Қазақ тілі ҰБТ-дан алынып тасталды. Неге?

334
0
Бөлісу:

Ұлттық тест орталығының директоры Рамазан Әлімқұлов Ұлттық бірыңғай тестілеуден «Қазақ тілі» пәнінің жоқ екенін ресми түрде мәлім етті.

Осылайша, Рамазан Әлімқұловтың сөзіне қарағанда, Ұлттық бірыңғай тестілеудің ресми бекітілген жаңа форматында «Математикалық сауаттылық», «Оқу сауаттылығы» және «Қазақстан тарихы» атты үш пән міндетті пән болып қалған және 2 бейіндік пән қосылған.

Оның айтуынша, «Қазақ тілінің» сұрақтары «Оқу сауаттылығы» деген пәннің ішінде ішінара кездеседі. Ал, ана тілі мектептегі қорытынды аттестацияда қалған.

Еске сала кетейік, блогерлерге арналған жиынға бір де бір бұқаралық ақпарат құралы шақырылмаған болатын. «ҚазАқпарат» агенттігінің тілшілері осындай маңызды тақырып талқыланатын жиын туралы естіген соң, Ұлттық тестілеу орталығына барған еді.

«Мен орыс мектебінде оқимын делік. Сонда, енді маған ұлттық бірыңғай тестілеуде қазақ тілін тапсыру міндетті емес пе?» деген журналистің сұрағына Білім министрлігінің өкілдері «міндетті емес» деп жауап берді.

«Бұрын орыс мектебінде оқитындар қазақ тілін тапсырғанымен, оның балы оқуға түсерде саналмайтын. Мен сіздерге айтайын, қазақ тілі бұрын да формальді түрде ғана тапсырылды. Енді қазір мүлде алып тастадық. Қазақ тілі мектеп деңгейіндегі емтиханда қалды»,-деді Білім министрлігі Жоғары және жоғарғы оқу орнынан кейінгі білім беру департаментінің директоры Дархан Ахметзакиев.

«Қазір орыс мектебінде қазақ тілі, қазақ мектебінде орыс тілі оқытылады. Қорытынды аттестацияда бұл екі пән де қалды. Қорытынды аттестацияда орыс тілінде оқығандар қазақ тілінен эссе жазады. Бұрын да Бірыңғай ұлттық тестілеуде қазақ тілінің балы саналмайтын. Енді жаңа форматта қазақ тілі аттестат алуға тапсырылатын бес емтиханның ішінде бар. Эссені үш сағат жазады. Орыс тілінде оқыса – орыс тілінде, қазақ мектебінде оқыса – қазақ тілінде жазады»,-дейді Білім және ғылым министрлігі мектепке дейінгі және орта білім департаментінің директоры Жаңыл Жонтаева.

«Қазақ тілін неге ұлттық бірыңғай тестілеуге міндетті пән етіп енгізбейміз? Мысалы, Англияның жоғары оқу орнына түсу үшін «IELTS», АҚШ-тың оқу орнына түсу үшін «TOEFL», Францияның оқу орнына түсу үшін «Delta» тапсырмасақ, яғни, сол елдің тілін тексеретін тест тапсырмасаңыз, ол елдің жоғары оқу орнына түсе алмайсыз. Сонда, біздің елде қалай?»,-деген сұрақ та қойылды.

Бұған Жаңыл Жонтаева: «қазір біздің мемлекетімізде 82 пайыздан астамы қазақ мектептері. Тіпті орыс мектептері жоқ аймақтар бар. Соны дұрыс түсініңіздер. Аттестатта қалдырдық қой, оның орташа бағасы да ықпал етеді… Оқу сауаттылығын тапсырады…»,-деп қысқа қайыра жауап берді.

Ал, «сіздер сонда қазақ тілін ұлттық бірыңғай тестілеуге міндетті пән ретінде қосылғанын қалайсыздар ма? Жарайды, қазір біз қазақ тілін тестке міндетті пән етіп енгізейік. Сонда, ол қазақ тілінің сапасына әсер етеді деп ойлайсыздар ма? Әсер ептейді. Егер біз қазақ тілін емтиханға кіргізсек, ол әсер етеді деп үміттенетін шығарсыздар, бірақ, ол әсер етпейді. Идеологияны дұрыстау керек мектепте оқыған жылдар бойы қазақ тілін дұрыстап оқу керек. Егер бесінші класта оқитын бала қазақ тілін білмесе, 11 сыныпта тест кіргізу арқылы қазақ тілінің сапасын арттырамыз дегендеріңіз сәйкес келмейді»,-деді Дархан Ахметзәкиев.

Айта кетейік, бұл жаңа формат 2017 жылдың 1 қаңтарынан енгізілді.

ҚазАқпарат.

Бөлісу:

Пікір жазу


*