ШЫРАҚ ПЕН ШУАҚ

383
0
Бөлісу:

Қазақ халқы қызды, ананы, әйелді ерекше құрмет тұтқан. Осы дәстүр атадан балаға жетіп, әлі күнге жалғасып келеді. Бұл күндері әр қазақтың шаңырағында – мереке. Жыл сайын Мемлекет басшысы Қазақстанның әйелдер қауымы өкілдерімен арнайы кездеседі. Күні кеше Елбасы «Көктем шуағы» деп аталатын осындай ретті кездесу жасады. «Біз – ананы, әйелді әр уақытта құрметтеп, жоғары бағалаған халықпыз» деді Нұрсұлтан Әбішұлы.

ХХІ ғасыр – әйелдер ғасыры болатын сияқты. Бұрынғы қазақ әйелі отбасы, ошақ қасынан ұза­мады, көшпелі заманда шаңы­рақ­тың құт-берекесін келтіріп отырды, ұрпағына ұлағатты тәлім-тәрбие берді. Мына заманда өмірдің сан саласына белсене ара­ласқан қазақ қыздары жетіп арты­лады. Әрі-бері­ден соң отбасының асыраушы­сы да, қорғаны да, қалқаны да әйел­­дер болып отыр. Қандай қиын­­­дық болса да қылша белі қайыспай, қа­бырғасы майыс­пай ер азаматтармен бірге еңбек етіп келеді. Қазақ әйелдері ғылым-бі­лім саласында, денсаулық сақтау, өнер мен мә­дениет, спорт тәрізді маңыз­ды салаларда үлкен табыс­тарға жетті.
Елбасы Ақордада өткен кез­десуде Домалақ ана, Айша бибі, Айғаным ханым, Зере әже, Бопай, Әлия, Мәншүк, Хиуаз сияқты бірқатар қазақ әйелінің есімін атады. Неге? Олардың аты да, өмірі де, өнегесі де – келер ұрпақ­қа үлгі болсын деген ниет. «Әйел – үйдің қазығы» деп әйелін құр­мет­теген халықпыз. «Қыз өссе – елдің көркі» деп қызын құрмет­теген халықпыз. Ұлы далада қилы заманнан келе жатқан игі дәстүр қазір де жалғасуда» – деген Нұрсұлтан Назарбаевтың сөзінде үлкен мән жатыр.
Әйел, Ана, Ару дегенде біздің ойымызға «шырақ» пен «шуақ» деген екі сөз – егіз ұғым түседі. Кез келген отбасының шырағы мен шуағы – Ана қолында. Ана­лардың шырағы мен шуағы бол­маса, ұлтымызда қуат болмас еді. Сондықтан ұлық мереке үстінде Қазақстандағы Алтын және күміс алқалы аналарды, ардақты әйел­дер қауымын, қазақ аруларын төл мерекелерімен шын жүректен құттықтаймыз!
«Тұңғыш» деген сөз бар. Әр салада тұңғыш деп танылған әйел­дер бар. Олар көп. Бәрін тізбелеп шығу мүмкін емес. 8 наурызға – 8 кісінің атын айрықша атап көр­сеттік. Газетіміздің бір беті «Түрен салған тұңғыштар» деген тақы­рыппен сондай ардақты жандарға арналып отыр.
Мереке құтты болсын! Қазақ шаңырағынан береке кетпесін!

Нұртөре ЖҮСІП

 

Фото: ғаламтордан

Бөлісу:

Пікір жазу


*