«Әліппе» нөлдік санаттарда оқытылады

551
0
Бөлісу:

Білім және ғылым министрі Е.Сағадиев мұғалімдердің жалақысын көтеру қажеттілігін мойындады. Кеше Үкімет үйінде БҒМ басшылығының қатысуымен баспасөз-конференциясы өтті. Ол Елбасының биылғы Жолдауын жүзеге асыру барысына арналды. Жиында, сондай-ақ министр өзінің отставкаға кетуін талап еткен қоғам белсенділеріне де жауап берді.

– Педагогтардың жалақысы төмен дегенге келісемін, – деді министр Ерлан Сағадиев. – Біз мұны түзету бағытында жұмыс жасап жатырмыз. Барлық жаңа­лықты, соның ішінде қаржыға қатыс­тыларын да педагогтармен, Үкіметпен және Мәжіліспен талқыға салуымыз керек. Біз сағаттар санын қысқарту, бірақ бала­бақшалар, мектептер және ЖОО-лардағы жеке секторды кеңейту есебінен, ұстаз­дардың жалақысын 2017 жыл бюджеті аясында көтере аламыз деп үміт­тенудеміз. Педагог мамандығының келешегі зор.
Оның мәліметінше, таяу уақытта Қа­зақстанға балабақшалар, мектептер және жоғары оқу орындары үшін 200 мыңдай жаңа педагог қажет болады. «Бұл жыл сайын жаңа жұмыс орын­дарын құратын сала саналады» деді министр.
Министрлік дерегінше, Қа­зақстанда мұ­ғалімдердің шамамен 7% зейнеткер­лікке шығар жасқа таяп қалды. Жыл сайын шама­мен 25 мың жаңа педагог әзірленеді екен. Ведомство бұл санды ұлғайтуға күш салуда.
«Педагогикалық мамандықтар бойын­­ша магистратураға және бакалавиатқа 3 мың көлем­де қосымша білім беру грант­­тарын бөлуді ойластырудамыз. Қа­зір бұл мәселе бойынша ақырғы ше­шім педаго­гикалық ЖОО-лармен және кол­ледж­дермен талқыға салынуда», – деді Ерлан Сағадиев.
Журналистер жеке бала­бақшаларда да білікті тәрбиешілер тапшылығын алға тар­тып, олар үшін осы мамандарды мемлекет есебінен даярлау мәселесін көтерді. Мұн­дай ұсыныспен министрге балабақша басшылары да жүгініпті.
– Балабақшалар да, тәрбиешілер де жетіспейді. Біздің міндетіміз – 3-пен 6-жас аралығындағы барлық балаларды мектепке дейінгі білім берумен қамту. Ол 2016-2019 жылдарға арналған білім берудің мемлекет­тік бағдарламасында көзделген. Бірақ біз барлығы үшін мемлекеттік балабақшалар тұрғыза алмаймыз. Егер сіздер жеке ба­лабақшалар үшін мемлекеттің тәрбиешілер даярлауын дұрыс көрсеңіздер, бұл мәселені Пар­ламентте көтерулеріңіз керек, өйткені мемлекет бюджетін бе­кітетін соңғы орган да сол! – деді министр.
Оның нақтылауынша, жеке сектор үшін бюджет арқылы тәрбиешілер әзірлеу туралы шешім қабылданбаған. Министр алдымен өтініштерді жинап, қанша тәр­биешінің біліктілікті арттыру курстарын өткісі келетінін білу қажет, содан кейін мәселені қайтадан көтерген жөн деген ойда. Сонымен бірге, ол білім грантына оқыған педагогтар жеке бала­бақшаларға жұмысқа тұрса, олардан оқуға кеткен бюджет қаржысын кері қайтару талап етілмейтінін де қосты. Жалпы, ма­мандардың сапалы құрамын жақсарту үшін балабақшалардың педагогтарына ар­налған бірыңғай даярлық бағ­дар­ламасы әзірленіпті.
БҒМ басшысы мемлекеттің кәсіп­керлерді балабақша ашуға ынталандырып жатқанын еске салды. Бұл үшін мемлекет пен жекенің әріптестігі тетіктері қолданылуда. Нәтижесінде, 2016 жылы 77 мың орындық 825 мектепке дейінгі мекеме ашылса, оның 600-і жеке балабақша болған. Осының арқасында 3 жастан 6 жасқа дейінгі балаларды балабақшамен қамту деңгейі 2%-ға өсіп, 85%-ға жетті. БҒМ осы үрдіске бизнес бас­та­маларды тарту жұмысын әрі қарай жалғас­тырмақ.
Министр сондай-ақ балабақшаға кезекке тұру үдерісін тәртіпке келтіріп, сыбайлас жемқорлыққа жол бермеу қажеттігіне екпін түсірді: «Кезекке тұру бізде авто­матты түрде жүргізіледі, алайда орындарды бөлуді облыстық білім беру бөлімшелері қолмен жүргізеді. Бұл белгілі бір қиындықтарды туындатып, азаматтар тарапынан наразылық тудырады», – деді Е.Сағадиев.
Осы орайда ведомство барлық қалалық кезектерді бірыңғай, ортақ республикалық кезекке біріктіруді жоспарлап отыр. Ал балаларды балабақшаларға бөлу жүйесі автоматтандырылады. Бүгінде Астана, Алматы, Қарағанды және Костанай әкімдіктері өздерінің ішкі бағ­дарламаларын әзірлеген. Оларды министрлік талдай келе, ішіндегі ең үздігін бүкіл республикаға таратады. «Бұл міндет оңай емес, дегенмен жарты жыл-бір жылдың ішінде орындауға болады. Сол кезде бізде бәрі айқын әрі әділетті болады» деп уәде етті Ерлан Сағадиев.
Ол 2017 жылы 1 мыңнан астам мектепте бірыңғай оқу бағ­дарламасы мен базалық оқулықтары бар нөлдік сыныптар пайда болатынын хабарлады. Бұл сыныптарда балалар алфавитті «Әліппе» мен «Букварь» бойынша оқиды.
«2016 жылы 1-сыныптарда бірыңғай бағдарлама мен бірыңғай базалық оқулық енгізілгеннен кейін мұғалімдер белгілі бір қиындықтарға тап болды. Мектеп та­балдырығын жаңа аттаған оқушы­ларының 80%-ы жүгіртіп оқи алса, ал 20%-ы әріп те танымайды. Сол себепті, сыныптағы барлық бала бүкіл бағдарламаны басынан бастап өтуге мәжбүр. Осыған байланысты мек­тепке дейінгі дайындыққа да бірыңғай оқу бағдарламасын енгізу қажеттілігі туындады. Бұл жаңашылдық енгізілгеннен кейін балалар 1-сыныпқа бірдей дайын болып келеді деп күтілуде» деген
Е.Сағадиев «нөлдік сыныпты» мектепте, сондай-ақ балабақшада өтуге болатынын нұсқады.
Депутаттар мен қоғамның бір бөлігі тарапынан сынға ұшыраған «Сауат ашу» оқулығы екі кітапқа бөлінбек: нөлдік сыныпқа – «Әліппе», ал бірінші сыныпқа «Ана тілі» деп аталады.
Бір топ қоғам қайраткерлері мен блогерлер ғаламторда Білім және ғылым министрінің рефор­маларымен келіспей, оның отстав­касын талап еткен болатын. Министр бұл идея авторларымен де, олардың талаптарымен де таныс емес екенін айтты: «Мен әлеуметтік желілерде тіркелмегенмін. Егер ондай мәлімдемелер бар болса, мүмкіндік тауып, жауап берер­мін» деген ол өзіне қарсы пікір білдіріп жүрген адамдарды оқулық бойынша комиссия жұмысына қатысуға шақырды.
Білім және ғылым вице-министрі Асланбек Әмрин ақпарат құралдары өкілдерінің сұрағына жауап бере келе, министрліктің басшылық құрамынан былтыр 28 тұлғаның жұмыстан шы­ғарылғанын мәлім етті. Олардың кейбірі өз еріктерімен кетіпті, енді бірі зейнеткерлік жасқа жеткен. Ми­нистрліктің штаты 306 қызметкерден тұрады екен.

Елдос СЕНБАЙ

Бөлісу:

Пікір жазу


*