Өңірлерге спортшылар тартуда еркіндік берілді

443
0
Бөлісу:

Мәжілісте  спорт тақырыбы «үстемдік» етті. Нұрлан Нығматулиннің төрағалығымен өткен палатаның жалпы отырысында спорт мәселелері бойынша қолданыстағы заңнаманы түзететін жаңа заң жобасы бірінші оқылымда қабылданды. Сондай-ақ қалаулылар қатары осы күні сайыпқыран спортшымен толықты. 

Жиынды ашқан спикер Нұрлан Нығматулин Олимпиада чемпионы Серік Сәпиевтің Мәжіліс депутаты болып сайлануымен бүкіл палата атынан құттықтады. Атақты боксшы, Вэл Баркер кубогының иегері «Нұр Отанның» партиялық тізімі бойынша депутаттық корпус құрамына қосылып отыр. Мәжіліс төрағасы оған парламенттік қызметінде табысқа жетуіне тілектестік білдірді.
Күн тәртібі бойынша қалаулылар денешынықтыру және спорт мәселелері бойынша заңнамаға түзетулерді қарады және құптады. Ол осы саладағы қаржыландыру жүйесін жетілдіруді қарастырады. Тиісінше, қолданыстағы салалық заң мен Бюджет кодексіне өзгерістер енгізіледі. Бұл ретте Ұлттық олимпиялық комитет денешынықтыру және спорт саласында мемлекеттік тапсырыстарға қатысу және алу құқығын иеленеді.
Сондай-ақ бюджет қаржыларын бөлу кезінде спорт түрлерін санаттарға бөлу критерийлері есепке алынатын болады. Мәселен, Олимпиада, чемпионат және басқа да ірі жаһандық жарыстарда ел қоржынына мол медаль салып, елдің спорттық жетістіктерін еселейтін спорт түрлеріне көбірек қаржы бағытталады. Сонымен бірге, ұлттық спорт ойындарына да баса көңіл бөлінеді. Қаржыландыру кезінде бұлар сыртында, кадрлық әлеуеттің және материалдық-техникалық базаның бар болуы, спорт түрі ерекшеліктерінің еліміздің қандай да бір өңіріндегі климаттық жағдайларға жақын не алшақ болуы да ескеріледі екен.
Тиісінше, уәкілетті органның құзыреті басымдықты спорт түрлерінің рейтингін құру ережелерін және тізімін әзірлеу мен бекіту бойынша функциялармен толығады.
Жергілікті атқарушы органдарға өздеріне берілген әкімшілік-аумақтық бірлік аумағында спортты мүгедектер арасында да дамытуды қамтамасыз ету бойынша функциялар беріледі. Сондай-ақ әкімдіктер спорт түрлері бойынша Қазақстанның құрама командалары құрамына кіретін спортшылар мен олардың жаттықтырушыларына ай сайын ақшалай төленетін төлемнің көлемін де өз беттерінше бекіте алатын болады. Яғни, спортқа көбірек көңіл бөлетін өңірлердің жарыстарда олжа салар жеңімпаз спортшыларды жақсы қолдаумен қызықтырып, өздеріне тартуға мүмкіндігі бар.
Осы күні «Нұр Отан» фракциясының мүшесі С.Ахметов Премьер-министр
Бақытжан Сағынтаевқа депутаттық сауал жолдады. Онда ол Астананы газдандыру мәселесін көтерді. Қазір бұл жоба Үкіметтің шешімімен белгісіз мерзімге тоқтатылды. Депутат бұл жобаны қайта жаңғырту жолын табуды сұрайды.

Елдос СЕНБАЙ

Бөлісу:

Пікір жазу


*