Екі елдің сот жүйесі нығая түседі

168
0
Бөлісу:

ҚР Жоғарғы сот төрағасы Қайрат Мәми Египет Араб Республикасы Конституциялық Жоғарғы сотының төрағасы Әбдел Разек Әбдел Вахабпен кездесті. Іс-шараға Жоғарғы соттың қылмыстық істер жөніндегі сот алқасының төрағасы А.Рахметулин де қатысты.
Қайрат Мәми бұл кездесудің екі елдің сот жүйесі арасындағы ынтымақтастықты одан әрі нығайтуда маңызды рөл атқаратынына сенім білдірді.
– Біздің елдер арасындағы қарым-қатынас өзара түсіністік пен сенімнің дәстүрлі ахуалында дамып келе жатыр. Египет – Солтүстік Африкадағы Қазақстанның негізгі серіктесі, – деді Қ.Мәми.
Шетелдік мейманға республиканың сот жүйесі таныстырылды. Әңгіме барысында биыл Қазақстан Конституциясына айтар­лықтай өзгерістердің енгізілгеніне ерекше көңіл бөлінді. Жоғарғы сот басқа мемлекеттік органдар сияқты сот құрылымы, сот ісін жүргізу және сот төрелігін жүзеге асыру мәселелері бойынша алдағы реформаға сәйкес өз ұсыныстарын енгізді.
Жоғарғы сот төрағасы Мемлекет басшысының Қазақстан халқына арнаған Жолдауының ережелерімен және Ұлт жоспары шеңберінде сот жүйесін реформалау барысымен де таныстырды. Осы ретте, бітімгершілік рәсімдер мен медиацияны дамыту, Корея мен Сингапурдың тәжірибесін ескере отырып, жаңа ақпараттық-ком­муникациялық технологияларды пай­далануды кеңейтуге айрықша мән берді. Іс-сапар бағдарламасында электронды сот төрелігінің барлық ерекшеліктерімен егжей-тегжейлі танысу үшін Астана қалалық сотына бару жоспарланғанына назар аударылды.
Қ.Мәми шетелдік меймандар 17-18 наурызда Ақбұлақта өтетін халықаралық конференция шеңберінде қылмыстық сот ісін жүргізуді дамыту мәселелеріндегі жетіс­тіктермен танысу мүмкіндігі болатындығын атап өтті. Кездесу соңында тараптар екі ел соттары арасындағы серіктестік қарым-қатынасты одан әрі нығайту қажеттігін атап өтті.

Бөлісу:

Пікір жазу


*