Оңтүстікте балық шаруашылығы дамиды

480
0
Бөлісу:

Оңтүстік Қазақстан облысының Түлкібас ауданында облыс әкімі Жансейіт Түймебаевтың қатысуымен «Кооперация-агроөнеркәсіп кешенін дамытудың негізі» атты көшпелі семинар болып өтті.

Жиналғандар алдымен  2012 жылы өңірлік индустриялық карта шеңберінде  іске қосылған  «Ақсанат Инжиниринг» ЖШС –нің бекіре тұқымдас балық өсіру фермасының жұмысымен танысты.  Жобаның жалпы құны – 452 млн теңге. Кәсіпорынның жылына  40 тонна балық еті мен 30 келі  қара  уылдырық өндіруге мүмкіндігі бар. Сондай-ақ, фермада Ақалтеке, Донская, Кушумская, пони және  асылтұқымды  мініс жылқылары жеткілікті.  Аталған шаруашылық 1120 ұсақ мал мен  шетелден әкелінген асыл тұқымды 660 абердин –ангус, 241 герефорд сиырын бағып отыр.  Одан өзге жергілікті 900 ірі қара мал өсірілуде.

Балық өсіру ісінде мол табысқа кенеліп отырған «First Fish Company» ЖШС шараға қатысушыларға балық өсірудегі тәжірибесімен бөлісті.

–Оңтүстік шаруалары өзара тәжірибе алмасып, кооперативтер құру ісіне жаппай жұмылуы тиіс. Бұл өз кезегінде ауыл шаруашылығы саласындағы қордаланған мәселелерді бірігіп, ұжымдасып шешуге ықпал ететін болады. Сондай-ақ мемлекет тарапынан бөлініп отырған  түрлі жеңілдіктерге қол жеткізуге септігін тигізеді,–деді облыс басшысы жиын барысында.

Жалпы, облыста қазіргі таңда  балық өнімдерін қайта өңдейтін 3,   балық өсіретін 28 шаруашылық бар. Өткен жылы  олар 5213 тонна балық өнімдерін шығарған. Жиында бұдан бөлек   ауыл  шаруашылығы өнімдерінің көрмесі ұйымдастырылды. Теориялық жиында  балық шаруашылығы және асыл тұқымды мал шаруашылығын  дамыту, ауылдық елді-мекендерде сүт өндіруші шаруашылықтардың басын қосу,  ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативін құру туралы сала мамандарының пікірлері тыңдалды.

Е. МҰРАТБЕК, Оңтүстік Қазақстан облысы.

Бөлісу:

Пікір жазу


*