Гауһар қыздың Құрманжаннан несі кем?

1155
0
Бөлісу:

Өткен ай­­дың ортасында Мюнхенде әлемнің қауіпсіздігі жөнінде конференция өтті. Онда қозғалған мәселе белгілі. Адамзаттың амандығы, тыныштығы, бейбіт өмір сүруі, қауіп-қатерден ада болуы. Бұған мемлекет басшылары, халықаралық ұйымдардың жетекшілері, аузы дуалы сарапшылар, саясаткерлер қатысты. Ұзын ырғасы бес жүзден астам. Айтқымыз келгені – адамзат үшін өзекті мәселе болып отырған жиын емес. Осы алқалы жиында қаға берісте болған бір жағдайды тәмпіштегіміз келді. 

Конференцияға Қырғызстан президенті Алмазбек Атамбаев та барған еді. Сапар шеңберінде ол ФРГ канцлері Ангела Меркельмен кездесті. Әңгіме екі ел арасындағы қарым-қатынас жөнінде өрбігені белгілі. Кездесу барысында Атам­­баев Меркельдің кеудесіне «Құр­манжан датқа» атындағы орденді тақты. Бұл орден Қырғызстан тарихында пайда болған жаңа орден һәм «Манас» орденінен кейінгі марапат. «Құрманжан датқа» ордені бірінші болып Мер­ке­льге ұсынылып отыр. Кездесу аясында Атамбаев Меркельге «Құрманжан датқа» жөнінде қысқаша баяндап өткені анық. Орденнің маңыздылығы сол, ол тек мемлекетке аса үлкен ең­бек сіңірген қайраткерге ғана беріледі. Сондай-ақ орденмен екі елдің байланысын нығайтуға күш салған, достық рәуіштегі шетел азаматы да марапатталады. Ендігі әңгімеміздің әлқисасын бастамай тұрып, Құрманжан датқа кім, соны тілге тиек ете кетелік. Құрманжан – қырғыз елінің мемлекет және әскери қайраткері. 1832 жылдан 1876 жылға дейін қырғыздың алай тайпасының басшысы болған. Оны кей кезде «Алай патшайымы», «Оңтүстік ханшайымы» және «Ұлт ана­сы» деп те атайды. Қоқан хан­ды­ғы мен Бұхар әмірлігі оған дат­қа (патшайым) деген атақ берді. Сонымен қатар Ресей империясының полковнигі деген шені тағы бар. Ол Алай тауының етегінде дүниеге келді. Оның билікке келуі де қызық. Құрманжан он сегізге келгенде өзінен екі есе үлкен адамға тұрмысқа берілген. Бірақ сүймеген әрі қартаң адамға шыққанына күйінген ол, барған жерін тастап кері қашады. Біраз жыл үйде болған Құрманжанды датқа деген аты бар, алайдың ірі байы Әлімбек әйел қылып алады. Құрманжан оған алты ұл туып берді. Әлімбектің жан жары бола жүре, ел басқаруға қолдан келгенше көмек берді. Өзі де тәжірибе жинақтады. Әлімбек пен Құрманжан жиырма тоғыз жыл бірге өмір сүрді. Әлімбек Қоқан хандығының қастандығынан аяқ­­асты қаза болды да, бар билік Құрманжанның қолына өтті. Ол тек алай жұртын басқарып қойған жоқ. Он мыңдық жасаққа да қолбасшылық жасады. Қоқан ханы Құдияр аса ақылды һәм ер жүрек Құрманжанмен амалсыз санасты. Тіпті «датқа» деген атақ­ты беруге мәжбүр болды. Бір сөз­бен айтқанда, Құрманжан шы­ғыс­­тағы мұсылман әйелдерінің арасынан шыққан санаулы мемлекет басшыларының бірі болды. Ол сарбаздарын жинап, Ақ патшаның басқыншылық әрекеттеріне де қарсы тұрды. Елінің, жерінің азаттығы үшін ұзақ күресті. Ақыры күш тең болмаған соң, ымыраға келді. Иә, Құрманжан датқа осындай адам еді. Содан болар, қырғыз халқы әлі күнге оны құрмет тұтады. Қыр­­ғыздың әйелден шыққан үл­кен қайраткері, мемлекет бас­шысы санайды. Ол жөнінде жүздеген мақалалар, шығармалар жазылды. Зерттеулер дүниеге кел­­ді. Көркем фильм түсірілді. Ен­ді міне, «Манастан» кейінгі ірі мемлекеттік марапаттың біріне айналып отыр. «Елім» деп өткен датқаның ұмытылмағаны, рухтың оянғаны деген – осы. «Құрманжан датқа» орденін Еуропаның ең ірі әлеуетті мемлекетінің бас­шы­­сы Меркель алғашқы болып иеленді. Құрманжанның аты Кәрі құрлыққа кетті. Бұдан ар­тық бақыт бар ма? Азғантай ғана қырғыздың елі үшін орасан еңбек еткен арысын ардақтап, дәріптеп жатқанына қызыға да қызғана қарайсың. Амал нешік, елге қорған, тұлға болған әйелдер қазақта да бар. Бірақ оларды біз Құрманжанның деңгейіне жеткізіп дәріптей алдық па? Ең құрығанда, орден қала беріп, медаль атын бердік пе? Бұл да – басты мәсе­ле­нің бірі. Иісі қазақтың өз тұсында аты шыққан белгілі қыз-келіншектері жетерлік. Көне тарих жүлгегіне көз салсақ, сақ, ғұн, түркі қағанаттары тұсында өмір сүрген, еліне қорған, басшы болған Томирис, Зарина секілді қолбасшы ханшайымдардың орны бір төбе. Әрине, оларды тек Алаштың сайыпқыран қыздары деуден аулақпыз. Олар көшпелі түркі жұртына ортақ тұлғалар. Алаш тарихында мемлекет бас­­қармаса да, ру-тайпаларға басшылық жасаған, жасанған жауға ерлермен бірге шапқан, дау-дамайларға төрелік айтқан қыз-келіншектер жетерлік. Мәселен, жоңғар шапқыншылығы кезіндегі қазақтың бас сардары, ұлы қол­басшы Қара керей Қабанбай батырдың жары – Гауһар қыз. Гауһар Тоқтауылқызы – арғын Ма­лайсары батырдың туған қарындасы. Ол жастайынан құ­ра­­­­­лайды көзге атқан мерген, аса ақылды һәм ержүрек болып өсті. Елге жау тиген кезде ер­лер­­мен тізе қосып соғысты. Ол тарихта Қабанбай, қанжығалы Бөгенбай, Жасыбай батырлардың тобында талай мәрте жауға шапты. Түркістан шаһарының маңында болған атақты шайқаста Гауһар жау қолының қанша және қай ба­ғытқа бет түзегенін біліп, қа­зақ жасақтарына дер кезінде хабар берген. Соның арқасында қазақтар жоңғарларды жеңді. Қабанбай мен Гауһардың қызы – Назым да әке-шешесіне тартқан жаужүрек болып өскені тарихтан белгілі. Абылай хан бастаған қа­зақ қолдары Түр­­кістан мен Сыр бо­­йындағы шаһар­лар­ды азат ету кезінде талай мәрте ер­лік көр­­­сетіп, көзге түсті. Ол үшін Абы­лай хан алтыннан соққан белдігін сыйлапты деген де сөз бар. Қазақтың батыр қыздары тек Гауһар мен Назым ғана емес. Ондап, жүздеп саналады. Солар­дың бірі – Бопай. Ол – Ресей басқыншылығына қарсы Ұлт-азаттық көтерілісті бастаған (1838 – 1847) қазақтың соңғы ханы Кенесарының қарындасы. Бопай Ке­несары жүргізген саясатқа бел­сенді араласты. Жасаққа қол­бас­­шылық жасады. Тек батыр ғана емес, қажет жерінде сөз та­­­уып кететін шешендігі де бар еді. Әрине, тізе берсек әр ке­зең­де Алаш баласы үшін жаумен тірескен батыр апаларымыз, ру-тайпаға көсемдік еткен ақылман апаларымыз көп. Өткен-кеткен тарихқа үңілсек, Домалақ ана, Қызай ана, Айша бибі, Қарашаш ана, Рәбиға Сұлтан бегім, т.б. болып кете береді. Осы жерде қазаққа бөтен емес, Сүз­ге сұлуды да айта кеткен жөн. Сі­бір хандығын, яғни, Көшім хандығын қазақтың бір бөлігі деп қарайтын болсақ, Сүзге ханым бізге бөтен болмайды. Ол жөнінде Уикипедияда мынадай дерек келтірілген:
Көрiктi, сұлу әйелiне арнап Көшiм хан Ертiстiң бойынан ағаштан Сүзге-Тұра қалашығын салдырған (қазiргi Ресейдегi Тобыл қаласының маңында). Қалашықты екi жағынан Ертiс өзенi, алдынан терең жыра қорғап тұрған. Жыра арқылы көпiр салынған. Көшiм хан жұма күнгi намаздан кейiн осында келетiн. Сүзге ханымның Сiбiр хандығы құлағаннан кейiнгi тағдыры әртүрлi айтылады. Бiр аңыз бойынша ол 1598 жылы 20 тамызда Сiбiр хандығы күй­ре­ген күнi тұтқынға алынып, Көшiмнiң басқа әйелдерiмен, балаларымен бiрге Мәскеуге аттандырылған. Онда ол ертерек тұтқынға түсiп, орыс патшасына қызмет етiп жүрген Көшiм хан­ның жиенi Мұхаммедқұлға қо­сыл­ған. Басқа аңыз бойынша Сүзге хандық құлағаннан кейiн өз қалашығын бекiттiрiп, бiр ай­ға дейiн жауға берiлмей со­ғыс­­қан. Күш таусылғанда ол орыстарға «Шығып кетуге мүм­­кiндiк берсеңдер, қамалды сен­дер­ге тастаймыз» деген шарт қоя­­ды. Орыстар оған келiседi, бi­рақ Сүзгенiң қалуын талап ете­дi. Жауынгерлерiнiң өмiрiн сақтап қалу үшiн Сүзге бұл шартты қабылдайды. Қорғаушылар кемеге мiнiп, көзден ғайып болғанда, басқыншылар қалаға кiредi. Олар үлкен емен түбiнде жасаулы киiм киiп, қолына қанжар ұстаған Сүзгенiң өлi денесiне тап болады». Мұны ерлік демей не дейміз?! Кө­шімнің өзі шегініп кеткенде, қа­лада қалып, шағын жасақты бас­қарып, бір ай бойы жаумен кес­кілесуге кез келген еркектің ру­хы жете бермесі анық. Сүзге ха­ным от қарулы басқыншыға қарсы тұрды. Тіресті. Демек, Сүзге ханымның ныспысы жадымызда жаңғырып тұру үшін бүгінгі ұр­пақ бір іс-шара жасауы тиіс-ақ. Сондай-ақ он тоғызыншы ға­сыр­­­дың ортасында Тарбағатай та­­уының теріскей тұсында қаптай отыр­ған найманның бір бөлігі –
сыбан руына көсемдік еткен Сәлима ханымның аты еш жерде аталмайды. Бір рулы елге ширек ғасыр басшылық еткен Сәлима ханым Балқашқа келіп қыстап жатқан Кенесарыға көмек ретінде он бес түйеге артып азық-түлік, мініске деп үш үйір жылқы, жүз­дей аламан аттандырған. Бұл жөнінде қазір ешкім айтпайды, жазбайды. Жалпы, ұзын сөздің тобықтай түйіні, аты аталғаны бар, аталмағаны бар, иісі қазақ үшін жан беріп, жан алысқан, қазақтың аман қалуына, мем­ле­кет болып бекуіне үлкен ең­бек сіңірген қыз-келіншектер жеткілікті. Неге солардың бәрін болмаса да, бірнешеуін іріктеп алып, елдің есінде қалатындай етіп дәріптемеске?! Неге қыр­ғыз­дар секілді мемлекеттік мара­паттардың бірнешеуін солардың атында шығармасқа?! Кім бөгет? Ат ауыздығымен су ішкен, ер етігімен су кешкен зар заманда ерлермен бірге жауға ұрандай шапқан Гауһар қыздың Құрманжаннан несі кем? Бұл да – бір ойланатын шаруа.


Талас ОМАРБЕКОВ, тарихшы:
– Бірден айтайын, қазақта Құрманжан датқадай мемлекет бас­қарған әйел болған жоқ. Неге? Себебі, мынау: қазақ – ежел­ден мемлекет болған, хандық басқарылымда болған жұрт. Хандық тақ анадан қызға емес, атадан балаға беріліп отырды. Сондықтан мемлекет басына әйел адам келмеді. Әрине, хандардың, батырлардың мықты ақылшы, кеңесші, жаужүрек жарлары бол­ды. Бірақ бізде алдыңғы орынға тек ер-азаматтар шығып отырды. Қырғыздарды хандар емес, манаптар басқарды. Олар ерді де, қажет болса, әйел адамды да тыңдады. Сондай бір кезеңдерде қырғыз билігіне Құрманжан кө­­те­­рілді. Рас, ол өте ақылды, данышпан жан еді. Сонысымен халыққа жақты. Қырғыз біткен оны «Ұлт анасы» деп таныды. Бізде де әр кезеңде мықты қыз-келіншектеріміз болды. Бірақ олардың қай-қайсысы да мемлекет басқару деңгейіне көтеріле алған жоқ. Сондықтан олардың атынан орден-медаль шығару қажет емес.

Сайын БОРБАСОВ, саясаттанушы:
– Алаш тарихында батыр әрі қасиетті аналарымыз көп болған. Оларды өз деңгейіне жет­кізіп дәріптей алмай жат­қан секілдіміз. Құрманжан дат­­қаны көкке көтеріп, кино түсіріп, орден шығарып жатқан қырғыздардан үлгі алуға болады. Тым арыға бармай-ақ, бертінгі өнер саласында өзіндік сара жолы бар Күләш Байсейітова атында, әскери салада жүрген қыздарымызға арнап Әлия мен Мәншүк атындағы ордендер шығарып жатсақ жаман ба?! Бұл қайта жас ұрпаққа өнеге-үлгі болмақ. Әйел адамдардың қоғамдағы рөлін күшейтеді, белсенділігін арттырады, отан­шыл­­­дығын қуаттайды. Бұдан ұтпасақ, ұтылмаймыз.

Сейсен ӘМІРБЕКҰЛЫ

Бөлісу:

Пікір жазу


*