Ішкі нарықты отандық өніммен толтырамыз

150
0
Бөлісу:

Оқушылардың денсаулығына үлкен алаңдаушылық білдірген Қорғаныс және Әділет министрлері  Үкімет отырысында дабыл қақты. Б.Сағынтаевтың төрағалығымен өткен бұл жиында ауыл шаруашылығын дамытушы шаралардың жоспары бекітілді. Сондай-ақ білім берудегі ІТ жүйелер және құрылыс бойынша мемлекеттік сатып алуды қазынашылық сүйемелдеу мәселелері талқыға салынды.
Үкімет мүшелері ең алдымен, Елба­сының биылғы 14 ақпандағы Жарлы­ғымен бекітілген Агроөнеркәсіптік ке­шенді дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасын жүзеге асыру бойынша іс-шаралар жоспарын мақұл­дады. Ауыл шаруашылығы І вице-ми­нистрі Қ.Айтуғанов бағдарламаның 8 міндеті бойынша 134 іс-шара көздел­генін жеткізді.
– Жоспар аясында ішкі нарықты отан­дық өніммен толтыру және оның экспорттық әлеуетін дамыту, мемлекеттік қолдаудың қаржылық шараларын тиімді қолдану, су мен жер ресурстарын ұтымды пайдалануға жағдай жасау, ауыл шаруа­шылығы техникаларымен және химия­лық құралдармен қамтамасыз етуді арт­тыру, АӨК-ті ғылыми-технологиялық, кадрлық және ақпараттық-маркетингтік қамту жоспарлануда. 2021 жылға дейін осы шараларды іске асыруға 2,4 триллион теңге қажет. Оның ішінде, республикалық бюджет есебінен 1,2 трлн теңге, жергілікті бюджеттен 852 млрд теңге бөлінеді, – деді Қайрат Айтуғанов.
Ол аталған қаражаттың биылға керекті көлемі жақында қайта нақ­тылау бары­сында биылғы жыл бюджетінде қарас­тырылғанын хабарлады. Өз ке­зегінде қалған соманы – 306 млрд теңгені микро­қаржылық ұйымдар мен шаруа­шылық субъектілері салады деп күтілуде.


АШМ жоспар аясында 2017 жылы әрекет етуші кооперативтер санын 326-ға дейін жеткізуді жоспарлауда. Қабыл­да­натын шаралар нәтижесінде, өнді­ру­шілерді мемлекеттік қолдау шараларымен қамту 7,5 есеге ұлғайтылуға тиіс. Ми­нистрлік Елбасы қойған міндетті орындау үшін республикалық меншіктегі апатты су шаруашылығы жүйелері мен гидро­техникалық құрылыстарды қайта құру, жаңа су қоймаларын салу, суландыру жүйелерінің инфрақұрылымын қалпына келтіру шараларын іске асырып, сулан­дырылатын жер ауданын 2021 жылы
2 млн гектарға дейін жеткізбек.
Бірінші вице-министр Азық-түлік келісімшарт корпорациясының қызметін де қайта құратындарын жариялады:
– Жоспар әлеуетті экспорттық нарық­тар, бірінші кезекте Қытай, Ресей, Парсы шығанағы елдері бойынша жол картала­рын бекітуді және нысаналы тәсілдеме­лерді түзуді қарастырады. Осы мақсатта «Азық-түлік корпорациясы» қызметі қайта құрылады, ол енді тек бидай ғана емес, ауыл шаруашылығы өнім­­дерінің басқа да түрлерін экс­порттауды жүзеге асырады, – деді Қ.Ай­туғанов. Ауыл шаруа­шылығы өндіру­шілерінің экспорт­тық контрактілерін «ҚазЭкспортГарант» сақтандырады және кепілдендіреді.
Күн тәртібіндегі екінші мәселе бойын­ша Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев баяндады. Ол білім бе­рудің бар­лық қолданыстағы ақпараттық жүйелерін – Ұлттық білім беру деректері базасын, электронды күнделікті, «бұлтты бухгал­терияны» және ЖОО-лардың бірың­­ғай ақпараттық жүйесін біріктіретін 4 элек­тронды платформаны таныстырды.

Жалпы, бұл ретте ол әріптестері тара­пы­нан сынға ұшырады. Мәселен, еліміздегі бар­лық ата-аналар мен оқушылардың жеке тұл­ғаларына қатысты дербес деректер енді БҒМ мен әкімдіктер үшін қолжетімді болуы мүмкін.
– Біз өзіміздің ақпараттық жүйе­лері­міз­ді біріктіріп жатырмыз. Қазіргі жұмыс жа­сап тұрған барлық 73 жүйе 4 платформаға ақпарат жеткізетін болады. Өз кезегінде бұ­лар да өз араларында және басқа ме­мор­гандармен ақпарат алмасады. Бұл бізге не бе­реді? БҒМ осы арқылы білім беру жүй­е­сін толығымен автоматтандырады. Яғни, үй­де орындауға қандай тапсырмалар беріл­ге­нін, әрбір оқушы қандай баға алғанын, әр­бір мұғалімнің әр сабақ бойынша қандай жос­пары барлығын осы жүйеден көріп оты­рамыз. Жалғыз біздің министрлік қана емес, әкімдік те, ата-аналар да, облыстық бі­лім бөлімі де көреді, – деді Е.Сағадиев.
Ол мектептердің ішкі бухгалтериясы да осын­дай бақылауға ілігетінін қосты: «Біз – министрлік, әкімдік, мектептің қам­қор­шы­лар кеңесі әрбір мектептің әр шығынын бі­ліп отыруымыз керек. Балалар контин­ген­тін, оқушылар орнының тапшылығын, қай жерде мектеп салу қажеттілігін де анық­тап, жоспарлауға жеңіл болады. Осы­ның барлығы бірыңғай ақпараттық жүйе­ден шығады».
Осы тұста Ақпарат және коммуни­кация­лар министрі Дәурен Абаев әріпте­сі­нің баяндамасына қатысты «бірер ескерт­пе-ремарка» жасауға рұқсат сұрады.
– Біз өзекті мәліметтер алу үшін бала­лар­дың сабаққа қатысуына бақылау ен­гізуді қолдаймыз. Дегенмен бір атап өтер жайт, Қаржы министрлігі қазір мемор­ган­дар­дың «бұлтты» технологияларға негіз­дел­ген бухгалтериясын құру мәселесін пы­сық­тауда. БҒМ-ға Қаржы министрлігімен бір­­лесіп, мектептердің де «бұлтты» бух­гал­те­рия­сы жобасын пысықтауды ұсынамын. Екіншіден, біздің тексеруіміз көрсет­кен­дей, Білім және ғылым министрлігінің «ар­­­хитектурасының» қолданыстағы ин-фрақұрылымы толық шамада заңнама та­лап­тарына және жүйелерге сәйкес кел-­мей­ді. Тым тозығы жеткен жабдықтар пай­­­дала­ны­лады. Осылайша, бұзылуларға қарсы тұруы­ның төмендеуіне қатысты тәуе­келдері ар­та түседі, – деді Д.Абаев.
Ол Е.Сағадиевтің ақпараттық қауіп­сіз­дік­ті қамтамасыз ету бойынша жауап­кер­ші­лік­ті «Ұлттық ақпараттық техно­ло­гия­лар» АҚ-на жүктеу ұсынысын құп­та­май­тынын ашық айтты: «Заңнама бойынша әзірлеуші мемлекеттік орган ақпараттық қауіпсіздік үшін өзі жауапты», – деді ақпарат және ком­­­муникациялар министрі.
БҒМ-ның «Күнделік» және басқа да ақ­параттық жүйелері шетелдік, ресейлік бағ­дарламаларға негізделеді және сол жақ­тан бағдарламалық қамтамасыз етіледі екен. Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі ми­нистрі Бейбіт Атамқұлов бұл жайттың ұлт­тық қауіпсіздікке нұқсан келтіруі мүм­кін­дігін ескертті. Себебі, оларда барлық ата-аналар мен оқушылардың, яғни, Қа­зақ­стан халқының басым бөлігінің дербес де­ректері сақталады.
– Демек, бұл мәліметтердің сақталуы мә­се­лесі салмақты әрі жан-жақты ойлас­ты­рылғаны жөн. Бұл жерде басқа бір үлкен мәселе бар, ол деректерді абоненттік құ­рыл­­ғылардан ақпараттық жүйелер сер­верлеріне беру кезіндегі отандық шифрлау алгоритміне қатысты. Біз өз софтверлік өнеркәсібімізді дамытуымыз керек. Бұл жо­ба соған серпін берсе, жөн. Уәкілетті ор­г­ан ретінде біз отандық бағдарламалық өнім­дерді мейлінше, көбірек қолдануға ұсы­ным береміз. Өйткені шетелдік бағ­дар­ламалық қамтамасыз ету қауіпсіздік дең­гейін төмендетеді, сондай-ақ қорғалатын ақ­паратты толыққанды бақылауға мүм­кіндік бермейді, – деді Б.Атамқұлов.
Қорғаныс министрі С.Жасұзақов бола­шақ Отан қорғаушылардың мектеп қабыр­ға­сынан аурушаң болып шығатынына на­зар аудартты:
– Мектептерде интерактивті тақталар жә­не басқалары кеңінен енгізілді. Жақсы технологиялар. Бірақ жастарды, мектеп түлек­терін әскерге шақырғанымызда, олар­дың көбісінің көз нұрына, көру қа­білетіне қатысты проблемасы барлығы анық­талады. Сондықтан БҒМ-нан сатып ала­тын интерактивті тақталар және басқа да заманауи құралдардың сапасын арт­тыруды сұраймыз. Олар мектеп оқу­шы­ла­рының денсаулығына нұқсан келтірмеуі қа­жет, – деді Сәкен Жасұзақов.
Бұған жауап ретінде Ерлан Сағадиев ол тақ­талардың орнын басқасы басатынын біл­дірді: «Интерактивті тақталар e-Learning элек­тронды оқыту жобасы аясында сатып алын­ды. Өздері өте қымбат тұрады және тә­жірибе көрсеткеніндей, тиімді деп айту қиын. Біз биыл «видеоүштік» деп аталатын құрал­дың 11 мың данасын сатып аламыз, бұлар – проектор, экран және ком­пью­тер­ден тұрады. Компьютерді сервер ретінде пай­даланамыз, проектор мен экран бей­нетақтаны ауыстырады. Бұлар көз үшін ана­­ғұрлым қауіпсіз және бюджетке де әл­деқайда арзанға түседі», – деді ол.
Артынша сөз алған Әділет министрі Ма­рат Бекетаев тек тақтамен шектелмеуді ұсынды. Өйткені БҒМ әр мектеп үшін шкаф­тар, субұрқақ-диспенсерлер, wi-fi құрыл­ғыларын, басқаларын молынан са­тып алуға ниетті.
– Білім және ғылым министрінің бұй­рықтары бізге сараптамаға және тіркелуге кел­генде, олар бойынша сатып алынатын жабдықтардың балалар денсаулығына қаншалықты қауіпсіз екендігіне қатысты сұрақтар туындап тұрады. Ендеше, сол жабдықтардың санитарлық стандарттарға сәйкестілігіне қатысты Денсаулық сақтау министрлігінің сараптама жүргізуін де қарастырған дұрыс деп санаймын, – деді Әділет министрі.
Үкімет мүшелерінің сын-пікірлерін мұ­қият тыңдаған Премьер Бақытжан Са­ғын­таев министрге өзі ұсынған ІТ (ақпа­рат­тық технологиялар) жаңалықтарын пе­да­гогтар мен ата-аналар арасында кең тал­қыға салуды жүктеді. Сондай-ақ бұл жүйе­лердің кемшіліктерін жою шараларын қа­былдауды тапсырды.
Күн тәртібіндегі үшінші мәселе бойын­ша сөз сөйлеген қаржы министрі Бақыт Сұл­танов «көлеңкелі» экономиканы азай­ту, құрылыс барысына мониторинг жүр­гізу­ді күшейту, бюджет қаражатын оңтайлы пай­далану мақсатында өз ведомствосы ар­қылы «құрылыс бойынша мемлекеттік са­тып алуларды қазынашылық сүйемел­деу­ді енгізуді» ұсынды.
– Ұлттық статистика органдарының рес­ми мәліметтері бойынша Қазақстанда көлеңкелі экономика көлемі ІЖӨ-нің 20%-ынан кем емес. Оның басты құрамдас бө­лігінің бірі – мемлекеттік сатып алулар ке­зінде жалған кәсіпорындар көмегімен қол­ма-қол ақшаға айналдыру арқылы бюд­жет қаражатын жымқырумен байланысты қылмыстар. Бөлінген бюджет қаражатының үш­тен бір бөлігі құрылыс және сауда са­ла­ларына тиесілі. Бюджет және мемлекеттік са­тып алулар заңнамасын бұзудың басым үлесі құрылыс саласына тиесілі, – деді Б.Сұл­танов.
Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кі­рістер комитетінің дерегіне сәйкес, 2016 жы­лы 380 қылмыстық істің 115-і немесе 30,2%-ы құрылыс саласында жасалған. Бюджеттен арна тартатын миллиардтар тас­қынын өз қалтасына бұрып, байығысы ке­летіндер небір тәсілді пайдаланады: оның ішінде «құрылысқа кеткен шығыстар сметасын негізсіз арттыру, құрылыс сапа­сын төмендету, арзанқол, бірақ заңсыз жұ­мыс күшін тарту, мемлекеттік сатып алу­ларды заңнаманы бұза отырып жүргізу» бар.
Құзырлы-қадағалаушы органдардың назарынан тыс, тасада жүретін бұл қарау істерді күнгейге шығару үшін Қаржы ми­нистрлігі төл пилоттық жобасын қолға алған. Оған сәйкес, тендерлер өткізілгеннен кейін тапсырыс берушіден тауарлар мен қыз­меттердің түпкі жеткізушісіне бағыт­тал­ған ақша ағындарына Қазынашылық ко­митеті «ілесіп», қырағы қадағалап отыр­мақ. Осы мақсатта бас мердігерлердің және бірінші деңгейдегі қосалқы мердігерлердің есепшоттары қазынашылық органда ашылады.
Ел тарихында алғаш рет «супервай­зер­лер» – инжинирингтік компания қызметке тартылады, ол құрылыс сапасын бақылап қа­на қоймай, барлық шығыстардың не­гіз­ділігін де назарда ұстамақ. Б.Сұлтанов бұл те­тік­тер ең алдымен, Астанада, Ақмола жә­не Қарағанды облыстарында сынақтан өте­тінін жеткізді.
Үкімет басшысы бұл жобаны құптады жә­не жаңа тетіктің жұмыс жасауына ке­дер­гі келтіріп, іріткі салатындардың жолын қа­таң кесуді тапсырды.
– Ең басты міндет – пилоттық жобаның тиім­ді жұмыс жасауы! Мен бұған қар­сы­ласу­шылар болатынын тұспалдаймын. Пи­лоттық жоба сәтсіздікке ұшырауы, сөй­тіп ескі схемаға оралу үшін бәрін жасай­тын­дар табылады. Мұның жолын қатаң түр­де кесу керек. Бұл жобаға тартылған бар­лық адамдар тапсырмаларды нақты орын­даулары қажет. Өзіңіз де бақылауда ұстаңыз! – деп тапсырды Б.Сағынтаев қар­жы министріне.

Айхан ШӘРІП

 

Бөлісу:

Пікір жазу


*