ӘСЕМҚҰЛОВТЫҢ «ТҰМАР ХАНЫМЫ» БАР АЛ ОНЫ САТАЕВ ПАЙДАЛАНА МА?

1038
0
Бөлісу:

Белгілі режиссер Ақан Сатаев биыл тағы бір фильмнің тізгінін ұстамақ. Бұл туралы Мәдениет министрлігінің кеңейтілген отырысында мәлім болған еді. Режиссер: «Осы жылы біз Мәдениет министрлігімен бірлесіп «Тұмар» тарихи фильмін түсіруді бастағалы отырмыз. Сапалы дүние шыққан жағдайда ол отандық көрерменнің де, шетелдік аудиторияның да қызығушылығына ие бола алатынына сенімдімін. Тұмар патшайым – әлемдік тарихтың барысына ықпал еткен тұлға. Кинопрокатымыздың географиясын кеңейту үшін мұндай жобаларды жасау керек деп санаймын. Себебі, бұл елдің халықаралық имиджінің қалыптасуына оң әсер етеді» дейді.

Сақ патшайымы Тұмар ханым көп деректерде Томирис деп жазылып жүр. Тарихи туынды, оның ішінде Тұмар ханым туралы деректі шығармаларға негізделген көркем дүние бүгінгі көрерменге қажет-ақ. Алайда бұл фильм кімнің киносценарийінің желісі бойынша түсіріледі?
Білуімізше, бұған дейін де Тұмар ханым туралы талай ки­носценарийлер жазылған. Олар­дың көбісі Болат Жандарбековтың «Томирис» атты романының же­лісі бойынша дайындалғаны бел­гілі. Одан бөлек, бұл тақырыпқа қалам тартқан қаламгерлердің бірі – Таласбек Әсемқұлов. Кино­драматург оны 2010 жылы көзі тірісінде ұсынған. Тіпті ол ки­носценарийден «Қазақфильм» киностудиясындағылар да хабар­дар. «Тұмар ханым» кинороманы дайын. Ал режиссер Ақан Сатаев бұл сценарийді пайдалана ма? Осы мақсатпен кинодраматург­тың жары, белгілі мәдениет­танушы Зира Наурызбаеваға қоңырау шалдық.
– Расымен де, Болат Жандар­бековтың «Томирис» атты керемет романы бар. Ол өткен ғасырдың 70-жылдары жарық көрді. Ро­манды бәріміз таласып-тармасып, қызыға оқығанымыз да рас. Сол заман үшін Жандарбековтың «Томирисі» ерекше жазылған шығармалардың бірі болды. Қазіргі көзқараспен қарасаңыз, ол романның концепциясы кере­меттей емес екен. Болат Жандар­беков Герадоттың Томирис туралы жазған деректерін алды да, оған өзінің авторлық қиялын қосып, ма­хаббат үштігі туралы роман жазып шықты. Оқиғаның мән-жайы мынадай: Томирис амал­сыз­дан Рустам патшаға тұрмысқа шығады. Рустам батыр тұлғалы, ержүрек жауынгер болғанымен, оны Томиристің көңілі қала­майды. Өйткені патша бейбіт өмір­де ынжық, бос, патшайым­ның армандағанындай тұлға емес. Томирис ақырында өзінің оққаға­рымен махаббат құрып, күйеуінің көзіне шөп салады. Рустам оны білгеннен кейін, әскерін алып кетіп қалады. Оқиғаның ұзын-ырғасы осындай. Мүмкін, мұндай махаббат оқиғасы бүгінгі көрер­мен үшін қызықты шығар. Алайда онымен Томиристің ержүрек, қаһарман, рухы биік әйел екен­дігін көрерменге көрсете ал­маймыз. Таласбектің кинорома­нында Тұмар ханымның образы мүлдем басқаша өрілген. Ол бұл тақырыпқа келу үшін оны ұзақ уақыт зерттеді. Күні-түні архив­терде отырып, көз майын тауы­сып, тың деректерді іздеп тапты. Бір кездері Досхан аға бұл та­қырыпқа қызыққан еді. «Тұмар ханым» туралы фильм түсіргісі де келген. Кейін ол ойынан айнып қалған секілді.
– Таласбек аға Тұмар ханым туралы деректерді қайдан алды?
– Өткен ғасырдың 70-жыл­дары ол Лев Гумилевпен танысып, жақын араласты. Телефонмен де жиі хабарласып отырды. Бір-біріне қоңырау шалып, қызықты мәліметтермен бөліскен сәттері де бар. Бір-екі рет Санкт-Петер­борға да барып қайтты. Сондай кездерде Гумилев өзінің архивтегі кезегін Таласбекке беріп, бір-екі рет жабық тақырыптарды зерт­теуіне мүмкіндік жасайды. Кеңес заманында Дандамаев деген Иран­ тарихын зерттеген ғалым болды. Іргелі монография жазған кісі. Ол соғыстан кейін Сталин мен Иран шахының келісімі бойынша, сол елге барып, Иранның көне за­маннан келе жатқан құпия архивтерінде жұ­мыс істеген екен. Кеңестік кезең­дерде жариялауға болатын, цен­зураға қарсы кел­мейтін тұстарын монографиясына пайдаланады да, кейбір құпия құжаттарды қол­жазба күйінде сақтап қояды. Сол құпия қол­жазбалармен кейін Таласбек танысады. Оның кейбір қызықты тұстарын «Тұмар ха­ным» киноро­манында пайда­ланды. Көшпенді халықтардың рухын, болмысын, өмір сүру салтын терең түсінген адам ретінде киносценарийді ерекше жазып шықты. Әрине, жазушы бол­ғаннан кейін кейбір тұста­рында өзінің қиялын да қосқаны жасырын емес. Кейбір мифоло­гиялық аңыздарда Кирді ұрғашы қаншық асырап алды деп айты­лады. Таласбек оны мүлдем басқаша түсіндіреді. Біріншіден, Кирдің ұлты парсы болмағанын айтады. Оның түбі ирандық емес. Мұның бәрін дәлелдермен көр­сетіп, жазып отырады. Кирдің Хаомаварга деген көшпенді тайпадан шыққанын дәлелдейді. Романда Хаомаварга тайпасын Қамбар тайпасы деп көрсетеді. Кир патша Томиристің әкесінің қолындағы аманат бала болғанын айтады Таласбек. Сөйтіп, жас кезінен Томирис пен Кирдің бірге өскенін жазады. Кейін Кир ол тайпадан бөлек кететінін айтады. Таласбектің тарихи құнды мәлі­меттерді пайдалана отырып, жазылған кинороманы – фильм түсіруге болатындай-ақ дайын дүние. Ақан Сатаевтың Тұмар ханым туралы фильм түсіруді қолға алайын деп жатқаны туралы ақпаратты естідім. Ол – өте та­лантты, білікті режиссер. Біле­тінім, Ақанның өзінің бірлесіп жұмыс істеп жүрген сценаристері бар сияқты. Мүмкін, олар Қазақ­фильмдегі дайын сценарийлерді пайдаланатын шығар. Болат Жандарбековтың романының желісі бойынша түсіре ме, ол жағы тағы маған беймәлім. Ақан Сатаев Таласбектің сценарийінен де мәліметтер алуы мүмкін. Алса, қалай алады? Жалпы, егер Талас­бектің киносценарийінің әр жерінен үзіп-жұлып алатын болса, онда оның алба-жұлбасы шықпай ма? Менің қорқынышым – осы. Ақан Сатаевтың қалай таңдау жасайтыны тағы белгісіз. Бастысы, Тұмар ханым туралы ұрпаққа қажетті, көпші­лікке ұнайтын тарихи туындының дүниеге келгені.

Зира апайдың қор­қынышы осындай. Таласбек Әсемқұловтың екі бірдей фильм­нің сценарийін жазғанын білеміз. Оның бірі – «Біржан сал», екін­шісі – «Құнан­бай». Екеуі де көптің көңілінен шықты. Досхан Жолжақсыновтың режис­сер­лігімен түсірілген «Құ­нанбай» былтыр Мемлекеттік сыйлықтың иегері атанды. Әсем­құлов жазған «Тұмар ханымның» да осал болмасы белгілі. Ендеше, жақсы дүниеден қаз-қалпында неге тарихи туынды түсірмеске?
Ақан Сатаев біздің бұл ұсыны­сымызға қалай қарайды екен?!.

Гүлзина БЕКТАС

Бөлісу:

Пікір жазу


*