Елбасы екі облыста кеңес өткізді

1270
0
Бөлісу:

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Қарағанды және Ақмола облысына келіп, өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму мәселелері жөнінде кеңес өткізді. Отырыс барысында Қарағанды облысының әкімі Ерлан Қошанов пен Ақмола облысының әкімі Мәлік Мырзалинді таныстырды.

Алдымен Қарағанды қаласына арнайы ұшып келген Президент облыс әкімі лауазымына Ерлан Қоша­новты тағайындады. Жиын барысында елі­міздің және Қарағанды облысының экономикалық және әлеуметтік даму көрсеткіштеріне тоқталып өтті.
– Тәуелсіздік алғаннан бері бұл өңірдің экономикасы 23 есе өсті. Индустрияландырудың 72 нысаны іске қосылды. Облысқа соңғы 5 жылда 1,7 триллион теңге инвестиция салынды. Апатты жағдайдағы мектептер пробле­масы жойылып, үш ауысыммен білім беру мәселесі шешілуде. Жол картасы аясында 4 мыңнан астам адам жұ­мыспен қамтылды, – деді ұлт Көш­басшысы.
Қазақстан Президенті елдегі саяси реформалар үдерісіне ерекше назар аударып, президенттік вертикальді сақтау аспектілері мен мемлекеттік билік тармағының жауап­кер­шілігін арттыру маңыздылығын атап өтті. Сондай-ақ бірқатар өзекті мін­деттерді орындау қажеттігін айтып, облыс тұрғындарын елдің экономи­калық жаңғыруына белсене атсалысуға ша­қырды.
– Инвестиция тарту үшін қолайлы жағдай туғызу керек. Қазақстан Дүние­жү­зілік банк рейтингінің «Бизнес жүргі­зу жеңілдігі» критерийі бойынша 35-орын­­ды иеленіп отыр. Бұл – жақсы көр­сеткіш. Алайда бізге ең әуелі өңірлер­дегі жұ­мысты жалғастыру қажет. Біз биз­нес жүргізу жеңілдігі бо­йынша облыс­тардың арнаулы рей­тингін жасап, жыл сайын индустрия­ландыру күні табыс етілетін атаулы сыйлық тағайын­даймыз, – деді.
Президент кәсіпкерлік аясын ке­ңейту, мемлекет-жекеменшік серік­тес­тігін дамыту, ауыл шаруашылығын субсидиялау, «Нұрлы жер» бағдар­ламасын іске асыру, өндірілетін өнімдегі қазақстандық үлесті арттыру, сондай-ақ ғылыми-зерттеу инсти­туттарын қатыс­тыру арқылы өнер­кәсіп секторын ин­новациялық тұр­ғыдан дамыту шара­ларына да назар аударды.
– Біз бәсекеге қабілетті экспорттық кәсіпорындарға негізделген индус­трия­ландыруды жалғастыруға тиіспіз. Тауар жеткізу, қызмет көрсету және оларды тұтыну жөнінен жаһандық жүйеден орнымызды табуымыз қажет. Бұл мақ­сатқа трансұлттық компанияларды тарту арқылы қол жеткізе аламыз, – деді Қазақстан Президенті.
Нұрсұлтан Назарбаев елдегі әкімдер мен даму институттары басшыларының алдына отандық кәсіпорындарды одан әрі дамыту үшін инвесторлармен жұ­мысты жандандыру міндетін қойды.
Кездесу соңында Қарағанды облы­сының жаңа әкімі Қазақстан халқына және Президентіне ант берді.
Мемлекет басшысы бұдан кейін Көкшетау қаласына ат басын тіреп, Ақмола облысының активімен кеңесті.
Елбасы кездесуге қатысушыларға жергілікті мәслихаттың кезектен тыс сессиясында кандидатурасы мақұл­данған облыстың жаңа әкімі Мәлік Мырзалинді таныстырды.
Қазақстан Президенті облыс ак­тивіне арнаған сөзінде бірқатар көрсет­кіштер бойынша, атап айтқанда өнер­кәсіп, ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру, инвестициялар тарту көлемі, сондай-ақ тұрғын үй құрылысы жөнінен өңір экономикасы дами түскенін айтты.
– Ауқымды үш дағдарысты бастан өткерсек те, еліміздегі тұрақтылықты сақтап қалдық және әрі қарай дамып келеміз. Экономикалық қиындықтарды еңсеруге мүмкіндік беретін ұлттық қор жинақтай алдық. Енді алдымызда әлем­нің дамыған 30 елдің қатарына қосылу мақсатына қол жеткізу үшін «Қазақ­станның үшінші жаңғыруы: Жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты жолдауды іске асыру аясындағы жаңа міндеттер тұр, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Ұлт Көшбасшысы әлемнің жаңа нақты ахуалы жағдайында техноло­гиялар қарқынды дамып келе жатқанын атап өтіп, жолдауда көрсетілген мін­деттерді іске асыру үшін жаңа білім мен тәсілдерді қолдану қажеттігіне назар аударды.
Мемлекет басшысы индустрия­лан­дыру бағдарламаларын жүзеге асы­рудың, өңір және бүкіл рес­пуб­лика бойынша инфрақұрылымды да­мы­тудың маңыз­дылығына тоқ­талды.
– Таяу жылдары Қазақстанда 7 мың шақырым автомобиль жолдары са­лына­тын болады. Өңірдің барлығы жоғары сапалы магистральдар арқылы байланы­сады. Олар балаларымыз бен немереле­ріміз үшін мәңгілікке қалады. Сондай-ақ әуежайлар қалпына келтірі­луде. Кас­пийде 2 теңіз порты салынуда. Еліміз­де жүзеге асырылып жатқан барлық бағдар­лама жаңаша тәсіл­дерді қолдануды қажет етеді, – деді Қазақстан Президенті.
Сондай-ақ Нұрсұлтан Назарбаев М.Мырзалинге облыстың ауыл ша­руа­шылығы секторын одан әрі да­мытуға қатысты бірқатар міндет жүктеді. Атап айтқанда, Мемлекет басшысы ауыл шаруа­шы­лығы коопе­ративін құру, ғылыми әле­уетті пайдалану арқылы өнімділікті арт­ты­рып, ауыл шаруа­шы­лығына шағын несие бөлу, шағын және орта бизнесті жан­дандыру арқылы агроөнеркәсіп кешенін дамытудың маңыздылығын айтты.
Елбасы алдағы «ЭКСПО – 2017» халықаралық көрмесі аясында пайда­ланылатын облыстың туристік әлеуетін ерекше атап өтті.
Соңында Қазақстан Президенті қатысушыларға биылғы астықтың мол болуын тілеп, көктемгі егіс жұмыста­рында табысқа жетулеріне ниеттестік білдірді.

Бөлісу:

Пікір жазу


*