Отандық өнім неге импорттан қымбат?

591
0
Бөлісу:

Нұротандық депутаттар Ақмола облыстық мәслихатының аграрлық секторды дамыту жөніндегі жұмысын тыңдады. Бұл күні Мәжілістегі «Нұр Отан» партиясы фракциясы жанындағы Өңірлік саясат және мәслихаттармен жұмыс жөніндегі кеңесінің отырысы өтті. С.Сейдуманов төрағалық еткен жиында Елбасы Жолдауындағы ауыл шаруашылығына қатысты мәселелер қаралды. 

Ақмола облыстық мәслихат хат­шысы Дулат Нұрмолдиннің ай­туынша, 2015 жылы бұл өңір мәс­лихаты «Астана қаласының айна­ласында Азық-түлік белдеуін да­мы­тудың кешенді бағдарла­масын» қабылдаған. Ол 2018 жылға дейінгі мерзімді қамтиды. Тұтастай алғанда, Д.Нұрмолдин аталған бағытта қабылданған шаралар оң нәтижелерін берді деген байлам түйіп отыр.
– Соңғы үш жылда Азық-түлік белдеуін дамыту шеңберінде жал­пы құны 40 млрд теңге болатын 44 инвестициялық жоба жүзеге асы­рылды. Ол ауылшаруашылық өнім­дерін қайта өңдеу көлемін барынша арттыруға мүмкіндік берді. Облыс негізгі азық-түлік өнім­дері бойын­ша өз қажеттілігін толығымен қам­тамасыз етеді, оларды Астанаға да жеткізу көлемін арттырды. Нәти­жесінде, Астана тұрғындарының ет өнімі бойынша қам­тамасыз етілуі 2014 жылғы 47%-дан 52%-ға дейін, сүт бойынша 40%-дан 48%-ға дейін, көкөністер бойынша – 2014 жылғы 28%-дан 38%-ға дейін жетті, – деді ол. Ұн, картоп және тауық жұ­мыртқасы бойынша елорданы Ақмола облысы толық көлемде қам­тамасыз ете алады.
Сонымен бірге, мәслихат хат­шысы облыстық депутаттардың алаңдаушылығын туғызған және республикалық деңгейде шешілуге тиіс бірқатар мәселелер барлығын да жасырмады.
«Атап айтқанда, әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялар (ӘКК) кепілдігімен несиелендіру тетігінің жойылуы және Аграрлық несие корпорациясы арқылы несиелен­діру­дің жаңа схемасының қолда­нылуы ауыл шаруашылығы тауар­ларын өндірушілердің, әсіресе, шаруа қожалықтарының кредитке кең қолжетімділігін қамтамасыз етуге мүмкіндік бермейді. Себебі, олардың кепілге қояр мүлкі жоқ. Бұл жаздық дәнді дақылдар егістігі көлемінің айтарлықтай азаюына және тиісінше, ауыл шаруашылығы дақылдарын жинау көлемінің ке­міп кетуіне соқтыруы ықтимал», – деді мәслихат хатшысы.
Осыған байланысты ол корпо­рация ұсынған қолданыстағы не­сиелендіру тетігімен қатар, ӘКК-тер кепілдігі тетігін де қайта жаң­­ғыр­­туды ұсынды: «Бұл тетік өзінің тиімділігін дәлелдеді. Сон­дықтан ең болмағанда, Ақмола облысында ауыл шаруашылығы өндірушілерін несиелендіруде пилоттық режимде қолдану үшін ӘКК-ке республи­калық бюджеттен қаражат бөлуді сұраймыз», – деді Д.Нұрмолдин.
Өңірлік өкілді орган хатшысы облыс өндіретін өнімдерге алып­сатарлар тым көп сауда үстемесін қосатынын, оның көлемі кей жағ­дайда 100 және одан да көп пайыз­дан асатынын мәселе етіп көтерді. Салдарынан іргедегі облыстың өнімі едәуір қымбаттап, импорттық тауармен салыстырғанда, бәсекеге қабілеттілігі төмендейді. Мысалға, ресейлік, беларусьтік және қырғыз­стандық сүт және сүт өнімдері ақмола­лық ұқсас өнімнен арзан тұрады. Бұл кесел жалғыз Ақмола емес, барлық өңірлерді қан қақ­сатып тұр. Бұған тосқауыл қою үшін Ұлттық экономика министр­лігі сауда субъектілері қосатын үстемеақыны шектейтін арнайы заң жобасын әзірледі. Жоба алдағы уақытта Парламентке енгізілмек.
Кеңес отырысында Ауыл шаруа­шылығы министрінің орын­басары Гүлмира Исаеваның да баяндамасы тыңдалды. Оның айтуынша, Ел­басы Жолдауындағы міндеттерді іске асыру үшін Агроөнеркәсіптік кешенді дамытудың жаңа мем­лекеттік бағдарламасы әзірленді. Вице-министр бағдарламаның ба­ғыттарына егжей-тегжейлі тоқтала кетті.
– Бірінші міндет – субсидиялау қағидаттарын қайта қарау болады. 11 тиімсіз субсидия түрі алып тас­талып, 35 субсидия түрінің норма­тивтеріне өзгерістер енгізілуде. Нә­тижесінде, бюджет көлемін өз­гертпей-ақ, өндірушілердің, оның ішінде, ең алдымен, ұсақ шаруа­шылықтар мен кооперативтердің мемлекеттік қолдау шараларымен қамтылуы 7,5 есеге ұлғаяды, яғни қамтылатын нысандар саны
67 мыңнан 500 мыңға дейін өседі. Бұл ретте, жаңа тетіктер түпкілікті нәтижеге, яғни, түсімділікке, сал­мақ өсіміне және қайта өңдеуші қуат­тылықтардың жүктелуіне ба­ғыт­­талады, – деді Г.Исаева.
Екінші міндет – үй шаруашы­лықтары мен ұсақ шаруашылық­тарды кооперативтерге біріктіру. Үшінші міндет өнімді қайта өңдеуді ұлғайту болмақ. Мемлекет бас­шысының тапсырмасы бойынша бұларды іске асыру былтыр баста­лып кетті. 15 мың жеке қосалқы шаруашылықты қамтыған 157 кооператив құрылды. Олардың базасында 100-ден астам сүт қабылдау пункті мен мыңнан астам отбасылық бордақылау алаңы ұйым­дастырылды. Биыл коопера­тивтер саны екі есе артады.
Жалпы алғанда, алдағы 5 жылда кооперативтер көрсететін қызмет­термен жарты миллион жеке қо­салқы шаруашылық пен ұсақ шаруашылық қамтылатын болады. Кооперативтер өнімді дайындау, сақтау және тасымалдау, сондай-ақ ветеринария, азық өндіру, агрохи­мия және өз мүшелеріне кредит беру жөніндегі қызметтерді көр­сетеді. «Кооперативтер ауылдың ары қарай дамуының ұстыны бо­луға тиіс», – деді вице-министр.
Мемлекеттік бағдарламада қағаз жүзінде қалатын емес, өн­дірісте сұранысқа ие болатын аграр­лық ғылымға инвестиция­ларды ұлғайту көзделген. «Ғы­лыми-зерттеулерді қаржыландыру аграрлық құрылымдардың сұ­ранымдарымен байланысты­ры­лады. Бұл ретте бизнес тарапынан «қоса қаржыландырудың» болуы бюджеттік қаржыландырудың міндетті шартына айналады. Өйт­кені бизнес қызықпайтын жоба­ларға мемлекет қаржы бөлмейді. Алматы қаласындағы Ұлттық аграрлық университет пен Астана­дағы Агротехникалық университет базасында екі аграрлық орталық құру жөніндегі жұмыс басталды. Бұл ретте аграрлық орталықтардың қаражат қажеттілігі – 8,2 млрд тең­гені құрайды», – деді Гүлмира Исаева.
Елбасы 2021 жылға қарай азық-түлік өнімдерінің шетелге экспор­тын 40%-ға арттыру жөнінде міндет қойды. Вице-министрдің айтуын­ша, Ресей, Қытай және Иран нарықтары бойынша арнайы жол карталары қабылданған, Үндістан және Парсы шығанағы елдері бойынша әзірлену үстінде. Бұл ретте регламенттер мен стандарт­тарды үндестіруге баса назар ауда­рылады. Президенттің тапсыр­масына сәйкес, «экологиялық таза өнім» экспорттық саясаттың ба­сымдығына айналады.
Талқылау қорытындылары бойын­ша кеңестің Үкіметке ұсы­ныстары әзірленді.

Айхан ШӘРІП

Бөлісу:

Пікір жазу


*