Ауыл әлеуетін ғаламтор ашады

198
0
Бөлісу:

Елбасының «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: Жаһандық бәсекеге қабілеттілік» Жолдауын іске асыруды Үкімет ұдайы назарда ұстап келедi. Ондағы міндеттердің орындалуы жайында апта сайын есеп беріліп отырады. Өткен сенбіде Премьер-министр Б.Сағынтаев Жолдауды жүзеге асыру мәселелері жөнінде кеңес өткізді. Сондай-ақ Үкімет үйінде әрбір министрліктің осы бағытта атқарған жұмыстарына арналған баспасөз мәслихаттарының сериясы да жалғасты. 

Премьер өткізген кеңес бары­сын­да Қазақстанның экономикалық өсім­нің жаңа үлгісіне көшуі мәселесі бойынша министрліктердің тәсіл­де­ме­л­ері мен пайымы, сондай-ақ эко­но­миканы жеделдетілген техно­ло­гия­лық жаңғыртуды іске асыру қа­­рал­­ды. Баспасөз мәслихатын­да БАҚ алдына Ақпарат және ком­му­никациялар ми­нистрі Дәурен Абаев шықты.
Жалпы, бұл меморганның мой­нына үлкен міндет, зор жауапкершілік жүк­телген. Мәселен, еліміздегі әрбір ауыл мен қалада, елдімекенде жоғары жылдамдықты интернет қолжетімді бол­маса, Ұлт жоспарында белгіленген «Ашық Үкіметті» құру қиынға соғады. «Ашық Үкімет» арқылы билік пен ха­лық арасында «кері байланыс» орнату аса қажет-ақ. Мәселен, жергілікті әкімдік не мемлекеттік мекеме қолға алған жобаның жұртшылыққа керегі болмаса және тұтынушылар ол пікірін заманауи коммуникациялар арқылы дер уақытында жеткізе алса, билік өз күш-жігерін анағұрлым перспективті басқа бастамаларға бұра алады. Егер «кері байланыс» болмаса немесе ол кешіксе, мемлекеттің қаржылық, уа­қыт­тық, адами және қозғам-мотива­ция­лық ресурстары пайдасыз іске бос­қа шығындалмақ.
Ендеше, Елбасы тапсырған «Ашық Үкімет» жобасы Қазақстанға өзекті мә­селелердің ұтымды шешімдерін табу­ға, осылайша, дамыған ел бағы­тын­да тиімді дамуға мүмкіндік береді. Сондықтан Ақпарат және комму­ни­кациялар министрі өз жұмысының бір басымдығы ретінде Қазақстанда ұялы байланыс және интернет сапасын жақ­сартуға уәде етті. Оның айтуынша, 2017 жылдың соңына дейін респ­уб­ли­ка бойынша 200-ден астам радио­жиі­лікті станса бой көтеретін болады.
– Қазақстанда интернетті дамыту бү­гінгі таңда өте жоғары деңгейде. Бар­лық облыс орталықтарында дерлік 4G стандартты мобильді интернет іске қосылған. Қарап тұрсаңыз, әлемдегі ел­дердің барлығында бірдей тіпті 3G бар деп айта алмаймыз. Әрине, жетіл­діруде шек жоқ. Жекелеген мәселелер туындайды. Біз ол мәселелермен ай­налысудамыз. Мысалға, қазір бүкіл Қа­зақстан бойынша радиожиілікті станциялар салып жатырмыз. Бұл жоғары сапада цифрлы телерадио ха­бар таратуға көшуге мүмкіндік береді. Босаған жиіліктерді ұялы байланыс операторларына береміз, – дегенД.Абаев еліміз бойынша ұялы байланыс және мобильді интер­нет сапасы жақ­саратынын сеніммен айт­ты.
Осы тұста ол өз министрлігінде аза­­маттардан ұялы байланыс сапа­сы­на қатысты шағымдар қабылдайтын және мәселелерді уақтылы ретке кел­тіретін жедел топ жұмыс жасай­ты­нын еске салып өтті.
Оның мәліметінше, алдағы үш жыл ішінде шамамен 1300 ауылға оп­ти­калық-талшықты желі тартуды қа­растыратын жобалар іске асырыла-ды. Бұл «ауылды жерлерде тұратын 2 мил­лионнан астам қазақстандыққа жо­ғары жылдамдықты интернеттің қол­жетімді болуына жол ашады». Аталған жобаның ауылдықтарға бе­рері көп. Skype көмегімен еліміздегі не шетелдегі туыс-туған, жолдас-жо­ра­­мен бейнебайланыс жасау, теледи­дар­дың бағдарламасына телмірмей, ғаламтор арқылы қалаған кинотуын­дыны не бағдарламаны кез келген уақытта онлайн-режимде тамашалау се­кілді заманауи қызықтар бір төбе.
Ең бастысы, кеңжолақты ғаламтор дамыған елдердегідей, ең шалғайдағы ауыл­дардан да тума таланттарды тауып, шеберлігін ұштауға жол ашады. Өйткені ауылдағы жас өркендердің де интернет арқылы әлемдегі ең озық білімді игеруіне, қажет болса, онлайн ре­жимде сынақ тапсырып, дүние­жүзіндегі ең озық ғылым ордаларына өз бетімен түсуіне мүмкіндігі болады. Сондай-ақ бұл жоба «Электронды Үкі­­мет» қызметінің игілігін де ауыл­дық­тарға қолжетімді етпек.
Осы орайда журналистер ғаламтор ар­қылы азаматтарды, әсіресе, жа­сөспірімдерді өзіне-өзі қол жұмсауға ите­р­мелейтін немесе экстремистік-тер­рористік топтарға тартатын сайт­тар да қолжетімді болатынын еске сал­ды. Осының алдында қалаулылар да Қазнеттің отбасылық құнды­лық­тармен емес, ұлттық болмысымызға жат, анайы нәрселермен толтырылып жатқанына алаңдаушылық білдірген. Дәурен Абаевтың айтуынша, егер ин­тернетте қарау істерді көрсеңіз, бұған «ин­тернет кінәлі емес». Ол елімізде от­басылық құндылықтарды насихат­тауға көп көңіл бөлінетінін, қаншама бағдарламалар мен кинотуындылар шығып жатқанын алға тартты.
«Бәрі ниетке байланысты. Егер аза­мат қандай да бір бейәдеп контент із­де­се, оны кез келген жерден табады. Ин­тернеттің қалай жұмыс iстейтiнi мә­лім: сіз қандай бағыттағы ақпаратты көп іздеп, оқысаңыз, ол «сізге ұнай­тыны сол» деп ұғып, сондай тақырып­тар­дағы материалдар сілтемесін кө­бірек ұсынады. Балаларды суи­цид­терге итермелейтін ойындарға келсек, мен ешқашан олардың атауларын ата­маймын. Жарнама жасағым келмейді. Біз шектен тыс зұлым­дық­ты наси­хат­тайтын ресурстарды тос­қауылдау үшін қолдан келгеннің бә­рін жасаймыз» деген министр бұл мә­селенің түп-төркініне үңілуге ша­қырды.
«Мәселе тереңде жатыр. Бала­лар­ды қадағалау – тек мемлекеттің ғана емес, ата-аналардың да жауапкер­шілі­гі. Олар өз балаларына қандай да бір шектеу белгілегені жөн» деді Д.Абаев. Оның үстіне, психологтар анықтаға­нын­дай, имандылыққа тәрбиеленген, отбасыда зорлық-зомбылыққа ұшы­ра­маған, өзіне-өзі қол жұмсауды ой­ла­маған бала ондай сайттарға кірмейді жә­не тіркелмейді екен.

Елдос СЕНБАЙ

Бөлісу:

Пікір жазу


*