Мызғымас мемлекеттігіміздің бас бағдары

129
0
Бөлісу:

Елбасы айтқандай, азат елдің ар-намысындай болған Ата заңымыз – қазақтың ұлан-байтақ даласының кеңдігін де, елінің ерлігі мен өрлігін де бойына сыйғызған құдірет. Тәуелсіз елдің мызғымас тұғырына айналған Конституция елдігіміздің киелі кітабы іспетті қастерлі құжат. Халықтың жүрегінен шыққан, заман сынына қапысыз төтеп берген мемлекеттігіміздің темірқазығы. Ата заңымыз – қазақ мемлекетінің дамылсыз дамуына, үздіксіз өсуіне кепіл болған барша заңдарымыздың қайнар көзі, бастау бұлағы!

Тәуелсіздікпен тел ұғым саналатын, Қазақстан халқының қалауымен өмірге келген «Негізгі заңымыз» міне, енді Елбасының бастамасымен және халқымыздың қолдауымен жаңа заманға сай қайта жаңғырып, соны сипат алып отыр.
Ел Конституциясы 1995 жылғы 30 тамызда республикалық референ­дум­да қабылданғаны мәлім. Содан бері 22 жыл уақыт өтті. Осы мерзім ішінде Ата заңға 1998 жылы, кейін 2007 және 2011 жылдары үш рет түзетулер қабылданған екен. Бірақ бұған дейін ешқашан қол­даныстағы Конституцияға өзгерістер енгізу процесі дәл осындай жаппай бүкілхалықтық талқылаумен сүйемел­денген емес.
Оның үстіне ел тарихында алғаш рет Конституцияға өзгерістер мен толықтырулар енгізу процесіне заманауи ақпараттық технологиялар – интернет пен әлеуметтік желілер кеңінен тартылып отыр. Бұл жолғы конституциялық реформа сонысымен де дараланады.
Ел мүддесі ұрпақ қамымен ұштасты
«ҚР Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасында Елбасы Ата заңның 19 бабына 26 түзету енгізуді ұсынған болатын. Олар қабылданды. Мемлекет басшысының түзетулерінде қазіргі заманның ең өзекті үрдістері ес­керілген.
Олардың басым бөлігі Президенттің өкілеттіктерін Парламент пен Үкімет арасында қайта бөлу мәселелерін қарастырады. Түзетулер, сондай-ақ билік тармақтары арасындағы қарым-қатынасты конституциялық деңгейде теңгерімді ету міндетін шешеді.
Ата заңға сәйкес Қазақстан Рес­публикасында адамның және аза­маттың құқықтары мен бостандықтары танылып қана қоймай, оларға кепілдік беріледі. Бұл ретте ел Президенті – оның кепілі. Мемлекет конс­титу­циялық құқықтар мен бостандықтарды қамтамасыз ету жөніндегі мін­деттемелерді қабылдай отырып, оны жүзеге асырудың құқықтық, ең алдымен, конституциялық тетіктерін белгілейді.
Мәселен, Мемлекет басшысы осыларды қорғау мүддесінде бұдан былай Конституциялық кеңеске қолданыстағы және күшіне енген заңдар мен өзге де құқықтық актілердің де Конституцияға сәйкестігін тексеру үшін жүгіне алатын болады. Бұған дейін Президенттің тек Парламент қабылдаған заңдарды өзі қол қойғанға дейін Конституциялық кеңеске қарауға жіберу құқығы болатын.
Конституциялық реформа аясында Ата заңда Елбасының Мәңгілік ел идеясының берік негізі қаланып отыр. Атап айтқанда, Конституцияның 91-бабының 2-тармағы «тәуелсіздік» деген ұғыммен толықтырылды: «Конституцияда белгiленген мем­лекеттiң тәуелсіздігін, бiртұтастығын және аумақтық тұтастығын, Рес­публиканы басқару нысанын өзгертуге болмайды» деп жазылды.
Осылайша, басты құндылығы­мыз –­ мемлекет тәуелсіздігінің бе­ріктігіне кепілдіктер конституциялық деңгейде бекітіледі және оның мыз­ғымастығы нықталады.
«Яғни, бұл түзетуге сәйкес, Қазақ елінің тәуелсіздігі, біртұтастығы, республика жерінің бүтіндігі және басқару нысаны ешбір жағдайда, тіпті Ата заңды қайта қарау арқылы да өзгертіле алмайды!» деді Президент Әкімшілігінің басшысы – Мемлекеттік билік тармақтары арасында өкілет­тіктерді қайта бөлу мәселелері жөніндегі жұмыс тобының жетекшісі Әділбек Жақсыбеков.
Жаңа түзетулерге сәйкес, бұдан былай Ата заңға өзгерістер мен то­лықтырулар бойынша Конституциялық кеңес қорытындысының болуы міндетті. Тарата айтсақ, Конституцияға өзгерістер мен толықтырулар олардың белгіленген талаптарға сәйкестігі туралы Конституциялық кеңестің қорытындысы болған жағдайда ғана республикалық референдумға немесе Парламенттің қарауына шығарылуы мүмкін деп белгіленуде. Осы мәселе бойынша өтініш жасау субъектісі ретінде Мемлекет басшысы айқын­далады.
– Біз кемел Конституцияны тәуелсіздік арқылы қабылдадық. Ата заң – біздің азаттық алғалы атқарған барлық істеріміздің алтын таразысы. Бүгінде дүниежүзі мойындаған өркенді өнегелеріміз Ата заңымыздың аясында жүзеге асып келеді. Біз тәуелсіздік арқылы ға­сырлық мәні бар орасан зор жетіс­тіктерге қол жеткіздік. Ата заң арқылы асқар асуларды алған біз бүгінде жаңа кезеңге қадам бастық, – дейді Елбасы.
Ендеше, конституция халқымызға берген тарихтың теңдессіз тартуы – тәуелсіздіктің қорғанына тұрып, мызғымас мемлекеттігіміздің бас бағдарына айналады.
Халық билігі күшейеді
Парламент – қазақстандықтар аты­нан халық билігін жүзеге асыратын өкілді орган. Ата заңға енгізіліп отыр­ған түзетулер Парламенттің рөлін де, құзы­рын да, жауапкершілігін де күшейтеді.
Осы орайда Конституцияның 49-бабының 1-тармағына маңызды өзгеріс енгізілді. Оған сәйкес Пар­ла­мент – заң шығару функцияларын ғана емес, Конституцияның 3-бабына сәйкес заң шығару билігін жүзеге асыратын Республиканың ең жоғары өкілді органы . Яғни, бұған дейін ол «заң шығарушы орган» аталып келсе, енді «заң шығарушы би­лік» ретінде ұлық­талады. Сонымен бірге, заң шығар­ма­­шы­лық қызмет те соның қолында шоғыр­­ланады.
Тағы бір жаңалық: Үкіметті қалып­тастыру кезіндегі Мәжілістің рөлі кеңейтіледі. Сондай-ақ Парламенттің Үкімет пен оның мүшелерінің қыз­ме­тіне бақылау өкілеттіктері күшей­ті­ле­ді.
Сонымен, жаңа конституциялық түзетулер бойынша Үкімет құрамын қалыптастырудың келесі тәртібі өмірге жолдама алуда. Премьер-министр Парламент Мәжілісімен кеңесіп, өзара келісімге келгеннен кейін Мемлекет басшысының атына Үкімет мүше­ле­рі­нің кандидатуралары туралы ұсыныс ен­гізеді. Бұл ретте тек үш министрді – Сырт­қы істер, Қорғаныс және Ішкі іс­тер министрін ғана Президент өз беті­нше тағайындай алады.
Тағы бір түбегейлі, тұғырлы өзгеріс бар. Бұған дейін президенттік сайлау өткен соң, жаңа сайланған Мемлекет басшысы алдында Үкімет толық құра­мы­мен отставкаға кететін. Енді Үкімет жаңа­дан сайланған Парламент Мәжі­лі­с­інің алдында өз өкілеттігін доғаратын болады. Бұл норма депутат­тардың жауап­тылығын арттырады, сондай-ақ елдің сайлау жүйесінің пар­тиялық қағидатын күшейтеді.
Билік тармақтарының тиімділігін арттыру мақсатында Үкіметтің Парла­мент палаталарына есептілігі және солар тарапынан бақылауға алыну тетіктері күшейтіледі. Конституцияның 64-бабының 2-тармағында Үкімет өз қызметінде Президент және Парламент алдында жауапты деп бекітілді. Конс­ти­ту­ция­ның 67-бабының 4-тармақ­шасының жаңа редакциясына сәйкес, Премьер-министр Үкімет қызметінің негізгі бағыттары және аса маңызды шешімдері туралы тек Президентке ғана емес, сондай-ақ Парламенттің қос палатасына да баяндауға міндеттеледі.
Мәжіліс депутаты, «Қазақстан ардагерлері» қауымдастығының төра­ғасы Бақытбек Смағұл жұмыс тобы бүкілхалықтық талқылау барысында түскен жұртшылық ұсыныстарын ес­кер­­генін айтып, мысал келтіреді.
– Бүкілхалықтық талқылау бары­сын­да біз, «Қазақстан ардагерлері» қауымдастығы бес концептуалды ұсыныс білдіргенбіз, соның біразы Конституцияны түзететін заң жобасына кірген екен. Бұл Елбасының, жұмыс тобының шын мәнінде, халықтың пікіріне құлақ асқандығын білдірсе керек, – дейді ол.
Мәселен, қауымдастық Конститу­ция­­­ның 57-бабының 6-тармағына өзгеріс енгізуді ұсынған көрінеді. Бұл тармақ бойынша ел Парламентінің па­латалары республика заңдарын орын­дамаған министрді орнынан алу туралы Мемлекет басшысына өтініш жасай алады. Егер оған Президент вето қойса, ол қарсылықты еңсеруге Мәжіліс не Сенат тек 6 айдан кейін ғана орала ала­тын.
«Қауымдастық осы жартыжылдық мерзімді жою туралы ұсыныс айтқан еді. Елбасы біз ойлағаннан да ғаламат қадамға барды. Енді заң жобасы бо­йынша палаталардың бірінен осындай өтініш түссе, Мемлекет бас­шы­сы ол министрді бірден қызметінен босатады. Яғни, Президент заң шығарушы би­лік­тің құзырын кеңейту үшін бұл істе қарсылық білдіріп, вето қою құқығынан өз еркімен бас тартып отыр. Осылайша, Парламент аса жауапкершілікпен және тек ел мүддесі жолында ғана пайдалануға тиіс қуатты тетікке ие болады! Жалпы алғанда, Елбасы ұсынған және халық пен Парламент толықтырған консти­ту­ция­­лық түзетулер, шын мәнінде, қазақстандық демократияның жаңа тари­хи кезеңі болып табылады, – дейді Б.Смағұл.

Үкіметтен сөз бен істің бірлігі сұралады
Президенттің біраз өкілеттіктері енді Үкіметке көшеді. Үкімет бұған де­йін мемлекеттік бағдарламалар жоба­ла­рын әзірлеп, Елбасы бекітуіне шығарса, енді оларды өздері жазып, өздері қабыл­дай­тын болады. Қаржыландыру тетік­тері де соның өз қолында болады.
Мұның сыртында Ата заңның 44-­ба­бына түзетулер мемлекеттік бағ­дар­­­ламаларды және мемлекеттік бюд­жет қаражаты есебінен қамтылатын бар­лық органдарды қаржыландырудың және олардың қызметкерлеріне ең­бе­к­ақы төлеудің бірыңғай жүйесін бекіту жөніндегі өкілеттіктерді Президенттен Үкіметке беруді көздейді.
Бұл міндетті Үкімет Мемлекет бас­шы­­сымен келісіп шешетін болады.
Заң күшіне енсе, Елбасының әлеуметтік-экономикалық саладағы заңмен белгіленген өкілеттіктерінің ба­сым бөлігін де Үкіметке беру жұмыс­тары басталады.
Жаңа заң бойынша Президенттің Үкімет немесе Премьер-министр шы­ғар­ған актілердің күшін жою немесе тоқ­татып қою құқығы жойылады. Нә­ти­жесінде, өз шешімдері мен актілері үшін Үкі­меттің өзі толық жауапкершілік арқалайтын болады.
Дегенмен егер атқарушы билік шек­тен шығып бара жатса, бұл іске Мем­ле­кет басшысы араласа алады.

Құқықтық мемлекет – Мәңгілік ел ұстыны
Бүкілхалықтық талқылау кезінде ең көп (2148) ұсыныс құқық қорғау және сот органдарына қатысты түскен екен. Бұл жұртшылықты осы салалардағы мәселелер толғандыратын көрінеді.
Сол себепті, Конституцияға жеке­леген түзетулер сот пен прокуратураға қатысты болып отыр.
Конституцияның 79-бабының 3-тар­мағының қолданыстағы ре­дакциясында судьяларға біліктілік талаптары белгіленген. Осы талаптар «Қазақстан Республикасының сот жүйесі және судьяларының мәртебесі туралы» конституциялық заңда да көрсетілген. Заң жобасында судьяларға біліктілік талаптарын тек заңмен нақтылау ұсынылады. Яғни, бұл енді Ата заңның мәселесі болмайды.
81-баптағы Жоғарғы соттың соттар қызметін қадағалауды жүзеге асыруы туралы норма Жоғарғы сот заңда көзделген жағдайларда өзінің сотты­лығына жататын сот істерін қарайды деген нақтылаумен алмастырылады.
– Қолданыстағы Ата заңның 79-бабында жазылған соттарға қатысты нақты біліктілік талаптары енді заң­дармен белгіленетін болады. Біріншіден, бұл судья болудан үміткерлердің жасын, жұмыс өтілін басы артық регламен­тациялаудан аулақтауға мүмкіндік береді. Екіншіден, ол халықаралық тәжірибеге сәйкес келеді. Сонымен бірге, судьяларға қойылатын талаптарды депутаттардың қабылдауы – биліктің сот және заң шығарушы тармақтарының бір-біріне тәуелсіздігіне еш нұқсан келтірмейді. Себебі, еліміздің Ата заңында судьялардың тәуелсіздігіне кепілдік беретін нормалар сақталады. Конституция сот төрелiгiн iске асыру кезінде соттың қызметiне қандай да болсын араласуларға ары қарай да жол бермейдi. Яғни, конституциялық реформаға орай соттардың тәуелсіздігіне қатысты алаңдаушылық тудырар мәселе жоқ, – дейді Жоғарғы сот төрағасы Қайрат Мәми.
Заңның 83-бабының 1-тармағына енгізілетін конституциялық өзгерістер прокуратураның жекелеген функция­ларын жинақтауға қатысты болуда, себебі, оларды прокуратура Қазақстан аумағында заңдылықтың сақталуына жоғары қадағалау шеңберінде жүзеге асырады. Ұсынылып отырған редакция­да прокуратураның негізгі функциялары толымды түрде және сонымен қатар заңға сілтеме жасай отырып жинақы түрде мазмұндалған.
Бұл ретте прокуратураның заңда белгіленген шекте және нысандарда ел аумағындағы заңдылықтың сақталуына жоғары қадағалауды жүзеге асыратын­дығы, сотта мемлекет мүдделерін білдіретіндігі және мемлекет атынан қылмыстық қудалауды жүзеге асыра­тындығы көзделген.
– Конституцияның қолданыстағы нұсқасы мен жаңа түзетулер редакция­сын салыстырсақ, біздің салаға қатысты біраз айырмашылықты көреміз. Бірақ біздің орган қызметінің негізгі бағытта­ры, жұмысымыздың мазмұны, атап айтқанда, жоғарғы қадағалау, заңды­лықты қамтамасыз ету, сотта мемле­кеттің мүддесін білдіру, қылмыстық қудалау секілді құзыр-өкілеттіктердің барлығы сақталады. Жаңа мәтінде Бас прокуратураның көп функциялары егжей-тегжейлі жазылып отыр. Әйт­песе, мұның болмауы біршама кедер­гілер туындататын. Сондықтан консти­ту­циялық реформа аясындағы тү­зе­­ту­лерді қолдаймыз, – дейді Бас проку­рор Жақып Асанов.
Cенат депутаты Аңсар Мұсаханов әлемдік даму алмағайып кезеңге кірген күрделі жағдайда Қазақстанның конституциялық реформалар арқылы өркендеудің демократиялық жолында сенімді әрі тың қадамдар жасауын – тек қазақстандықтар ғана емес, әлемдік сарапшылар да қуаттап, қолдап отырғанын айтады.
– Біздің Конституциямыздың ең басты бір жетістігі – ол адам және оның өмірін басты қазына санайды. Адам­дардың құқықтары мен бостандықтарын мемлекет өз қорғауына алады. Консти­туциямыз қоғамды және мемлекетті одан әрі демократияландыру мен құқық­тық кеңістікті қалыптастырып, жетілдіруге қызмет етіп келеді. Қазақ­станның құқықтық дамуына басымдық бере отырып, еліміздің экономикалық бостандығын, саяси және идеологиялық алуан түрлілігін, барлық азаматтардың заң алдында теңдігін орнықтыруға құқықтық кеңістік аша білді, – дейді сенатор.
Әріптесінің ойын сенатор Елеусін Сағындықов одан әрі сабақтады. Оның пайымдауынша, Елбасы ұсынған конституциялық реформа – Қазақстан­да ғана емес, сонымен бірге, дүниежүзі­лік қоғамдастықта өзіндік орны бар, үлгі-өнегелі саяси қадам.
– Мұндай шешім – Мемлекет басшы­сының саяси реформаларды іске асыруды көп ойланып, мың толғанып, жеті өлшеп, бір пішкен кесімді ісінің нәтижесі. Тәуелсіздіктің ширек ғасыр аралығындағы алмағайып кезеңде сын-қатерге сенімді шеп құрған Прези­дент­тік дара биліктен – өркениетті мұрат еткен алқалы дана билікке көшу жө­ніндегі көшбасшы бастамасы барша жұр­­тымыз­дың көңілінен шықты. Енді одан әрі қарышты әлеуметтік-эко­но­ми­ка­лық дамуды, оның қарқынды өсімін, стра­­тегиялық бағдарламалардың орын­да­луын қамтамасыз ету қажет. Заң жоба­сындағы осыларға қатысты өзге­рістер Парламент рөлі мен мәртебесін, Үкімет дербестігін арттырып, пре­зи­дент­тік республика мен біртұтас мем­лекетті нығайта түседі, – деді Жоғарғы палата депутаты.
Парламент қабылдаған заң жоба­сында, сондай-ақ жергілікті өкілді және атқарушы органдарға қатысты нормалар да қамтылған.
– Атап айтқанда, 86-баптың 5-бабына өзгерістер енгізіліп отыр, оларға сәйкес мәслихаттың өкілеттігін ел Президенті Премьер-министрмен және Парламент Палаталары төра­ға­ла­ры­мен консуль­тациялардан кейін мерзімінен бұрын тоқтатады. Мұндай алқалы шешім оның негізділігі мен қажеттілігін қамтамасыз етеді және мәс­­лихаттардың мәртебесін арт­тырады, – дейді Мәжіліс депутаты Н.Әбдіров.
87-баптың 4-тармағында қалалық, аудандық және ауылдық деңгейдегі әкімдерді қызметке тағайындау немесе сайлау, сондай-ақ қызметінен босату тәртібі заң деңгейіне беріліп отыр. Бұған дейін ол Президенттің Жарлы­ғымен реттеліп келген.
Парламент палаталарының бірлес­кен отырысындағы сөзінде Мемлекет басшысы Н.Назарбаев Қазақстанның «кәсіби деңгейі жоғары, өзіне жауап­кершілік алуға және өз беттерінше елге қажетті шешімдер қабылдауға қабілетті билік тармақтарына ие» екендігіне сенім білдірді.
Елбасының айтуынша, билік тар­мақтары арасында өкілеттіктерді қайта бөлу жаһандық және өңірлік сын-қатерлерге оза қарсы тұруға мүмкіндік береді.
– Бұл өзгерістер қоғамымызды ары қарай демократияландыруға, Парла­менттің рөлін нығайтуға, Үкіметтің дербестігі мен жауапкершілігін артты­руға бағытталады. Олар, сондай-ақ құқық қорғау және сот жүйелерінің, конституциялық бақылаудың негіздерін жетілдіреді, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Қазақстан Көшбасшысының байла­мынша, конституциялық реформа би­лік тармақтары мен олардың деңгейлері арасында өкілеттіктерді барынша тиімді қайта бөлуге мүмкіндік береді. Осы арқылы ғасырлық мәні бар орасан зор жаңа жетістіктерге жол ашылады.

Елдос СЕНБАЙ

Бөлісу:

Пікір жазу


*