Тарихи шешім

466
0
Бөлісу:

 Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен Парламент палаталарының бірлескен отырысы өтті. Бұл жиын ел тарихына кірері сөзсіз. Себебі, Ата заңға түзетулер енгізетін заң жобасы қаралды. Өз сөзінде Елбасы Конституцияға өзгерістер енгізу арқылы жүзеге асырылатын саяси рефор­малардың басты факторлары мен аспектілерін атап көрсетті.

Нұрсұлтан Назарбаев еліміздің негізгі заңына енгізуге ұсынылған өзгерістердің жобасын әзірлеу үде­рісіне жеке тоқталып, оны талқы­лау барысында жариялылық қам­тамасыз етілгенін айтты.
– Менің Жарлығыммен әзір­лен­ген конституциялық рефор­малар жобасы бір ай бойы өткен бүкілхалықтық қызу талқылауға салынды. Әр адам ұсыныс беру құқығына ие болды. Бәріміз заң жобасын талқылау бұқаралық сипат алып қана қоймай, сонымен бірге, сапалы дәрежеде жүргенін көріп отырдық, – деді Президент.
Ол «кеңесіп шешкен шешімнің кемі болмас» деген ел даналығын еске сала келе, халықтан жұмыс тобына Конституция баптарының үштен екісін және оның барлық бөлімін қамтитын 6 мың ұсыныс келіп түскенін жеткізді. «Бұл пікір­лер бізде әлі де көптеген түйіні тарқамаған түйткілдер бар екенін анық көрсетті. Ұсыныстар ішінен Конституцияға керек баптар қа­был­данды. Оның сыртында көп­теген ұсыныстар заңдарға түзету­лер түрінде де өмірге жолдама алады. Онымен кейінірек Үкімет және Парламент айналысады. Сонымен қатар бүкілхалықтық талқылау алдағы жұмыстардың қандай болуы керектігін де ай­қындап берді» деді Н.Назарбаев.
Мемлекет басшысы «Мемле­кеттік билік тармақтары арасында өкілеттіктерді қайта бөлу мәселе­лері жөніндегі жұмыс тобы» ат­қарған жұмыстың қорытындысын жариялай келе, қоғамдық пікір­талас туғызған Конституцияның 26-бабына қатысты өзгерістерді халықтың кей бөлігінің әрқалай түсінгеніне назар аудартты.
– Бүкіл конституциялық ре­фор­ма қоғамымызды біріктіре тү­суге ба­ғыт­талады. Әйткенмен, Ата заң­ның 26-бабын талқылау ба­рысында қолдаумен қатар, қайшы­лықтар да көрінді. Конституцияны қабылдауда елдің пікірі бір, ымыра болуы, ол ортақ мақсаттарға жұ­мылдыруы ке­рек. Сондықтан мен 26-бапты бұ­рынғы редакцияда қал­дыруды ұсы­намын. Жалпыұлт­тық талқылаудан өтке­нін ескерсек, бұл заң жобасын Қа­зақстан хал­қы­ның ортақ ұста­нымы деп байып­тауға болады. Ха­лық өз сөзін айтты. Сол арқылы мем­лекеттік би­ліктің жаң­ғы­руын қол­дады, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Елбасы бұл өзгерістерді заман­ның өзі талап етіп отырғанын және оның жаһандық сын-қатер­лерге Қазақстанның жауабы бо­латынын мәлімдеді:
– Біз конституциялық рефор­ма арқылы билік тармақтары мен олар­дың деңгейлері арасындағы өкілеттіктерді барынша тиімді етіп, қайта бөлеміз. Осының бәрі жаһан­дық және өңірлік сын-қатерлерге уақытылы жауап беріп, алдын алу үшін жасалуда. Ол Ата заңға бұған дейін енгізілген өзге­ріс­терден әлдеқайда маңызды және ауқымды деп санаймын. Сол себепті, бұл тарихи шешім ел да­муы­ның жаңа парағын ашқалы тұр!
Сөзін әрі сабақтаған Мемлекет басшысы елді саяси жаңғыртудың жекелеген кезеңдеріне назар ау­дара келе, қазіргі реформалар­дың ерек­шелігін атап өтті:
– Біріншіден, жаңа заң Пар­ламенттің мемлекеттік істердегі, соның ішінде Үкіметті жасақтау­дағы рөлін айтарлықтай күшейте­ді. Екіншіден, Үкіметтің дербестігі артады, оған экономиканы тікелей басқару жөніндегі өкілеттіктер беріледі. Үшіншіден, құқық қорғау және сот жүйесінің конституция­лық негізі жаңғыртылады. Заңдар­дың сақталуын жоғары деңгейде бақылау, сотта мемлекет мүддесін қорғау жайын қарастыратын прокуратура қызметінің базалық негіздері қаланады. Төртіншіден, конституциялық бақылау жүйесі нығая түседі. Бесіншіден, тәуел­сіздігіміздің, біртұтастығымыздың, аумақтық тұтастық пен басқару нысанының өзгермейтініне конс­ти­туциялық деңгейде берілетін кепілдік бекітіледі, – деді Елбасы.
Мемлекет басшысы биліктің барлық тармағының жоғары кә­сібилігін, олардың жауапкершілік арқалап, шешім қабылдай алатын қабілетін атап өтті. Бұдан бөлек, Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан­ның президенттік басқару жолы­нан бұлтармайтынына, жүргізіліп жатқан реформалардың мемлекет пен қоғамды одан әрі жаңғырту үшін саяси жағдайлар жасауға бағдарланғанына сендірді.
– Бір айқын мәселе, Қазақ­станның өзіне тән саяси моделі, яғни тұрақты президенттік билік сақталады. Сонымен бірге, Пар­ламент пен Үкіметтің өкілеттіктері де неғұрлым көбейіп, олардың рөлі арта түседі. Өз тәжірибеме сүйене отырып айтайын: өкі­лет­тік­терді тиімді қолданудың өзі – асқан өнер! Біз сырттың сынының бәрін шын көрмей, көзсіз ермей, өз халқымызға не керек – соны ескеріп, сол жол­мен жүруіміз керек. Ең дұрыс жол да – осы! Бұл қажырлы еңбек пен күнделікті ыждағаттылықты талап етеді, – деді ол.
Қазақстан Көшбасшысы «сая­си жаңғырудың» «технологиялық жаңғырумен» қатар жүруін «ай­рықша маңызды» деп баса айтты:
– Олар бірін-бірі күшейте, то­лық­тыра түсуі қажет. Консти­туция­лық реформа бес саладан тұратын Ұлт жоспары мен жақын­да жария­ланған үшінші жаңғыру­мен қатар жүзеге асырылуы қажет. Олар бір-біріне жалғасып жатады. Жолдауда айтылған жаңа міндет­тер заң шыға­рушы және атқарушы органдарға айрықша жауапкер­шілік жүктейді. Жаңа жаһандық жағдайда мемле­кет­тің стратегия­лық бағдары өзгер­мейді. Біздің межеміз – даму көші­нің басындағы 30 елдің қатарында болу! – деді Елбасы.
Бұл ретте, оның байламынша, Парламент пен Үкіметтің өкілет­тік­терін кеңейту – ел экономи­касының үшінші жаңғыруының мақсаттарына тиімдірек қол жет­кізуге септігін тигізетін болады.
Сөз соңында Парламент депу­таттарына қайырылған Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев оларға заң жобасын белгіленген барлық рәсім­дерді сақтай отырып, қарас­тыру жөнінде ұсыныс білдірді.
Бірлескен отырыста жұмыс тобы мүшелеріне сұрақ беру рәсімі аяқ­тал­ған соң, жарыссөз бастал­ды. Оның барысында қос палата қалау­лылары сөз алып, өз ойларын ортаға салды.
Атап айтқанда, «Қазақстанның негізін қалаушы Тұңғыш Прези­дент­тің айрықша мәртебесі мен баға жетпес рөлін бекіту» туралы депутат­тық бастама жария етілді. Ол бойын­ша Конституцияның 91-бабының 2-тармағында еліміз­дің мызғымас құндылықтары қа­тарына «Елбасы Н.Назарбаевтың мәртебесін, қағи­дат­тары мен жаңа­руларын енгізу» ұсынылып отыр.
Өз сөзінде сенатор А.Бейсен­баев та Қазақстан Көшбасшы­сы­ның елге сіңірген ерен еңбегін шола кетті.
– Әлем тарихында заманынан озық туған, елінің дамуын өзгер­тіп, қуатты мемлекет ретінде әлем­дік аренаға шығарған санаулы ғана саяси қайраткер бар. Олардың қатарында алақандай Сингапурды әлем алыбына айналдырған Ли Куань Ю, жаңа Франция негізін қалаған Шарль де Голль, жаңа Түрік елін танытқан Ататүрік. Еге­мен­дігіміздің шаңырағын көтер­ген, Тәуелсіз елімізді күллі әлемге мойындатқан, жаңа қазақ мемле­кетінің архитекторы – Нұрсұлтан Назарбаев. Сондықтан Елбасы­мыздың тарихи рөлін Конститу­цияда бекіту туралы ұсынысты қолдаймын! – деді ол.
Мәжілістегі «Ақ жол» партия­сының және парламенттік фрак­циясының жетекшісі А.Перуашев та өз сөзінде Қазақстан Көшбас­шы­сының ерен еңбегін және мақсат­кер­лігін атап көрсетті және Консти­туцияда Тұңғыш Прези­денттің мәртебесі мен айрықша рөлін бекі­туді өз партиясының қуаттайтынын мәлім етті.
«Халықтық коммунистер» фрак­циясының өкілі, Мәжіліс депутаты Ж.Ахметбеков те Елбасы ерекше мәртебесінің Ата заңда көрініс табуын өз партиясының құптайтынын жеткізді.
Сенатор Д.Кәлетаев: «Тұңғыш Президенттің тарихи рөлін Конс­титуцияда нақты көрсету туралы ұсыныс көптен бері айтылып жүр. Бұл ұсыныс шешімін тапса, Елба­сының тұлғасына, еңбегіне беріл­ген тарихи, әділетті баға болар еді деп ойлаймын!» деді.
Сенат пен Мәжіліс депутатта­ры ұсынған осы және басқа да түзе­ту­лер екінші оқылым аясында қа­ра­лады. Конституцияға өзгеріс­тер мен толықтырулар енгізетін жаңа заң жобасын Парламент 2-оқы­лым­­­да 6 наурызда қарайтын бо­лады.

 

Айхан ШӘРІП

 

Бөлісу:

Пікір жазу


*