Ішкі істер министрі азаматтарды қабылдады

128
0
Бөлісу:

«Нұр Отан» партиясының республикалық қабылдау бөлмесінде  Ішкі істер министрі, полиция генерал-полковнигі   Құлмұханбет Қасымов азаматтарды жеке қабылдады. Бейнеконференцбайланыс арқылы ШҚО және Қостанай облысы партия филиалдары азаматтары министрге өз арызын жеткізді.

Қабылдауға тіркелген 32 азаматтың өтініштері негізінен түрлі қылмыстық іс бойынша қайта іс қозғау, ішкі істер органдарына қайта жұмысқа орналасу және қозғалған қылмыстық істің созбалаққа салынуы туралы болды.

Макинка қаласының тұрғыны Александр Финенко Ақмола облысы ІІД әкімшілік полиция қызметкерлерінің іс-әрекетіне қатысты қылмыстық іс қозғауды сұрады. А. Финенко қоқыс таситын көлік жүргізуші болып жұмыс істейді. Өткен жылдың 10 желтоқсанында оны полиция қызметкерлері тоқтатып, құжатын тексереді. Сонымен қатар, көлік жүргізу жағдайында екенін тексеру үшін 2 шақырым жердегі қалалық ауруханаға емес, 40 шақырым қашықтықтағы Бурабайдағы наркологиялық орталыққа алып кетеді. Ал жүргізіп келе жатқан көлігін жарты жолда қалдыртады. Ауруханаға келген соң үш полиция қызметкерінің бірі қалтасынан бір препаратты шығарып тексерісті дәл сонымен жүргізу керектігін айтады. Арызданушы азамат оған келіспей дәрігерлер берген препаратпен тексеруін сұрайды. Соңында тексеріс жүргізілмей, Макинка қаласына қайта келеді. Осында азаматтың тексерілуден бас тартқаны туралы хаттама жасалады. Бірінші сот отырысы өтіп, сонда болған үш полиция қызметкерінің екеуі әкімшілік жазаға тартылады. Үшінші қызметкер өз еркімен жұмыстан шығып кеткен. Алайда А. Финенко үшіншісінің де жазалануын және алғашқы екеуінің жазасын күшейтуін сұрайды. Министр сот үкімі шығып қойғандықтан, қайта іс қозғауға тырысудың еш мәні жоқ екенін түсіндіріп берді.

Астана қаласының тұрғыны Гүлнәр Идрисова Сарыарқа аудандық ІІБ қызметкері Шүкілбаевқа қатысты қылмыстық істі бақылауға алуын сұрады. Бұрынғы полиция қызметкері жұмыс істеп жүргенде арызданушы азаматтың үйіне нақты бір себепсіз басып кіріп, отбасының берекесін алған. Ол бойынша қылмыстық іс қозғалған. Іс қазір жалғасып жатыр. Алайда арызданушы бұрынғы қызметкер болғандықтан Шүкілбаевтің ісіне атүсті қарайды ІІБ-ға деп сенбей отыр. Министр бақылауға алуға уәде берді.

Ақтөбелік Сандуғаш Данабекова Ақтөбе қаласында орын алған теракт жағдайына байланысты жауапкершілікке тартылған жолдасы офицер Мақсат Шляповқа қатысты жүргізілген қылмыстық іспен келіспейді. Офицер бөлімге қару сататын дүкенге ұрлыққа түскені жайында хабар келгеннен соң барлығына бұл ақпаратты жеткізіп, қасына бірнеше жолдасын алып, жеңіл көлікпен шығады. Дүкенге жақындағанда лаңкестердің автобусқа мінгенін көріп, оның алдына түседі. Офицердің қолында қаруы болмағанымен жанындағы үш патрульде бар болатын. Автобус ұлттық гвардияға кірерде М. Шляпов қосымша күш келгенін күтіп, еш әрекетке бармаған. Офицер пәрмен беруді өз қолына алғандықтан жанындағылардың да әрекетсіздігіне өзі жауапты болып, ал олар лаңкестерге қарсы шабуылға шығуға міндетті болатын. Бұл кінәсін сотта да мойындамайды. Сол себепті өзі сотталып, ал мемлекеттік бағдарламамен алынған үйі мемлекетке қайтарылуы туралы шешім шыққан. Кішкентайүш баласы бар С. Данабекова қайтадан сот ісін қозғауды сұрайды. Алайда Қ.Қасымов шешім шығып қойғандықтан екінші рет іс қозғау ешқандай өзгеріс әкелмейтінін түсіндірді.

Таңшолпан Төлеген

 

 

Бөлісу:

Пікір жазу


*