Қазақстан демократиясының жаңа қадамы

362
0
Бөлісу:

Кеше Нұрлан Нығматулиннің төрағалығымен өткен бірлескен отырыстарында Сенат пен Мәжіліс депутаттары Ата заңға түзетулерді екінші оқылымда қабылдады. Бұл тарихи рәсімді қос палатадағы қалаулылар ұзақ ду қол шапалақпен әдіптеді.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев консти­туция­лық реформа туралы шешімді алғаш рет жария еткен кезде: «Заманның дидары өзгерді, біз де өзгеруіміз керек. Сол се­беп­ті, мемлекеттің басқару жүйесін де жаң­ғыр­татын кез келді. Мен елдің мүддесі мен за­м­анның талабын, ұрпақтың болашағын ой­лай отырып осындай байлам жасадым» деп байыптаған еді.
Қазақстан Көшбасшысы ұсынған бұл ре­форма Қазақстанның әлеуметтік-эко­номикалық және саяси дамуының жаңа са­тысына, жаңа кезеңіне аяқ басқанын көр­сетеді. Өйткені өркениет көшінен қал­май, саяси жүйені одан әрі жетілдіру – за­ман талабы.
Саяси реформаның басты мақсаты – ат­қарушы билік тармағын неғұрлым тиім­ді, жауапты әрі жедел ету және тарих сы­нынан өткен президенттік басқару ны­­саны мен президенттік билік вертикалін сақ­тай отырып, Парламенттің бақылау функцияларын күшейту.
«Қазақстан Республикасының Кон­с­ти­туциясына өзгерістер мен толықтырулар ен­гізу туралы» заң жобасын ел Парламенті өт­кен жұма, 3 наурыз күні бірінші оқы­лым­­да мақұлдаған болатын.
Парламенттің мәлімдеуінше, екінші оқы­лымға дайындау барысында, яғни, де­малыс күндері депутаттар Конс­ти­туция­ға түзетулерді Конституциялық кеңес, Бас про­куратура, Жоғарғы сот, Нотариалдық па­ла­талар, Құқық қорғау органдары ака­де­миясы, Кәсіподақтар федерациясы, Заң­герлер одағы, Әділет министрлігінің сот­тық сараптама орталығы және басқа­ла­рының өкілдерімен талқылапты. Заңна­малық нормалар және Сенат пен Мәжіліс депутаттары енгізген өзгерістер бірлескен комиссия отырысында қаралды.
Ал кеше Парламент палаталары депу­тат­тарының алдында баяндама жасаған бір­лескен комиссияның төрағасы Н.Әб­ді­ров Мемлекет басшысы ұсынған заң жо­­­басының Конституцияның 19-бабына 26 түзету енгізуді көздейтінін еске салды. Олар­дың бәрі қабыл алынды.
Мұның сыртында Мәжіліс пен Сенат де­путаттарынан, палаталарының тұрақты ко­митеттерінен, саяси партиялардың фрак­цияларынан қолданыстағы Конс­титуцияның бірқатар нормаларына бар­лығы 26 түзету келіп түскен екен. Бұлар­дың тек 10-ы ғана комиссия тарапынан құп­талыпты.
Бірлескен отырыста құпталған осы он жаңа түзетудің нені көздейтіні егжей-тег­жейлі айтылды.
Біріншіден, Қазақстан тәуелсіздігінің 25 жылдық тарихы ел Президенті ұсынған бар­лық идеялар мен қағидаттардың жан-жақты терең ойластырылғанын және заң­дылығын растап отыр, олар саяси тұрақты және экономикалық тұрғыдан өсіп-өр­кен­деген мемлекетті қалыптастыру үшін бе­рік іргетас қалады. Елбасының жетекші рөлі, оның бастамалары қазақ мемле­кет­тілігінің қалыптасуын және дамуын қам­тамасыз етті. Қазақстан қоғамының өкіл­дері Елбасының мемлекет құрудағы ерен ең­бегін баянды ету туралы мәселені бірне­ше рет көтерді.
Осыған байланысты қалаулылар Конс­ти­­туцияның 91-бабының 2-тармағын былайша толықтырды:
«Конституцияда белгiленген мемле­кет­тiң тәуелсіздігін, Республиканың бiр­тұтас­тығы мен аумақтық тұтастығын, оны бас­қару нысанын, сондай-ақ тәуелсіз Қа­­­зақстанды Құрушы, ҚР Тұңғыш Прези­ден­ті – Елбасы іргесін қалаған Республика қыз­метінің түбегейлі принциптерін және ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасының мәр­тебесін өзгертуге болмайды».
Екіншіден, бұған дейін Ата заңның 39-бабының 2-тармағында: «Ұлтаралық та­тулықты бұзатын кез келген әрекет конс­титуциялық емес деп танылады» деп жа­­зылған. Қазақстан халқы ассамблеясы аты­­нан сайланған депутаттар дінаралық татулықты да конституциялық құндылық деп тану мақсатында осы бапқа «конфес­си­яаралық татулықты» деген толықтыруды ұсынды және бұл қос палатаның қол­дауы­на ие болды. Осылайша, дінаралық араз­дық туғызатын сөздер айтуға не соған ба­­ғыт­талған әрекет жасауға тыйым салы­на­ды.
Қазақ жері – әртүрлі конфессиялар ға­­сырлар бойы татулық пен достастықта бір­ге өмір сүріп жатқан «иман мен тағат-тө­зім ұясы». Қазақстандықтар арасында әлем­дегі әртүрлі діндерді ұстанушылар бар.
Еліміздің тәуелсіздігі жылдарында Қа­зақ­стан Республикасындағы демок­ра­тия­лық процестердің дамуына және қазіргі за­манғы жағдайларда қазақстандық қо­ғамның жаңғыруына азаматтық татулықты сақ­тауға, этносаралық және конфес­сияара­лық қатынастарды үйлестіруге, әлеу­меттік-саяси тұрақтылықты нығайту ісіне жәрдемдесуге бағытталған тағат­ты­лық мәдениетін қоғамдық санада қалып­тас­тырып дамыту арқасында қол жеткізіл­геніне көзіміз анық жетті. Қазақстанда ді­ни тағаттылық ерекше маңызға ие бол­ды.
Сол себепті, қалаулылар конфес­сияара­лық татулық – қазақстандық мем­лекеттіліктің ең жоғары құндылықтарының бірі деп танып, «конституциялық құнды­лық» деңгейіне көтеруде.
Үшіншіден, сенаторлардың сұрауымен Адам құқықтары жөніндегі уәкілді енді бес жыл мерзімге қызметке сайлау және оны қыз­метінен босату Сенат құзырына беріл­ді. «Адам құқықтары жөніндегі уәкіл инс­титу­тын конституциялық бекіту – жеке адамның мәртебесін, адам мен азаматтың құ­қықтары мен бостандықтарын іске асыру кепілін одан әрі нығайтуға бағыт­талған демократиялық процестерді да­мытудағы кезекті маңызды қадам болады. сон­дай-ақ елдің Ата заңының 1-бабында бекітілген адам мен азаматтың құқықтары­ның басымдығын ең жоғары мемлекеттік деңгейде тануды білдіреді» дейді депу­тат­тар.
Төртіншіден, қалаулылар жаңа заң жо­басында Мемлекет басшысы болғысы келетіндерден жоғары оқу орнын бітіруді талап ететін норманың түсіп қалғанын аңғарған. Сондықтан жобаның 41-бабының 2-тармағына елдің Президенттігіне кан­дидаттар үшін жоғары білімнің болуын оларға қойылатын талаптардың бірі ре­тін­де белгілеуге қатысты өзгеріс енгізіледі. Пре­зиденттікке кандидаттар үшін жоғары білім­нің болуы туралы талап Конс­ти­ту­ция­ның 40-бабында белгіленген «мем­лекеттің ең жоғары лауазымды тұлғасы» ре­тіндегі Президенттің мәртебесіне сәй­кес келеді.
Мұның сыртында Ата заңда Пре­зи­дент­тікке кандидаттарға қойылатын қо­сым­ша талаптарды конституциялық заң дең­гейінде де енгізу мүмкіндігі берілді.
Бесіншіден, Елбасы енгізген заң жо­ба­сында әу баста тікелей Мемлекет бас­шы­сы тағайындайтын министрлер қата­рын «екеумен» шектеу (Сыртқы істер жә­не Қорғаныс министрлері), тиісінше, ол қатардан Әділет пен Ішкі істер ми­нистр­лерін шығарып тастау қарасты­рыл­ған. Олардың және басқа министрлердің кан­дидатураларын Президентке, Мә­жі­ліс­пен кеңескеннен кейін Үкімет басшысы ұсынады деп көзделген. Парламент бұған іші­нара тосқауыл қойды. Нақтырақ айт­сақ, ел Президентінің Ішкі істер министрін тағайындау жөніндегі өкілеттігін сақтауға ұйғарды.
Өйткені бұл жерде ІІМ-нің «азаматтар­дың қауіпсіздігін, мемлекеттің ішкі қауіп­сіз­дігін қамтамасыз ету ісіндегі маңызды ст­ратегиялық рөлі» ескеріліпті. Оның үс­тіне Президент Қарулы күштердің Жо­ғар­ғы бас қолбасшы болып табылатыны, ал ІІМ құрылымына Ұлттық ұланның кіретіні де назарға алыныпты.
Алтыншыдан, Конституцияның 4-ба­бы­ның 3-тармағы жаңаша жазылды: «Рес­публика бекіткен халықаралық шарттар­дың республика заңдарынан басымдығы болады. Қазақстан қатысушысы болып та­былатын халықаралық шарттардың Қа­зақстан аумағында қолданылу тәртібі мен талаптары Республиканың заңнамасында айқындалады».
Қазақстанның халықаралық ұйымдар­мен және басқа да елдермен ынтымақ­тас­ты­ғы халықаралық шарттар жасасу ар­қылы жүзеге асырылатыны белгілі. Ел Кон­­ституциясы мен заңнамасы Респуб­лика ратификациялаған халықаралық шарт­тардың заңдар алдындағы басым­ды­ғын айқындайды. ал оларды денон­сация­лау тәртібі ұлттық заңнамамен реттеледі.

Кез келген шарт белгілі бір дәрежеде адамның және азаматтың құқығы мен бостандығын қозғайтынын білеміз, ал құқықтар заңмен ғана шектелуі мүмкін. Бұл жерде аталған түзету «мемлекеттің дер­бестігін күшейтеді» деп танылды.
Жетіншіден, шетелге кетіп, сонда лаңкестік қырғын жасағандар немесе қақтығыс ошақтарында әрекет еткендер елдің атына кір келтірмеулері үшін енді Қазақстан азаматтығынан айырылуы мүмкін. Конституцияның 10-бабының 2-тармағында террористік қылмыстар жасағаны үшін, сондай-ақ Қазақстан Республикасының өмірлік маңызы бар мүдделеріне өзге де ауыр зиян келтіргені үшін азаматтықтан айыруға соттың шешімімен жол берілетініне қатысты норма бекітілмек. Бұл сондай-ақ «Конституциялық құрылысты қорғауды, қоғамдық тәртіпті, азаматтардың құқықтары мен бостан­дықтарын сақтауды күшейту мақсатында» жасалуда.
Ата заңға енгізілген сегізінші түзету «Астана» халықаралық қаржы орталығына арналып отыр. Осы орталыққа шетелдік инвесторларды тарту үшін ел басшылығы «Астана» ХҚО аясында «ағылшын-саксондық» (ағылшындық-америкалық) құқық ендіруде. Қазақстанның бүкіл аумағында болса, заңнама «континенталдық-еуропалық» құқыққа негізделген. Айыр­машылығы сол, біріншісі сот прецедентіне құрылады. Яғни, ұқсас даулардың үкімдері де ұқсас болуы қажет дейді. Біздің елімізде ұқсас даулар бойынша әртүрлі судья әрқалай шешім қабылдай береді. Инвесторлар түсініктірек болғандықтан, «ағылшындық-америкалық» құқықты қолай көретіні құпия емес.
Депутаттардың айтуынша, бұл түзету «Астана аумағында елдер ерек құқықтық жүйе құрылып жатыр» деген жаңсақ пікір тумауы үшін нақтылау керек. Яғни, Конституцияның 2-бабының жаңа 3-1-тармағы ұсынылып, онда Астана қаласында конституциялық заңға сәйкес тек «қаржы саласында» ғана ерекше құқықтық режим белгіленетіні нақты айтылады.
Қалған екі түзетуге тоқталсақ, бірлескен комиссия Конституцияның 74-бабының 2-тармағын 44-баптың жаңа 10-1-тар­мақшасының нормаларымен үйлестіруді ұсынды. Онда Президенттің Конс­титуциялық кеңеске өтініш жасау өкілеттігі көзделген. Осыған орай Конс­титуцияның 74-бабының 2-тармағындағы «нормативтік» деген сөзді алып тастау ұсынылады.
Бұл он ұсынысты Сенат пен Мәжі­лістің барлық тұрақты комитеттері, Мә­жіліс­тегі саяси партиялардың фрак­циялары қолдап, оң қорытындыларын берді. Сол себепті, кешегі бірлескен оты­рыста депутаттық корпус Конс­титуцияны жаңартатын заңды тұтастай екінші оқы­лымда қабылдады.
– Құрметті депутаттар! Сонымен, біз Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың ұсы­ныстарын негізге алып, Конституцияға енгізілген барлық өзгерістерді қабылдадық. Осы тарихи шешіммен баршаларыңызды шын жүректен құттықтаймын! – деді жиынды қорытқан Мәжіліс төрағасы Н.Нығматулин.
Парламент көп ұзатпай, заңды іле-шала Елбасының қол қоюына жолдады.
Өз кезегінде Елбасы сол күні-ақ «ҚР Конституциясына өзгерістер мен то­лықтырулар енгізу туралы» заңды «мем­лекеттің қызмет қағидаттары мен басқару нысанына негізделген, Конс­титуцияда белгіленген құндылықтарға сәйкестігі тұрғысынан» қарастыруы үшін Конс­титуциялық кеңеске бағыттады.

Айхан ШӘРІП


Қазақстанның жаңа дәуірі басталды

Сенат төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев Конституцияға өзгертулер мен толықтыру енгізу туралы заңға қатысты өз пікірін білдірді.
«Қазақстанның Парламенті Конституцияға түзетулер енгізетін болып шешті. Ол құжатқа Президент қол қойғаннан кейін жүзеге асатын болады. Қазақстанның жаңа дәуірі басталды», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің Twitter желісіндегі аккаунтында.


Конституциялық принциптер сақталады

3 наурыз күні өткен Парламент палаталарының біріккен отырысында Жоғарғы сот төрағасы Қайрат Мәмиге Қазақстан Рес­публикасы Конституциясының 79-ба­бындағы өзгеріске, яғни, тәуел­сіз­ судьяларға қаншалықты ықпал ете­тіндігіне байланысты сауал қойыл­ды.
Бұл сауалға Қ.Мәми жауап бере отырып, мұндай қадамның халық­аралық тәжірибеде барын және соған сәйкес келетіндігін атап көрсетті. Экономикалық ын­тымақтастық және даму ұйымына мүше елдердің талап­тарында судьялар тиісті салалық заңдарға жауап бере алатындай деңгейде бекітілген.
Конституцияның 79-бабына қатысты ұсынылып отырған өзгерістер судьялардың жасы мен еңбек өтіліне қатысты артық регламенттерді жояды. Ол «Қазақстан Республи­касындағы сот жүйесі және судьялар мәртебесі туралы» конституциялық заңда нақты көрініс табатын болады.
Сонымен қатар еліміздің негізгі заңында тәуелсіздікке кепілдік беретін және судьялардың ісіне араласпауға қатысты барлық нормалар сақталады. Конституция судьялар қызметіне араласудың кез келген түріне тыйым салады. Судья істі қарау барысында ешкімнің алдында есеп бермейді және тек заңды ғана басшылыққа алады. Яғни, сот-құқықтық істерге қатысты конституциялық маңызды принциптердің барлығы сақталады.


Демократияны нығайтудың жолы

Парламент Палаталарының бірлескен отырысында Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулин «Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңға қатысты пікірін айтты.
Мәжіліс төрағасы Ата заңға түзетулер жөнінде: «конституциялық реформа – бұл мықты президенттік билікті сақтай отырып, ең алдымен, демократияны одан әрі нығайту, халықтық билік негізін күшейту, Парламент пен Үкіметтің жауапкершілігін арттыру», – деді.


Құқықтық мемлекет ретінде нығайтады

Президенттің Парламент қа­былдаған заңдарды өзі қол қойғанға дейін Конституциялық кеңеске қарауға жіберу құқығы бар. Конституциялық кеңес төрағасы Игорь Рогов: «Ата заң бойынша ел Президентi – халық пен мемлекеттiк билiк бiрлiгiнiң, Конституцияның мызғымастығының, адам және азамат құқықтары мен бостандықтарының нышаны әрi кепiлi. Бүгінде оның құзырына тек алдын ала конс­титуциялық бақылау ғана кіреді. Яғни, Мемлекет басшысы Парламенттің қос палатасы қабылдаған заңды, оның Конституцияға сәйкес не сәйкес еместігін тексерту үшін бізге өзі қол қояр алдында ғана жібере алады. Күшіне енген және қолданыстағы нормативтік құқықтық актілер, соның ішінде заңдар бойынша Президенттің ондай құқығы жоқ», – дейді.
Оның түсіндіруінше, Ата заңға енгізілгелі отырған түзету Президенттің өзінің конституциялық мәртебесін – азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қамтамасыз етуді іске асыру мүмкіндіктерін кеңейтеді.
Осындай конституциялық бақылаудың жаңа бағыты заңдар мен құқықтық актілердің сапасына жақсы әсер ететіні сөзсіз. Бұл Қазақстанның құқықтық мемлекет ретінде одан әрі нығаюына ықпал ететін болады.

Бөлісу:

Пікір жазу


*