Наурыз қарсаңындағы қуаныш

143
0
Бөлісу:

«Нұр Отан» партиясының атыраулық мүшелері Наурыз мерекесі қарсаңында көпбалалы аналар мен тұрмысы төмен отбасылар шаңырағында болып, оларға материалдық көмектер көрсетті.

«Нұр Отан» партиясы Атырау қала­лық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Әділбек Зайдуллин және қалалық мәслихат депутаты Аманжол Қонысбаев бірінші кезекте Аяжан Кен­жеғұлованың үйіне бас сұқты. Бұл үйде жақында бесінші бала дүниеге келмек. Ал Кенжеғұловтар отбасы жатақханада жалпы көлемі 14 шаршы метрлік бір бөлмеде өмір сүріп келеді.
Тұрмысы төмен жанұя 2009 жылдан бері пәтер алу кезегінде тұрады. «Нұр Отан» партиясы ұдайы қамқорлық жасап келеді. Биыл қыста партиялықтар балаларға жылы киімдер, басқа да қажетті заттар алып берді. «Күйеуім ба­лалар бақшасында оператор болып жұмыс істейді. Жалақысы шамалы. Мен 8-наурыз қарсаңында партияның қалалық филиалына өтінішпен барған едім. Міне, наурыз қарсаңында азық-түлік әкеліп берді, өте ризамын», – дейді А.Кенжеғұлова
Қалалық мәслихат депутаты Аман­жол Қонысбаев бұл отбасын өз қам­қорлығына алып, балаларын балабақ­шаға орналастыруға уәде берді.
«Нұр Отан» партиясы жалғызілікті ана Гүлайым Бисенғалиеваның да үйіне барды. Ол сал дертіне шалдыққан ұлын 35 жылдан бері бағып келеді. «Балама мүгедектігі үшін берілетін қаражатпен күн көріп келемін. Ақша негізінен дәрі-дәрмек алуға жұмсалады. Партияның қолдауынан біз секілді отбасылар назардан тыс қалған емес», – дейді Гүлайым Бисенғалиева.
2017 жылдың басынан бері «Нұр Отан» партиясы Атырау қалалық фи­лиалының қоғамдық қабылдауына түрлі сауалмен 200 адам келген. Олардың дені – көпбалалы отбасылар мен тұрмысы төмен жандар.

Адал ШАБЫТ

Бөлісу:

Пікір жазу


*