Әлемдік сарапшылар Астанаға жиналады

482
0
Бөлісу:

Премьер-министр Бақытжан Сағынтаев Х Астана экономикалық форумын ұйымдастыру мәселелері жөнінде кеңес өткізді.
Бұл форум – Еуразия кеңістігіндегі жыл сайынғы тарихи оқиға. Басқосуға әлемдік экономикалық қауымдастық өкілдері, қазіргі және бұрынғы мемлекет бас­шылары, Нобель сыйлығының лау­реаттары, ғылыми әлемнің беделділері мен кәсіпкерлер жиналады.
Мұндағы мақсат – жаһандық эко­номикадағы өзгерістер жағдайында, әлемдік сарапшы-экономистердің Орта Азия аймағымен қатар, жалпыәлемдік кеңістіктің экономикалық даму мәсе­лелерін талқылайтын халықаралық бейтарап алаң қалыптастыру.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, Астана экономикалық форумы секілді диалогтық алаңның құрылуына уақыт әсер етті. Әлемдік экономика бірқатар өзгерістерге ұшырау үстінде және АЭФ ең өткір экономикалық және әлеуметтік-маңызды мәселелерді талқыға салатын бірыңғай платформаға айналды. Сонымен қатар бұл форум географиялық және ақпараттық шекаралардан өтуге мүмкіндік беретін, бизнес үшін тәжірибелік құрал. Әлемнің 80 елінен келген 5000-нан астам делегаттың басын қосады. Осыған дейінгі кездесулерде әлемдік көшбасшылардың пікірлері тыңдалды әрі Орта Азияның және посткеңестік кеңістіктің ғана емес, жалпы әлемнің экономикасын күшейту жолында шынайы ұсыныстар, креативті ойлар мен жаңа көзқарастарға толы болды.
Әр жылдары «Жаһандану жағдайын­дағы экономикалық дамудың заманауи аспектілері», «Жаһандық тәуекел жүйе­сіндегі Еуразия экономикалық қауіп­сіздігі», «Дағдарыстан кейінгі кезеңдегі тұрақты өсіммен қамтамасыз ету», «Жаһандық экономикалық транс­фор­мация: даму қауіптері және перспек­тивалары», «G-GLOBAL форматында теңдестірілген экономикалық дамуды қамтамасыз ету», «Инфрақұрылым – тұрақты даму драйвері», «Жаңа эко­номикалық шынайылық: әртараптан­дыру, инновациялар мен білім эко­номикасы» сияқты тақырыптар тал­қыланды. Маусым айына жоспарланған биылғы форумның негізгі тақырыбы – «Жаңа энергия – жаңа экономика».

Әмірлан МӘУЛЕН

Бөлісу:

Пікір жазу


*