Дәрі-дәрмек бағасы арзандайды

566
0
Бөлісу:

Қазақстанның әрбір азаматының енді өз электрондық денсаулық паспорты болады. Бұл туралы кеше Үкімет үйінде ақпарат құралдары өкілдерімен кездескен Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов хабарлады. Осы күні Елбасы Жолдауын жүзеге асыру барысына арналған баспасөз конференцияларының сериясы жалғасын тапқан болатын.

Айта кетелік, әрбір қазақстандықты электронды медициналық төлқұжатпен қамтамасыз ету идеясы бұдан біраз жыл бұрын туындаған-тын. Әр өңірде, ірі қалаларда жеке-жеке жобалар жүзеге асырылды. Кейін олардың бәрі тоқтатылып, республикалық деңгейдегі бастама қолға алынған. Атап айтқанда, 2012 жылы Денсаулық сақтаудың бірыңғай ақпараттық жүйесін құру бойынша жоба жүзеге асырылып, оның аясында 2015 жылға дейін барлық қазақстандықтарды медициналық төлқұжат-картамен қамту көзделді. Бірінші кезекте халыққа 750 мыңнан астам ден­саулықтың электронды куәлігін дайындау жоспарланған. Бірақ артынша осыған жауапты ведомствода өзгерістер, ал оның басшылығында ауыс-түйістер орын алды да, жақсы бастама аяқсыз қалды.
Енді елімізде «отбасылық дәрігерлерді» енгізу және басқа да реформалар басталған шақта, қайтадан өз отауын тіккен Ден­саулық сақтау министрлігінің басшылығы ұмытыла бастаған сол идеяға қайта оралып отыр. Ведомство басшысы Е.Біртановтың айтуынша, жаңалық 2018 жылдың 1 қаңтарында қолданысқа енеді және сол күннен бастап әр қазақстандықтың туғаннан бері барлық медициналық жазбалары электрондық куәлікте сақталатын болады. Әйтпесе, азаматтар әлі күнге кітапша түріндегі медициналық карталарын дәрігерден дәрігерге тасып жүруге мәжбүр. Әрі онда не жазылғанын «ақ халатты» мамандардың өзі әзер түсінеді. Оның үстіне кейбір емханалардың тіркеу орындары бұл «кітапшаларды» жоғалтып алып жатады.
Елжан Біртановтың айтуынша, Елбасының «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: Жаһандық бәсекеге қабі­леттілік» Жолдауында айтылған денсаулық сақтау саласын қажетті ақпараттандырумен қамтамасыз ету бойынша тапсырмаларын іске асыру мақсатында министрлік жаңа ақпараттық технологияларға көшу бойынша бірқатар инвестициялық жоба­ларды іске асыруда.
– Атап айтқанда, бірыңғай ин­теграциялық платформа құру жұмыстары жүргізілуде. Онда әр азаматтың жеке электронды «денсаулық төлқұжаты», ал әрбір медицина қызметкерінің «жеке кабинеті» болады. Платформа барлық мемлекеттік және жеке емханаларға өздерінің корпоративті ақпараттық жүйе­лерін өзара ықпалдастыруға және сол арқылы «бір терезе» қағидасы бойынша жұмыс істеуге мүмкіндік береді. Нәти­жесінде, емделушілер өздерінің хал-жағдайлары туралы мәліметтерді жинауға белсенді араласып, медицина ұйымдарына бармай-ақ, өз денсаулығының диагнос­тикасын жүргізе алды! – деді министр.
Оның байламынша, осы платформа-портал арқылы медицина қызметкері өздері емдейтін сырқаттар туралы ақ­параттардың барлығын электронды түрде ала алады, бұл оларға кеңесті қашықтан жүргізуге мүмкіндік береді. Е.Біртановтың айтуынша, бұл пациенттер мен медицина қызметкері арасындағы қарым-қатынастың өзгеруіне әкеледі.
Сондай-ақ жаңа министр кезең-кезең бойынша науқастардың медицина қызметкері қабылдауына ғаламтор арқылы өз бетінше тіркелуін, дәрігерден онлайн-режимде кеңес алуды және дертті азаматтар денсаулығына ІТ-технологияларды пайдалану арқылы бақылау жүргізу жүйесін енгізуге уәде етті. Емханаларға жазылудың интернет және мобильді қосымшалары әзірленеді деп жоспарланған екен.
Е.Біртанов Қазақстанда емханалардағы дәрі-дәрмек бағасын мемлекет реттейтінін растады. Осы мақсатта халықаралық тәжірибе зерттелуде және «Халықтың денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» кодексіне түзетулер пысықталуда екен. Ол Денсаулық сақтау министрлігінің бөлшек сауда нарығындағы бағаларға ықпал етуге ешқандай өкілеттігі жоқ екенін айтты. Соның кесірінен, оның мәліметінше, бөлшек саудада, яғни дәріханаларда сатылатын дәрі-дәрмек бағасы кепілден­дірілген тегін медициналық көмек қажеттіліктері үшін бюджет қаражатына сатып алынатын дәрі-дәрмек бағасымен салыстырғанда, 3-4 есеге қымбат болатын жағдайлар орын алып жатады.
Бұдан бұрын министрліктің осы салаға жауапты комитетінің төрағасы міндетін атқарушы Лариса Пак «егер елімізде тіркелген дәрі-дәрмектердің барлығының бағасын мемлекет реттейтін болса, олардың бағасы 3-4 есе арзандауы мүмкіндігін» мәлімдеген болатын. «Қазіргі кезде мемлекет тек 54 пайызын ғана реттейді. Қалғандарының құнын нарық бағалайды. Нәтижесінде, халық дәріханалардың бір-бірімен жарысып, дәрі-дәрмек бағасын қымбаттағанына шағымданады» деді Л.Пак.
Министр Елжан Біртанов денсаулық кодексіне тиісті өзгерістер енгізген соң ғана мемлекет бөлшек саудадағы сегментті реттеуге құқылы болатынын түсіндірді:
– Біз тез арада іс-қимыл жоспарын әзірлеуіміз, кәсіпкерлермен бірге барлық мәселелерді талқылауымыз қажет. Биылғы 2017 жылдың тамызына қарай тиісті заң жобасын әзірлеп, Үкіметке енгізуді жоспарлап отырмыз, – деп хабарлады министр.
Осының алдында Денсаулық сақтау министрлігі осы үлгі табысты іске асқан елдердің халықаралық сарапшылары енген жұмыс тобымен кездесу өткізіпті. Бұл ретте Е.Біртанов бұл бастама аяқсыз қалмай­тынын аңғартты.
Елдос СЕНБАЙ

 

Бөлісу:

Пікір жазу


*