Емханаларды кезектен арылтады

197
0
Бөлісу:

Қазақстан халқының өмір сүру ұзақтығы 72 жасқа жетіпті. Бұл еліміздің бергі тарихындағы ең жақсы көрсеткіш көрінеді. Бірақ дамыған елдер деңгейіне шығу үшін ол 80-ге дейін өсуі керек. Кеше Премьер Бақытжан Сағынтаевтың төрағалығымен селекторлық режимде өткен Үкімет отырысында осындай мәлімдеме жасалды. Бір қызығы, дәрігерлер саны жөнінен республика дамыған елдерді басып озыпты. Бірақ емханаларда «ақ халатты» мамандар тапшы болғандықтан, бұл артықшылық сезілмейді.
Үкімет мүшелері 2016-2019 жылдарға арналған «Денсаулық» бағдарламасының іске асырылу барысын және туындаған мәселелердің мәнісін қарады. Мемлекеттік бағдарламаның 1-жылғы қортындысы бойынша аралық есеп берген Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов оның аясында «Кезексіз емхана» атты пилоттық жоба қолға алынғанын атап өтті.
«Диспетчерлік қызмет, ересектерге, балаларға, қарттарға арналған тіркеу бөлімдері (регистратура), сall-орталық, пациенттердің дәрігер қабылдауына алдын ала жазылуы ұйымдастырылды. Әртүрлі дереккөздерден алынған ақпараттарды реттестіріп, біріктіру үшін Қазақстанның әрбір азаматына арналған «Денсаулықтың электрондық төлқұжатын» ұйымдас­тыру жобасы іске қосылды. Биыл бірқатар емханаларда бұл жүйені пилотты түрде жүзеге асыру жоспарланып отыр» деді министр.
Дегенмен қазақстандықтар емханаларда дәрігер­лердің қабылдануына жазылудың, талон алудың қиындығына шағымдануын жалғастыруда. Себебі, мамандар жетіспейді, барларының өздері тек жарты күн ғана қабылдайды. Бұл проблеманы денсаулық сақтау саласының басшысы да мойындап отыр. Сонымен бірге, ол бір парадоксты жағдайды алдан тартты.
– Халықтың дәрігерлермен қамтамасыз етілуі – Қазақстанда тіпті ЭЫДҰ-ға кіретін дамыған елдердегіден де жоғары! Медбикелерге қатысты көрсеткіш осы ұйым мүшелерінің деңгейіне шамалас. Алайда бастапқы медициналық-санитарлық көмек деңгейінде айтарлықтай теңгерімсіздік сақталуда. Осыған байланысты біз дәрігерлерді денсаулық сақтау жүйесінің базалық деңгейлеріне, яғни амбу­латорияға баруға ынталандыру және соған бекіту тетіктерін түзудеміз, – деп хабарлады Е.Біртанов.
Қазақстанда медбикелер енді модерни­зация­ланған білім беру жүйесі бойынша даярланатын көрінеді. Бұл бағытта Финляндияның «Қолданбалы бакалавриат моделі» ендірілуде екен. Осы жоба аясында қазір 6 пилоттық колледжде 320 адам даярлануда. Бұл даярлау стандарттарын «еліміздегі барлық медициналық колледждерге трансферттеу-тарату жұмысы жүргізілуде».
Е.Біртанов «Денсаулық» мемлекеттік бағ­дарламасы биыл Президент Жолдауында қойылған міндеттерді іске асыруға да бағытталатынын айтты. Осы орайда министр Жолдауға байланысты өз саласына қатысты5 бастама көтерді.
Бірінші бастама – денсаулық сақтау жүйесін емделушілер мұқтаждығына бағдарлау. Яғни, «бүкіл цикл бойында медициналық көмек көрсетудің интеграцияланған үлгісін енгізу, денсаулық сақтау жүйесін емделушіге бағыттау тұрғысынан қайта құру» көзделіп отыр.
Екінші бастама – отандық денсаулық сақтау стандарттарын ЭЫДҰ ұсынымдарына сәйкестендіру. Оның аясында министрлік жеке медицинаның дамуына қойылған кедергілерді жою, мемлекеттік функцияларды тәуелсіз кәсіби ортаға беру және дәрі-дәрмектердің бағасын мемлекеттік реттеу бойынша көрсеткіштерге қол жеткізуді көздеуде.
Үшінші бастама ретінде инфрақұрылымды қайта құру, денсаулық сақтау саласындағы адами ресурстарды басқару ісін жаңғырту жоспарлануда. Төртінші бастама – медициналық сақтандыру жүйесінде іске асырылатын қаржыландырудың икемді жүйесі болып табылады. Бесінші бастама – жүйені басқару кезінде ашықтық және емделушіге есеп берушілікті қамтамасыз етуді қарастырады.
«Барлық бастамалардың түпкі мақсаты – жаһандық бәсекелестік жағдайында цифрландыру және ақпараттандыру мүмкіндіктерін пайдалана отырып, тұрғындарға көрсетілетін медициналық қызметтің қолжетімділігін және сапасын арттыру болады» деп сендірді Денсаулық сақтау министрі.
Ол жақында «Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру туралы» заң жазылып, ол бойынша МӘМС жарнасының базалық төлемдері төмен­детілгенін және тиісті қорға аударылымдарды бастау мерзімі 2018 жылдың 1 қаңтарына әрі жылжытыл­ғанын жеткізді. Соған қарамастан, Әлеуметтік меди­циналық сақтандыру қоры ендігі құрылып, жұмыс жасауда.
Осы тұста Үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаев МӘМС әрі шегерілді екен деп бұл қордың тым-тырыс жатпауы керектігін, ақпараттық-түсіндірме жұмыстары «мультфильм» шығарумен шектелмеуге тиістігін ескертті:
– Мемлекет басшысы медициналық сақтан­дыруды ендіру бойынша кең ауқымды түсіндірме жұмысын жүргізу туралы нақты міндет қойды. Әрине, бұл жұмыс жүргізілуде, бірақ министрліктің де, әкімдіктердің де белсенділігі төмен. Талдау көрсеткеніндей, өткізілетін барлық кездесулерге қарапайым халық өте аз келеді. Әлеуметтік желілерде, интернетте жүріп жатқан жұмыс мардымсыз. Сарапшылар өте аз тартылады.
Айтпақшы, Премьер ол «туындыны» тапқызып, тамашалағанын жеткізді: «Былтыр YouTube-тегі роликтеріңізді арнайы қарадым. Жаман емес сияқты, «мультфильм» түрінде түсіріліпті. Бірақ халық меди­циналық сақтандыру бойынша жаңа реформа таяп қалғанын білмейтіндіктен, оны көріп жатқандар аз. Ролик ғаламторда бір жылдай уақыттан бері тұр. Ал 10 ай ішінде небәрі 4 мың рет қана көрілген» деп бас шайқаған Үкімет жетекшісі сол «көрулердің» өзін «мультфильмді» әзірлеушілердің өздері қамтамасыз етуі мүмкін екендігін қосты. Салыстыру үшін айталық, былтырғы желтоқсан айында ғаламтордың қазақстан­дық сегментінде пайда болған «Үш келіннің биі» ролигін бір тәулік ішінде 100 мыңнан астам адам көрген.
Бақытжан Сағынтаев министрге ақпараттық-насихаттау бағытында үлкен жұмыс жүргізуді тапсырды. Оның айтуынша, медсақтандыру жайын, әсіресе, жұмыссыздар мен өзін-өзі жұмыспен қамтығандар білгені жөн. «Егер осы жолы, медициналық сақтандыруды ендіруді сәтсіздікке ұшыратсақ, халықтың бірден оған деген теріс көзқарасы қалыптасады. Сондықтан Денсаулық сақтау министрлігіне, әкімдермен бірлесіп, түсіндіру жұмыстарына күш-жігер шоғырландыруды тапсырамын!» деді Премьер.
Үкімет мүшелері осы күнгі отырыстарында «Кейбір заңнамалық актілерге әлеуметтік қамсыздандыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын бірауыздан мақұлдады. Елбасының Жолдауын және биылғы ақпандағы Үкіметтің кеңейтілген отырысында берген тапсырмаларын іске асыру аясында әзірленген бұл құжат зейнетақы және жәрдемақыларды кезең-кезеңмен көтеруді қарастырады. Заң жобасы алда Парламентке енгізіледі және ағымдағы парламенттік сессия аяқталғанша қабылданады деп күтілуде.

 

Айхан ШӘРІП

 

Бөлісу:

Пікір жазу


*