Астана процесі бітім стратегиясын түзуде

520
0
Бөлісу:

Бүгін елордада, «Астана процесі» аясында Сириядағы ахуалды реттеу бойынша жоғары деңгейдегі үшінші халықаралық кездесу басталады. Бір айырмашылығы, бұл жолы Иордания Хашимит корольдігі де қатардан  табылып отыр. Осылайша, «Астана процесіне» қатысушылардың қатары да кеңейіп, жетістіктері де еселене түсуде.

Бірден айта кетелік, бас қаламыздағы бі­тімгершілік кездесу аясында 14 наурызда алдын ала кеңес беру өтпек, ал 15 наурызға жалпы отырыс жоспарланып отыр.
Қазіргі кезде Сириядағы атысты тоқ­тату үдерісінің кепілі саналатын елдер – Ре­сей, Иран және Түркия өздерінің қаты­са­тындарын растаған. Атап айтқанда, Ресей тарапы процеске РФ президентінің Сирия бойынша арнайы өкілі Александр Лаврентьевтің қатысатыны туралы ресми ха­барлады. Ал Түркия мен Иран Ислам рес­публикасы сыртқы істер минист­р­лері­нің орынбасарларын жолдайтыны туралы құлақтандырды. Яғни, елордалық келіс­сөз­дердің мәртебелілігі мен жоғарғы өкіл­дігі сақталып отыр. Бұл аталған үдерістің та­бысқа жетуіне ықпал етпек.
АҚШ өкілі мен БҰҰ делегациясы сыр­тында, келіссөзге араб елдері атынан ба­қылаушы ретінде Иорданияның қосыл­ға­ны мәлім болды. Бұған үш кепілдік беруші мемлекет мүдделі болып отырған көрінеді. Иордания бұған дейін биылғы 5 ақпанда, Астанада өткен техникалық кездесулердің біріне қатысыпты. Сонда бұл араб мем­ле­кеті Сирияның оңтүстігінде, Иорданиямен шекаралас аумақтарда ұрыс салушы қарулы оппозиция топтары өкілдерінің де ке­ліссөз үстеліне отыруын қамтамасыз ет­кен. Яғни, «Оңтүстік майдан» да қасиетті қа­зақ жерінде бітім стратегиясына бас ию­де.
Саясаттанушылар мұның әлі күнге қаруына оқ тоғытқан өзге топтарға ой са­ла­тынын, оларды ары қарай қан төгіп, «қыл­көпірдің» үстімен жүре беру орнына бейбітшілік жолында ымыра шешімдерді іздегендердің ірілене түскен ортасына қо­сылуға итермелейтінін айтады.
Осылайша, «Астана процесінің» оң тиім­ділігі мен жағымды әсері арқасында Си­рияда атысты уақытша тоқтату режи­мі­не қосылушылар сапының кеңеюі со­ғыс­тың да көп ұзамай тоқтайтынына қа­тыс­ты үміт ұялатып отыр.
Сарапшылардың айтуынша, араб ел­дерінің «Астана процесіне» қызығушылық білдіруінің астары бар. Өйткені қазақ елі­нің бас қаласындағы алаңда нақты құрал­дар – «бітім және ұрыс қимылдарын тоқ­тату­дың нақты тетіктері мен тәсілдері» тү­зілуде. Оның үстіне, халықаралық қоғам­дастық «Астана процесінің» бірінші кез­десуінде-ақ «атысты тоқтату» режимі­нің сақталуына мониторинг жүргізу бойын­ша уағдаластыққа қол жеткізілгенін білді. Сонымен бірге, Астанада тараптар осын­дай мониторингті іске асыратын бір­лескен топ құру туралы келісімге келгені мә­лім.
Назар аудара кетер жайт, Сириядағы со­ғысқа қатыспайтындықтан, Қазақстан бұл кездесуде де тараптардың бірі болып та­былмайды. Еліміз тек бұл елде бітім мен бей­біт өмір орнауы үшін алғышарттар тү­зер келіссөздерге алаң ұсынып отыр. Тиі­сін­ше, үстел басына кімдердің оты­ра­ты­нын, келіссөздер форматын, сондай-ақ бас­қосудың күн тәртібін де кепілдік беру­ші елдер – Ресей, Түркия және Иран анық­­­тайды.
РФ президентінің Сирия бойынша ар­найы өкілі Александр Лаврентьев бей­бітшілік бағытындағы қадамдар Қа­зақ­стан­ның бас қаласында серпінді бастау ал­­ғанын мойындайды.
– «Астана процесі» – сирияаралық рет­теу бағытындағы күш-жігерлердің өте маңызды құрамдас бөлігі. БҰҰ өкілдері де жақсы нәтижелерге қол жеткізілетінінен үміт­тенеді. Астанада алғашқы кездесулер өткен 23 қаңтардан бері Сириядағы ахуал­ды реттеудің әралуан аспектілері бойынша барлық тараптар, соның ішінде қарулы оп­позиция да егжей-тегжейлі кеңестерді үз­діксіз жүргізуде. Жұмыс жап-жақсы ілге­рілеуде. Әрине, бұл жолда белгілі бір қиын­дықтар бар, бірақ олардың барлығын еңсеруге болады. Біз олар бойынша келі­сімді шешім қабылдауға тырысудамыз! – деді РФ президентінің арнайы өкілі.
Оның айтуынша, «Астана процесі» бас­талғалы бері үлкен іс тындырылған. Қа­зір арнаулы жедел топ маңызды құжат­тар мәтінін түзумен айналысуда. Әрине, оның әр жолын, әр сөйлемін келісу үшін уа­қыт қажет етіледі. Бұл құжаттардың қа­был­дануы сириялық реттеудің табысты іл­герілеуінің, ең бастысы, «соғыстан – сая­си жолға» (policy track) шығудың ке­пі­лі­не айналмақ.
Өз кезегінде БҰҰ Бас хатшысының Си­рия бойынша арнаулы өкілі Стаффан де Мистура 14-15 наурыздағы Астанадағы ке­ліссөздерге қатысушыларға арнайы қайырылды және оларды ары қарай да атыс­ты тоқтату режимін сақтауға бай­ланысты проблемаларды шешумен ай­налысуға шақырды. Ол Женевадағы келіс­сөз­дердің келесі раунды «Сирияда бом­­­балар­дың дүмпуі естілмейтін жағдайда өтуі» қажеттігін атап көрсетті.
«2011 жылдан бері жалғасып жатқан қақ­тығыста әскери жолмен жеңіске жету­ден үміттенетіндер әлі бар. Қазақ жеріндегі кездесулер мұның бос қиял екендігіне он­дай күштердің көздерін жеткізіп, бітімді таң­даудың дұрыстығын көрсетеді деген сенім­деміз» деген БҰҰ Бас хатшысының ар­наулы өкілі 23 наурызда Женевада рес­ми Дамаск пен қарулы оппозиция ара­сын­да­ғы келіссөздердің жаңа, бесінші раун­дын бастауды жоспарлап отырғанын жет­кіз­ді.
«Астана процесін» Еуропалық одақ та оң бағалап отыр. Қазақстанның Бельгия Ко­рольдігіндегі, Люксембург ұлы герцог­тігін­дегі елшісі, Еуропалық одақ және НАТО жанындағы ҚР өкілдігінің басшысы Ал­мас Хамзаев ресми Астананың өзге ел­дер арасындағы қақтығысты мәселелерді рет­теу бойынша талай рет алаң ұсынғанын еске салады.
– Астана процесін Еуропалық одақ жі­ті бақылап, оң бағалап отыр. Олар мы­салы, Иранның ядролық проблемасын рет­теу және келіссөздерге жәрдемдесу бойынша Қазақстанның мол тәжірибесі бар­лығын біледі. Біз Сирия бойынша бей­тарап алаң ұсындық, осының арқасында оған қақтығыстың барлық қатысушылары келе алады. Әйтпесе, олар мысалы, Батыс елдеріне барудан бас тартады. Ал Астанада бар­лық тараптар күткен ашық диалог жүру­де, – деді елші мырза.
Елордадағы келіссөздердің барлығы үшін ортақ құндылығы да осында.
Бас қаламызда бастау алған инклюзивті си­ри­я аралық келіссөз процесі Сирия елі­не, сондай-ақ қақтығысқа тартылған бар­­лық елдерге ұзаққа созылып кеткен осы қанды тығырықтан құтылуға мүм­кіндік бе­реді.

Елдос СЕНБАЙ

Бөлісу:

Пікір жазу


*