Әскери полигондар жойылады

274
0
Бөлісу:

Қазақстанда коллекторлардың қарызды өндіріп алуы тиімдірек әрі қауіпсіз бола түседі. Нұрлан Нығматулиннің төрағалығымен өткен жалпы отырыстарында Мәжіліс депутаттары коллекторлық қызмет туралы заң жобаларын екінші оқылымда мақұлдап, Сенатқа жолдады.

Жобалар борышкерлерді коллек­торлық агенттіктердің заңсыз әрекет­терінен қорғауға, коллекторлық қыз­меттің ашықтығын арттыруға және реттеуге, әлеуметтік шиеленісті төмен­детуге бағытталған. Ол бойынша қарызды өндірушілердің борышкерге хабарласу немесе онымен кездесу уақыты жұмыс күндері 8.00-ден 21.00 сағатқа дейінгі аралықпен шектеледі. Демалыс және мейрам күндері өзара іс-қимыл жасауға тыйым салынбақ.
Осы күні қалаулылар әуе кеңістігін пайдалану және авиация қызметі бойын­ша ұлттық заңнаманы түзетуді қарас­тыратын жаңа заң жобасын да екінші оқылымда құптады. Оған сәйкес, енді ұшақ ішінде темекі тарту – ұшу қауіп­сіздігіне қатер төндіретін жағдайларға жатқызылады және тиісті жауаптылық белгіленеді. Сондай-ақ пилотсыз ұшу аппараттарын (дрондар, квадрокоп­терлер) сатып алған азаматтар дүниелерін құзырлы органда есепке қоюға және пай­далану шарттарын сақтауға міндеттеледі.
Жалпы отырыста Ембі сынақ поли­гонына қатысты екіжақты хаттаманы ратификациялау мақұлданды. Бұл заң жобасы 2017 жылғы 1 қаңтардан бастап, Қазақстан мен Ресей арасындағы Ембі полигонын пайдалану және жалға беру шарттары туралы бұрынғы (1995 және 1996 жылдардағы) келісімдердің күшін жояды. Заңды қорғаған Қорғаныс ми­нистрінің орынбасары Талғат Мұхта­ровтың мәліметінше, бұл хаттамаға 2016 жылдың 20 қазанында Мәскеуде қол қойылған.
– Құжат ережелеріне сәйкес, Ембі полигонын тапсыру және қабылдап алуды қос тараптың уәкілетті өкілдерінен құралған бірлескен комиссия жүзеге асырады. Бұл ретте Ресей Қазақстанға жер учаскелерін, жылжымалы және жыл­жымайтын мүлікті ары қарай пайдалану үшін жарамды күйде қайтаруға тиіс. По­лигонды пайдалану бойынша міндет­темелерін орындауда ресейлік тарапқа қояр талап жоқ, – деді ол.
Т.Мұхтаров полигонды жалдаудан шығару өңірдің экономикалық дамуына жақсы ықпал ететінін жеткізді. Атап айтқанда, қайтарылатын үлкен ауқым­дағы жер ауыл шаруашылығымен айна­лысатын кәсіпкерлерге берілуі мүмкін. Оның астындағы пайдалы қазба бай­лықтарға барлау жүргізіліп, өндіру жолға қойылады деп күтілуде. Бұл жерлер «Ақтөбе облысының әлеуметтік маңызды инфрақұрылымдық нысандарын салуға пайдаланылады».
Қаржы вице-министрі Берік Шолпан­құлов депутаттарға Ресейдің еліміздегі
4 полигонды жалдауға жыл сайын 20 мил­лион 757 мың доллар төлеп келгенін ха­бар­лады. Соның ішінде Ембі үшін жыл сайын 717 645 доллар аударып отырған. Ресей жағының сендіруінше, «Капустин Ярдан» бір айырмашылығы, дәл осы Ембі поли­гонында Кеңес кезінде де ядролық сынақ жасалмаған. Сонымен бірге, 2008 жылдан бері бұл полигон пайдала­ныл­маған.
Қорғаныс министрінің орынбасары енді Қазақстанда орналасқан 3 ресейлік полигон қалатынын хабарлады. Бұлар –Қарағанды облысындағы «Сарышаған», Батыс Қазақстан және Атырау облыс­тарының аумақтарына созылып жатқан 929-полигон, Батыс Қазақстан облысын­дағы 4-полигон. Олардың барлығы «уақыт­ша пайдалану» шартына ие.

– Ембі полигонын жалдаудан шығару – Мемлекет басшысының әскери поли­гондар жалдайтын жерлер көлемін қайта қарау туралы тап­сырмасын орындауға бағытталған жұмыстың жалғасы, – деді Т.Мұхтаров.
Күн тәртібіндегі мәселелер қаралып болған соң, қалаулылар депутаттық сауалдарын жариялады. «Нұр Отан» фракциясының мүшесі А.Ералиев вице-премьер – ауыл шаруашылығы министрі А.Мыр­захметовке сауалында «Қа­зақстанның жеміс-жидек бақтарын қауіпті індет – жеміс ағаштарының бактериялық күйіп кетуі құртып жат­қанын» айтып, дабыл қақты. Нұротандық депутат М.Айсина Үкімет басшысы мен Ұлттық банк төрағасына жүгініп, БЖЗҚ қаржыларының қайда және қандай шарттармен инвес­ти­цияланғаны жөнінде ақпарат сұратты.
«Нұр Отан» атынан сайланған депутат И.Аронова фармацевтикалық салада лайықты фармацевтикалық тәжіри­белердің халықаралық стандарттарын енгізумен бірге туындауы ықтимал мәселелерге Денсаулық сақтау министрі Е.Біртановтың назарын аударды. «Нұр Отан» фракциясының депутаты
Е.Бектұрғанов халықтың жұмыспен қам­тылу деңгейін сақтаудың маңыздылығын Үкімет басшысының қаперіне салды. Нұротандық депутат А.Жамалов та Премьерге депутаттық сауалында өнімді ең­бекпен қамту және жаппай кәсіп­кер­лікті дамыту мәсе­лелерін қаузады. «Нұр Отан» фрак­циясының мүшесі Б.Жыл­қышиев Үкімет жетекшісіне бағыттаған де­путаттық сауалында ауыл шаруашылы­ғы тауарын өндірушілердің шығын­дарын субсидиялау мәселелерін шешуді өтінді.
Нұротандық депутат А.Платонов Үкімет басшысына мемлекеттік бағ­дарлама аясында тұрғызылған баспананы бөлу тетіктерінің айқындылығы пы­сықтауды қажет ететінін хабарлады. Партияның тағы бір депутаты А.Суслов Премьерден апатты көпқабатты үйлер мәселесіне көңіл бөлуді сұрады. «Нұр Отан» фракциясының мүшесі С.Өтебаев бірінші вице-премьер А.Маминге депутаттық сауал жолдап, Ақтау қаласын сумен жабдықтау үшін Еуропалық қайта құру және даму банкінен Үкімет тартқан 1,2 миллиард теңге қарыз үшін Маңғыс­тау облысына 3 миллиард теңге төлеуге тура келгенін және сыйақы сомасы артып жатқанын мәселе етіп көтерді.

Айхан ШӘРІП

Бөлісу:

Пікір жазу


*