ҰЛТТЫҚ АНИМАЦИЯ: Кадрлар қайда кетіп жатыр?

421
0
Бөлісу:

Артур КРАУС, Asia animation киностудиясының директоры:

Бәсекеге лайықты ұлттық өнім қажет екенін ұқтық

– Сөз басын сіздер түсірген «Алдар көсе» мультсериалынан бастасақ. Мультфильмді түсіру жөнінде ұсыныс кімнен түсті?
– Біздің киностудия 2002 жылы құрылды. Сол уақыттан бері 200-ден астам анимациялық фильм дайындадық. Бізде тез әрі сапалы анимациялық фильмдерді түсіру мүмкіндігі болды. Сол мүм­кіндікті пайдаланып, қазақ тіліндегі анимацияны көтеруді мақсат тұттық. Еліміздегі анимация нарығын жаулап алған Ресей және шетел өнімдеріне бәсеке болатындай ұлттық өнім қажеттігін ұғындық. Ең алғаш болып 3D форматында мультфильмдер жасай бастадық. Содан Алматы қаласының әкімдігіне тек қана қазақ тілінде анимациялық мультфильм жасау жөнінде ұсыныс жібердік. Мемлекеттік тілді дамыту хақында бұл өте ұтымды жоба болғандықтан, әкімдік қолдады. Мульт­фильмдер Алматы қаласының балабақшаларында тілді үйрену жөніндегі әдістемелік құрал ретінде қолданыла бастады. Әлі күнге дейін пайдаланылады. Біз әрбір мультфильм соңында тілді үйрету сабақтарын қостық. Яғни, әрбір фильм соңында қазақша-орысша мультфильм­нің мазмұны және негізгі сөз тіркестері түсіндіріледі.
– «Алдар көсеге» айтылған сынға қалай қарайсыз?
– Ғаламторда 100 миллионнан астам көрсетілім болған екен. Екі жыл ішінде 50 миллион рет қаралса, яғни, әр ай сайын 4 миллион халық көріп үлгерген. Телеарналар да біздің мультфильмді көрсетіп келеді. Жыл сайын біз оларға көрсету құқығын сатамыз.
– Қай жерде білім алдыңыз? Елімізде ани­маторларды даярлау мәселесі қалай?
– Мәскеудегі «Пилот» ки­ностудиясында білім алғанмын. 1990 жылдары бұл киностудия Мәскеу мэриясының қарамағында болды. Мэрияның бір құрылымы саналғандықтан,киностудия салық басқармасы, полиция сынды мемлекеттік құры­лымдарға анимациялық сериалдар түсіретін. Мемлекет тарапынан тұрақты қолдаудың арқасында студия бірнеше буын аниматорларды тәрбиеледі. Мұнда анимация мектебі болды. Кейін осы киностудиядан шыққан мамандар өздерінің жеке студияларын ашты. Қазіргі Ресей нарығындағы көптеген анимациялық мультфильмдер – осы «Пилот» киностудиясында тәрбиеленген аниматор­лардың өнімі.
Еліміздегі бірнеше жоғары оқу орындарында аниматорларды даярлайды. Егер талаптанса, аниматор болуға болады. Алайда жұмыс жоқ. Тұрақты түрде мультфильмдер дайындайтын қосымшалар да жоқ. Талантты жастар көп. Бірақ сапалы өнім шығару үшін тәжірибе жинау қажет. Жұмыс таппағандықтан, қаншама дарынды жастарымыз Ресейге, шетелге кетіп жатыр.
– Елімізде анимация нарығы бар ма? Студиялар арасында бәсеке ше?
– Қазақстанда ондай нарық жоқ. Теле­ком­паниялар отандық өнімнен гөрі, сырттан әкелінген мультфильмдерді сатып алатыны жасырын емес. Алайда бұл ақшаға отандық мультфильм жасап шығару да мүмкін емес. Мемлекеттік тапсырыс болса, жекеменшік киностудиялар соны алуға тырысады. Бұл нарық емес. Бәсеке дегеніміз – сапалы өнім өндіру үшін талас.
Алматы, Астана және басқа да қалалардың әкімдігі тарапынан жекеменшік студияларға қолдау болған абзал. Міне, сонда студиялар дамиды, жақсы мамандар да шығады.
Бізде мемлекет тарапынан анимация саласын қолдауға арналған нақты жүйе жоқ. Тіпті анимация тұрмақ, көркемфильмдердің өзі осындай жағдай кешіп отыр. Мәселен, «Қазақфильм» ки­ностудиясында анимациялық фильмдер деректі фильмдер, көркемфильмдер сияқты бір кезекте тұрып, қаржылық қолдауды күтеді. Меніңше, анимациялық фильмдер даярлайтын топтар көп болу керек. Тұрақты түрде мемлекет оларды қолдап отырса, сонда нәтиже шығады. Мысалға, қуыршақ театры, би ансамбльдері сияқты әр қалада анимациялық топ құрылып, мемлекет қамқор­лығына алынса құба-құп.
Мультипликация маманы болғандықтан ғана осындай ұсыныстар айтып тұрған жоқпын. Бұл – бүгінгі заманның талабы. Айтар болсақ, кез келген оқулықты, инфографиканы алсақ, барлық жерде анимация қажет десем артық емес. Кейбір есептер мен жұмбақтарды шешуде анимациялық құралдарды пайдалану қажет. Ресей жыл сайын қаншама анимациялық оқыту бағдарламалары мен сериалдарын дайындайтынын көріп отырмыз. Бізде Ресейдегідей қолдау болса, отандық анимацияда ілгерілеу болары анық. Мұнда бірінші кезекте мемлекет тарапынан қолдауға мұқтажбыз деп отырғаным да бекер емес. Қазақстанда 17 миллионнан астам ғана халық тұрады. Бұл Ресейден он есе аз. Сондықтан жекеменшік студиялардың анимациялық өнімді өз есебінен жасауға аса құлқы жоқ. Себебі, анимацияға жұмсалған қаржы бірден қайтарылмайды. Ал жекеменшік иесіне бұл тиімсіз.
Кез келген мемлекет үшін халықтың бір көзқарас ұстанып, бір мүддеге қызмет етуі маңызды. Осы тұрғыдан келгенде анимация – үлкен идеология мен тәрбие құралы. Мәселен, те­леарналар ресейлік өнімдерді көп шығарса, халық та ресейлік көзқараспен қарайды. Сондықтан отандық өнімді шығаруға мән беру аса маңызды. Қазіргі таңда ресейлік өнім біздің нарықты жаулап алды. Мәселен, телеарналар ресейлік сериалды 100 АҚШ долларына сатып алды делік, біздің өнімді де сондай бағаға алуына болады. Ресейдің өнімді тарату ауқымы кең екенін ұмытпаған жөн. Ал біз қазақстандық өнімді Ресейге өт­кізе ал­май­­ты­ны­мыз­ды ес­кер­ген абзал. «Алдар көсені» ресейлік ауди­торияға өткізіп көрдік. Олар бұл өнім тек Қазақстан үшін болған­дықтан, оларға қызық бол­майтынын алға тартты. Ал шын мәнінде Ресейде қаншама қазақтар мен түркітілдес халықтар тұрады.
– Жаңа жобаларыңыз бар ма?
– Негізі бірнеше жобамен айналысып жатырмыз. Алдағы уақытта «Алдар көсе бүгінгі заманда» деген жобаны қолға алмақпыз. Сонымен бірге түрлі қосымшалар дайындаймыз. Балаларға арналған қазақ тіліндегі «Ертегілер» қосымшасын дайын­дадық. Алайда ол аса көп жүктелмеді, танымал болмады.
«Меломен» мен біздің студиямыздың youtube арналары қатар келе жатқанын байқау қиын емес. Біздің кейбір бейнетаспаларымыз көп көрсетілім жинайды.


Нұрбақыт НАМАЗБЕКОВ, Т.Қ.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер акаде­миясы «Кино және телевизия» факультетінің доценті:

Мемлекет тарапынан қолдау қажет

– «Кино және телевизия» факультетінде «Анимация режиссурасы» кафедрасы бар. Сол мамандыққа мемлекеттік грант есебінен жыл сайын 6 түлекті қабылдаймыз. Ал ақылы бөлімге шамамен 4-5 түлек түседі. Ақылы оқу бөліміне түсу үшін арнайы суретшілік мектепті не колледжді бітіру қажет. Ал арнайы білім болмаған жағдайда ақылы даярлық курсынан өтулері керек. Биылғы жылдың соңына дейін «Қазақфильм» киностудиясы толықметражды фильм түсірейін деп жатыр. Біздің барлық түлектер қазір сол жерде жиналып, жұмысын бастап кетті. Дегенмен оқу бітірген түлектердің көпшілігі анимация саласына бара бермейді. Себебі, одан тұрақты жұмыс табу қиын. Сондықтан біздің түлектеріміз әртүрлі салада, атап айтқанда, телефондарға қосымшалар дайындау, жарнама, телеарналарға арнайы эффектілер, бейнероликтер дайындау сынды жұмыстармен айналысады.
«Анимация режиссурасы» мамандығы студентке көп мүмкіндіктер береді. Біздің түлектер 3D анимацияны да меңгеріп шығады. Қазір смарт­фондарға арналған қосымшалар да анимацияны қажет етеді. Сондықтан түлектеріміз жекеменшік анимациялық студияларда қызмет етіп, осындай бағдарламаларға анимация дайындап жүр. Биыл жаңа айтып кеткенімдей, «Қазақфильм» бірнеше анимациялық жобаны дайындауға кірісті. Соған біздің түлектеріміз араласуда. Сондықтан мемлекет тарапынан анимациялық фильмдер дайындау жоспар бойынша болса, әрине, біздің жастар жұмысын жалғастырып, қарым-қабілеттерін дамыта түсетіні анық. 3D технология жыл сайын жаңарып отырады. Соған ілесу үшін жас аниматорлар үнемі жаңа жобалар дайындауға араласып, көштен қалмауы керек. Жаңа мульт­фильмдер жыл сайын тұрақты түрде түсірілсе, аниматорлар көп нәрсені меңгеретін еді. Ал бізде үзілістер көп болады. Соның салдарынан жастар жаңа технологияның жаңалық­тарынан қалып жатады. Мемлекет тарапынан қолдау қажет.
Қазір студенттеріміз Германияның Гете уни­верситетімен бірлесіп, «ЭКСПО – 2017» көрмесіне бір жоба дайындауда. «Энергия болашағы» тақы­рыбына қысқа сюжеттер даярлауда. Сондай-ақ жекеменшік студиялар да бұл жобаға араласып, жұмыс істеуде.
Негізінен, анимацияға ба­ла­ларды жастайынан бау­лыған жөн. Ресейдің анимациялық студиялары мектептерде арнайы курс та оқытады. Түлектеріміз осыны қолға алды. Осы мәселені дамыту қажет.
Анимация – елімізде енді дамып келе жатқан жас сала екенін айта кеткен жөн. Өткен жылы ҚР Кинематографистер одағымен бірлесіп, Әмен Қайдаровтың «Қарлығаштың құйрығы неге айыр?» мультфильмінің шыққанына 50 жыл толуына орай «Қарлығаш» атты І фестиваль өткіздік. Фестиваль барысында республика бойынша мектептерде дайындалған ең үздік анимациялық фильмдер байқауы өтті. Үздіктерін таңдап, марапат­тадық. Мұндағы мақсат – мектеп оқушысының анимация саласына қызығушылығын ояту, мультфильм дайындауға тар­ту. Бұл бір жағынан оқушылар үшін үлкен мүм­кіндіктерге жол ашады. Сондай-ақ, Әмен Қайдаров жасаған фильмдерді көрсетеміз, насихаттаймыз. Бұл ұлттық анимацияны дамытуға серпін беретіні анық. Биыл да мамыр айында фестиваль жалғасады.

Ерден ЗІКІБАЙ, аниматор:

Анимациялық студияларды топтастыру жағы шешілсе…

– Білуімізше, оқу бітірген жас аниматорлардың басым көпшілігі жарнама, қосымшалар жасау сынды өзге салаларда жүр. Мұның себебі неде?
– Анимация техникалық жағынан бірнеше түрге бөлінеді. Екі өлшемді 2D және үш өлшемді 3D деген түрлері бар. Маманның сол өлшемдерді қаншалықты меңгеруіне байланысты жұмыс та табады. Мәселен, ең соңғы дамыған жаңа технология 3D өлшемін білетіндер кемде-кем. 3D анимация түрінен Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясында екі жылдай сабақ бергенмін. Қазір кино мектебінде сабақ беремін.
Бүгінгі таңда аниматорларға сұраныс бар. Талантты, талапты жастар да аз емес. Бізде көкейкестілігін жоғалтпай отырған мәселе – жақсы студиялардың аздығы. Жақсы студияда еңбек жолын бастаған жас көп тәжірибе жинақтайтыны анық. Алайда ондай студиялар аз болғандықтан, жас аниматорлардың көпшілігі әртүрлі жобаларда, жарнамада және тағы да басқа салаларда қызмет етіп жүр. Сол себепті, тұрақты жұмыс табу да қиын.
– Жас аниматорларды тәрбиелеуде, сапалы анимация дайындауда мемлекет қамқорлығына қаншалықты зәруміз?
– Мемлекеттік қамқорлық аса маңызды емес. Бұл Кеңес одағынан қалған патерналистік көзқарас қалдығы. Мәселен, Голливудтағы басты дүние – сапалы және өтімді дүние жасауды мақсат етеді. Ал шығарған өнімі халық көңілінен шығып жатса, әлбетте ол оған жұмсалған қаражатты ақтап алады. Елімізде сапалы анима­циялық фильмдерге сұраныс өте жо­ғары. Кез келген жас баланың қолына планшет не смартфон алып, мульт­фильмді аса үлкен қызығушылықпен көретіні жасырын емес. Мультфильм – бұл үлкен тәрбие мен идеология құралы екенін ұмытпаған абзал. Бұл дегеніміз біздің халық сапалы өнімді сатып алуға әрдайым дайын. Сон­дықтан мәселені сападан бастау қажет. Бізде аниматорларды топтас­тырып бір бағытқа ұйым­дастыру жағы кемшін түсіп отыр. Осы орайда айтар ұсынысым, студиялардың дайындайтын фильмдерінің барлығы тәрбиелік, мағыналық жағынан, яғни, сценарий­лерінің сапалы болуын назарға алатын ұйымдастырушылық топ құрылса құба-құп. Мәселен, кезінде Уолт Дисней керемет туын­дыларды дүниеге әкеліп, өнер мен бизнесті қатар алып жүрді. Нәтижесінде, оның туындылары көпшілік көңілінен шықты, өз-өзін ақтап табыс та әкелді. Сондықтан бізде мульт­фильмдердің көр­кемдік жағы, мағынасы назарға алынып, бизнестік көзқарас тарапынан сапалы да сұранысқа ие болатын өнім шығаруды мақсат тұтқан топтар қажет-ақ. Кино техникалық тұрғыда жоғары деңгейде дайындал­ғанымен, сценарийі әлсіз болса көрерменді өзіне тарта алмайтыны анық.
– Сіздің АҚШ-та білім алғаныңызды білеміз. Анимация саласында шетелден тәжірибе жинау міндетті ме?
– Меніңше, еліміздегі анимацияны оқытатын мектептердің деңгейін күшейту қажет. АҚШ-та білім алу барысында түйгенім, барлығы жас маманның еңбекқорлығына, талаптылығына байланысты. Сондықтан бұл жерде шетелде тәжірибе алмасу аса маңызды емес. Анимация сөзсіз, тынымсыз еңбекпен туатын өнер саласы. Мамандарды оқытуда жүйелілік керек. Содан кейін анимация заман ауанына қарай күнделікті жаңарып, түрлі қосым­шалармен толығып отыратын сала болғандықтан, кез келген маман үнемі ізденуі тиіс. Сондықтан әлемдік жаңа трендтерді меңгеру үшін ағылшын тілін білуі қажет. Студенттерге де ағылшын тілін білсеңдер, компьютерлік анимацияның бағдар­ламаларын тез түсініп, күнделікті youtube желісі арқылы білімін толықтырып отыра алатындарын үнемі айтып отырамын.
Кәсіпқой мамандар бар. Жастарды тәрбиелеуде соларды шеберлік сағаттарына шақыруға болады. Ресейлік аниматорлармен skype арқылы онлайн шеберлік сағаттарын өткізсе, қандай ғанибет?!
– Елімізде анимациялық нарық бар ма? Бизнес көзіне айналдырып, одан пайда табу қаншалықты тиімді?
– Шетелдерде бір студияда 20 шақты адам бір жұмысты тез уақыт ішінде орындап шығады. Яғни, кәсіпқой мамандардан құралған топтар бар. Бізде топпен жұмыс істеу қалып­таспағандықтан, шетелмен бәсекеге түсу қиын екенін аңғару қиын емес. Иә, техникалық тұрғыда үйренетін, жетілдіретін тұстарымыз көп. Дегенмен біздің аниматорлардың артық­шылықтары да бар. Біздің аниматорлардың қайсысын алсақ та, қазақтың ұлттық дүни­е­танымынан хабардар. Ал бұл дегеніміз – ұлттық анимация жасауда аса қажет дүние. Осыны ұтымды пайдалана білсек болғаны.
Анимацияны бизнес саласына айналдыра алмаудың себебі, бұл үлкен еңбекті қажет етеді. Яғни, бір жылда сіз кино сияқты 1-2 толық­метражды фильм жасай алмайсыз. Оған бірнеше жыл кетеді. Дегенмен аниматорлар бүгінгі заманның жаңа технологияларын барынша тиімді пайдалану қажет. Мәселен, қазір youtube желісінде арнасын ашып, өзінің дүниелерін халыққа танытып, содан ақша тауып жүргендер аз емес. Бұл ұлттық анимацияны халыққа таныстырудың тағы бір құралы. Өткен жылы youtube желісіндегі елімізде ең танымал деген 10 бейнетаспаның тізімі жарияланды. Сол тізімнің басым көпшілігі анимациялық бейнероликтер екен. Бұдан біз анимация нарығы бірте-бірте дамып келе жатқанын ұғындық. Сұраныс бар, ендігі мақсат – сапалы дүние жасау.


Тізгін қағар:
Бала біткеннің жиі назарын аударатыны – көгілдір экран. Онда да Голливуд өнімі. Голливудтен ресейлік өнімдер де қалысар емес. Бір «Маша мен аюдың» өзі қазақ көрерменін жаулап алғаны қашан? Тілі былдырлап жаңа шыққан сәбидің өзі «Маша мен аюды» көрсе, тапжылмай экранға үңіліп отырғаны. Түсінбесе де, қимыл-қозғалысы, іс-әрекеті көңілін аулайтыны анық.
Елімізде жыл сайын 3-4 мултфильм түсіріледі деп жоспарланғанымен, ары кетсе, эфирге жолдама алатыны бірен-саран ғана. Қазақ хандығының 550 жылдығына орай түсірілген «Қазақ елінің» өзі өткен жылы ғана экранға жолдама алды. Бәз-баяғы мультфильмдер ғана көңілге демеу, жүрекке жұбаныш. Әмен Қайдаровтың «Қарлығаштың құйрығы неге айыр?» мультфильмінен кейінгі орында Қайырғали Қасымовтың «Құйыршығы» тұр. Оның өзінің жарыққа шыққанына он-он бес жылдың жүзі болды. Шымкенттегі «Жебе» студиясы түсірген бірлі-жарым мультфильмдер бар. Одан бөлек «Қошқар мен текені» айтатынымыз анық. «Сақ» студиясы болмаса, қазақ анимациясы туралы әңгіме айтудың өзі ұят секілді.
Отандық мультфильм десе, қазақ анимация­сының атасы Әмен Қайдаровтың атын еске аламыз. Қайырғали Қасымовтың есімі оқта-текте айтылып қалады. «Сақ» студиясындағы аниматор жігіттердің өнімін тамашалаймыз. Басқа кім бар? Қазақ мультфильмі неге көшке ілесе алмай отыр? Қазақ баласы неге өзге елдің мульфильміне тамсанып жүр? Етек-жеңімізді жиып, еңселі ел атанған шағы­мызда қазақ баласының сұранысын қанағат­тандыратын мультфильм тудыра алмауымызға не кедергі? Әлде осы саланың «ыстық-суығына» шыдай алатын аниматор мамандар жоқ па?Ресей жылына екі жүзге жуық анимациялық фильмдер түсіреді екен. Біз ше? Біздің елімізде ауыз толтырып айтатындай дүние неге жоқ? Әрі бұл салада бәсекенің де ауылы алыс секілді.
Әнебір жылдары Asia animation киностудиясы Алматы қалалық Тілдерді дамыту, мұрағаттар және құжаттама басқармасымен бірлесе отырып, «Алдар көсе» мультфильмін түсірген. 82 сериядан тұратын анимациялық фильмді түсірген Артур және Игорь Краус атты ағайынды жігіттер. Олар «Алдар көседен» бөлек, «Қобыланды батыр», «Алпамыс батыр» және т.б. қазақтың лиро-эпостық жыр­ларының негізінде бірқатар мультфильмдерді дүниеге әкелді. Алайда ол фильмдердің дені көпшілікке жете қойған жоқ. Есесіне, көгілдір экран голливудтық, ресейлік өнімдерді жиі насихаттауға мәжбүр. Бұл мультфильмдердің орнын толтыратын лайықты өнім жоқтың қасы. Бүгінгі анимация саласында жүрген мамандардың пікірі осыған саяды. Сонда біздегі аниматор мамандар қайда жүр? Олар немен айналысады? Қателеспесек, елімізде аниматор мамандарын дайындайтын бірнеше жоғары оқу орны бар. Оның негізгісі – Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясы. Жыл сайын ол академияны кем дегенде үш-төрт бала бітіріп шығады. Дипломы бар дайын мамандар қайда кетіп жатыр?


Тізгін тартар:

Анимация саласының кешеуілдеуінің сыры – нарыққа бейімделмеуінде. Кез келген сапалы өнім пайда таба алады. Біздегі студиялардың көпшілігі, нарықты көздемейді. Тағы бір кем дүние, қазақ аниматорларының өнімін білмейтін, оны естіп-көрмеген бүлдіршіндер көбейді. Осыған қарап-ақ, отандық мультипликацияның халін аңғаруға болады. Елдің кемелді келешегі жайлы сөз қозғағанда, қазақ балаларының тағдыры туралы да ойланғанымыз дұрыс-ау. Өскелең ұрпақтың саналы тәрбиесі ұлттық мультфильмдердің дамуымен де тікелей байланысты. Бүгінгі мультипликация – қазақ баласының пайдаланатын әдіс-құралы. Ал мына аяң жүріспен саналы ұрпақ тәрбиелей алуымыз екіталай дүние…

 

 Гүлзина БЕКТАС, Ақбота ИСЛӘМБЕК

Бөлісу:

Пікір жазу


*