық гидрологиялық бе­кет­тер әрбір 4 сағат сайынғы бақылауға ауы­сады.
Министрдің дерегінше, Ақмола және Сол­түстік Қазақстан облыстарында өзен­дердің суы (Есіл, Сілеті, Шағалалы, Жабай, Қал­құтан) су тасу кезінде қалыпты жағ­дайдан 30-50%-ға жоғары болады деп тұс­палдануда, демек, су деңгейі қауіпті бел­гісінен асуы, тасқын болып, су деңгейінің көтерілуі мүмкін.
«Қостанай облысында Тобыл өзенінің бөгендер каскадына судың келуі қалыпты жағ­дайдан 15-20%-ға жоғары болады деп кү­тілуде. Республика тауларындағы едәуір ыл­ғалдың жиналуына орай, Оңтүстік Қа­зақстан, Жамбыл, Алматы және Шығыс Қа­зақстан (Арыс, Келес, Теріс, Құрғаты, Шарын, Құрты, Текес, Көксу, Шар, ШҚО Батыл Алтай өзендері және т.б.) облыс­тары­ның көптеген өзендерінің суы көктем-жаз кезінде қалыптағысынан 15-40%-ға жо­ғары болады деп болжануда. Үржар және Көктерек өзендерінің суы (ШҚО Семей өңірі, Алакөл көліне судың құйылуы) қа­лып­тағы мөлшерден 30-50%-ға жоғары бо­лады деп болжануда» деді Қанат Бо­зымбаев.
Осы күнгі отырысында Үкімет мүшелері ұлт­тық заңнамаға денсаулық сақтау мә­селелері бойынша өзгерістер мен толық­тырулар енгізетін заң жобасын мақұлдады. Денсаулық сақтау министрі Елжан Бірта­новтың түсіндіруінше, бұл жоба міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) бойынша бөлінген сома мен жар­наларды есептеу нысандары мен мөл­шер­лемесін өзгертуді көздейді.
Сонымен қатар жарналар төлемін мем­лекет жүзеге асыратын жаңа тұлғалар са­наттарын, жаңа төлеушілер санаттарын ен­гізу ұсынылады, сонымен қатар Әлеу­мет­тік медициналық сақтандыру және дәрі-дәрмекпен қамту қорының жұмысын ұйым­дастыру мәселелері реттеледі.
МӘМС аясында мемлекет те қорға жар­на аударатыны мәлім. Бұл, әрине, қа­зіргі дағдарыс қысқан шақта, ел қазы­на­сына едәуір салмақ түсіреді. Сондықтан бұл жарналарды бірден ұлғайтпай, бірте-бір­те көтеру қарастырылуда. «Атап айт­қан­да, 2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап – мем­лекет жарналарын есептеу ны­сан­дарынан (жалақыдан) 3,75%; 2019 жылдың 1 қаңта­ры­нан бастап – 4%; 2022 жылдың 1 қаңта­ры­нан бастап – 4 пайыздан кем емес, бірақ 5 пайыздан артық емес» деп есеп-қисабын кел­тірді Денсаулық сақтау министрі.
Бұл тұста мемлекет жарналарының көле­мі жыл сайын сәйкес қаржылық жылға республикалық бюджет туралы заңмен белгіленетін болады.
Келер жылдан бастап, әрбір жұмыс беру­ші де өз қызметкерлерін медициналық сақтандыруға кірісуге міндеттеледі. Әрине, бұл да қазірден қиналған, күйзелген кәсіпорын-компанияларға оңайға соқпасы анық. Тиісінше, жұмыс берушілердің МӘМС-ке бөлетін сомаларын бірте-бірте ұлғайту ұсынылады: 2017 жылдың 1 шіл­десінен бастап – 1%; 2018 жылдың 1 қаң­тарынан бастап – 1,5%; 2020 жылдың 1 қаң­тарынан бастап – 2%; 2022 жылдың 1 қаң­тарынан бастап – 3%.
Сонымен қатар Денсаулық сақтау министрлігі 2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап өзін-өзі жұмыспен қамтығандардың, Қазақстан Республикасынан тысқары шыққан азаматтардың, сонымен қатар басқа да төлеушілердің (еңбекке қабілетті жас­тағы, белсенді емес тұлғалардың) жар­на­ларын ең төменгі айлықтың 5%-ы көле­мінде белгілеуді ұсынады. «Ең төменгі жа­лақы» биыл 24,5 мың теңгені құрайды.
МӘМС жүйесін енгізуге байланысты заң жобасында әскери қызметкерлерге, ар­найы мемлекеттік және құқық қорғау ор­гандарының қызметкерлеріне, сонымен қатар аталған тұлғалар санатындағы зейнетақы төлемдерін алушыларға және олардың отбасы мүшелеріне, мемлекеттік қызметкерлердің жекелеген санаттарына медициналық көмекті ұсыну мәселелері реттелген.
Заң жобасында Қорды МӘМС жүйе­сінде, сонымен қатар кепілдендірілген те­гін медициналық көмек (ресми қыс­қар­туы – КТМКК) аясында бірыңғай төлеуші ретінде айқындау ұсынылады. Осыған байланысты «Халықтың денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Ко­дек­стен КТМКК көрсету бойынша қызмет­тер­ді сатып алуды жүзеге асыру және КТМКК көрсету бойынша фармацев­тика­лық қызметтер функцияларын облыс­тар­дың, республикалық мәні бар қалалар мен елорданың мемлекеттік денсаулық сақ­тау­ды басқару бойынша жергілікті орган­дары­ның құзыретінен алып тастау ұсынылған. Олар қорға беріледі.
Сонымен қатар қордың қаржылық тұрақ­тылығын және оның активтерінің сақ­талуын күшейту мақсатындағы түзе­тулер де қарастырылған.
«Жалпы, заң жобасында денсаулық сақтау жүйесінің, оның ішінде міндетті әлеу­меттік медициналық сақтандыру жүйе­сінің тоқтаусыз жұмысын қамтамасыз ету­ге мүмкіндік беретін негізгі жайттар қам­тылған. Заң жобасының жүзеге асы­рылуының арқасында республикалық бюд­жет шығындары қысқарады» деп қорыт­ты сөзін Е.Біртанов.
Еске сала кетсек, 2017 жылдан бастап Ел­басы тапсырмасы бойынша Қазақстанда мін­детті әлеуметтік медициналық сақтан­дыру енгізіледі. Бұл Ұлт жоспарының 80-қа­дамы болып табылады.
Заң жобасы алда Парламентке енгізіліп, соның қабырғасында егжей-тегжейлі тал­қыланады.

Айхан ШӘРІП

Бөлісу:

Пікір жазу


*