МУЛЬТФИЛЬМ ДЕ – САЯСАТ

603
1
Бөлісу:

Осылай демеске амалымыз жоқ. Соңғы жылдары шығып жатқан мультфильмдердің дені саясаттан алыс емес. Қоғамның шынайы бейнесін көрсетуді аниматор мамандар да басты мақсат етіп алған сияқты. Анимациялық фильмдерді тәрбие құралының бірі деп санасақ, онда ол мейірімділікке, достық пен бақытқа үндеуі тиіс емес пе еді? Бүгінгі мультфильмдер нені насихаттап жүр?

Идеал кім:
Машаны бүлдіршіндер неге жақсы көреді?
Бүгінгі мультфильмдер желісі көбінде атыс-шабыс, төбелестен тұрады. Олай болмаса, балалардың көңілі көншімейді. Әсіресе, «құбыжық» кейіпкерлер әрбір бүлдіршіннің сұлулық символына айналып барады. Мәселен, «Аю мен Маша» мультфильмін алайық. Машаны көріп, сүйсінбейтін бала жоқ. Фильмде Маша үнемі аюдың мазасын алып жүргені. Мұның өзекті мә­селе екеніне ата-ана да, қоғам да мән бермей отыр. Мұндай туынды­лардың дені бала психикасын бұзуға әкеледі. Мұны психологтар да растап отыр.
Біріншіден, Маша болғысы келетін бүлдіршіндер көп. Оның әрбір іс-әрекеті оның көз алдынан өтіп жатыр. Ата-аналардың көбі балаларына «Маша мен аюды» қосып беретіні жасырын емес. Одан баласы зардап шегіп жатқанын ескеріп отырған ешкім жоқ. Қалауы – жан тыныштығы.
Бала тұрмақ, үлкенді де үйіріп ала жөнелетін Машаның әрекеті былай қарасаңыз, қауіпті емес секілді. Ресейлік мультипликаторлардың ісіне тәнті болмасқа шараң жоқ. Бірақ оның астарына тереңірек үңілсеңіз – бұзақылық, тәрбиесіздік жатқанын бірден байқайсыз.
«Құбыжық» мультфильмдерден соң, «құбыжық» қуыршақтар да көбейді. Бүлдіршіндер де осындай ойыншыққа әуес келеді. Өйткені ол – санасында жатталып қалған, жақсы көре­тін кейіпкерінің бейнесі. Мұн­дай қуыршақтардың ең арзаны – 5-10 мыңның ара­сында. «Құ­быжық» ойын­шық­тар бала психика­сына кері әсерін тигі­зіп отырғанын ай­тып, психологтар дабыл қаққа­нымен, елең ет­кен еш пенде жоқ. Сонда қауіп қай­­дан?

Өткенге шегініс:

«Қап, бәлем, тұра тұр!» қауіпті ме?
Бала кезімізден жақсы таныс «Қап, бәлем, тұра тұр!» мультфильмі – «Союзмультфильмнің» ең үздік жобасы. Бұл мультфильмде екі басты кейіпкер бар. Біріншісі – кең балақты шалбар киіп, шіреніп жүретін қасқыр болса, екіншісі – қулығы қасқырдан басым түсетін ақылды қоян. Қоянның соңынан қанша қуса да, дегеніне жете алмаған қасқырдың арпалысы. Ол бәрібір қу қоянды уысына түсіре алмады. Екі кейіпкердің бітпейтін шайқасы қаншама сериалға арқау болды.
О баста қасқыр мен қоянның оқиғасы туралы сценарий ешкімге ұнай қоймаған екен. Тіпті «Союзмультфильм» киностудиясының режиссерлері оны «дәмсіз» сценарий санаған. Оның сәтті шығуына сенген жалғыз адам Вячеслав Котеночкин ғана. Екі кейіпкердің шайқасы туралы сценарий жазуды Александр Курляндскийге тапсырады. Ең алдымен, қасқырдың дауысын Высоцкийдің дыбыстағаны белгілі. Алайда оның дауысы көркемдік кеңесте қабылданбай қалады. Сол себепті, оның орнына Анатолий Папанов шақырылады. Қасқырдың жексұрын дауысын айнытпай дыбыстағаны соншалық, әлі күнге Папановтың есімі көрерменнің көңілінен шыққан емес. Қоянның дауысын Клара Румянованың ды­быстағаны белгілі. Арада қырық жыл өткеннен кейін баспасөзге берген сұхбатында Алек­сандр Курляндский: «Бізді «Союз­мультфильм» басшы­лығы кинос­тудияға шақырып, күлкілі туынды жасауымызды өтінді. Бұған кіл жас сықақшылар атсалысты. Біз­дің ойлап тапқанымыз – диснейлік жыртқыш кейіпкерлер емес, өзі қазған орға өзі түсетін аңқау қасқыр болды. Мульт­фильмнің ресми режиссері Коте­ночкин болғанымен, оның алғаш­қы шығары­лымының авторы Сокольский екенін көпшілік біле бермейді. Соколь­скийдің қояны мен қасқыры цензурадан өтпей қалды. Басшылыққа оның кейіпкер­лері тым жауыз көрінгендіктен, бейнелерін өзгерту тапсырылады. Алайда режиссер олардың ойымен келіспей, ары қарай жұмыс істеуден бас тартты. Котеночкиннің қас­қыры да, қояны да көркемдік кеңестің қабылдауынан оңай өтті», – дейді. «Қап, бәлем, тұра тұр!» мультфильмінің кейіпкер­лері қорған­сыз қоян мен аңқау қасқырдың іс-әрекетінде еш­қандай зұлымдық байқалмайды. Әрі сурет­шілер де екеуін «құбыжық» етіп көрсетпеуге ты­рысады. Бүлдіршіндердің де қа­былдауына жеңіл. Қасқыр мен қоян­ның шарпысуы көрерменге күлкі сый­лайтыны рас.

Бүгінгі көзқарас:

Қорқынышыңды жеңе аласың ба?

«Зве­рополис­тің» шық­қа­нына көп бол­ған жоқ. Сын­шы­лар бұл мульт­­­фильмнің ба­лалар­дан гөрі, ере­сектерге қызықты еке­нін жа­сыр­майды. Өйт­кені мұнда саясат та бар, фи­лософия да жетер­лік. Дис­ней компаниясының басты мақсаты – бүлдір­шін­дерді бауырмалдыққа, тату­лыққа, шыншылдыққа баулу.
«Зверополистің» кейіпкерлері кімдер: полиция қызметкері, жур­налист, хатшы, саудагер. Мультфильм режиссері Байрон Ховард, Рич Мур, Джаред Буш жаңа техниканы тиімді пайда­лана отырып, заманауи туын­дыны дүниеге әкелді.
Мультфильмде түлкі – тапқыр, қоян – ақыл­ды. Мұнда бала кезіміз­ден жақсы таныс қорқақ қоян мен айлакер түлкінің стереотипін бұзады. Қоянның ұстанымы: «Алып хайуанаттардың кішкене аңдарға әлімжеттік көрсетіп, оларды қорқақ деп танитыны бар. Бұл көзқарас өзгеруі тиіс» дегенге саяды. Түлкі оның сөзін әуелде қоштамағанымен, ақырында ажырамас серігіне айналды.
Анимация академияны үздік бітірген полицей қоян Джуди Холпстің өмірін паш етеді. Оның полицейлік қызметін қалай бастағаны, өзінен бірнеше есе алып аңдардың қылмысын қалай әшкерелегені, сол жолда қандай қиындықтарға душар болғаны, Ник Уайлд есімді түлкімен қалай серіктес болғаны баяндалады. Қылмыс әлемі, сатқындық, зорлық-зомбылық – бұл мультфильмнің де өн бойында бар. Бүлдіршіндердің осы арқылы жауыздықты, атыс-шабысты, төбелесті қабылдауына тура келеді. «Арманға жету оңай емес, әркім қалағанына қол жеткізу қажет» деген қағиданы ұстанған мультфильмнің бұл көзқарасы бала тәрбиесіне оң әсерін тигізе ме? Ол «Қорқынышын жеңген адам бәрін жеңе алады» деген ұран тастағысы келеді. Балаға қорқыныш туралы сезімді қанша жастан бастап айтқан жөн? Бүлдіршіндер өзіне мақсат қоя ала ма? Ересектер мұны қабылдай алатын шығар, сәбидің санасы ше? Әлсіздік туралы, қорқыныш, зорлық-зомбылық жайында кішкентай кезінен айту қажет пе, жоқ па?

Әйгілі өнім:

«Том мен Джерри» нені көздейді?

Әлемге әйгілі Том мысық пен Джерри тышқанның бастан кешкен оқиғаларынан қазақ баласы да хабардар. Бұл екеуі – көпшіліктің ыстық ықыласына бөленген ерекше кейіпкерлер. Мультфильм «батырлары» да, ерекше сюжет желісі де, музыкалық көркемдеуі де көптің көңілінен шықты. Әлем баласы «Том мен Джерри» оқиғасын сүйсіне тамашалады. Өз кезегінде анимациялық фильм үздіктердің қатарынан көрініп, жеті бірдей «Оскар» сыйлығын иемденді. Үздіктердің үздігі саналған мультфильм төңірегінде алуан пікірлер айтылады. Біреулер «Том мен Джерри» оқиғасы қатыгездік пен зорлық-зомбылықты насихаттайды деп әлек болса, екінші біреулер оның астарында қандай саясат жатқанын ұғынбай отырғанын айтады. Тіпті Джин Дейч есімді сыншы осы тақырыпта бірнеше рет зерттеу жұмыстарын жүргізгенін, «Том мен Джерри» мультфильмін қатыгездік пен зорлық-зомбылықты насихаттайтыны үшін ұнатпайтынын жеткізген. Алайда мультфильм режиссері Уильям Ханна бұл пікірлерді жоққа шығарады. Ол керісінше, басты кейіпкерлердің арасындағы достық қарым-қатынас арқылы бүлдіршіндер тәрбиеленетінін айтқан екен. Уильям Ханна туралы пікір айтушылар ол түсірген эпизодтардың дені «анимация шедеврі» екенін жасырмайды.


Біздің байлам:
Біз мысалға келтірген туындылар анимациялық фильмдердің бір парасы ғана. Жыл сайын әлемде мыңдаған мультфильмдер дүниеге келеді. Диснейлік өнімдерді былай қойғанда, әлем анимацияға шындап ден қойған. Біздің мамандар болса, шетелдік мультфильмдерді шеттету керектігін айтып жүр. Өкінішке қарай, мультфильмдердің эфирге іріктеліп шыққанын көрген емеспіз. Еліміздің кинотеатрларында шетел мультфильмдері еркін қойылып жатыр. Өткен жылы бүлдіршіндер жаппай «Зверополисті» тамашалады. «Зверопой» да басталып кетті. Сөйлейтін жануарлар әлемі көпшілікті ә дегеннен-ақ өзіне елтіп әкеткені белгілі. Алайда мультфильм де – идеология құралы. Әрбір ата-ана баласының қандай анимациялық өнімді тамашалайтынын қадағалауы тиіс. Шетелдік мультфильмдердің кейбірі суицидті насихаттайтыны жасырын емес. Теріс әрекеттерді дәріптейтіні де рас. Бүгінгі мультфильмдердің көпшілігіне сіңірілген басты идеология – жаппай қырып-жою, адамдар арасындағы теңсіздік пен үстемдік, байлықтың соңына түсу, «өзгеше бір әлемге» ену. Мұны тамашалаған баланың санасы ерте бастан уланады. Олар тіпті ақ пен қараны ажырата алмайтын халге жетеді. Санасы уланған бала мәңгүртке айналады. Осыдан кейін, мультфильмді саясат демей көріңіз…

Гүлзина БЕКТАС

Бөлісу: