Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ: Біз – ананы, әйелді жоғары бағалаған халықпыз

644
0
Бөлісу:

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев әр салада жетістікке жетіп, қоғамның дамуына айрықша үлес қосып жүрген әйелдер қауымымен кездесті. «Көктем шуағы» атты дәстүрлі жиынға саясаткерлер, әскерилер, көпбалалы аналар, депутаттар, мұғалімдер, дәрігерлер, журналистер, ғалымдар, спортшылар мен өнер иелері қатысты.

Шақырылған ару­ларға Мемлекет бас­шысы жылы лебіз біл­діру арқылы барша қа­зақстандық қыз-келіншектерді құттық­тайтынын жеткізді. Сондай-ақ Қазақстан әйелдерінің қо­ғамдағы рөліне әр уақытта назар аударылып келе жатқанын баса айтты.
– Біз – ананы, әйелді әр уақытта құр­меттеп, жоғары бағалап өткен халықпыз. Батыр аналарымыз ел басына күн түскенде ерлермен бірге қолына қару алып, Отанын қорғаған. Ел үшін ер-азаматтармен бірге жауға шапқан, баяғыдан бізге белгілі Бопай ханым, Хиуаз, Әлия, Мәншүктер өшпес ерліктерімен елдің санасында қалғанын бәріміз білеміз. Қазақ әйелдерінің ара­сында зор құрметке бөленген үлкен ана­ларымыз Домалақ ана, Айша бибі, Айға­ным ханым, Зере әже­леріміз парасаттың символы болып сана­лады. Бүгінгі Қазақ­стан әйелдері – сол парасатты жалғас­тыратын, жолын жал­ғайтын ізбасарлары. «Әйел – үйдің қазығы» деп әйелін құр­меттеген халықпыз. «Қыз өссе – елдің көркі» деп қызын құрметтеген халықпыз. Ұлы далада қилы заманнан келе жатқан игі дәстүр қазір де жалғасуда.
Бүгінде Қазақстан әйелдері еліміздің дамуына айрықша үлес қосып отыр. Адам­заттың нәзік жанды өкілдері ел экономи­касының түрлі саласында, сонымен қатар мемлекеттік қызметте, ғылымда, жеке биз­несте, білім беру мен денсаулық сақтау саласында еңбек етуде. Елімізде мемле­кеттік қызметшілердің 55 пайызын әйелдер құрап отыр, – деді Қазақстан Президенті.
Елбасы мемлекет жүргізіп жатқан демографиялық саясаттың аспектілеріне тоқталып, ана мен балаға қолдау көрсету және оларды қорғау мәселелеріне назар аударды.
– Биыл менің тапсырмаммен 2030 жылға дейінгі отбасылық және гендерлік саясат тұжырымдамасы іске асырыла бас­тайды. Шілде айында бала тууға бай­ланысты төленетін жәрдемақы көлемі 20 пайызға өседі. Жыл сайын ана мен балаға қарастырылған қаржылық қолдау шығын­дары 160 миллиард теңге болып отыр. Оған қоса ата-аналарға 120 миллиард теңге Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры есебінен төленіп келеді. Соңғы он жылда біз ана өлімін 3,7 есеге, бала өлімін бір жарым есеге дейін төмендетуге қол жет­кіздік, – деді Мемлекет басшысы.
Бұдан бөлек, Нұрсұлтан Назарбаев еліміздегі гендерлік саясатты нығайтуға ба­ғытталған бірқатар міндетті айқындап берді. Оның ішінде отбасы институтын ны­ғайту басты міндеттің бірі болып са­налады.

Бұл орайда Елбасы Қазақстанда ерлі-зайыптылардың жауапкершілік арқалауға дайын болмауының салдарынан некеге тұрған әрбір үшінші жұптың ажырасып жатқаны жөнінде мәлімет келтірді.
– Қазір елімізде ата-ананың тек біреуінің ғана асырауындағы толық емес жарты миллион отбасы бар. Бұл мәселені шешу жөнінде шаралар қабылдау қажет. Ер-азаматтар ашуланса – сабырға, араз­дасса – татуластыққа шақырып, елді берекелі ету сіздерге байланысты. Бір әңгіме естіп едім. Шағын қалада көрші екі отбасы тұрыпты. Бір қабырғаның ар жағында – біреуі, бер жағында – екіншісі. Бір үйде тып-тыныш, үнемі күлкі, әдемі әңгіме болса, бір үйде күнде ұрыс, төбелес болып жатады екен. Бірде жаңағы ұрыс бола беретін үйдің әйелі күйеуін көр­шілерді байқап келуге жұмсапты. Ол жасырын барып, сығалап қарап отырады. Сөйтсе көршінің әйелі еден жуып жатыр екен. Үстелдің үстін жуып жатып қымбат вазаны шетке қарай қояды. Осы кезде күйеуі келіп, киімін шешіп, үстелдің жа­нына барған кезде қымбат вазаны құла­тып сындырады. Сығалап отырған көр­шісі қазір төбелес-ұрыс басталады деп ойлайды. Алайда күйеуі әйеліне келіп кешірім сұраса, әйелі: «Егер де вазаны үстел шетіне қоймасам, ол сынбас еді» деп ол да күйеуінен кешірім сұрайды. Осыны көріп үйге келген одан әйелі не болды деп сұрайды. «Олар бір-бірінен кешірім сұрап, қателігін айтады екен. Біз кешірім сұрамақ түгілі, бір-біріміздің кемшілігімізді мойындамаймыз» деген екен. Сондықтан кешірімді болуы екі жақ­тан да қажет нәрсе. Отбасының амандығы, тыныштығы ел үшін де керек, – деді Қазақстан Президенті.
Сонымен бірге, Мемлекет басшысы балаларға қатысты кез келген зорлық-зомбылықты жойып, өскелең ұрпақ тәр­биесін арнаулы үйірмелер мен мекеме­лерде патриоттық сезімді күшейту арқы­лы қамтамасыз ету қажеттігіне назар аударды.
– Төрт жылда бір рет олимпиада жеңімпаздары жетекшілік ететін Бүкіл­қазақстандық балалар олим­пиадасын өткізу мүмкіндігін қарастыруға болады. Тағы бір мәселе – әйелдердің орташа кіріс деңгейі еркектермен салыстырғанда әлі күнге дейін үштен бір мөлшерге төмен. Мұндай жағдайдың орын алуы­ның басты себебінің бірі – Үкімет бекіткен Әйелдер еңбегін қолдануға тыйым салын­ған жұмыстар тізімі, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Елбасы гендерлік саясаттың ба­сым­дығы бар бір бағыты ретінде аналар мен ба­лалар үшін қолайлы орта қалып­тас­тыру, сондай-ақ анаға деген сый­ластық мәде­ние­тін жандандыру қажеттігін айтып өтті.
– Бәлкім, балалар үшін жалпыұлттық ашық есік күндерін өткізіп отыру керек болар. Құрметті ханымдар, сіздердің қол­дауларыңызбен біз барлық жоспа­ры­мызды іске асыра аламыз деп үміт­тенемін.
Елімізде еңбек етемін деген жанға барлық жағдай жасалып жатыр. Ең бастысы, ел іргесі тыныш, татулық пен тұ­рақтылық бар. Бұл – ең маңызды мәселе. Бүгінде жер жүзінде БҰҰ-ның мәліметтері бойынша 1 млрд-қа жуық адам аштықтан азап шегуде, 3 млрд адам тақыр кедей, 16 млн адам құлдықта өмір сүреді. 65 млн адам босқын. Шыбын жаны үшін жат жерде бас сауғалап жүр, оның жартысы жастар мен сәбилер, – деді Қазақстан Президенті.
Мемлекет басшысы қазіргі саяси жаңғыру үдерісі барысында әйелдердің зор рөл атқаратынына сенім білдірді.
– Мыңдаған жаңа жұмыс орны жыл сайын ашылып жатыр. Еңбек етемін деген жанға барлық мүмкіндік жасалып жатыр. Біз – тәубесінен жаңылмаған елміз. Барды бағалап, көздің қара­шы­ғындай сақтай білген халықпыз. Ары қа­рай да осыны сақтай білуіміз керек. Тату елде тақсірет болмайды, – деді Елбасы.
Кездесу барысында Солтүстік Қазақ­стан облысы Возвышенко орта мектебінің директоры Ирина Седова Елбасы Нұрсұл­тан Назарбаевқа домбыра сыйлады.
Солтүстік Қазақстан облысының Возвышенко ауылынан келіп отырмын. Бізді алыс ауылдардан, еліміздің түк­пір-түкпірінен шақырып, осындай шуақ­ты кездесу ұйымдастырғаныңыз үшін сізге алғысым шексіз. Бұл – біз үшін ұмытылмас тарихи оқиға. Құрметті Нұр­сұлтан Әбішұлы, менің қазақ тілін білуім тағдырыма ерекше әсер етті. Қазіргі таңда өзім білім алған мектептің директорымын әрі сонда қазақ тілінен сабақ беремін. Енді ағылшын тілін үйреніп жүрмін. Мемле­кет­тік тілді білу – әрбір азаматтың парызы десек, өзге тіл­ді білу – өзің үшін керек. Сондықтан Сіздің үш тілді білім беру бастамаңызды қолдаймын.
Аса құрметті Елбасы! Қазақтың шар­шағанын басатын да, жан сарайын аша­тын да қасиетті домбыра. Сіздің дом­бы­раны жақсы тартатыныңызды бәріміз де білеміз. Мен сізге 9 пернесіне Қазақ­стан­дағы 9 миллион әйелдің өзі­ңізге деген ықыласы сыятын домбыра сыйлағым келеді, – деп тарту-таралғысын ұсынды.
Халықаралық және республикалық конкурстардың лауреаты Мария Галиц­кая гитарамен екі ән орындады. Елбасы жас әншіге алғысын білдіріп, Алматыда өткен Универсиаданың чемпионы Анна Шевченкоға сәттілік тіледі.
Естеріңізге сала кетсек, кездесуге Мемлекеттік хатшы, Президент жа­нын­дағы Әйелдер істері және отбасылық-де­мо­графиялық саясат жөніндегі ұлттық ко­миссия төрайымы Г.Әбдіқалықова, Пар­­ламент Мәжілісінің депутаты, Бала құ­қықтары жөніндегі уәкіл З.Балиева, Ұлт­тық экономика вице-министрі М.Әбіл­­қасымова, микробиолог-ғалым Ә.Ер­­назарова, биатлоннан «Алматы – 2017» Универсиадасының жеңімпазы А.Шев­ченко, Возвышенко орта мек­тебінің ди­ректоры И.Седова, «Жас Ата­мекен» жас кәсіп­керлер клубының прези­денті З.Көк­жанова, ақын Т.Қа­былша, Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер акаде­миясының магистранты М.Галиц­кая, «Теңізшевройл» жауап­кершілігі шек­теулі серіктестігі Адам ресурстары басқар­ма­сының бас ме­неджері Ш.Алты­­баева, аудандық ауру­хананың бас дә­рігері Қ.Ра­зиева, «Астана балет» теат­ры­ның же­текші балеринасы М.Буканова, көпбалалы ана О.Мұқа­шева, қобыздан халықаралық бай­қау­лардың жеңімпазы А.Тәжібаева, Кәме­летке толмағандар ісі жөніндегі ма­ман­дандырылған ауданара­лық сот төрайымы Н.Раззақ, Абай атын­да­ғы Қазақ мемлекеттік акаде­миялық опе­ра және балет театрының әншісі О.Да­вы­денко, Қазақстан Рес­публикасы Қарулы Күштерінің Па­ра­шютпен секі­руге да­йын­дау орталығының аға маманы Р.Рама­за­нова, актриса С.Ба­қаева және га­зе­тіміздің Маңғыстау облысындағы мен­шікті тіл­шісі В.Мирланқызы қа­тысты.
Соңынан Мемлекет басшысы мен әр өңірден жиналған нәзік жандар «Әлемнің жарығы» атты салтанатты концертті тамашалады. Мерекелік бағ­дарламада отандық эстрада артистері өнер көрсетті.

Әмірлан МӘУЛЕН

Бөлісу:

Пікір жазу


*