Құрылысқа жақсы баға берді

343
0
Бөлісу:

 «Нұр Отан» партиясының Батыс Қазақстан облыстық мәслихатындағы фракция мүшелерінен құрылған комиссия   «Нұрлы жол» бағдарламасы бойынша салынған баспаналарды тұрғын үй коммуналдық шаруашылығын жаңғырту, су, жылумен жабдықтау және тұрғын үй инфрақұрылымын нығайту бойынша жыл бойына бақылау жасады.

«Байтерек девелопмент» АҚ салған нысанды пайдалану алдында нұротандықтар  сол жерге тағы бір рет барды. Партиялықтар Оралда бой көтерген 180 пәтерлік тоғыз қабатты үйге ерекше мән берді. Көпқабатты үйдің бөлмелері өте кең, үш бөлмелі әр пәтерде екі лоджадан бар. Заманауи түсқағаздар жабыстырылып, төселген линолеум мен сантехникалар көз тартады. Құбырлардағы жылу және су есептеуіштеріне тұрғындар дән риза болары даусыз.  Жаңа құрылыстың тым ерекше жағы  үйдің пандустары барлық ережелерге сай жасалыпты.  Яғни, ылдилығы 45 пайызды құрайды және екі шетіне тұтқалар орнатылған.

Тұрғындар қоныстанар тұста құрылыс компанияларының жұмысшылары едендерді тазалап жүр. Жарық бөлмелер пәтер иелеріне ерекше әсер қалдырары даусыз. Соған қарамастан комиссия құрамындағы партиялықтардың қояр сауалдары аз болмады. Олардың мақсаты  «Нұрлы жол» бағдарламасын іске асыруға қатысты Ұлттық қордан бөлінген қаражаттың тиімді жұмсалуын және құрылыс  сапасын қадағалау.

–  Бұл – типті жоба. Біз жыл бойына құрылыс барысын қадағаладық. Алайда ешқандай қиындық туындамады.  Сапасына байланысты қояр талаптарымыз әзірше жоқ. Кемшіліктер түзетілді. Дегенмен ауланы көгалдандыру керек, коммуникация жүйесі жүргізілмеген.  Қазіргі жұмыстар барысында үйдің іргетасына зақым келуі мүмкін, сондықтан құрылысқа жауап беретін мекеме тарапынан кепілдік талап етіледі,  – дейді партия тарапынан құрылған комиссия төрағасы, облыстық мәслихат депутаты Фарид Бақтықозин.

Бұл үйдің ауласын көгалдандыру басқа компанияға тапсырылған. Әзірше мұнда газ, электр жүйесі жоқ.

– Біз қадағалауын қадағалап келеміз. Жүргізілген коммуникация  жеке жоба, электр желілері мен су тартылмаған. Біз бұл сұрақты екінші рет көтердік. Тұрғын үй құрылысын салу барысында коммуникациялық жүйе қатар жүргізілуі тиіс.  Негізгі құрылыс басталмай жатып осы мәселені шешу керек. Өкінішке қарай, бұл мәселе әлі күнге шешімін таппаған.  Кедергіні құрылысшылар қаржыландырудың түрлі көздеріне әкеп тірейді, –  дейді Фарид Бақтықозин.  Біздің пікірімізше, қаржыландыру жоспары бірден  үш жылға жасалуы тиіс. Бұл құрылыстың тез әрі сапалы аяқталуына да септігін тигізеді.

Тапсырыс алушы  құрылыс компаниясының жетекшісі Қайдар Қошановтың айтуына қарағанда, жаңа үйдің қабырағасының қалыңдығы – 40 сантиметр.  Осындай үйлерде тұратын тұрғындар пәтердің жылы екендіктерін айтады. Ішкі қабырғалар қалың пенопластпен қапталған.  Құрылыс материалдары негізінен жергілікті құрылыс комбинатында жасалаған.

Комбинат жылына көлемі 50 мың шаршы метрдей келетін тұрғын үйге қажетті дүниелер өндіреді. Олар – қабырға панелдері, плиталар, қосымша бекіту құралдары, баспалдақтар, сақина тағы басқа жабдықтар,  –  дейді Қайдар Қошанов.

Комиссия мүшелері жаңа үйге жалпы жақсы баға берді.

Жолдасбек ӘШІМХАНҰЛЫ

Бөлісу:

Пікір жазу


*