Қауіпсіздік қамтамасыз етіледі

1593
0
Бөлісу:

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалығымен Қауіпсіздік кеңесінің отырысы өтті.

Президент Жамбыл облысында әс­кери жаттығу барысында қаза тапқан 7 әскери қызметкердің туыстары мен жа­қындарының қайғысына ортақтасып, барша Қазақстан халқының және жеке өзінің атынан көңіл айтты.
– Қар көшкіні салдарынан болған қайғылы оқиға туралы хабарды зор күй­зеліспен қабылдадым. Олардың әр­қайсысы елінің нағыз патриоты болып, өз әскери міндетін соңына дейін атқарды. Қорғаныс министрлігіне қаза тапқан сарбаздардың отбасының бәріне жан-жақты көмек пен қолдау көрсетуді тап­сырамын. Мемлекеттік комиссия болған оқиғаның себептерін анықтауда. Мұндай қайғылы жағдай болашақта қайталанбау үшін барлық қажетті шараны қабыл­даймыз, – деді Елбасы.
Қауіпсіздік кеңесінің күн тәртібінде Қазақстан Республикасы ұлттық қауіп­сіздігінің 2012-2016 жылдарға арналған стратегиясының іске асырылу қорытын­дылары тыңдалды. Стратегияда бел­гіленген алдағы кезеңге арналған негізгі қадамдар таныстырылды. Әскери-тех­никалық саясаттың бірқатар аспектісі, «ЭКСПО – 2017» халықаралық көрмесіне дайындық және оны өткізу кезінде қо­ғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету шаралары талқыланды.
Елбасы құзыретті органдардың күш-жігері арқасында өткен кезеңде мемле­кетімізде сыртқы қауіпсіздік пен ішкі саяси тұрақтылық қамтамасыз етілгенін атап өтті.
– Әлемдік экономикадағы дағдарыс жағдайына, отандық экономиканың қиын­шылықтарына қарамастан, макро­экономикалық көрсеткіштерді тиімді деңгейде ұстап тұра алдық. Ішкі, өңірлік және жаһандық үдерістерге қатысты жүргізілген талдау алдағы кезеңдегі еліміздің ұлттық қауіпсіздігіне төнуі ықтимал сын-қатерлер мен қауіптерді анықтауға мүмкіндік берді. Қазір елімізде Қазақстан халқына жолдауда көрсетілген мақсаттар мен міндеттер, ұсынылған саяси және конституциялық реформалар талқылануда. Жалпы, олардың дені республика тұрғындарының қолдауына ие болып отыр, – деді Қазақстан Пре­зиденті.
Сондай-ақ Елбасы қазіргі кезде қауіптілігі өзекті болып отырған экстре­мистік және террористік әрекеттерге қарсы тұру ең әуелгі міндет екенін айтты.
– Жаңа стратегияда аталған қызмет ба­ғыттарының әрқайсысы бойынша тиісті құрылымдардың әрекет ету ша­ралары қарастырылған, – деп түйіндеді Нұрсұлтан Назарбаев.
Соңынан мемлекеттік органдарға басқа да салалар мен бағыттарға қатысты ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөнінде бірқатар міндет қойды.

Бөлісу:

Пікір жазу


*