Бағдарламалардың орындалуын пысықтады

149
0
Бөлісу:
Нұр Отан логотип

«Нұр Отан» партиясы Қызылорда облыстық филиалы жанындағы партиялық бақылау комиссиясының отырысында білім саласына қатысты бағдарламалардың орындалуы кеңінен талқыланды.

Басқосуға «Нұр Отан» партиясы облыс­тық филиалының басшылары, облыстық прокуратура, Сыбайлас жем­қорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюро­сының Қызылорда облысы бойын­ша департаменті, облыстық білім басқармасы және облыстық білім саласындағы бақылау департаментінің өкілдері қатысты.
Жиынды ашқан облыстық партия филиалы жанындағы партиялық бақылау комиссиясының төрағасы, облыс­тық мәслихат депутаты Тілеубер­ген Шаутай Мемлекеттік бағдар­ламалардың орындалуын бақылауда партия тарапынан елеулі қадамдар жасалып келе жатқанын айтты. Дегенмен бұл бағыттағы жұмыстарды тиімді жүзеге асыруда қатаң тәртіп пен бақылауды әлі де күшейту қажеттігін алға тартты.
Облыстық білім басқармасы бас­шысының орынбасары Бағдат Бер­дәулетов: – Білім беру деңгейлерінің бірінші сатысы мектепке дейінгі тәрбие мен оқытуды жүзеге асыратын балабақ­шадан басталады. Дәл қазіргі кезде облыс бойынша 52899 баланы қамти­тын 791 мектепке дейінгі ұйым жұмыс істейді. Олардың 542-і балабақша болса, шағын орталықтар саны – 249. 1-6 жастағы балаларды қамту 54,3, ал 3-6 жастағы балалардың қамтылуы – 100 пайызды құрайды. Сондай-ақ үш ауысымдық мектептердің мәселесі де толық шешілді, – дейді.
Белгілі болғандай «100 нақты қа­дам» Ұлт жоспарына сәйкес, жоғары сыныптарда жаратылыстану бағытын­дағы пәндерді ағылшын тілінде оқыту мәселесі өңірде облыс әкімінің «Назарбаев зияткерлік мектептері дербес білім беру ұйымдары» акцио­нерлік қоғамы және КАТЕV ха­лықаралық қорымен жасалған мемо­рандумы аясындағы пилоттық жобамен жүзеге асырылуда.
– Бұл тәжірибені өткен жылы бірінші рет Назарбаев зияткерлік мектептері мен қазақ-түрік лицейлері тәжірибесі негізінде инновациялық 46 мектеп-лицейдің сыныптарына ен­гіздік, – дейді білім басқармасы бас­шысының орынбасары Бағдат Бер­дәулетов.
Білім саласына қатысты бағдарла­малардың өңірімізде жүзеге асуын бақылау жасап отырған облыстық білім саласындағы бақылау департаменті басшысының міндетін атқарушы Роза Жиенбаева білім беру ұйымдарының кейбір кемшіліктеріне тоқталды.
– Өткен жылы облыс бойынша 97 білім беру ұйымдарында мемлекеттік аттестация жұмыстары жүргізіліп, оның 34-і аттестациялаудан өтпеген. Осындай тексерулер ағымдағы жылдың қаңтар-ақпан айларында 21 білім беру ұйымдарында жалғасып, 1 білім беру ұйымының қызметі «жалпыға міндетті білім беру стандартының талаптарына сәйкес еместігі анықталды», – дейді ол.
Жиынды қорытындылаған партия­лық бақылау комиссиясының төрағасы Тілеуберген Шаутай жиылғандарды Елбасы Жолдауында білім саласына қатысты айтылған міндеттерді іскер­лікпен шешуге лайықты үлес қосуға шақырды.

 

Миуа БАЙНАЗАРОВА

 

Бөлісу:

Пікір жазу


*