Көпбалалы анаға құрмет артады

254
0
Бөлісу:

Биылғы жылы Қазақстанда зейнетақы, жәрдемақы және басқа да төлемақылар көтеріліп, халықтың аз қамтылған бөлігін қорғау күшейтіледі. Бұл туралы кеше азаматтарды әлеуметтік қамсыздандыру мәселесіне арналған қоғамдық тыңдауда жария етілді. Онда Елбасының «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: Жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Жолдауын іске асыру мақсатында әзірленген жаңа жоба талқыға тартылды. 

Іс-шараға Парламент депутаттары, сондай-ақ мем­лекеттік органдардың, Ұлттық банктің, «Ата­ме­кен» кәсіпкерлер палатасының, кәсіподақтар фе­дера­циясының, қоғамдық кеңестің, үкіметтік емес ұйымдардың, БЖЗҚ-ның және басқа да ұйым­дардың өкілдері қатысты.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау ми­нистр­лігінің түсіндіруінше, «Кейбір заңнамалық ак­тілерге әлеуметтік қамсыздандыру мәселелері бойын­ша өзгерістер мен толықтырулар енгізу ту­ралы» жаңа заңның жобасы қабыл­данған жағ­дай­да құқықтық және әлеуметтік-экономикалық теріс сал­дарға әкелмейді. Қайта елге әкелер игілігі көп: ол бойынша қазіргі қиын шақта қоғамның осал бө­лі­гі күйзеліспен жалғыз қал­дырылмай, бюд­жет­тен қосымша қолдау көреді.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-ми­нистрі С.Жақыпова «осы заң жобасы бойынша 2017 жылғы 1 шілдеден бастап зейнетақылардың мөл­шерін 2016 жылғымен салыстырғанда 20%-ға дейін арттыру көзделіп отырғанын» хабарлады.
– Сонымен бірге, биыл 1 шілдеден бастап бала ту­ған­да берілетін бір реттік жәрдемақының кө­ле­мін 20%-ға өсіру қарастырылған. Сондай-ақ жоба бойынша күрделі кезеңде ауыртпалық түсірмеу үшін жұмыс берушінің өз қызметкерлеріне 5%-дық мін­детті зейнетақы жарналарын енгізудің бұрын бел­гіленген мерзімі 2018 жылдан 2020 жылға ауыс­тырылады, – деді министрдің орынбасары.
Ол Мемлекет басшысының тап­сырмасы бойын­ша 2017-2018 жылдары рес­публикалық бюджеттен тө­ленетін зейнет­ақылардың мөлшері кезең-кезеңі­мен арттырылатынын айта келе, егжей-тег­жейіне тоқ­талды.

– Ынтымақты зейнетақының мөл­шері жыл басынан 9%-ға арттырылғанын ескере отырып, тағы 11%-ға арт­ты­рылатын болады. Базалық зейнетақының мөлшері, жыл басынан 7%-ға арт­тырылғанын ескере отырып, тағы 13%-ға арттырылады. Нәтижесінде, Ел­басының 2017 жылғы 1 қаңтардан бастап зейнетақының мөлшерін 2016 жылғы мөлшерімен салыстырғанда, 20 пайызға дейін арттыру тапсырмасының орын­далуын қамтамасыз етеміз. Зей­нетақының өсуі барлық зейнеткерлерді немесе 2 миллионнан астам адамды қамтиды, – деді Светлана Жақыпова.
Оның мәліметінше, осы өсулерді есепке алсақ, Қазақстанда ең төменгі зейнетақы мөлшері (базалық зейнетақыны қосқанда) 2016 жылғы 37 789 теңгеден 2017 жылғы 1 шілдеден бастап 45 711 теңгеге дейін ұлғаяды. Яғни, 45,7 мың теңгеден аз алатын зейнеткер болмауға тиіс. Зейнетақының орташа мөлшері (базалық зейнетақыны қоса есептегенде) 55 117 теңгеден 66 676 теңгеге дейін артады.
Мұның сыртында бала тууына байла­нысты төленетін бiржолғы мемлекеттік жәрдемақының мөлшері жыл басында 7%-ға арттырылыпты, ал 2017 жылғы 1 шіл­деден бастап тағы 20%-ға артпақ.
– 2016 жылмен салыстырғанда, биыл бұл жәрдемақы өсімі 27%-ды құрайды. Егер 2016 жылы бала тууына байланысты төленетін бiржолғы мем­лекеттік жәрдемақы бірінші, екінші, үшінші балаға 66 621 теңге болса, 2017 жылғы 1 қаңтардан бастап, ол 71 270 теңгені, ал осы жылғы 1 шілдеден бастап, 86 222 теңгені құрайтын болады, – деді вице-министр.
Мемлекет көпбалалы отбасыларды құндылық көріп, қорғауды жақсарта түсуге жол ашып отыр.
«Төртінші және одан кейінгі ба­ла­ларын туған аналарға мемлекет бұған дейін 111 035 теңге көлемінде бір реттік мемлекеттік жәрдемақы төлеп келсе, енді 2017 жылғы 1 қаңтардан бастап, оның мөлшері 118 мың теңгеге дейін жо­ға­ры­лады. 1 шілдеден бастап, бұл жәрдемақы 142 947 теңгеге жеткізіледі» деді Светлана Жақыпова.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің дерегінше, зейнетақыны және жәрдемақыны арттыру үшін рес­публикалық бюджеттен 81,6 миллиард теңге бөлінуде.

Елдос СЕНБАЙ

Бөлісу:

Пікір жазу


*