Ғылым академиясы ірі зияткерлік орталыққа айналды

415
1
Бөлісу:

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Абай атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық Опера және балет театрында Ұлттық ғылым академиясының 70 жылдығына орай өткен салтанатты сессияға қатысты.

Жиынға ҰҒА-ның корреспондент-мүшелері, Жоғары оқу орындарының ректорлары, Ғылыми-зерттеу институт директорлары, академиктер, зиялы қауым өкілдері, ірі ғалымдармен қатар АҚШ, Ресей, Молдова, Грузия, Тә­жік­стан, Қырғызстан, Әзірбайжан, Украина, Түркіменстан ұлттық ғылым академия­сының президенттері шақырылыпты.
Ұлттық ғылым академиясының пре­зиденті Мұрат Жұрынов Қазақстанның ғылымы, мәдениеті және экономи­касының дамуындағы академияның рөліне тоқталды.
– Ұлттық ғылым академиясы арқылы Қазақстанды өркендеген ғылыми-техни­калық салалары бар республика ретінде Кеңес Одағы тұсында да, қазіргі кезде де бүкіл әлем мойындап, құрметтейді. Бүгінгі таңда кеңестік модельден бас тартып, тәуелсіз Батыс-еуропалық мо­делінің үлгісі бойынша дамуда. Рес­публикамыздың игілігі жолында жұмыс істейтін негізгі ғылыми-техникалық потенциалы мен бас ғылыми орталық ретіндегі мәртебесін сақтап қалды. Академия құрамында халықаралық деңгейде мойындалған 237 тұрақты мүше, оның ішінде 135 академик, 102 коррес­пондент-мүшесі бар. Сондай-ақ 14 шетелдік және 88 құрметті мүшесі тір­келген.
Біздің ғалымдарымыз Ресей, Ле­нин­градтағы әріптестерімен біріге отырып, жаңа мұнай-газ, алюминий, мыс, уран, қорғасын, мырыш, алтын кендерін тапты. Алты ірі университеттің базасында бейінді орталықтар жұмыс істейді.
Ғалымдарымыздың жан-жақты ізде­нісіне қолдау көрсетіп отырған Елба­сымызға ризашылығымыз шексіз, – деді Мұрат Жұрынов.


Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев академияны 70 жылдығымен құттықтап, ел дамуына қосқан үлесін атап өтті.
– Қазақстан Ұлттық ғылым акаде­миясы ең күрделі кезеңде құрылып, аз ғана уақытта еліміздің ғылыми жүрегіне айналды. Ғылымның негізгі бағыттарын айқындап, олардың дамуына тың қарқын берді. Ең негізгісі, осы академия құрыл­ғанда көптеген адамды, жастарды ғы­лым­ға тартып, ғалымдар дайындады. Оның пайдасын бүгінге дейін көріп отырмыз.
Академия қабырғасында еліміздің мақтанышы саналатын алыптарымыз еңбек етті. Бүгінгі мерейлі сәтте біз Қа­ныш Сәтбаев, Мұхтар Әуезов, Әлкей Марғұлан және басқа да ғалымдарымызды атап өтуіміз қажет. Тәуелсіздік жыл­дарында Ұлттық академия академиктері алдыңғы буынның абыройлы ісін лайықты жалғастыра білді. Қазақ ғылымы дамудың биік белесіне көтерілді.
25 жылда ғылыми ұйымдардың саны екі есеге көбейіп, саны 300-ден асты. Ғы­лымды қаржыландыру жыл өткен сайын артып келеді. Соңғы үш жылда ғана
100 миллиард теңге бөлінді. Алдағы уақытта біз бұл ұстанымнан айырылмай, ғылым­ның қарқынды дами беруіне барлық жағдайды жасайтын боламыз. Тиісінше, әлемдік дамудың көшін бас­таған 30 елдің қатарына қосылу жолында сіздерге зор үміт артылады. Себебі, бүгінгі жағдай бі­лім мен ғылым арқылы іске қосылады. Алдағы осы мақсатымызға жету үшін мен биыл үшінші жаңғыруға байланысты биылғы Жолдауымда бес басымдықты айқындап бердім. Олардың қай-қайсысы да ғылым мен білімге бай­ланысты. ХХІ ғасыр – ғылым мен білім­нің ғасыры. Әсіресе, қол­данбалы ғылым көз ілеспес жылдам­дықпен дамып келе жатқанын бәріміз көріп отырмыз. Небәрі 15 жылда болған серпінді технологиялық өзгерістер әлемді Төртінші өнеркәсіптік револю­цияға аяқ бастырды. Сондықтан ғалым­дарымыз жаңа көкжиектерге көз тігіп, зерттелмеген кеңістіктерді игеруі тиіс, – деді Елбасы. Бұдан кейін жаңа ғасырмен бірге гендік инженерия, био, нано, IT технология, заттану мен жаңа материал­дар шығару болашақ ғылымның негізгі трендтеріне айналғанына баса на­зар аударды. Үкіметке әзірлеуге тапсырған «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасы әзір­леуді әлемдегі барлық озық техноло­гияларды өзімізге бейімдеп, жаппай ен­гізуге мүмкіндік беретініне тоқталды.

– Ғалымдарымыз дәуір сұраныстарына сай өз дүниетанымын, ғылыми көзқарас­тарын қайта қарауы керек. Біз өнеркәсіптік ғылымның қажеттілігін ескере отырып, гу­манитарлық салаларға да ұмтылуымыз қажет. Оның барлығына тиісті кадр, тиісті ком­пи­тенция қажет. Мұның бәрі мектептен басталып, университетпен, ғылыммен аяқталады.
Мемлекет те, мен де қазір осы шараға бел­сене кірісіп жатырмыз.
Бүгінде Ғылым академиясы салалық және өңірлік бөлімшелері бар ірі зияткерлік орталыққа айналды, – деді Қазақстан Президенті.
Сонымен бірге, Елбасы отандық басқару жүйесі мен ғылыми қызметті үйлестіруге қатысты бірнеше өзекті мә­селеге тоқталды.
Қазақстан Президенті отандық ғы­лымды дамытуға қатысты ұстанымдарды түбегейлі өзгертуді тапсырып, осы бағытта бірқатар нақты міндеттер белгіледі.
– Біз ғылыми және ғылыми-тех­никалық қызмет нәтижелерін ком­мерцияландыру ту­ралы заң қабылдадық. Енді осы заң толық­қан­ды қолданылуы қажет. Ғылыми-зерттеушілік қызмет нәтижелерін қазақ­стандық кә­сіп­орын­дардың қажеттіліктеріне бағыттайтын тетіктер енгізу керек. Біздің алдымызда им­портты алмастыру және экспорттық өндірісті дамыту міндеті тұр. Бұдан бөлек, академияның әлеуетін пайдалана отырып, фундаменталды және гу­манитарлық ғылыми жобалар сарап­тамасының сапасын жақсарту қажет. Ғылым­ды басқарудың, оны қаржы­ландырудың жаңа формат бойынша және уақтылы жүзеге асырылатын жаңа жүйесі енгізілді. Сондай-ақ Ғылым академиясы жанынан әдеп жөніндегі алқалы орган құруды ұсынамын. Ол Ғалым кодексін және Жарияланымдар әдебі жөніндегі кодексті әзірлеп шыға алар еді, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Мемлекет басшысы Білім және ғылым министрлігіне академиямен және жоғары оқу орындарымен бірге отандық ғылыми басылымдарды халықаралық рейтингтік базаларда ілгерілету жұмыстарын жүзеге асыруды міндеттеді. Сондай-ақ Қазақстан Президенті әлемдік деңгейдегі ғылыми орталықтарда тағылымдамадан өту үшін үздік зерттеушілерге қосымша гранттар тағайындау, сонымен бірге, Орталық Азия елдерінің жас ғалымдарына Қазақстанда ғылыми-зерттеу жүргізу үшін грант бөлу мәселесін зерделеу жөнінде тапсырма берді.

Қаншайым БАЙДӘУЛЕТ

Бөлісу:

1 пікір жазылған

  1. Dortha 1 Наурыз, 2017 at 15:36 Жауап

    I had no idea Disney had such a Star Wars presence. I bet the grown ups liked it as much as the kiddos. Smart marketers, they are in a galaxy all by thaevmlses.Rajeen recently posted..

Пікір жазу


*