ОТАНЫМЫЗДЫҢ БАСТЫ ҚҰЖАТЫ КЕМЕЛДЕНЕ ТҮСТІ

214
0
Бөлісу:

Қадірлі қауым!

Құрметті қазақстандықтар!

Біз бүгін мемлекетіміз үшін мәні зор тарихи шешімнің жүзеге асатын сәтіне куә боламыз. Мен Конституцияға өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заңға жария түрде қол қойғалы тұрмын.

Бұл – қазіргі басқару жүйесін жаңғыртуға бастайтын маңызды қадам.

Заң билік тармақтары арасындағы қарым-қатынасты конституциялық деңгейде теңгерімді етуге бағытталған. Оның жобасы бір ай бойы қызу қоғамдық талқылаудан өткенін білесіздер. Соның нәтижесінде жұртшылық тарапынан 6 мыңнан астам ұсыныс келіп түсті.

Арнайы құрылған жұмыс тобы бұл ұсыныстардың барлығын сараптап қарап, бір тұжырымға келді.

Біз көпшіліктің Ата заңдағы 26-бапқа өзгеріс енгізу жөніндегі ұсынысқа қатысты пікіріне ерекше мән бердік. Ұсыныстардың бәрі мұқият қаралған соң мен түпкілікті жобаны Парламент қарауына енгіздім.

Парламенттің бірлескен отырысында екі рет қаралып, қабылданған бұл заң билік тармақтары арасында өкілеттіктерді қайта бөледі. Сол арқылы заң шығарушы билік пен Үкіметтің мемлекеттік басқару жүйесіндегі жаңа рөлі айқындалады.

Біз өкілді органның құзырын кеңейтіп, Үкіметтің дербестігі мен жауапкершілігін арттырдық.

Мен қоғамдық талқылауға белсене атсалысқан ел азаматтарының бәріне шынайы ризашылығымды білдіремін. Сондай-ақ, жұмыс тобына зор алғыс айтамын. Жұмыс тобына мемлекеттік қызметшілер, Парламент депутаттары, заңгерлер, университеттер басшылары қатысты. Парламент депутаттары көп ұсыныс енгізіп, нақты жұмыс істеді. Барлық шаралар үшін рахмет айтамын. Заңмен жұмыс жүргізіп, маңызды міндет атқарған Парламент депутаттарына да көп рахмет. Осылайша, Отанымыздың басты құжаты кемелдене түсті.

Конституциядан кейін қолданыстағы заңдарға өзгерістер енгізіледі. Осыған орай тиісті жұмыстар жүргізіледі.

Енгізілген заңды мен Конституцияның талабы бойынша Конституциялық кеңеске жіберіп, бұл заңның Конституцияға және Қазақстанның заңдарына сай екені жөнінде тағы да дәлелдеме алдым.

Енді заңға қол қойып, іске асыруға болады.

Астана қаласы,

2017 жылғы 10 наурыз

Бөлісу:

Пікір жазу


*