Мемлекеттік гранттар саны өседі

655
0
Бөлісу:

Биыл талапкерлер арасында таратылатын мемлекеттік гранттардың саны өсетін болды. Бұл туралы кеше Білім және ғылым министрлігінің алқа отырысында ведомство басшысы Е.Сағадиев хабарлады. Министр сондай-ақ мұғалімдердің не себепті түнде жұмыс істейтінін де білетінін жеткізді. 

– Жоғары білім беру жүйесінде биыл гранттар саны бакалаврлар үшін был­тырғы 31 мыңнан енді 36 мыңға дейін, магистранттар үшін 7-ден 10 мыңға дейін, ал докторанттар үшін 600-ден 1 мыңға дейін көбейеді. Бұл – өте салмақты өсім, – деді БҒМ басшысы. Ол бұған қоса, өңір әкімдерінен жергілікті ғылым ордаларында оқу үшін төл грант­тарын бөлуді және сол арқылы өңірге қажетті мамандарды даярлауды сұрады.
Ерлан Сағадиев «мұғалімдерге өзде­ріне тән емес функцияларды орындауға мәжбүрлеуге тыйым салуға» ниет білдірді. «Біз ол жайында жақсы білеміз! Ұстаз­дар оқушылардың талдау-ана­лиз­дерін, карталарын жинайды, қо­ғамдық көлікте жүру билетін сатады, үй-үйді аралайды. Біз бірінші кезекте, үй­лерді аралау, статистикалық деректер­ді жи­науды тиюдан бастамақпыз. Ары қарай мұғалімдердің тегін еңбегін әртүрлі мақ­саттарға пайдалануға тыйым салу үшін өзге органдармен бірлескен бұйрықтар шығаруға немесе Үкімет қаулыларын қабылдатуға кіріспекпіз. Бүгінде бұл мәселе талқылануда, ізденіс басталды, – деді министр Е.Сағадиев.
Ол Ұлттық білім беру деректер базасы мен «Күнделік» мектептегі қағаз­бас­тылықты ауыстыруға қауқарлы деген сенімде. Әйтпесе, министрдің мәліме­тінше, «мұғалімдер қаптаған тексеру­шілерден әбден ығыр болған». «Мен ондаған мектептің директорларымен кездестім, олардың барлығы тексеру­шілерден қорқатындықтан, қағаз жур­налды жүргізуге мәжбүр екендерін ай­тады. «Қағаз журнал жүргізуге тыйым салып тастаймын» десем, олар: «Онда біз бұл журналды жұмыс уақы­тынан тыс, түнде толтырамыз. Өйткені бюджет қаржысының жұмсалуы сонда көрініс табады. Ертең сол үшін менің басым кетеді» деп азарда безер болады. Үрей­леніп қалған!» деген БҒМ басшысы осы мәселені Үкімет басшысымен, Бас прокурормен, Қаржы министрімен талқылағанын айтты.
Қазір бірлескен нұсқаулық хат немесе бұйрық шығады деп күтілуде, ол қаржылық тексерушілерге қағаз күйіндегі есептілікті талап етуге тыйым салуға тиіс. «Басып шығарсын, мөрін бассын, тексерушіге тапсырсын – қазір осының өзі де жеткілікті болуға тиіс!», – деп нықтады Е.Сағадиев.
Оның айтуынша, мектептерді себеп­сіз тексеру «қудаланатын болады».

Айхан ШӘРІП 

Бөлісу:

Пікір жазу


*