КІТАПТАН ҚОЛ ҮЗУ – ӨТЕ ҚАУІПТІ ҚҰБЫЛЫС

290
0
Бөлісу:

9 наурыз – белгілі жазушы Смағұл Елубайдың туған күні. Қазақ әдебиетіне «Ақ боз үй», «Ойсыл қара», «Саттар соқпағы», «Жарық дүние» сияқты шығармаларын сыйлаған, көрнекті қаламгер бүгінде жетпістің желкенін керді.
«Жердің үсті, аспан астында тырбанып тіршілік етіп жатқан тіршілік иелерінің бәрі: «Өмір дегенің – бір күндік сәуле екен ғой!..» деп, сол «бір күндік сәуле» үшін өліп-тіріледі, аңсайды, армандайды. Сұм, зұлым күш, қиянат жасамай, ғұмыр ұзарса екен деп тілейді. «Адамнан ағат өтпей, Алладан азап жетпейді». «Жез бақай» әңгімесінің лейтмотиві – адамнан ағат өтпеуі. Әлбетте, адам дүниеқоңыздықпен, өзімшілдік, астамшылық мінезбен төңірегіне қиянат жасау арқылы Алладан азапты сұрап алады. Сұрап алған аурудың емі жоқ» дейді академик Тұрсын Сыдықов.
8 наурыз – Аналар мерекесіне орай жазушыға да сегіз сауал тастадық.

1. Ұлттың жады дегеніміз не? Оны ұлт­тың рухынан бөліп қарай аламыз ба?
– Біздің түсінігімізше, ұлттың ру­хы ең алдымен тілден басталады. Тілі бө­лек халықтардың рухы да, мента­ли­теті де түрлі-түрлі болады. Мәселен, тіл­ді жоғалтқан кезде ол ұлт бірегейлік қа­сиетін жоғалтады. Сондықтан да тіл жа­нашырларының, жалпы зиялы қауымның тіл жөніндегі алаңдау­ы бекер емес. Бізде қалыптасқан діни көзқарас бар. Дүниені өзімізше қабылдаймыз. Ол да ұлттық рухтың ажы­рамас бір бөлшегі екені даусыз. Тілі жоғалған халықтың өздері де жо­ғалатынын жақсы білесіздер. Оның бір­қатары көз алдымызда болды. Кеңес Одағы кезінде 99 этникалық ха­­лық жойылып кеткен. Оның бәрі Сібірдегі азғантай ұлттар болатын. Сі­бірге жақын отырған біздің де ба­сымызға осы бұлт үйіріле бастаған еді. Егер де тағы бір отыз жылдай Кеңес Одағының құрамында болғанымызда, қазақ тілін білмейтін қазақтардың саны халықтың жартысын құрайтын еді. Онда ол қайта қалыпқа келмейтін үрдіске, үдеріске айналған болар еді. Тіл жоғалғаннан кейін ұлттық рух, ұлт­тың жады туралы қалай айтуға бо­лады?! Мәңгілік ел дейтін ұлттық идея­мыз бар. Мәңгілік ел дегеніміз – мәңгілік тіл. Тіл бар жерде – ел бо­ла­ды. Тіл жоқ жерде – ел жоқ. Сон­дық­тан да ұлттық рухты осылай түсі­не­мін. Ұлттың жаны – оның рухы, тілі, ділі, салт-дәстүрі, болмысы. Әрі та­рихты да жоққа шығаруға болмайды. Та­рихи терең тамырын сезінетін тұлға ол бір алып бәйтерекке ұқсайды. Тағ­дыр дауылы оңынан соқса да, солынан соқ­са да, шайқалмайтын тұлғаға ұқ­сай­ды. Ол да – ұлттық рухтың бір си­па­ты. Мұның бәрі айналып келгенде, ұлт­тық мәдениет.
2. «Әдебиет – ардың ісі» дейміз. Бү­гінгі қазақ әдебиеті қаншалықты ар­лы деп есептейсіз?
– Бұл – өте дәл айтылған қағида. Қа­сиетті дүниелердің төңірегінде жан­дайшаптар көбірек жүреді ғой. Мәселен, он адам әдебиетпен ай­на­лысса, соның біреуі «ардың ісі» деген қа­ғиданы ту қылуы мүмкін, ал қалған то­ғызы жандайшаптар болуы ғажап емес. Сөз өнері – өте шатақ өнер. Ұлт­тың ұлылығы сөз өнерінің ұлылығынан кө­рінетіні даусыз. Оны да ұлы сурет­керіміз Ғабит Мүсірепов айтып кет­кен. «Әдебиеті ұлы болмай, ұлт ұлы бол­майды». Сөз өнеріне талап неғұр­лым күшті болған сайын, сөз жоқ, ұлттың миы мен санасындай әдебиет биік болатыны белгілі. Егер де әдебиет ардың ісіне айналмай, ақшаның ісіне ай­налатындай жағдайға жетсе, адам­ның санасы да төмендеп кетуі әбден ық­­тимал. Әдебиеттің халық тағ­ды­рын­дағы рөлін қаншалықты екенін осыдан көру­ге болады. Әдебиетіміз төмендесе, сұйылса, ұсақтаса, демек, ұлттың бол­мысы, санасы, тіптен ары ұсақтайды деген сөз. Сөз жоқ, ХХ ғасыр қазақ әде­­­биеті үшін алтын ғасыр болды. Алып­тарды берді. Өкінішке қарай, бү­гінгі күні сол алыптар жасаған әдебиет сөрелерде шаң басып қалды. Заман көз алдымызда мейлінше шапшаң өз­геріп бара жатыр. Бұрын қолымыздан кітап түспейтін болса, қазір керісінше түр­лі гаджеттер түспейтін болды. Со­ған үңіліп отырамыз. Ол жастың да, жа­самыстың да қолында жүр. Кітап оқу сирексіп бара жатыр. Мұның өте қауіпті жағы бар. Өйткені адамзат ба­ласы жаралғалы бері қалыптасқан ана тілімізде шыққан кітаптарға үңілмей, сол тілдің тұнығынан сусындап ішпей, онда ол тілдің сұйылары анық. Сон­дық­тан да кітаптан қол үзу – өте қауіп­­ті құбылыс. Әрине, кез келген адам, кез келген халық уақыттың керуе­­нінен кешеуілдеп қалғысы кел­мей­ді. Технологияның жетістіктеріне бә­рі­міз де жармасамыз. Бірақ мұның екін­ші жағы тағы бар. Осы ретте әде­биетімізді насихаттау, оны оқу әрбір ошақтың төрінде тұратындай қастерлі дәстүрге айналдыру қажет сияқты. Бү­гінгі технологияның дамуын, эко­номиканың дамуын, ағарту саласының дамуын әдебиетпен байланыстыра оты­рып, жетілдіретін болсақ, онда ол ұлт­тың да ғұмыры ұзарады.
3. «Сөзге талап күшеюі керек» дей­сіз. Кеңестік цензура қатал болғанын өзіңіз де білесіз. Ол заманда әрбір сөз қа­таң бақылауға алынды. Сөзге та­лап қойылу керек дегенде, осындай цен­зура мәселесін айтып отырсыз ба?
– Кеңестік кезеңде цензура қатал бол­ғаны рас. Қатал болғанда да, ол әде­биеттің сапасынан гөрі, идеологиялық бағытын көбірек ауыздықтап отырды. Бақылау өте күшті болды. Дәл қазір оның екеуі де жоқ. Идеологиясы да, са­пасы да қадағалауға алынбайды. Бұ­дан келіп шығатын қорытынды: саны көп, сапасы жоқ кітаптардың көбеюі. Мұның жақсы жағы да бар. Егер ол кітаптардың дені мемлекеттік тілде шығатын болса, ол сөзге бетбұрыс бар де­ген сөз. Екінші жағынан, сапасыз кі­тап сапасыз оқырманның да көбеюі­не әкеледі. Дәмі жоқ, құнарсыз кітап­тар­дың көп шығуы – құптарлық жайт емес.


Сауал ішіндегі сауал

Балалық шақтың қызығын көрген ұрпақпыз. Асық ойнадық, доп қуаладық. Алты жасымнан атқа міндім. Жаман сары тайыммен бәйгеге талай қатысқаным да бар. Жақсығұл ағам тәжірибелі атбегі болатын. Қазір жасы біразға келіп қалды. Ағамның ерекше қасиеті – қолына тиген атты жаратып, бәйгеден келтіретін. Аттың бабында болуы атбегіге тікелей байланысты. Тұлпардың бабы келмесе, шаба алмасы белгілі. Осындай ескі дәстүрді ұстанған отбасында өстік. Тұлпардың бабын да, бағын да жақсы білеміз.


4. Тәуелсіздіктің 25 жылында жа­рық көрген қолдан-қолға түспейтін кітап бар ма? Жоқ болса, неге?
– Есіме түсіре алмай отырмын. Рас, 25 жылда талантты жас ақын­дар­дың легі пайда болды. Талантты про­за­шы жастар да бар. Бірақ жаңағыдай қол­дан-қолға түспей оқылатын, әлем­дік әдебиеттің деңгейінде жазылған, көп­шіліктің сүйікті кітабына айналған шы­ғарманы кездестіре алмай отыр­мын. Бұндай құбылыстың орын алуы­на нарықтық экономиканың да септігі тиді-ау деп ойлаймын. Біз еркін, нарық за­манына өткен кезде құндылық­тар­дың үстіне алдымен ақша шығып кетті. Бұл – біздің алдымыздағы пәленбай ға­сырлық тәжірибесі бар капиталистік ел­дердің де басындағы жайт. Яғни, ақ­ша үшін жазу, ақшаны көбейту үшін ком­мерициялық әдебиеттің гүлденуі – бұл жалғыз біздің елде ғана емес. Әде­биетті ақша үшін жазу – бір рет оқылу­ға жарайды. Ол өте қызықты бол­уы мүмкін. Тіпті оның өкілдерін са­нап отырғым келмейді. Оны өздерің де жақсы білесіңдер. Қазірдің өзінде он­дай романдар қолдан-қолға өтіп жүр. Өкініштісі, оны екінші қайтара оқи алмайсың. Бір рет оқуға тартымды бол­ғанымен, ол классика емес. Ой­лан­дыр­майды. Бұған дейін жазылған клас­сикалық шығармаларды он рет, тіпті одан да көп рет оқыған шығармыз. Тіпті оны өле-өлгенше оқи беруіміз мү­м­кін. Классика дегеніміз – құн­ды­лықтар. Өкінішке қарай, классиканың заманы өтіп кетті. Коммерциялық әде­биет алға шықты. Оның таралымы өте жо­ғары. Ондай әдебиет бүкіл әлемге та­рап жатыр. Пәленбай тілге ауда­рыл­ған. Соның арқасында жазушы ғана емес, оған жұмыс істейтін топ-агент­тік­тер де байып жатыр. Жазушы жаз­баса, оның атынан жазып беретін агент­тер де бар. Мәселен, «Гарри По­тердің» авторы Джоан Роулингтің ал­ғаш­қы екі томын ғана өзі жазды деп ес­тідік. Қалғанын ақша табу үшін құрыл­ған агенттіктер коммерциялық мақ­сатпен жалғастырып әкеткен де­ген де пікірлер айтылады. Мұндай тә­жірибе әлемнің озық елдерінде бар. Қолданылып та жүр.
5. Ашаршылық туралы талай шы­ғар­малар жазылды. «Ақ боз үй» де – аш­тық тақырыбын қамтыған роман­ның бірі. Өкінішке қарай, бүгінгі күннің кейіпкерлері жазылмай кетті. Рухани аштық туралы шығарма жаза алмауымыздың себебі неде?
– Бүгінгі кезең туралы жазу – өте күр­делі дүние. Бүгінгі күні қолдан-қол­ға өтетін кітап жазу үшін ком­мерция­лық бағытты ұстануымыз қажет. Ол ар­найы сюжетке құрылған, шапшаң оқы­латын, қырғын оқиғалы экшн ки­нолары секілді болуы керек. Ал ондай шығарма жазуға «әдебиет – ардың ісі» дейтін әдебиеттің классиктері тәр­биелеген мектеп жібермейтіні рас. Одан гөрі аштан қатқанымыз абырой­лы деп ойлаймыз. Ондай оқырманның көбі жайдақ оқырман боп кетті. Ки­но­ның ішінде де арзанқол дүниелер көп. Мұның бәрі қазір көз алдыңызда жү­ріп жатыр. Арзанқол фильмдерді кім кө­реді? Оны рухани құндылықтарды қа­былдамайтын орта қажет ететін шы­ғар. Әрі олардың саны жыл өткен сайын үлкейіп барады. Сондай дең­гей­де кино түсіріп, не болмаса кітап жазу­ға біздің алған тәрбиеміз, мектебіміз жібермейді.


Сауал ішіндегі сауал

Жазушы, кинодраматург ретінде мен де еліміздің тәуелсіздігіне аздап болса да үлес қостым деп есептеймін. Тәуелсіздік бізге шексіз мүмкіндіктер берді. 1980 жылдары жазылған ашаршылық жайлы «Ақбоз үй» романым тәуелсіздік алмағанда, жарыққа шығар ма еді, шықпас па еді? Жазушылық қаламымнан туған «Қиямет қайым ғасыры» атты теологиялық толғай жаздым. Ол да жақында жарық көрді. Осы екі шығарма биыл шыққан екі томдық таңдамалы жинағыма енді. Бұл жинақ таяуда Анкарада шықты. Егер біз азат елде өмір сүрмесек, мұндай шығармалар оқырманның қолына тимес еді. Мұны кеңес заманының цензцурасын көрген, оны бес саусақтай білетін адам ретінде айтып отырмын. Бұл шығармалардың әрқайсысы тәуелсіздік үшін күрескен қазақтың тағдыр-тәлейін баяндайды. 1932 жылдардағы аштық, 1937 жылғы репрессия жөнінде суреттеледі. Яғни, мұнда қазақтың тағдыры бар. Тауқыметі бар. Қиындығы мен қайғысы жатыр. Азапты жылдардың аяулы шындығын баяндағым келді. 


6. Бұрын тұлғаларымыз қадірлі бо­латын. Сөз киесіне, сөздің иесіне ай­­­рықша құрмет көрсетілді. Бүгін сол үр­діс неге жоғалды?
– Әр заманның өз пайғамбары болуы мүмкін. Өткен ғасырдың ор­та­сын­да Мұхтар Әуезов, Ғабит Мүсіре­пов, Әбдіжәміл Нұрпейісов және т.б. тұлғаларымыздың аты аңызға ай­нал­ды. Осы айтылған жазушылардың ро­мандарын, «Абай жолы», «Қан мен тер», «Ұлпанды» оқымаған қазақ жоқ­тың қасы. Өткен ғасырдың екінші жар­­тысынан бастап осынау клас­си­калық әдебиеттен жұрт коммерциялық әдебиетке ауыса бастады. Әлемде де сондай үрдіс пайда болды. Хемин­гуэй­ді тудырған кезең басқа еді. Ондай классикалық әдебиеттің өкілі қазір Американың өзінде де шықпай қалды. Қа­зір классиканың орнын коммерция­лық әдебиет басқан. Ол әдебиет ақылға сыймайтын таралым жинайды, әлем­нің қаншама елдерінің тіліне ау­да­ры­лады. Бұл заманның құлқы өзгергеннен ғой деп ойлаймын. Бүгінгі заманның геройлары кім? Әншілер. Бүкіл әлемде қа­лыптасқан үрдіс – осы. Бұдан да өтуі­міз керек шығар.
7. Кинодраматургия жанрында жүр­геніңізге көп болды. Шуы көп, дау-дамайдан арылмайтын, сын көп ай­тылатын бұл жанр сізді неге қы­зық­тырды?
– Кино өнеріне өткен ғасырдың 70 жыл­дарынан бастап араластық. Екі жыл Мәскеуде кинодраматургияның жо­ғары курсын оқып келдім. Шы­нында да, бүкіл әлемде киноның дәуірі туып жатқан кез еді. Мұхиттың арғы бе­тіндегі Америкада шыққан фильм­дердің барлығы дерлік, біздің есімізді тандыратындай еді. Кәсібилік тұр­ғы­сынан да, эффект тұрғысынан да сұм­дық болды. Кино саласы қарыштап да­­мыды десек те болады. Оны біз Кеңес Одағының астанасы – Мәс­кеу­де оқыған кезде көзбен көрдік. Біз оқи­тын курс таңнан кешке дейін шетелдік фильмдерді тамашалай­тын­быз. Оған Мәскеудің интеллигенциясы кіре алмайтын. Шетелдің фильмдерін, оның ішінде Американың фильмдерін бізге арнайы көрсететін. Өйткені олар­ды көрмеу, білмеу заманнан қа­лып қоюмен бірдей болатын. Ки­но-дра­матургияның тілі мүлдем басқа. Ол әде­биет емес. Айналдырған бір айдың ішін­де фильмдер бүкіл әлемді айналып шы­ға алады. Жүздеген миллион кө­рер­менді шалқасынан түсіріп, басын айналдырып жібере алады. Сондықтан да заманның өзі тудырған кинод­ра­матургия саласы жас кезімізде өте қы­зықты көрінетін. Сол саланы мең­гергіміз келді. Әрі Мәскеуге оқуға бара­тын жылы «Қыз Жібек» фильмі шық­ты. Ә дегеннен сол фильмді он-шақт­ы рет қайталап көрдік. Дәл осы тә­різді қазақ киносына жұмыс істегі­міз келді. Өйткені «Қыз Жібек» фи­ль­мі күллі қазақты тәрбиеледі. Қандай мықты болса да, әдебиетті дәл олай оқу, жалпы халық болып оқу – өте қиын шаруа. Өткен ғасырдың соңына таман классикалық кітаптардың өзінің оқушылары сирекси бастады. Ал қазір мүлдем азайған. Миллиондаған оқыр­мандар арал тартылғандай тартылып, азайып қалды. Кино туралы олай айта алмас едік. Керісінше, киноның ауди­ториясы өте үлкен. Көрермендері де жыл өткен сайын көбейе түсуде. Қазір әдебиетке қоса, кинодраматург деген мамандықты дұрыс алған екенбіз деп жүрміз. Өйткені ұлттың тарихын, мә­дениетін, оның асқаралы арманын кино арқылы бейнелесек, яғни, экранға шығара алсақ, оның тәрбиелік мәні, қалың бұқараның санасына әсер етуі – сұрапыл болар еді. Мысалы, Жапо­ния екі дүниежүзілік соғыстан әбден күй­реп, талқандалып шыққанын жақ­сы білесіздер. Жапонның импера­тор­лық армиясы жеңіледі деп ойлаған жоқ. Ондай жапондарда мүлдем ұғым бол­маған. Ұлттың еңсесі түсіп кетті. Со­дан 1954 жылы Акира Куросаваның «Ра­семон» деген фильмі жарыққа шық­ты. Бұл фильм Оскар сыйлығын ал­ған кезде, бүкіл жапон жұрты қуан­ды. Тіпті жапондар: «Ұлттың еңсесін көтерді» деп айтады. Көрдіңіз бе, киноның ұлт тағдырындағы рөлі жойқын. Жалпы, кинодраматургия болсын, режиссура болсын, сол ұлттың тарихын, тілін жақсы білетін адамдар тірлік етсе әрі сол ұлттың төл перзенттері кино саласында қызмет істесе, онда ол жақсы нәтиже береді. Киностудияда қырық жылдан астам өмірім өтті. Бұрын бұл салаға үнемі қаланың балалары құмар болатын. Режиссерлікте де, кинодраматургия саласында да солар жүрді. Көбісі тіл білмейді. Оның нәтижесі ұлттық қасиеті жоқ туындылардан көрінді. Рухы шала-шарпы адам шала-шарпы туындылар жасайды. Ол трагедия әлі жалғасып келе жатыр. Мемлекеттік тілді білмейтін жастар қазақ туралы кино түсіреді. Әрі сол фильмдері ар­қы­лы қазақтың шындығы осы деп көр­сеткісі келеді. Өздері білмейтін та­қырыптарға жиі барып жүр. Клас­сикалық әдебиетті түпнұсқада оқи алмайтын режиссерлер классиканы тү­сіру­ге ұмтылады. Осындай келең­сіз­діктер біздің көз алдымызда қырық жыл­дан бері өтіп келеді. Ең өкінішті-
сі – осы.
8. Бүгін – Аруларымыздың күні. Ме­рекеге орай, сізге әзіл сауал таста­ғы­мыз келіп отыр. Тамара Асар орын­дап жүрген әдемі бір ән бар: «Шай ішіп кетсең қайтеді, мен ұсынған ке­седен» дейді. Кімнің қолынан шай іш­кіңіз келеді?
– Жамбыл Жабаев атамыз тоқ­сан­нан асқанда Грузияға барып, грузин қызына ғашық болыпты деседі. Бұл – тарихи шындық. Демек, ер адамдар­дың бойында әйелге махаббат, сұлу­лық­қа ілтипат – ол ешуақытта өшуі мүмкін емес. Ол өшкен жерде адам өлік­ке айналып кетуі мүмкін. Сондық­тан да біз жетпіске келсек те, өзімізді тым кәріміз деп есептемейміз. Ақыл­ды, ажарлы әйел затын құрметтеу, олар­ды сыйлау, биікке көтеру – ылғи да біздің күн тәртібімізден түскен емес. Ал шай ішіп кету мәселесінде, үй­дегі жеңгеңіздің шайына жетер шай жоқ. Соған мәз болып отырамыз.

Әңгімелескен  Гүлзина БЕКТАС

Бөлісу:

Пікір жазу


*