ЕРЛАН ҚАРИН: АЛАШ ҚАЙРАТКЕРЛЕРІНЕ АРНАЛҒАН КИНО ТҮСІРУІМІЗ МҮМКІН

3221
1
Бөлісу:

Танымал саясаттанушы Ерлан Қариннің «Қазақстан» РТРК» АҚ-тың басқарма төрағалығына тағайындалғанына бір айдан сәл асса да, Ұлттық арнадан бастап, «Балапан», KazSport  сияқты арналардан жаңашылдықтың лебі еседі. Көрісу күні мен жаңа жыл – әз-Наурыздан бастап ұлттық арна жаңа форматтағы бағдарламаларын ұсынады. Сонымен қатар телевизияға ардагер журналистер, білікті мамандар Иманбай Жұбаев, Қымбат Досжан, Данияр Меңілбековтер оралып жатыр. Жаңа жылдағы  жаңа маусымның бастамалары жайлы Ерлан Қарин «Айқын» газетіне берген арнайы сұхбатында жеткізді.       

 – Ерлан Тынымбайұлы, жаңа қызметіңіз құтты болсын! Сіз жаңа қызметке келгелі бері біраз оң өзгерістерді байқап жатырмыз. Ең алдымен, ардагер журналистердің теле­визияға оралуы қуантып отыр. Жалпы, арнаның көктемгі маусымынан не күтуге болады?
– Телевизияда қалыптасқан дәстүр бойынша көктемде және күзде жаңа өзгерістер енгізіледі. Бүгін көрісу күні. Одан кейін келе жатқан Наурызды жұрт жаңа жыл ретінде қабылдап, осы дәстүрдің ел ішінде дұрыс қалыптасуы үшін біз жаңа өзгерістерді әдейі осы кезеңге қойып отырмыз. Әрине, бұл түбегейлі, ауқымды өзгерістер деп жалған түсінікті қалыптастыруға болмас. Дегенмен біз нақты-нақты бастамаларға тоқталып отырмыз. Мысалы, Ұлттық арнаның жұмы­сын талқылаған кезде байқағанымыз, жаңа­лықтар бойынша бірқатар өзгерістердің қажеттігі бірден көрініп тұрды. Қай телеарна болсын, оның ең басты қаруы – жаңалықтар. Сондықтан біз негізгі өзгерістердің салмағын жаңалықтарға түсіріп отырмыз. Біз жаңалық­тардың «шапкасынан» бастап, музыкалық әрлеуіне дейін бөлек-бөлек жаңадан жаса­дық. Мәселен, музыкалық әлқиссасын еліміздегі ең танымал сазгерлердің бірі – Ринат Ғайсинге жаздырдық. Ол арнадағы басқа да әуендерді жаңартты.
Әрине, жас мамандардың кәсіби біліктілігін ешкім жоққа шығармайды. Біз қашанда жастарды қолдаймыз. Бірақ кәсіби маман, ардагер журналистердің де саладан шеттетіліп қалмағаны дұрыс деп есептейміз. Сол себептен маңызды бағдарламаларға көп жылдардан бері жаңалықтарды жүргізіп, есте қалған тәжірибелі журналистерді шақырып жатырмыз. Мәселен, Қымбат Досжан мен Данияр Меңілбековтің телевизияда 20 жылдан астам тәжірибесі бар. Олар біраздан бері түрлі бағдарламаларды жүргізіп келді, соңғы жылдары басқа да қызметтерге ауысуына байланысты телевизиядан көрін­бей қалды. Дегенмен біз жаңалықтарды жүргізуді осы кісілердің қолына сеніммен тапсырып отырмыз. Тағы бір ойымыз – аға буын мен жас буын арасындағы сабақтас­тықты қалыптастыру, бір-бірімен тәжірибе алмасуын қамту. Бұрын бізде жаңалықтарды екі журналист жүргізетін, ал бұдан былай жаңалықтарды кезек-кезек бір-бір жур­налистен жүргізетін болады. Бұл да арнаның жаңа тұлғаларын бекітудің әдіс-тәсілі ретінде қарастырылып отыр. Сондықтан бүгіннен бастап жаңалықтарды жаңа форматпен, «Басты ақпарат» деген атаумен шығарып отырмыз. Оның уақыт көлемін де қысқарт­тық. Бұрын жаңалықтар – 40-45 минутқа созылса, бүгіннен бастап басқа арналарда қалыптасқандай 30 минутты қамтиды. Жалпы, бұл әлемдік телевизияда қалып­тас­қан қағидаттар бойынша, қысқа, нақты және дәйекті форматта шығу үшін жасалып отыр. Ақпаратты беру тәсілі де ретімен өзгереді.
Сондай-ақ осы маусымда жаңалықтардан кейін «Басты тақырып» пен «Мәселе» деген атаумен екі бірдей жаңа бағдарлама көр­сетіледі. Бұл бағдарламалар арқылы қо­ғам­дағы өткір әлеуметтік проблемаларға халық­тың назарын аудартамыз.
– Естуімізше, ұлттық арнадағы үнді сериалдарының көрсетілімі тоқтатылады. Қателеспесем, осыдан 3-4 жыл бұрын сол кездегі басшылық «Үнді сериалдары эфирден алынып, ұлттық контентке мән беріледі» деген сыңайдағы баспасөз-мәслихатын өткізген еді. Өкінішке қарай, көп ұзамай «Ке­лін» сериалы ұлттық арнаға қайта оралды. Жалпы, үнді сериалдарымен не болмақ?
– «Келін» сериалына байланысты шешім бұрын қабылданған еді. Бұл өте дұрыс шешім болды. Үнді сериалдары бойынша корпора­ция­ға кіретін құрылымдар өкілдері­мен бы­лай келістік: Біз «Келін» сериалымен шек­тел­мей, үнді сериалдарын сатып алуды мүл­дем доғарамыз. Негізінен, үнді сериал­дары – арзан телеөнімдер. Көптеген елдердің нарығын олар арзан бағасымен алады. Оның үстіне, олар ұзаққа созылады, 200-300, тіпті 500 сериялы боп шыға береді. Көптеген телеарналарға бұл өте тиімді. Мәселен, 30 сериялы фильмдер тез бітіп қалады, сосын телеарна қайтадан жаңа сериал сатып алуға мәжбүр болады. Сондықтан кейбір телеар­налар өз көрермендерін «зомби» сияқты бір сериалдың алдында ұзақ ұстап отырғанды жөн көреді. Меніңше, бұл дұрыс емес. Бәрі­бір де көрермен талғамы туралы ой­лануы­мыз керек.
Үнді сериалдарын тоқтатудың тағы бір себебі – белгілі бір аймаққа тән мәдениеттің туындысы. Біздің аймақ өзгешелеу. Біздің діни, мәдени, ұлттық салт-дәстүрлеріміз өзгешелеу. Сондықтан өз қоғамымыздың да ерекшеліктерін ескеруіміз керек. Рейтингті қуалай бермей, көрермен талғамын қалып­тастыруымыз керек.
– Түрік сериалдарына байланысты ұстанымыңыз қандай?
– Түрік сериалдарының да жайын ойладық. Қазірше түрік сериалдары көр­сетіле береді. Бірақ қазіргі түрік сериал­дары аяқталғаннан кейін оларға деген талапты өзгертеміз. Мәселен, түрік сериалдарының негізінен мелодрамалық жанрларын ғана емес, тарихи-танымдық сериал­дарына көбірек мән береміз. Орта ғасырлардағы тарихи оқиғаларға арналған телеөнімдерді көрсетуге тырысамыз. Бізде кино көрсету саласында да өзгерістер болмақ. Мәселен, сенбі күні кешке Голливудтың «А» класын­дағы үздік жоғары деңгейлі отбасылық кинофильмдерін көрсетпек ниеттеміз. Яғни, біздің кино көрсетудегі негізгі мақсат – отбасылық киноны дәріптеу. Қазір үздік фильмдерді қазақ тіліне сапалы дубляждау ісімен айналысудамыз. Яғни, арнаның аудиториясынан балалардың кетіп қалмауы үшін осындай қадамға барудамыз. Ал жексенбі күнін біз тұрақты түрде қазақ киносына арнаймыз. Онда бұрын және қазір шығып жатқан үздік қазақ фильмдерін көрсетпекпіз. Сондай-ақ сенбі сайын кешкі 12-ден кейін танымал британдық сериал­дарды ағылшын тілінде, бірақ қазақ субтитр­ларымен көрсетпек ниеттеміз. Бұл, бір жағы­нан, танымдық, екінші жағынан, оқыту сала­сына қосқан үлес-қадамымыз болады.
– Жақында ұлттық арнада Алаш қайрат­керлеріне арналған деректі фильм көрсетілді. Жалпы, осындай тарихи-танымдық жоба­лар­ға қаншалықты мән беріледі?
– Әрине, отандық тарихи сериалдар шығару үшін қыруар қаржы қажет. Десе де, болашақта Алаш қайраткерлеріне арналған отандық тарихи киноөнім түсіруіміз мүмкін. Қазір біз режиссерлер және сцена­рис­­термен сөйлесіп, мұны талқылап жа­тырмыз. Ал деректі фильмдерге келсек, ра­сында да жақында Алаш қайраткерлеріне ар­нал­ған жобамыз көрсетілді. Біз бұл бағыт­ты жалғастырамыз. Жоспарларымыз бар­шы­лық.
– Білуімізше, Ұлттық арнадағы жобалар­дың басым бөлігі – төл өнімдері. Ал жалпы аутсорсингтік компаниялармен жұмыс қалай жүргізілуде?
– Әрине, аутсорсингтік компаниялармен байланыстамыз. Бірақ олармен жұмыстың механизмдерін өзгертіп жатырмыз. Яғни, мұнда конкурстық, түрлі шығармашылық қоғамдық кеңестердің қатысуымен қабыл­данатын шешімдер бар. Бұл жерде негізгі мақсатымыз – қандай компания қандай өнім ұсынып, қабылданып жатқанын көрсетуде ашықтық пен жариялылықты сақтау. Себебі, мәселеге көркемдік-шығармашылық талғам тұрғысынан қарауымыз қажет. Көрсетіліп жатқан телеөнімдердің, сериалдардың мазмұнына да назар аударатын боламыз. Әрине, шетелдік сериалдарды көп сынай­мыз, бірақ кей кезде отандық жоба­лардың зияны үнді және түрік сериалдарынан да артық болуы мүмкін. Сондықтан осы жағ­дай­ға назар аударуымыз керек.
Әлеуметтік желілерден байқап жүрген боларсыздар, жаңа қызметке тағайын­дал­ғаннан кейін біз демалыс күндері зиялы қауым өкілдері, ақсақалдар, орта жастағы қоғам қайраткерлері, саяси-қоғамдық қызметте жүрген журналист-блогерлермен кездесіп, олардың тарапынан идеялар мен ұсыныстарды естіп жатырмыз. Жалпы, негізгі өзгерістерді күзгі маусымға қалдырып отырмыз.
– Отандық телеарналардың мәсе­ле­сіне келгенде, біріншіден, жұрт ойын-сауықтық бағдарламалардың көптігін сы­на­са, екіншіден, тележобаларды кәсіби жур­налистер емес, өнер сала­сында жүрген түрлі әншілер мен әзіл­кеш­тер­дің жүргізуін сынайды. Бұл тұрғыдан, таң­ғы, сенбі-жексенбілік бағдарла­маларыңызда қандай өзгерістер болады?
– Ойын-сауықтық бағдарламалар жөніндегі сынды естіп жатырмын. Бұл жерде бір мәселені ескеруіміз керек, балансты сақтауға ұмтылатын боламыз. Бірақ бұл ойын-сауықтық жобалардың бәрін тоқтатып тастау керек дегенді білдірмейді. Себебі, қазіргі заманда телевизия алдында тұрған нәрсе – түрлі арналар арасындағы бәсе­ке­лес­тік қана емес, бұл сонымен қатар теле­ди­дар­дың интернетпен алысқан кезеңі. Осыны ұмытпауымыз керек. Қазір жас балалар, жасөспірімдер айфон, айпадтан бастарын көтермей отырады. Балалар мен жасөспірім­дер­дің назарын телеарналарға аударту үшін оларды қызықтыратын нәрселер болуы ке­рек. Сондықтан, әрине, ойын-сауықтық бағ­дар­ламалар қалады. Олар да жұрттың көңілінен шығып жатыр. Көтеріңкі көңіл күй форматы сақталуы тиіс. Телевизияның бір мақсаты – сол.
«Таңшолпан» бағдарламасын кішкене жаңартамыз. Мақсатымыз – оның динами­ка­сын жоғарылату. Шетелде таңғы бағдар­ла­ма­ларды кейде төрт жүргізуші жүргізеді. Бі­рақ бұл қатып қалған стандарт емес. Кейде 2-3 жүргізуші болуы мүмкін. Себебі, мұны таң­ғы уақытта хабарды үлкен динамикамен өт­кізу үшін жасалады. Сәйкесінше бағдар­ла­ма­ны да түрлі айдарлармен толтырып оты­ра­ды.
– Байқауымызша, «Балапан» арнасы 5 пен 14 жас аралығындағы аудиторияны қамтуға тырысатын сияқты. Ал шетелде, тіпті көршілес Ресейде 0-5 жас, 5-9 жас, 9-14 жас аралығындағы балаларға жеке-дара арналар ашып, оларды өзара аралас­тыр­майды. Яғни, ең кішкентайларға баяу, ерте дамытатын телеөнімдерді ұсынса, мектеп жа­сындағыларға ғылымның әр саласына қа­рай танымдық жобаларды ұсынады. Бұл ар­на­да жаңалықтар бола ма?
– Негізі, «Балапан» мен «KazSport» телеар­наларының өз аудиториясы қалыптас­қан. Бұл жақтағы жұмыс жақсы ұйымдасты­ры­лып келе жатыр. Бірақ, әрине, бұл арна­лар­да да бірқатар өзгерістер болады. Мы­­­­салы, өзіңіз айтып отырғандай, бүгінгі ба­­­лалар кешегі қатарластары сияқты тек му­льт­­фильм қарағысы келмейді. Үйдегі ба­лалардан да байқаймыз, қазіргі ұрпақ айфон мен айпадты шұқылап, кішкентай бло­гер­лер­дің күнделігін көреді. Мәселен, бір ук­раин­дық кішкентай қыз әке-шешесімен дүние­ні аралап, саяхат туралы блог жүргізеді. Қа­зіргі балалар соны қызыға көреді. Тіпті жас балалар ағылшын, орыс тілдеріндегі ғана емес, тіпті жапон тіліндегі блогтарды да қа­рап отырады. Осыны ескере отырып, «Бала­пан­ға» жас балалардың назарын аударту үшін теле-блогерлерді тартып жатырмыз. Яғни, әлеу­­меттік желіде кішкентай материалда­ры­мен танылған балаларды телеарнаға тартып ке­леміз. Себебі, жоғарыда айтқанымдай, қазіргі заман – теледидар мен интернеттің алысқан заманы. Балаларымызды айфон мен ай­­падқа үңіліп отырудан сақтау үшін теле­ар­на­л­арда оларды қызықтыратын дүниелер бе­руі­міз керек. Оның үстіне, арасына олар­дың білімі мен танымын арттыратын дүние­лер­ді қосып отыруымыз керек. Негізгі стра­тегия осында.
– KazSport әлі күнге дейін Уни­верс­иа­да­ның кейбір жарыстарын көрсетіп қояды. Жалпы, ескіден арылып, сапалы контент жасау­дың амалдары қарастырыла ма?
– Иә, біз KazSport арнасына сарап­та­ма­ны енгізіп жатырмыз. Бізде көбіне-көп тран­­сляциялық өнімдер, матчтар мен жарыс­тарды көрсетеді. Бізге сараптама жетпейді. Сон­дықтан үлкен-үлкен жарыстардан кейін тал­­қылауды енгіземіз. Студияда кәсіби ма­ман­дар мен спорт­шы­лар отырып, жарысты тал­қылайды. Бұл да аудитория­ның тал­ға­мын дамыту мақсатында жасалып отыр. Яғни, қол­дан келетін өз­ге­ріс­терді қазірден бастап ен­гізе бастаймыз.
– Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан Кәмшат ТАСБОЛАТ

Бөлісу:

1 пікір жазылған

Пікір жазу


*