Үкіметаралық кеңеске қатысты

274
0
Бөлісу:

Премьер-министр Бақытжан Сағынтаев Бішкек қаласында өткен Еуразиялық үкіметаралық кеңестің кезекті отырысына қатысты.
Үкімет басшысы өз сөзінде Еуразиялық экономикалық одаққа мүше елдер ара­сындағы сауда қарым-қатынасын дамыту үшін жаңа тиімді құралдарды қалып­тастырып, өзара әрекеттестікті нығайтудың маңыздылығын атап өтті.
– ЕАЭО екі жылдан астам уақытта тиімді интеграциялық бірлестік ретінде орнықты. Дегенмен бұл жылдар біздің елдеріміз үшін оңай болған жоқ. Сыртқы қозғаушы күштердің ықпалы, жаһандық қаржылық және тауар нарықтарының тұрақсыздығы байқалды. Осыған орай, Одақтың ЖІӨ көлемі 0,7%-ға төмендеді. Біздің өзара сауда айналымымыз 11%-ға төмендеді.
Осындай кезеңде өзара іс-қимылды нығайту, елдер арасындағы сауданы дамы­тудың жаңа тиімді құралдарын қалып­тастыру бойынша ортақ күш-жігерімізді шоғырландыруымыз маңызды.
Осы қызметтегі маңызды бағыт – ке­дергілер мен шектеулерді жою. Бұл жұ­мысты жүйелі әрі кезең-кезеңімен жүр­гізген жөн. Аталған бағытта мемлекеттердің сарапшылары мен комис­сия едәуір жұмыстар атқарды. 60-тан астам кедергілер мен шектеулердің тізілімі үйлестірілді. Алдағы уақытта оларды жоюға байланысты Жол карталары әзірленетін болады. Бұл біздің кәсіпорындарымызға ортақ на­рықтарға шығу жолын жеңілдетіп, соны­мен қатар олардың дамуына қосымша жағ­дайлар жасайды.
Одақта өзара іс-қимылды нығайтудың тағы бір элементі – мемлекеттеріміздің өндірушілері мен бизнесі үшін ең қолайлы жағдай жасау мәселесі. Бұл туралы Қыр­ғызстан президенті А.Атамбаев біздің Мемлекет басшыларына үндеуінде хабар­лады.
ЕАЭО кәсіпкерлері ықпалдасудан, ортақ нарықтарды құрудан елеулі, жақсы нәтиже күтеді. Сол себепті де, біз «ойын­ның ортақ ережелері» деп аталатын бірыңғай реттеуді жүзеге асыруға өзіміз келіскен салаларда бизнеске қажетті сапалы, тиімді әрі ауыртпалық түсірмейтін реттеу тә­жірибесіне қол жеткізуіміз қажет, – деді Б.Сағынтаев.
Сондай-ақ осы орайда, біздің елдері­міздің бизнесіне кеден рәсімдерін жеңіл­дету, посткедендік бақылауға екпін түсі­рілген электронды мағлұмдауды жеңілдету ережелерінен тұратын Кедендік кодекстің жылдамырақ қабылдану керектігіне тоқ­талды. Жақын арада барлық ел Кодекске қол қойып, жыл соңына дейін күшіне ене­тініне сенім білдірді.
– Біз кедендік тазарту саласында туындайтын мәселелер кешенін бірлесіп шешу жұмыстарына ниеттіміз. Кедендік қызметтердің бағалауы бойынша, Қытай тауарларының транзитпен Қырғыз Респуб­ликасының аумағына өтуі кезінде кедендік әкімшіліктендірудің жеткіліксіз деңгейі болуына қатысты мәселе орын алуы мүм­кін. Бұған Қытайдан автокөлікпен 2016 жылы 9,5 есеге транзиттік тасымалдардың артуы дәлел.

Біздің көзқарасымызға сәйкес, ЕАЭО-ның цифрлық мәселелер тізімін дамыту бойынша бастама­ларды қарастыру ке­зінде де жүйелік тәсіл болуы керек. Біздің жүйе­лердің бір-бірімен түйіндесуге мүмкін­діктері болуы керек екені сөзсіз. Бұл әкімшілік кедер­гілерді жоюға, жаңа экономиканы дамытуға босалқы да­йындама құруға тетік­терді тиімді іске асыруға мүмкіндік береді. Сонымен қатар цифрлық мәселелер тізімін мұқият қарастырған жөн. Осы саладағы ұлттық бағдарла­маларды жүзеге асыру жұмыс­тарын оқшаулауға жол бермеу керек.
Жаңа жобаларды іске қосу сыртқы на­рықтарға қолжетімділіктің қолайлы жағ­дай­ларын жасау жұмыстарымен тиімді қам­тамасыз етілуі қажет. Осыған орай, ЕАЭО-ның халықаралық күн тәртібін іске асы­руға баса назар аударылады. Қазіргі таң­да бір­қатар мемлекет­термен сауда-эко­номи­ка­лық келі­сімдерге қол қою ту­ралы келіс­сөздер жүргізілуде. ҚХР, Үндістан, Иран, Сербия, Израиль, Моң­ғолия, Синга­пур се­кілді елдермен түрлі дайындық дең­ге­йінде ынтымақ­тастық мәсе­лелері ше­ші­луде. Келіссөздер жүргі­зудің қарқынына қа­ра­мастан, біздің салалар мен кәсіп­орын­дардың сұраныс­тары қанағаттан­дырылуы ке­рек. Бұл ЕАЭО елдерінің эко­но­мика­ла­рына инвести­циялар тарту мен экспорттық әлеуетті іске асырудың негізі болмақ.
Интеграциялық бірлестігі­міздің табысты болуы үшін әр еліміздің ширақ әрі қарышты дамуы керек деп есептейміз. Сол себепті, Қырғыз Респуб­ликасының ЕАЭО жағ­дайларына бейім­делуіне қолдау көрсету бойынша мақсатты құптаймыз. Біз желтоқсанда Қырғыз Республикасына тиісті көмекті көрсетуге қатысты келісім мен хат­тамаға қол қойдық, – деді Премьер-министр.
Бұдан өзге, Қазақстан арқылы тран­зитпен жүк тасымалдау кезінде сәй­кес­тендірілген темір жол тарифін мерзімінен бұрын ұсыну туралы келісімге қол қойыл­ғаны белгілі болды. Келісім биылғы жылдың қаңтар айында күшіне енген. Сарап­шы­лардың бағалауы бо­йынша, Келісім нормаларын мерзімінен бұрын қабылдау қырғыз жүк жіберу­шілеріне шамамен 60 млн долларды үнемдеуге мүмкіндік береді.
– Биылғы жылдың 1 қаңтарынан бастап, Қазақстан аумағы бойынша Қырғызстаннан Ресейге өткізуге рұқсат етілген тауарлар тізімі 86 қо­сымша тауарлар тобына ұлғай­тылды.
Ақпан айынан бастап, Қазақ­станның барлық аумағына ветери­нарлық бақы­лауға тиісті 46 тауарлар тобын тасуға рұқсат бері­ліп және Қазақстанның 5 об­лы­сының аума­ғына тасуға рұқсат берілген тауарлар тізімі 39 топқа көбейді. Осы­лайша, Қазақ­станға кіргізуге рұқсат берілген, ЕАЭО кәсіп­орындарының тізіліміне сай қырғыз кәсіпорын­дарында шығарылған қырғыз өнімдерінің тізімі 85 тауарлар тобына өсіп отыр.
Біз, сондай-ақ, Қазақстанға өз өнімдерін жеткізуге дайын Қырғыз­стан кәсіпорын­дарының тізімін белгіленген тәртіпте ұлғайтуға дайынбыз.
Өзара қолдау көрсету, ымыраға келу, тиімді шешімдерді табу қағи­даларына сүйенген біздің өза­ра қарым-қаты­на­сымыз Одақ­ты нығайтуға, оның тартым­дылығын әлемдік қоғамдастықта арт­тыруға мықты серпін болаты­нына се­німдімін, – деді Үкімет басшысы.
Отырыс қорытындысы бойынша өзара сауда мәселелеріне, интегра­циялық әле­уетке ие экономика салаларына, сауда ке­ліссөздері нәтижелеріне және басқа­ларына қатысты бірқатар бірлескен құжат­тарға қол қойылды.

Қаншайым БАЙДӘУЛЕТ

Бөлісу:

Пікір жазу


*