Ұлттың ұлағатты ұстанымы

486
0
Бөлісу:

 Парламент палаталарының бірлескен отырысында Мемлекет басшысынан кейін сөз алған Президент әкімшілігінің басшысы – Мемлекеттік билік тармақтары арасында өкі­лет­тік­терді қайта бөлу мәселелері жө­нін­дегі жұмыс тобының жетекшісі Ә.Жақсыбеков «ҚР Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңының жобасында ұсынылып отырған өзгерістердің мән-жайын Парламент депутаттарына түсіндіріп берді.  
Оның айтуынша, Мемлекет басшысы Парламент қарауына тап­сырған заң жобасында «аза­маттардың көпшілігі қол­дайтын ұсыныстар ескеріліпті».
– Үкіметті қалыптастыру кезінде Мәжілістің рө­лін кеңейту, сондай-ақ Пар­ламенттің Үкімет пен оның мүшелерінің қызметін бақылау өкілеттіктерін күшейту ұсы­нылады. Халыққа үндеуінде Мемлекет басшысы биліктің барлық тармағы тиімді әрі жауапты жұмыс жасауы үшін, сондай-ақ олардың арасында тиісті теңгерім мен қарсы салмақтарды құру үшін осындай қадамға барып отырғанымызды атап көрсетті, – деді Әділбек Жақсыбеков.
Ұсынылып отырған конс­титуциялық өзгерістер Парламент­тің рөлін арттыруға бағытталады. Осы орайда Үкімет құрамын қалыптастырудың келесі тәртібі көзделіп отыр: Премьер-министр Пар­ламент Мәжілісімен кеңескен соң, Мемлекет басшысының аты­на Үкімет мүшелерінің кандидату­ралары туралы ұсыныс енгізеді. Елең еткізгені сол, заң жобасы бойынша Президент тек екі министрді ғана өзі тағайындай алады екен.
«Тек Сыртқы істер және Қорғаныс министрлерін ға­на Президент өз бетінше та­ғайын­дайды» деді Президент Әкімшілігінің басшысы. Рас, кейбір депутаттар осы тұрғыда заң жобасына төл өзгерістерін қосып, Ішкі істер министрін де Президент-Жоғарғы бас қолбасшы дербес тағайындайтын норма енгізбек ниетте. Себебі, Ұлттық ұлан әскерлері осы ведомствоға қарайтыны мәлім.
Тағы бір тұғырлы өзгеріс бар: Үкімет енді жаңадан сай­­ланған Қазақстан Пре­зидентінің алдында емес, жаңа­дан сайланған Парламент Мәжілісінің алдында өз өкілеттігін доғарады.
«Билік тармақтарының тиім­ділігін арттыру мақсатында Үкі­меттің Парламент палата­ларына есептілігі және со­лар тарапынан бақылауға алынуы тетіктері кү­шейтіледі. Конституцияның 64-бабының 2-тармағында Үкімет өз қызметінде Пре­зидент және Парламент алдында жауапты деп бекіту ұсынылады. Конс­титуцияның 67-бабының 4-тармақшасының жаңа ре­дакциясына сәйкес, Премьер-министр Үкімет қыз­метінің негізгі бағыттары және аса маңызды шешімдері туралы тек Президентке ғана емес, сондай-ақ Парламенттің қос палатасына да баяндауға міндеттеледі.
Ә.Жақсыбеков тағы бір принципті жайтқа тоқталды. Ата заңның 57-бабының қолданыстағы 6-тармақшасы бойынша Мәжіліс не Сенат қандай да бір министрдің есебі ұнамаса, көпшілік дауыспен сол Үкімет мүшесін қызметтен босату туралы Президентке өтініш жасай алады. Бірақ өз кезегінде бұған Мемлекет басшысы қарсылық білдіріп, вето қойып тастауы мүмкін. Ондай жағдайда бұл мәселеге тек жарты жылдан кейін орала алады.
Ал конституциялық ре­форма нәтижесінде, бұл бап түбегейлі түрде өзгеруде. Жаңа заң жобасына сәйкес, министрдің өз қызметіндегі есебін тыңдау қорытындысында, Мәжіліс не Сенат өз депутат­тарының жалпы санының көпшілік даусымен, республика заңдарын орындамаған Үкімет мүшесін қызметтен босату туралы ел Президентіне өтініш жасауға хақылы болады. Бұл жағдайда енді Мемлекет басшысы еш сөзге келмей, ол министрді бірден орнынан алып тастайды.
Осындай күрт өзгерісті күтпесе керек, бірқатар қалаулылар оны сескене қабылдады. «Бұл өкілеттік Үкімет жұмысының тұрақ­тылығына нұқсан келтірмей ме?» деп сұрады сенатор С.Ершов.
– Үкімет жұмысының тұ­рақ­­тылығына депутаттардың алаң­даушылық білдіруі – сіздер осы нормаға өте жауапты қарайсыздар және бірінші кезекте, ел мен мем­лекет мүддесін назарға аласыздар деген сенім туғызады! – деді Әділбек Жақсыбеков.
Оның хабарлауынша, бұл түзету жұмыс тобының отырысында да біраз пікірталас туғызыпты, оған қатысушылар «Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарын, Жоғарғы кеңестің Мемлекет басшысы мен ел Үкіметіне терең реформалар бастауға мүмкіндік бермегенін» еске түсіріпті.
– Бірақ бұл жаңалық Пар­ламенттің рөлін ны­ғайтуға ба­ғыт­талып отыр. Қалаулылар Пар­ламенттің Үкіметке, министрге ықпал етер тетіктерінің аздығына қынжылыс білдіріп тұрады. Әрине, Үкімет мүшелерін орны­нан кетіру туралы мәселе бекер көтерілмейді. Бұл идеяны па­ла­та депутаттарының басым көп­шілігі – үштен екісі қолдауы керек. Нәтижесінде, Сенаттың да, Мәжілістің де рөлі артады. Жұмыс тобының байламынша, бұл түзету Үкімет жұмысының тұрақтылығын нығайтуға, оның заң шығарушы органмен үйлесімді, келісімді жұмысын күшейтуге қызмет ететін болады, – деп түйді Әділбек Жақсыбеков.
Оның байламынша, осы­ның арқасында Үкіметтің де жауапкершілігі артады, әрбір ми­нистр өз саласы үшін дербес жауап­кершілік арқалайтын болады.


Серік АҚЫЛБАЙ, Сенат депутаты:
– Стратегиялық ойлау қабілеті бар саясаткер ретінде Мемлекет басшысы Қазақстандағы демократиялық негіздерді одан әрі нығайту мақсатында Парламент пен Үкіметтің рөлін елеулі арттыруды ұсынды. Елдің дамуы мен өсімі тұрғысынан бұл табиғи және эволюциялы қадам. Бүкіл әлем күрделі кезеңді бастан кешіп жатқанда, Қазақстан байыпты, батыл қадам жасауда.
Людмила ПОЛТОРАБАТЬКО, Сенат депутаты:
– Қазіргі уақыт­та судьяларды ірік­теудің тәртібі, сот қызметінің құқық­тық негіздері, судья лауазымына үміт­керлерге талаптар конституциялық заңдарда бекітілген. Сондықтан біліктілік талаптарын Конституцияда термелеп жатуға негіз жоқ деп санаймын.

Мәулен ӘШІМБАЕВ, Мәжіліс депутаты:
– Конституцияға енгізілетін өзгеріс­тер саяси жүйенің тиімділігін, тұ­рақ­­тылығын жә­не икем­ділігін арт­тырады. Со­ны­мен бірге, пре­зиденттік басқару жүйесі де әлсіремейді. Елбасы ел дамуының стратегиялық мәселелеріне, сыртқы саясатқа, ұлттық қауіпсіздік мәселелеріне басымдылық беріп, ден қоятын болады.

Нұртай САБИЛЬЯНОВ, Мәжіліс депутаты:
– Парламентке Президенттің барлық заң шы­ғару­шылық өкілеттіктері беріледі. Бұл Пар­ламент рөлін арт­тырады. Конс­титу­циялық түзетулер ел дамуына ықпал етеді.

Бақтықожа ІЗМҰХАМБЕТОВ, Мәжіліс депутаты:
– Конс­ти­ту­цияның 41-бабында ел Пре­зиденті лауа­зымына кан­­дидаттарға қойы­латын біліктілік өл­шемдерінің ішінде жоғары білім жайы ескерілмегені мүл­дем ақылға қонымсыз. Тіпті мемлекеттік қызметтің ең төменгі сатысы үшін де жоғарғы білім болуы қаралған. Ал елді басқаратын Президенттікке кандидат үшін бұл қаралмаған. Сондықтан да Президенттік кандидатқа қойылатын басты талаптар қатарында міндетті түрде жоғары білімнің болуын Конституцияға енгізу қажет деген нақты ұсыныс бар.

Татьяна ЯКОВЛЕВА, Мәжіліс депутаты:
– Қос палаталы Парламент өзін өзі ақтады. Әсіресе, қазіргі жұмыс жағ­дайында. Меніңше, жұмыс тиімділігі артты. Бірақ бұл – менің жеке пікірім. Халық та өз пікірін айтты. 2 миллион адам қатысып, 6 мыңнан астам ұсыныс жолдады.
Екатерина НИКИТИНСКАЯ, Мәжіліс депутаты:
– Консти­туциялық ре­формаға бай­ла­нысты саяси пар­тиялар халықтың барынша көп дауы­­сын жинауға ұмтылады. Электоралды белсенділік артады. Жауапкершіліктің артуымен бірге бәсекелестік те күшейеді.
Жамбыл АХМЕТБЕКОВ, Мәжіліс депутаты:
– Консти­ту­циялық реформа арқасында Пар­ламенттің және Үкіметтің рөлі күшейеді. Үкімет Парламент ал­дында есепті болады. Осыған байланысты бәрінен көп дауыс алған парламенттік партия өз тұғырнамасын Үкімет арқылы жүзеге асыруға мүмкіндік алады.
Анар ЖАЙЫЛҒАНОВА, Мәжіліс депутаты:
– Президенттің ұсынуымен Сенат Адам құқығы жөніндегі уәкілді сайлауы қажет. Сондықтан мен Сенаттағы әріп­тестерімнің Конституцияның 55-бабын толықтыру туралы түзетуін қолдаймын. Осылайша, уәкілдің позициясы конституциялық деңгейге көтеріледі.
Наталья ЖҰМАДІЛДАЕВА, Мәжіліс депутаты:
– Біз ұл­та­­ралық және кон­фессияаралық келісімді сақтау және дамыту Конституцияның негізгі принцип­терінің бірі болуға тиіс деп санаймыз. Сондықтан мен әріптесім Роман Кимнің тек ұлтаралық қана емес, сондай-ақ дінаралық келісімді де қорғаудың конституциялық кепілдіктері қажеттігі туралы бастамасын қолдаймын.

Айхан ШӘРІП

 

Бөлісу:

Пікір жазу


*